Биыл бұл форумға «Ұланның» жас тілшілері әдеттегідей дәстүрді бұзбай қатысты. Нұрлыхан Жұмахан, Мәдина Оқас, Ілияс Сәрсенбай, Аяжан Ғаппар, Құндыз Нәбидолла, Диана Ұбайдолла, Алина Мороз, Бағила Жоласбек,   Ақжан Аманжол, Назерке Мәсек сынды есімдерді газет бетінен танисыңдар. «Ұланның» әр санының қызықты болып шығуына атсалысып жүрген өздерің секілді оқушылар. Олардың әр мақаласын оқырмандар секілді редакция ұжымы да асыға күтеді. Олар Алматыға келгенде әсем қала одан сайын жайнап, жасара түскендей күй кешеміз. Биыл жаңа есімдермен де танысып, қуанып қалдық. Алдағы уақытта олармен де етене жақын болып кетеміз деп ойлаймыз. Олардың шығармашылығын газеттен оқитын боларсыңдар, бәлкім.

Биыл біз жас тілшілеріміздің өздеріне ерік бердік. Олар қай жерге барса да, кімнен сұқбат алса да өздері ғана әрекет етті. Былтыр өздеріндей форумға келген, қазір 1-курс оқитын Назым Сапарова мен Алмабек Ибрайымовтың ғана жетекшілігімен жүрді. Бұл форумның бұрынғы форумнан ерекшелігі де осы болды десек қателеспейміз. Өздіктерінен жүріп-тұрып, еркін сұқбат құрсын дедік. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрынан қойылым көріп қана қоймай, актерлардан сұқбат алыпты. «Қазақстан» ұлттық арнасының «Қарекет» бағдарламасының жұмысымен де танысты. MediaNet  халықаралық журналистика орталығына барып Думан Смақов ағаларының журналистиканың жаңа тренді жайлы тренингіне қатысты. Ал ол жерлерден не үйренді, не түйді? Ол жайында газетіміздің келесі санынан оқисыңдар!

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз