Бұрын отандық азық-түліктің сапасы нашар, бағасы қымбат дейтінбіз. Қазір дүкендерде «Made in KZ» деген бұрыш бар. Қолжетімді бағадағы отандық тағамдарды сол жерден ала аламыз. Сапасы бақылауда.

Бұрын отандық фильмдер мен мультфильмдер де жоқ еді. Қазір ай сайын жаңа туынды үлкен экранға жол тартады. Телеарналар мен кинотеатрларда да қазақ тіліндегі туындылар көрсетіледі.

Бұрын отандық киім жоқ болғандықтан шетел нарығынан келген киімдер сəнде болатын. «Туыстық жақындықтары сондай, қырғыздар мен қазақтар бірдей киінеді екен» дегенді де еститінбіз. Қазір бұл мəселенің де шешімі бар. Қазақы нақыштағы киімдерді табу аса қиындық туғызбайды.

Күнделікті тұрмыста қолданатын кез келген заттың сапасы мен бағасын бір ғана сөз анықтайтын. «Китайский» немесе «советский» (кейде «российский» деп те айтады). Соңғы жылдары өнімнің сапасы мен бағасын білдіретін тағы бір атау пайда болды. Ол – отандық өнім, «Made in KZ». Қазақы нақышта тігілген, ою-өрнегі бар киімдердің бəрі қымбат бола ма? Отандық киімдер қалай тігіледі? Оның бағасы мен сапасы қандай? Отандық киім өндірісінде танымал болған «SabyrzhanAiryn» бренді туралы компанияның негізін қалаған Рүстем Ермекбайдан сұрап білдік.

Франшиза деген не?

Көшеде «Ханшайым», «Хан», «Ботақан» дейтін қазақша сөздер жазылған жейде киіп жүргендерді жиі кездестіреміз. Өзінің есімін жаздырып алғандары да бар. «Super girl», «Папина гордость» дегендерге қарағанда осындай мазмұндағы жазуы бар жейделер əлдеқайда жанымызға жақын. Мұндай креатив кімнің ойына келді екен? Оны «SabyrzhanAiryn» отандық бренді ойлап тапқан. Еліміздің өнер жұлдыздары да осы бутиктен киінеді.

Ұлан: Отандық киім өндірісін қолға алу туралы ой қашан, қайдан келді?

Рүстем Ермекбай: Отандастарымыздың көпшілігі базардан киінетіні белгілі. Бірде «Көк базарда» жаппай сатылым болып жатқан дүкеннің алдындағы ұзын-сонар кезекті көрдім. Қарап тұрсам, қарапайым дүкен. Тауарларының барлығы шетелден келген. Киім өндірісінің сұранысқа ие екенін сол кезде түсіндім. «Көк базардағы» дүкеннің иесімен келісіп, франшизамен айналыса бастадым. Франшиза арқылы 6 айда 9 дүкен аштық.

Ұлан: Франшиза деген не? Оның қарапайым тігін цехын ашудан немесе дүкен ашудан қандай айырмашылығы бар?

Рүстем Ермекбай: Франшиза – қолданыста жүрген танымал брендтің, сауда белгісінің тауарын коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат алу. Отандық сауда айналымындағы əлемдік танымал брендтердің барлығы, оның ішінде қазақстандық маркалардағы тұтыну тауарлары, киім-кешек, автокөліктер, азық-түлік, тіпті компьютер ойындары мен кинофильмдер франшизаға жатады. Бір сөзбен айтқанда келісімшарт арқылы жергілікті кəсіпкерлер шетелдік жəне отандық өнімді нарықта сата алады.

Ұлан: Отандық киім брендінің жылдам танылуына «SabyrzhanAiryn» деген атау да əсер еткен сияқты. Мұның сыры неде?

Рүстем Ермекбай: Əйелім жүкті болған кезде болашақ баламызға ерекше есім іздедік. Оны кейін брендтік атауға айналдыру ойда болды. Алайда, ол кезде киім өндірісімен айналысатынымызды білмедік. Қыз бала болғандықтан, есімін Айрин деп қойдым. Əкемнің аты – Сабыржан. Сабыржан Айрин – қызымның аты-жөні.

Менің осы саланы қолға алуыма да отбасым себепкер болды. Қызым Айрин бір
жасқа толғанда, отбасылық фотосессия жасамақ болдық. Суретке түсу үшін отбасы мүшелеріне арналған бірдей киім іздедік. Отандық өндірісте мұндай өнім болмағандықтан, Оңтүстік Кореяның киімдерін кидік. Өзім Өзбекстан жерінде
туып-өскеніммен, үнемі қазақы нақыштағы киімдерді аңсайтын едім. Қазақстанға келсек те ондай өнімдерді таба алмағанымыз өкінішті болды. Отандық киім брендін ойлап тауып, қазақы нақыштағы күнделікті киімдерді шығару туралы ой осыдан келіп туындады.

Ұлан: Өзбекстанда туып- өстім дедіңіз. Қазақстанға қашан келдіңіз?

Рүстем Ермекбай: Өзбекстанның территориясы болып есептелетін Бостандық ауданында өмірге келдім. Бұл жер бұрын қазақтарға тиесілі болғандықтан, қазірдің өзінде тек қазақтар қоныстанған. 18 жасқа дейін осы жерде өстім. Қазақстанға 2006 жылы оқуға келдім. 2011 жылы Алматыға магистратураға түстім. Оқуды аяқтаған соң мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Киім өндіру туралы ой ол кезде жоқ болатын.

Жылына миллион жейде киеміз бе?

Ұлан: «SabyrzhanAiryn» бүкіл Қазақстанды киіммен қамтуға қауқарлы ма?

Рүстем Ермекбай: «Сабыржан Айрин» отандық киім бренді бүкіл отбасына арналған киімдер топтамасын шығарумен айналысады. Біз күнделікті тұрмысқа арналған жейделер, спорттық киімдер, көйлектер мен сырт киімдер де тігеміз. Киім өндірісімен айналысқанымызға үш жыл болды. Қазір Қазақстанның 8 қаласында 10 дүкеніміз бар. Қазірдің өзінде Алматы, Астана, Семей, Талдықорған, Павлодар, Ақтау, Жаңаөзен, Қызылорда қалаларында дүкендеріміз бар. Шымкент пен Қарағанды қалаларынан да серіктестер тауып, келіссөз жүргізіп жатырмыз.

Біздің компания басқа қалалардағы кəсіпкерлерге ешқандай өтемақысыз серіктестік түрін ұсынады. Егер өз қаласында дүкен ашып, өнімдерімізді тұрғындарға сатумен айналысқысы келетін кəсіпкерлер болса, біз дайын бизнес-жоба мен өнімдерімізді ортақ пайдалануға дайынбыз.

Алдағы үш жылда отандастарымыздың он пайызын отандық киім өнімдерімен қамтамасыз еткіміз келеді. Кез келген қазақстандық жыл сайын орта есеппен үш жейде тоздырады. Биыл алдымызға 1 миллион жейде шығарамыз деген мақсат қойып отырмыз. 2017 жылы 110 мың жейде шығарғанбыз. Демек, биыл өнімдеріміз он есеге өспек. Мұның бəрі сатылып кете ме, босқа шығын болмай ма деген сауал жиі қойылады. Үш бірдей Түркияның киім бренді қазақстандықтардың тарапынан жыл сайын 50 миллиард теңге табыс табады. Қаншама қаражат шетелге кетіп жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Сабыржан Айрин» шетелдік киім брендтерімен терезесі тең деңгейге жетіп, отандық нарықтан өзгелерді ығыстыру үшін жұмыс істеп жатыр. Былтыр біздің компания «Қазақстандағы қарқынды даму» номинациясы бойынша I орын жеңіп алды.

Ұлан: Отандық өнімдерді шетелге экспорттау ойда бар ма? Əлде алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз етіп алайық деген жоспармен жүресіз бе?

Рүстем Ермекбай: Жақында Facebook əлеуметтік желісінде қазақстандық киім брендін қалай қалыптастырғанымыз туралы, өнімдеріміз жайлы жазып едім, қолданушылар арасында қызу талқыланып, бөлісушілер саны күрт артып кетті. Осыдан кейін шетелдіктерден ұсыныс түсіп жатыр. Израиль, Швейцария, Ресей, Түркия, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Канада мен Америка Құрама Штаттарындағы қазақтар біздің өнімдерімізге қызығушылық танытып, Қазақстандағы дүкендерімізді арнайы іздеп келіп жатыр. Олар қазақстандық киім дүкенін өз елдерінде ашқысы келеді. Алайда, біздің компания үлкен нарыққа арналған өнімдер шығаруға қауқарлы болмай отыр. Алдағы уақытта аталған сұраныстарды қанағаттандыру жолында жұмыс істейміз

P.S: «SabyrzhanAiryn» отандық киімдері қолжетімді бағада. Бір жейдені 1500-2000 теңгеге сатып алуға болады. Спорттық киімдері мен сырт киімдер, көйлектердің дизайны ерекше. Заманауи киім үлгісінен қазақылықтың иісі аңқып тұрады. Өнімдерін көп уақыт сырттай бақылап жүретін едім. Енді мұндай отандық киім менде де бар. Жақында «сапалы» деген сөзді «советский» емес, «Қазақстанда жасалған» дейтін өнімдер алмастыратын шығар. Үмітіміз мол.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №33
14 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз