Алматыдағы №12 мектептің 9-сынып оқушысы Төрежан Мұстафа таэквондодан Оңтүстік Африканың Дурбан қаласында өткен əлем чемионатында күміс медаль алды. Балалардың жеңіске жеткенін естісек, өзіміз жүлде алғандай қуанамыз. «Ұланға» жазып, жар салуға асығамыз. Мақсатымыз – баланың жетістігі мен еңбегін көпке үлгі ету. Басқа балалар да оқыса, еңбектенсе, алынбас қамал жоғын білсе дейміз… Төрежан каникулда атасының үйінде екен. Əңгімені де атасы Тілеуқұл аға бастады:

– Тұңғыш немерем болғасын есіміне ерекше мəн бердім. Қазақтың астары бар, əдемі деген есімдерін қағазға жазып шықтым. Үй ішімізбен ақылдаса келе, Төрежанды таңдадық, – деді əңгімені немересінің есімінен бастап.

Тілеуқұл аға ұзақ уақыт құрылыс саласында еңбек етіпті. «Қалада тұрсақ та, қазақы тəрбиені ұмытқан жоқпыз. Ана тілінде сөйлеп, құрметтеу əрбір азаматтың парызы», – дегенін естіп, ішіміз жылып қалды. Төрежан салмақты, біртоға бала екен. Əңгімесі де салмақты:

– Қарындасым спорт клубқа көркем гимнастикаға баратын. Анам сол жерге таэквондоға апарды. Ол кезде 7 жастамын. Маған бірден ұнады. Жаттықтырушым Олеся Казак таэквондоның əдіс-тəсілін үйретуден шаршаған емес. Көптеген халықаралық жарыстарға қатысып, чемпион болдым. «Север» Кубогында, Азия біріншілігінде, Бішкекте өткен халықаралық жарыста 1-орын алдым. Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Астана, Қызылорда, Екібастұз қаласында өткен жарыстарға қатысып, топ жардым.

Каратэде бір соққы жасап, кері жылжисың. Таэквондода ұпай қосу үшін қимылды тоқтатпай, жиі əдіс жасайсың. Екі раундта көп ұпай жинасаң, жеңіске жетесің. Орал, Павлодар, Ақтөбеде мықты таэквондошы балалар бар.

Оңтүстік Африканың табиғаты тамаша екен. Дурбан – елдегі ең ірі портты қала. Қалада шахматтан халықаралық жарыстар өтетінін айтты. Адамдар жанымызға келіп, «жапонсың ба?» деп сұрады. Жергілікті тұрғындар біздің елді білмейді екен. Қазақстанды африкалықтарға таныстырып кеттік. Керік, піл, мүйізтұмсық сынды бізге таңсық жануарларды көрдік.

Дурбандағы жарысқа əлемнің əр тарапынан балалар келіпті. Ресейден жетпіске жуық бала қатысыпты. Жарыс алдында балаларды кəмелеттік жасқа жеткен жəне жетпеген деп бөліпті. Төрежанның салмағы жеткіншектерге келмей, ересектер тобына қосыпты. Өз күшіне сенген батыр бала қарсыластарын қиналмай жеңгенін айтты.

Америка, Африка, Үндістан жеткіншектері мен ресейлік екі спортшымен күш сынасып, жеңісті бермепті. Сөз соңында болашақта кім болатынын сұрадық.

– Мұстафа Өзтүрік ағаны үлгі тұтамын. Алматыда таэквондо мектебін ашты.
Таэквондодан қара белбеу 6 дан шебері. Елімізде таэквондо федерациясының негізін қалаған, белгілі жаттықтырушы. Қазақ халқына осы кісідей еңбек сіңірсем деймін. Екі інім, бір қарындасым бар. Інілерім де спортқа жақын. Əйгілі өнертапқыш Никола Тесла туралы оқып жүрмін. Кəсіпкер болсам деген де арманым бар.

Төрежан жаттығудан қалмауға кеңес берді. Өзі аптасына үш күн спорт залға барады екен. Таэквондода жарақат əртүрлі болады. Мысалы, Бішкектегі жарыста қарсыласы аяқпен ұрып құлатқанда, тынысы тарылғанын айтады. Сол үшін соққы алғанда есіңді тез жинап, жаттығу жасап, орныңнан тұрып кету керек екен.

Төрежан спортшы ғана емес, атасының сүйікті немересі. Бəріне уақыт табатыны көрініп тұр. Бізбен əңгімелесе жүріп, атасына таңғы ас дайындап, дастарқанға шақырды. Үлкеннің батасын алған баланың жолы ашық болатыны анық.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №30
24 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз