Он екі жастағы Нұрәлі Бейсеқожа – еліміздегі ең жас композитор. Алматылық талант төрт жасынан бастап пианинода ойнай бастаған. Алты жасында алғашқы туындыларын жазған. 2012 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандырылған музыка мектеп-интернатының 1-сыныбына оқуға түседі. Скрипкашы. Пианиноны екінші аспап ретінде үйреніп жүр. Нұрәлі Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» шығармасымен жарқ ете қалған еді. Ал жақында ата-анасыз қалған балаларға арнап «Сыйлайық өмір сәбиге» шығармасын жазыпты.

Алдымен «Аққан жұлдыз» шығармасы туралы сұрадық. Нұрәлі Қазақстанда Денистей мәнерлеп сырғанаушы болған емес дейді.

– Жаңалықтардан спортшының қазасы туралы естігенде қатты көңілім түсті. Ойыма біртіндеп музыка иірімдері келе бастады. Нотаға түсірген соң Денис Тенге арнаймын дедім. Ол көбіне классикалық әуендерге сырғанайтын. Сондықтан вальс шығардым. Пианинода ойнап отырғанымда ол осы әуенге сырғанап жатқандай сезінемін. «Аққан жұлдыз» арқылы бәріміз жақсы көретін спортшының қысқа да жарқын ғұмырын көрсеткім келді, – дейді жас композитор.

Өнерпаздар түрлі мекемелерге барып концерт беріп жүреді. Нұрәлі кей концерттерде балалар үйінен келген қатарластарының отыратынын біледі. Теледидардан да ата-анасыз өсіп келе жатқан балаларды көргенде олар тезірек өз үйлеріне барса екен деп тілейді. Ойында қорытып жүріп жақында композиция жазып шығыпты. Оның ағалары Нұрсәт пен Ғаламат та – орындаушы-композиторлар. Шығармасына ат қоюда ылғи әкесімен ақылдасады екен. Бұл жолғысын екеуі бірігіп «Сыйлайық өмір сәбиге» деп атапты. Олар ақын, жырау Есдәулет Кәндековтың ұрпақтары. Ол 1916 жылы Жетісудағы Әли Нұрғожаұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың жасақшы-жыршысы болған. Бостандыққа шақырған көптеген өлеңдері мен «1916 жыл», «Тауда» деген дастандарын осы тұста шығарыпты. 1919 жылы Ораз Жандосов ұйымдастырған Жетісу ақындарының алғашқы слетіне Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әбдіғали Сариевтермен бірге қатысқан. Аталарынан берілген талант деп ұқтық.

Нұрәлі республикалық «Гамманы шебер орындау», «Пьесаны шебер орындау» байқауларының І орын иегері. Music Star байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының басшысы Балнұр Қыдырбекқызының марапаттауымен  «Қазақстандағы ең жас композитор» дипломын иемденген. Қазір 20-ға жуық шығарманың авторы. Соның ішінде «Анашым», «Балалық шақ», «Қазақ вальсі», «Аққан жұлдыз» (Денис Тенге арналған)  және тағы басқа туындылары әлеуметтік желіде жылдам тарап, тыңдарманның жақсы пікірін алып жүр. Жас орындаушы-композиторға сәттілік тілейміз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз