Бейбіттің бүгінгі қазақтың рухани жұтаған тұрмыс-тіршілігіндегі диссонанс, үйлесімсіздікті беруде шеберлік танытқан әңгімесі – «Перінің қызы – Бекторы».

Жас жазушы қазіргі қазақтың жас ақынын періге, жас сұлуын сайтанға теңейді. Әңгімені оқып біткенде, оның әсіре айтып отырмағанын білесіз. Назым – сұлулық байқауынан озған қыз. Бірақ көркін малданған Назым ару қыз болмай шығады. Ару деген тектілік ұғым бүгінде адыра қалған. Ақша мен нәпсі билеген қоғамға тән кері кетушілік кеселінен қызға лайық иба мен ұятты қазіргі айтулы сұлу ескінің қалдығы санайды.

Пері атанған, автор періге балап отырған ақын жігіт Ғали кезекті бір жеңілтек қыздың сырын білді, төсектес болды. Қазақ қыздарынан ар-намыс кетіп қалғаны ма? Автордың көкейін тескен осы ой. Қыздары азған ұлттың халықтық иммунитеті әлсірейді.

Ғали «Ол жәй ғана театр актрисасы. Ал мен өмір сахнасының актерімін. Олай болса сынап көрейін» деп бір түнді бірге өткізуге қолы жетеді. Егер Назым ақын жігітті маңына дарытпаса, бұл жігіттің құрметін оятары айқын еді. Бірақ қазіргінің көп қыздары таяз, ар-намыссыз, өздерін жоғары бағалаудан мақрұм. Жайдақ су сияқты, кім көрінгенге намысын таптатып, шалшыққа айналып кете береді.

Бұл әңгімедегі негізгі идея – екеудің жастықтың буына жауып, құлықсыз-ақ бір-бірімен шатасқан сәтіндегі өкініш емес, қазақ қоғамын шарпыған бір шарасыздық, беймағына қоршылық. Автор бұл құсаны астыртын бұра тартып айтқысы бар. Жігітшілік, жастыққа тән албырттық  идеясы бұл әңгімеде ырымға жоқ. Қоғам азғындауы дүниеде таза нәрсе қоймай барады. Мағынасыз отырыстар, тез табысатын, жылдам суысатын  арзан сүйіспеншілік, кілең жаттанды сөздер. Жаны бар, жайы жоқ шалажансарлық құрсаған, байлыққа ғана бас иген, өтірікке құштар қоғам. Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» драмасында Нысан абыз күңіреніп: «Бәріңнің де нәрің жоқ, Елім қайтып күн көрер?!» деген ұлы наласы еске оралады.

Ғали Назыммен бірге өткізген түні үшін асыл жар санайтын әйелінің алдында өзін кінәлі санайды. Сонысын өзі Бекторы санаған Назымға кетісерде жасырмай айтады да.

Бірақ оқырман ақымақ емес қой. Ол мына Ғалидың да оңып тұрмағанын, өзін-өзі зор санауы тіпті лайық емес екенін, жалған құндылықтарға бейім қуыс кеуделеу, өркөкірек жігіт екенін әлдебір түйсікпен ұғады. Шынтуайтында, Назымнан Ғали нашар, ер басымен Казанованың рөлін ойнап, қарадай кісімсиді. Ер азаматтың ақылы мен парасаты оның бойынан табылмайды. Қызды қойшы, көп шөпжелкенің бірі дей салу оңай. Ғали мына сұлу қыздың санасын сайтан билеп тұрса да, оны қазақ қызы, қарындасым деп қарауы керек болатын. Ол болса жігіт басымен қызбен аңдысады, амбиция жарыстырады. Қазіргі заманның сүйкімсіз қаһармандары осындай.

Бейбіттің «Көбелек» атты әңгімесінде «Қанында жыланы бар әйел» деген тіркес кездеседі. Әңгімені оқи келе, оның Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» атты классикалық әңгімесіндегі нәпсіні мегзейтін жыландар екені айқындалады. Жайлауда атпен шапқан Әйгерім жастық жалынға маздап, табиғи құмарлыққа мас болып жүріп, өз ханзадасын табады.

Антон Павлович Чеховтың «Попрыгунья» атты әйгілі әңгімесі де еске орала кетеді.

Әйгерім ауылда, ата-апасы кемпір мен шалдың қолында өскен ерке қыз. Қаланың лас өмірінен жеріп, жайлауға кері оралады. Көбелектей әр тұсқа ұшып-қонып жүріп, өз бақытын жазбай табады. Жас жазушы оның жан дүниесіндегі буырқанысты нанымды детальдар арқылы беруге ынталы. Қызық болғанда, бұл қыз да актриса. Әрі Бейбіт тағы бір қазақ қызын тым шерлі, бейбақ қылмай, осындай ойнақы шешім шығарғаны өте оң болған. Оның отбасына береке әкелетін, күйеуіне адал жар болуға татитын келіншек болары даусыз. Өйткені ол алтын бесік еліне, туған ұясына нағыз адами бақытты аңсап жетті. Шындықты жас жазушы уытты юмор арқылы бергені де келісті.

«Жанғалидың жазығы» – ерекше құнарлы әңгіме. Бас кейіпкер алып жігіт бұл елде жоқ деуге болмайтын, бірақ сиреп кеткен адамның типі. Ол алтруист.Бұрын екінің бірі жақынына көмекке келуге даяр тұратын бұл қазақта. Қазір бақай есептің билігі күштірек.

Ол жұрттың жұмысын тегін істейді, ақысына ақша сұрамайды, тек арақ ішеді. Елдің бәрі құлдай жұмсауға шебер. Расында Жанғали ақкөңіл, аңқау жігіт. «Кейбір пысықайлар жұмысын істетіп жүріп: «Әй, Жәке, осы сіз болмасаңыз біздің тірлігіміз бітпейтін шығар» десе, аңғал байғұс соған шүбәсіз сеніп қалады».

Жанғали бейнетқор ғана емес, әзілкеш. Тілінің тотияйыны бар. Тіліп түседі.

Ауылда біреу өлсе, қабірін қазатын Жанғали. «Өлімен емес, тірімен ойнадым» деп жалтаратыны бар. Шынында ол мысықпен ойнаған тышқан тәрізді, өлімнен қорықпайды. Жанғалидың тірі қалмасын оқырман алдын-ала сезердей.

Осы бейнені жас жазушы оқырманға көзбен көргендей етіп суреттейді. Бейбіт Жанғали өмірін мұрат тұтпағанмен, осындай адал, баладай аңқау, қайырымы зор адамдардың соңы болмаса екен деп тілейді. Жазушының осынау биік мұраты қалам қуатымен көпшіліктің жүрегіне жеткен. Сондықтан әңгіме байыған десек болар. Жазушыға бұдан артық не керек?! Жас жазушы прозасының кей тұстарында публицистикалық сарындар сезіліп кететіні бар. Көркем әдебиет бұдан арылмаса болмайды.

Бейбіт қаламынан әлі талай ұмытылмас кейіпкерлер туары даусыз деп білемін.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз