Жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Балалар мен ата-аналар оқуға қажетті құралдар мен киім-кешектерін түгендеп әлек. Тиісті мемлекеттік мекемелер мектептерді оқулықпен қамтамасыз етумен айналысып жатыр.

Жақында Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрлігі 3, 6 және 8-сыныптарға арналған оқу әдебиеттерін басып шығару және білім беру ұйымдарына жіберу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыру мақсатында пресс-тур ұйымдастырды. Шара отандық ірі баспалардың қатысуымен өтті. Жаңартылған  білім мазмұнына көшу аясында оқыту процесіне биыл 3, 6 және 8-сыныптарға арналған оқулықтар енгізілді. Қазір баспалар қолданысқа енетін оқу әдебиеттерін басып шығару және өңірлерге жіберумен шұғылданып жатыр. Бұл оқу басылымдары пилоттық мектептердегі сынақ, қоғамдық бағалау және ғылыми-педагогикалық сараптама кезеңдерінен өтіп, пәндік және республикалық комиссия шешімімен іріктелген.

«Бүгінгі күні  7,5 миллиондай  оқулық, қосымша жұмыс дәптерлері басылып шықты. Қазір оқулықтар түгелдей басылып болды. Жалпы, біздің өндіріс орны күніне 150 мың кітапқа дейін шығара алады. Осы жолы мерзім қысқа болғандықтан, жұмысшылар тәулігіне үш жұмыс кестесі бойынша жұмыс істеді. Оқулықтардың барлығы стандартқа сай басылды. Қағазды Финляндиядан аламыз. Өйткені ол жақтың қағаздары сапалы. 20 тамызға дейін барлық мектеп оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Бір айта кетерлігі, жаңадан шығып жатқан оқулықтарда жаңарған сөздер бар. Мысалы, бұрын машина деген сөзді «машина» деп жаза беретінбіз, қазір «мәшине» болды. Шекара сөзін «к» әрпімен жазатынбыз, қазір «шегара» болды. Сонымен қатар, «алма ағашы» сөзі «алмаағашы» деп бірге жазылатын болды. Мұндай сөздер көп. Дегенмен ата-аналар бізге қате деп хат жазып жатады. Бұл сөздер 2013 жылы шыққан орфографиялық сөздікте бекітілген. Сондықтан біз осыны басшылыққа алдық. Сондай-ақ түсінбеушілік болмасын деп барлық баспалар жиылып А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының лингвистикалық сараптамасына да жүгініп, сараптамадан өткіздік», – дейді «Атамұра» корпорациясының президенті.

Бастауыш мектепке  бірыңғай базалық, яғни баламасыз оқулықтар енгізілсе, ал негізгі орта мектеп оқулықтары баламалы оқулықтар.  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің айтуы бойынша, биылғы басылып шығатын оқулықтарда олардың электрондық нұсқаларының QR-коды орналастырылды. Ол қазан айынан бастап қолжетімді болады. Ендігі сабақты электрондық нұсқамен оқуға мүмкіндік бар. «Электрондық нұсқа болса, кітапты мектепке апармай-ақ оқуға болады ма? Онда кітаптың қандай маңызы қалды?» дегендерге Білім және ғылым министрлігінің өкілі былай деп жауап берді: « Мектепке оқулықты апармай-ақ қоюға болады, бірақ бұл мәселені  әр мектеп өзі шешеді. Электрондық нұсқа бәріне қолжетімді емес, ауылдық жерлерді, денсаулығы немесе жағдайы нашар адамдарды да естен шығармауымыз керек. Әрі электрондық құрылғылардан көп уақыт оқу денсаулыққа зиян.  Сондықтан оқулықтың еш маңызы жоғалмайды».

Оқулықтар салмағына қойылатын талаптар Оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтермен реттеледі. Ең ауыр оқулық – жоғары сыныпқа арналған география.

Білім берудің жаңартылған бағытына көшу баспалардан шығармашылық ізденісті, креативтілікті, жаңа идеяларды талап етті. Осыған орай баспалар авторларға, редакторларға, әдіскерлерге, дизайнерлерге, басқа да мамандарға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр.

Сапалы оқулықтар басып шығару және оларды дер кезінде мектепке жеткізу – мемлекет үшін аса маңызды іс.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі.
“Ұлан” газеті, №34.
21 тамыз 2018 жыл.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз