Тəуелсіздік десе, бірінші қазақтың ғарышқа ұшқаны көз алдымызға келеді. Ал бірінші ғарышқа ұшқан қазақ – Тоқтар Əубəкіров. Əділін айту керек қой, Тоқтар ағамыз нағыз қазақ, нағыз батыр, əр балаға үлгі болар тұлға.

Жақында Астана қаласындағы №50 Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейінде тұңғыш ғарышкер атындағы кабинет ашылды. Ашылу салтанатына арнайы келген Тоқтар аға: «Осы мектепте білім алған кезде бір нəрсе естеріңде болу керек, сендер сабақты жақсы оқысаңдар, қазақ үшін, ел үшін, жер үшін, ата-аналарың үшін жақсы оқып жатырмыз деп ойлаңдар. Сендердің жақсы оқығандарың бəріміз үшін үлкен мерей.  Болашақ сендердің қолдарыңда. Сол жауапкершілікті ұғыныңдар. Қазақстанның əрбір азаматы жауапкершілікті ұғынса, балалар сабақты жақсы оқыса, өжет болса, біздің еліміз мəңгілік жасайды, балапандарым!» – деп балаларды рухтандырды.

№45, 50, 51, 53 мектептердің мұғалімдері мен оқушылары қатысқан іс-шара барысында ғарышкер балаларды «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рəсімін де өткізді. Ерінбей, еш баланы еренсіз қалдырмай, əрқайсысына галстугін жеке-жеке байлап беріп жүр.  «Енді сен жақсы оқы! Ертең сені биіктен көрейік. «Мына бала галстугін мен тағып берген бала ғой», – деп мақтанатын болайын!». Əуелеген музыка ойнап тұрғанда, галстук тағып жүрген Тоқтар аға əр балаға осындай жігер берер сөз айтып жүр. Ғарышкерден жеке басыңа мұндай сөз есту қандай бақыт! Галстугін өзі байлап бергені қандай күшті! Енді ол балалардың сабақты нашар оқуына, Қазақстанның дамуына атсалыспауға хақысы жоқ сияқты. Анау бұрышта скафандр киіп тұрған балалар: «Аға, уайымдамаңыз, біз де сіздей боламыз! Ғарышты бағындырамыз!» – деп тұрғандай танаулары делдиіп. Ал өнерлі балалар əн айтып, би билеп, бірімен-бірі жарыса тақпақтарын айтып жатты. Ғарышкерді күнде көре бермейді ғой енді, осындайда барын салмай қайтсін. Көкейде жүрген армандарын орындаған ұстаздарына қарап, көздері жайтаң қағады. Олар күтпеген жерден қазақтың біртуар тұлғасының батасын алған бақытты ұландар боп сап түзеді…

 

 

«Ұлан» газеті, №50
12.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз