Қазіргі жастардың көп қызығатын тақырыбының бірі – шет тілін тез үйренудің жолы. Бірі күн сайын шет тілін түсінбесең де тыңдай бер десе, енді бірі күніне кем дегенде қырық сөз жаттауды ұсынады. Тағы бірі шет тілінде фильмдер көру керек дейді. Жанар Рақымғалиеваның ағылшын тілін үйретіп, ағылшын-орыс-қазақ тілдерінде ілеспе аударма мен жазба аударма жасап жүргеніне 10 жыл болды. Kazakh-english деген білім беру орталығы бар.

Өзі «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда оқып келген. Жанардың тіл үйренудегі құпиясымен бөліскіміз келді. Ол мектеп бітіргенде school деген сөздің қалай дұрыс жазылатынын білмепті. Жанардың оқиғасы көбіміздікіне ұқсайды екен, иə? Ендеше, мектепте ағылшын тілін онша меңгере алмаған қыз қалай ағылшын тілі маманы атанып кетті? Айтпақшы, ол «КАТКО» қазақ-француз біріккен кəсіпорнының қызметкерлеріне тіл үйретеді, «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасының кейбір шетелдік ұйымдармен кездесуінде аудармашы да боп жүреді.

– Мектепте мұғалімдер кітапты ашып қоятын да отыра беретін. Ағылшын тіліне қызығушылық болмады. Аттестат алғанда мектеп сөзінің ағылшынша дұрыс жазылуын да білмеппін. Арманым тіл маманы емес, адвокат болу еді. Ол кезде аудармашы, адвокат мамандықтарын игеру екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін. Талапкер көп те, грант аз бөлінетін. Маған қалайда грантқа түсу керек болды. Мектебім, туыстарым үлкен үміт күтіп отыр. Тез арада грантқа түсе алатындай мамандықтарды іздестірдім. Жоғары оқу орнына барсам, «Қазақ тілі, əдебиеті жəне ағылшын тілі» деген жаңа мамандық ашылыпты. 120-дан 102 балл алып, сол мамандыққа оқуға түсіп кеттім. Сабағымыздың 40 пайызы ағылшын тіліне арналды. Сабақ берген ұстаздарым да жақсы болды. Жас мұғалімдер еді. Мектептегідей кітапты алдыңа лақтырып тастай салмайды, жанын салып, жақсы үйретуге тырысты. Сабақты ойын түрінде жүргізетін. Грамматиканы да, мəтін талдауды да, аудио тыңдауды да бір сабақта қамтитынбыз. Арасында ағылшын тіліндегі фильмдерді қарадық. Ағылшын тілінің фонетикасына да мəн бердік. Бірінші тыңдаймыз. Сосын тыңдағанымызды жазамыз, талдаймыз. Сөйтіп диалогтарды жаттайтынбыз. Жаттау жадыны жақсартады. Сөзді емес, мəтіндерді жаттаған əлдеқайда тиімді. Менің үйім университетке жаяу жарты сағатта баратын жерде болды. Ал автобуспен 10-15 минутта жетіп келесің. Мен жаяу жүретінмін. Келгенше ағылшынша мəтін жаттаймын. Тіл үйрену үшін қызығушылық болса жеткілікті. Бір мұғаліміміз бізді ылғи топқа бөліп тастап, сурет беретін. Сол сурет бойынша көрініс қоятынбыз. Кейде беріліп оқитынымыз соншалық, достарымның қойған көріністеріне жылап қалатынбыз. Бірде көкек ана монологын жасауды бір қызға тапсырды. Қоғамда өршіп тұрған тақырып. Сонда əлгі қыз ағылшынша өз жайын айтып түсіндіргенде, көзімізге жас келді. Міне, сабақты қызықты өткізу деген осындай болса керек. Осындай сəтте бəсекелестік пайда болады.

Бəсекелестік бар жерде нəтиже көрінеді. Сондай-ақ тілді жақсы үйрену үшін еріктілер тобынан қалмайтынмын. Шетелдіктерге Қазақстанды таныстыру, олардың семинар сабақтарына қатысу – негізгі мақсатымның бірі болды.

Орта бар жерде тіл үйрену қиын емес. Бірақ шетелдіктер өткізетін семинарларға қатысу үшін тілдік база болу керек. Себебі олар саған сөйлем құрылымын үйретіп жатпайды.

Бес жыл университетте оқып, қызыл дипломмен бітірсем де ағылшын тілін толық меңгердім деп санағам жоқ. Сондықтан бір жыл жұмыс істегесін Кипрға тəжірибе алмасу үшін үш айлық курсқа барып, кейіннен сонда магистратурада оқыдым. Одан келгеннен кейін де шетелге барғым келді. Жас кезде үйренетін нəрселерім көп екенін сездім. Сөйтіп «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға оқуға түстім.

Қазір өзім ағылшын тілінен сабақ беремін. Балаларды жеті жастан бастап қабылдаймыз. Неге? Бала жеті жасқа жеткенше өзінің ана тілін үйрену керек.

Дегенмен бала кезде адамның қабылдау қабілеті ерекше болады. Сондықтан ол өзге тілді де өз тіліндей қабылдап кетуі мүмкін. Үш түрлі жолмен оқытамын. Кейде балалар үйіме келіп оқыса, кейде əртүрлі компаниялардың кеңсесіне өзім барып оқытам. Ал үшінші жолы – онлайн оқыту. Болашақта онлайн оқыту дами береді. Өйткені ешкім уақытын жолға құртқысы келмейді. Қазақ тілін білмейтіндерге қазақ тілін де үйретеміз.

Қазір «бір айдың ішінде ағылшын тілін үйреніп шығасыз» дейтін курстардың жарнамасы көп. Онда белгілі бір тіркестерді жаттап шығуы мүмкін, бірақ тілді меңгере алмайды. Бұл адам тарту үшін жасалатын қадамның бір түрі. Менің тіл үйретіп жүргеніме он жыл болды. Бірақ ешқашан бір айда ағылшын тілінде сөйлетіп шығарамын деп айта алмаймын. Шаблон сөйлемдерді жаттарсыз, бірақ тілді түсініп, жаңаша сөйлем құрап айта алмайсыз. Ағылшын тілін дұрыс үйрену үшін деңгей бойынша оқу керек.

Бір деңгейдің кітабы 36 сабақтан тұрады десек, əр күні бір сабақты ғана өтеміз. Неге? Адамға көп ақпарат берсең, қабылдай алмай қалуы мүмкін. Тапсырма көбейсе, ұнжырғасы түсіп, кітаптың бетін ашпай қоятын кездер де кездеседі. Аптасына 2-3 рет оқуың мүмкін. Солай бір деңгейді ең жылдам дегенде үш айда бітіруге болады. Бірақ мен сабақ беретін адамдар көбіне аптасына екі рет қана оқиды. Үш рет оларды шаршатады. Ағылшын тілінен басқа да жұмыстары, сабақтары бар.

Сабақта міндетті түрде мəтінмен жұмыс істеу, тыңдау, грамматика қатар жүруі керек. Олай етпесең, күніне бəленбай сөз жаттау керек екен деп жаттай беретіндер көп. Бірақ олар сөз жаттағанмен сөзді қалай қолдануды білмей жатады, сөйлем құрай алмайды. Тіл үйренудің ең дұрыс жолы – оқу, тыңдау, сөйлеу, жазу. Мұның бəрін қамтымаса, бір жағынан ақсап қалуы мүмкін. IELTS, TOEFL тесттерін тапсырғың келсе, осы айтқан ескертпелерді ұмытпа. Бұл тесттер шетелге оқуға, жұмыс істеу үшін баруға керек болады.

Тіл үйренуші адам таза ауада көп жүруі керек. Сонда миың тазарады. Сергек болсаң, губканың суды сіңіргеніндей тілді де сіңіріп оқисың.

Тіл оқығанда тез арада нəтиже талап етуге болмайды. Өйткені өз сеніміңді ақтамай, көңілің қалып қалуы мүмкін.

Жаңа піскен жеміс-жидек, көкөністерді жесең, жадың да жақсы жұмыс істейтін болады.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №17
24 сәуір 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз