Франциядағы Пуатье университетінде жиырма бес мың студент оқиды. Əлемнің əр түкпірінен білім іздеп келген жастардың ішінде бес қазақ бар. Сол бесеудің біреуі – Жадыра Шыңғыс.

Жадыра 23 жаста.  Университетте оқып жүргенде-ақ Оңтүстік Корея мемлекетінің білім грантын жеңіп алған. Енді Францияның кішігірім қаласында білімін жалғастырып жатыр. Шетелде оқу десе, тек əйгілі, қымбат университетте немесе елдің бəріне таныс қалада оқу керек деп ойлайтындар бар. Жадыра бұл пікірмен келіспейді. Жарты жылдан бері сыртта жүрген Жадыраның айтары аз емес екен.

Жадыра Пуатьеге магистрлік оқуының жарты жылын жалғастыруға барған. Өзі оқитын Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар жəне Əлем тілдері университетінде бұл үшін үлкен іріктеу болған. Өте жақсы оқитын үш студентті таңдау керек болыпты. Жадыра үшінші болып ілінген. Қазір француздардың тарихи білім ордасы болып саналатын Пуатье университетінде «екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Алғаш келгенде университетіміз орналасқан қалашық қатты əсер етті. Əр факультет əр жерде орналасқандықтан, бір қаланың өзін Пуатье университеті алып тұр. Шет тілдері факультетінде оқығандықтан, маған бірнеше тілді меңгеруге мүмкіндік берілді. Тіл үйренуді жақсы көремін, хоббиім десем деболады. Сондықтан қуанышымда шек болмады. Бір ерекшелігі, испан тілін үйренсең, сол ұлттың мұғалімі береді. Түрік тіліноқытушы түрік ұлтынан. Шетелдің университеттері біз үшін үнемі қолжетпестей көрінеді. Қазақстандағы ең үздік университеттердің бірінде оқысам да, менде сондай стереотип болды. Ал шындығында олай емес. Пуатье университетінде күн-түн демей, кітапханадан шықпай оқитын шығармын деп ойлайтынмын. Бірақ, елде алған білімім мұндағы академиялық оқу бағдарламасына ілесіп кетуіме толықтай негіз бола алды. Тіпті, оқудан бөлек шаруалармен айналысуға да уақыт таба аламын», – дейді Жадыра.

Айтпақшы, бұл оқу орнында үйге тапсырма берілмейді екен. Бірақ, емтиханда «қинайды» дейді. Оқытушылар студенттермен етене араласып, бірге шəй ішіп жүре бергенімен, сабаққа келгенде өте қатал екен. «Бармақ басты, көз қысты» деген атымен жоқ көрінеді. Бағалау жүйесі басқаша. «Бізде жоғары баға 100 балл болса, француздар 20 балмен есептейді. Оқу бағдарламасында семинар сабақтары болмайды. Профессорлар дəріс қана оқиды, семинарға ұқсас ауызша талдау сабағы жүреді. Күнде сабаққа барып жүруің керек, бір тақырыпты жіберіп алсаң, емтиханда қиналасың», – дейді кейіпкеріміз.

Францияға барғысы келмейтін, Парижді көргісі келмейтін адам жоқ шығар, сірə. Эйфель мұнарасының түбінде суретке түссем деп тəтті қиялға берілетін балалар да аз емес. Олардың арасында мұны қол жетпейтін арман деп ойлайтындар да кездеседі. Шын мəнінде солай ма? Парижге бару үшін қанша ақша керек? Францияда өмір сүру үшін айына қанша ақша керек болады? Жеке мəселе болғанымен, біз Жадырадан мұны да сұрадық. 

– Жасырып қайтемін, 900 еуромен келдім. Қалада серуендеу үшін жаяу жүру керек. Біріншіден, ақшаңызды үнемдейсіз, екіншіден сəні мен сəулеті жарасқан қала көшелерін толықтай аралауға мүмкіндік бар. Ал кафе немесе мейрамханадан тамақтанғыңыз келсе, 6-9 еуро жұмсайсыз. Күніне үш мезгіл тамақтануға 20 еуроны бөлек алып қойыңыз. Студенттерге бір күнге 20 еуро жеткілікті. Əрине, орта есеппен айтып отырмын. Жоғары сапалы қызметті талап ететіндер үшін бұдан гөрі қымбат екені түсінікті шығар. Демалыстың барша түрі қарастырылған. Туризмге маманданған елде демалыстың көңіліңіз қалаған кез келген түрін кездестіруге болады, – дейді кейіпкеріміз.

Шетелде оқығысы келетіндерге кеңесін де сұрағанбыз. Жадыра əңгімені əріден бастады:

«Бізде студенттер əлемнің алпауыт елдері туралы біршама біледі. Олардың экономикасынан бастап, мəдениетіне дейін хабардар. Ал, Еуропа  жастары біз туралы біле бермейді. Бізді қытайлықтармен  шатастырады. Көбіне картадан көрсетіп, таныстыруға тура келеді. Сол кезде барып Қазақстанның жерінің үлкендігіне, қазба байлықтардың көптігіне таңғалады», – дейді Жадыра. Ал кеңесі:

  1. Бастысы өзіңізге ненің қажет екенін анықтап алыңыз. Немен айналысқанды ұнатасыз? Алдағы 5 жылдан кейін немен айналысатыныңызды жоспарлаңыз. Сонда ғана шетелде алатын білім сізге пайдасын береді.
  1. Бакалаврда алған бағаларыңыз көп нəрсені шешпейді. GPA немесе GRE көрсеткіштері университет комиссиясы үшін маңызды емес. Олар үміткердің кəсіби білігі мен талабын анықтауға тырысады.
  2. Париж жауһарларына міндетті түрде барыңыз. Елдің оңтүс-тігінде орналасқан қалаларды тамашалаған жөн. Əрбірінің өзіндік тарихы, мəдени ескерткіштері бар. Ұзын-сонар кезек болса да, арнайы уақытыңызды арнаңыз.
  3. Жатақханаға байланысты ескерер жайт, бұл жерде жатақханаға тұру үшін кепілдікке зат қоясың. Өткізетін уақыт келгенде жатақхана мүлкіне зиян келсе, кепілдікке қойған ақша, ұялы телефон, фотоаппарат секілді заттарды бірден қайтарып ала алмайсың. Сондықтан бүлдірмей ұстау керек.

P.S: Ай жарым уақыттан кейін Жадыра елге келеді. «Тағы да шетелге кетпекшісің  бе?» десем,  «Жоқ, елге барып студенттерді оқытамын», – дейді. «Елге оралғым келмейді» дегендердің қатарынан емес екеніне сүйсіндік.

 

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №50
12.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз