Қазақстандық әнші Ернар Садырбаев Халықаралық «Славян базары» байқауында бірінші орын алды, деп хабарлайды Жасөркен порталы әншінің продюсері Жан Мұқановқа сілтеме жасап. 

Қалың көпшілікке ол «Әмре» деген лақап атпен танымал. Байқау нәтижесі бойынша, отандасымыз 156 балл алды. Румыниялық өнерпаз да осындай балл жинады. Қазылар алқасының төрағасы Александр Морозовтың шешімімен Гран-при Румынияға берілді. Бірінші орын Қазақстанға, екінші орын Украинаға, ал үшінші орын Польша мен Беларусь елдеріне берілді.

«Витебскіде өткен «Славян базары 2018» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болған Әмреге 15 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Қазылар алқасының шешіміне қатысты түрлі пікір айтып, дауласуға болады, бірақ менің де, өнерпаздың да көңіліміміз толды. Мұндай ауыр вокалдық байқауда бірінші орын алу, менің ойымша, өнерге енді қадам басқан әртіс үшін жетістік. Қазақстандық делегацияға және әлеуметтік желі арқылы қолдау көрсеткендердің барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Біз әлемдік музыка аңыздарынан ең жоғары баға алдық, олар: Р.Рымбаева, А.Морозов, Р.Лоретти, В.Гришко, М.Качмарек және өзгелер», – деді Жан Мұқанов.

Айта кетейік, бұл байқауда Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен әнші Димаш Құдайберген төрелік жасады. Димаш Құдайберген 2015 жылы Витебскіде өткен «Славян базары» халықаралық ән фестивалінде бас жүлдені иеленген болатын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз