Үндістан сапарында əйгілі Тəж Махалға баратынымызды естігенде, қуанышымда шек болмады. Суреттен көретін Тəж Махал. Аңызға бергісіз əңгімесі көп ақ сарай. Əлемдегі заманауи жеті кереметтің бірі екені де тегіннен-тегін деймісіз?! Ақ мəрмəрдан соғылып, қымбат тастармен безендірілген кереметті көзбен көру де бір бақыт. Кесене – Агра қаласында. Дели мен Аграның арасы 200 шақырым ғана. Негізі, кез келген пойызбен баруға болады. Бірақ, біз автобуспен шықтық. 200 шақырым болғанымен, төрт сағаттай жүрдік. Одан кейін ұзынсонар кезек күтуге тура келді. Тəж Махалдың аумағына кіру үшін ғана емес, кесененің ішіне кіру үшін де кезекке тұрасыз. Бірақ, бір жақсысы, мұнда жергілікті халық бөлек кезекке, шетелдіктер бөлек кезекке тұрады. Кесене аумағына кіретін қақпаның өзі ерекше сəулетті. Айтпақшы, мұнда Құран аяттары жазылған.

Ақ мəрмəрдан салынған бұл сарай туралы естігеніміз көп. Жолбасшымыз Вид Капур да жол бойы қызықты мəліметтерді жеткізумен болды.

Тәж Махал

Кесенені салдырған Жахан шах – Ұлы Моғол империясының билеушісі. Ал Мұмтаз Махал – оның көңіл сүйіп қосқан қосағы.

Билігі мен байлығы бір басына жеткілікті билеуші Мұмтазға бір көргеннен ғашық болады. Ақыры екеуі үйленіп, 17 жыл бақытты ғұмыр кешеді. Осы уақытта Мұмтаз 14 құрсақ көтеріпті. Он төртінші перзентін босану кезінде дүниеден озыпты. Мұмтаздың қазасы қабырғасына қатты батқан Жахан шах оған əлемде теңдесі жоқ ескерткіш қоюға бел байлайды.

Жамна өзенінің жағасындағы бір гектардан астам жерді алу үшін Джай Сингху деген махараджаға Аграның қақ ортасындағы салтанатты сарайды тарту етеді. Өзен деңгейінен 50 метрге дейін көтеріп, тіпті, топырағына дейін ауыстыртады. Əлемнің түкпір-түкпірінен ең мықты деген шеберлерді алдыртады. Кесененің құрылысын толық аяқтау жиырма жылға созылған. Оны салуға жиырма мыңнан астам адам жұмылады.

Тәж Махал

Кесененің аумағы саябақ. Дəл алдында мəрмəрдан қаланған бассейн бар. Симметрия үшін ғана бір жақ бүйіріне мешіт, ал екінші жағына қонақүй тұрғызылған екен. Жахан шах кейін өзеннің арғы бетінен өзіне де кесене соқпақ болады. Оны қара мəрмəрдан жəне Тəж Махалдан кішірек етіп жасау керек деп шешім де қабылдап қояды. Алайда, салтанатты сарайды салуға қыруар қаржы жұмсалғандықтан, шахтың ұлы əкесін үйқамаққа отырғызады. Расында да, осы сарайды салу үшін қазынаның түбін қағуға тура келеді. Тіпті, бастапқыда оның кіреберіс есіктеріне дейін таза күмістен құйылған екен. Бүгінде Жахан шах та осы кесененің ішінде, сүйікті əйелі Мұмтаздың қасында жатыр.

Тəж Махалмен байланысты аңызға бергісіз əсерлі əңгіме көп-ақ. Солардың бірінде шахтың басындағы қайғыны сезінуі үшін ғана бас сəулетшінің əйелін өлтірткені айтылады. Ал тағы бірінде кесене салынып біткен соң сəулетшінің аяқ-қолын шауып тастағаны баяндалады. Ендігəрі мұндай кереметті қайталамасын деген оймен осындай қатігездікке де барған деседі. Кезінде қыруар ақшаны далаға шашты делінгенімен, дəл бүгін осы кесене Үндістанның қазынасына қыруар қаржы түсіріп отыр десек, артық айтқандық емес.

Тәж Махал

Жыл сайын мұнда миллиондаған турист келеді. Тіпті, үнділердің өздері де көп келеді. Жергілікті халық үшін кесенені тамашалау бағасы əлдеқайда арзан. Мұндай кереметті сезіну үшін тек қана көзбен көру керек! Тəж Махалдан кейін Аградағы қызыл қамалға соқтық. Қаланың екінші басында орналасқан сарайдың көркіне көз тойғандай. Айтпақшы, осы жерде де Жахан шах көз ұшындағы сарайға қадалып қарайды да отырады екен.

Хайуанаттар әлемінде жүргендейсің

 

Үндістанда жан-жануарлар өте көп. Əсіресе, Агра мен Жайпурда тура хайуанаттар əлемінде жүргендей боласың. Аграда моторикшалармен бірге арба жегілген ақ боз аттар да «такси» қызметін атқарады. Жайпурдың орталық көшелерінде пілмен серуендеуге болады. Сиыр мен буйвол да көп. Тіпті, ешкілері де көшеде жайылып жүре береді. Ал Жайпурда маймыл көп. Кезінде махараджалар билік құрған салтанатты сарайларды емін-еркін жайлап алған ба дерсің тіпті.

Жайпурды «қызғылт қала» деп те айтады. Кезінде мұнда бүкіл үйлердің сыртын қызғылт түске бояйтын болған екен. Тіпті, қазірге дейін солай.

Жайпур – Раджастан штатының орталығы. Мұнда да туристер көп. Орталық алаң, махараджалардың сарайы, олар қолданған қару-жарақ пен тұтынған бұйымға дейін бүгінде мұражай төрінде. Осы қаланы мың жылға жуық уақыт билеген махараджалар əулетінің ең соңғы ізбасары сол сарайлардың бірінде тұрады екен. «Тіке мұрагері болмаған, қыздан туған жиені. Қазір мектепте оқиды», – деп түсіндірді жолбасшымыз. Сарайлар, музей, ғибадатхана бəрі қосылып тұтас бір кешенді құрайды. Бүгінде мұнда неке қию рəсімін жасап, той өткізуге де болады.

Үндістанда өзіңді жайсыз сезінетін сəттерің көп. Еуропадағыдай немесе Түркиядағыдай кез келген жерге отыра кетпейсің. Кез келген жерден тамақ алып жеу де қауіпті. Тіпті, мұндағы саудагерлерге дейін бөлек. Он есе, жиырма есе қымбат бағаны айта салуы мүмкін. Алдында да айтқанымыздай, мұнда кедейлер көп. Сығарға биті, үрерге иті жоқ кедейлер. Сіңірі шыққан тақыр кедейлер. Бір палантинді жамылып, көшеде ұйықтай кететіндер баршылық. Бірақ, сонымен бірге бұл елде керемет бір шуақ бар. Ол шуақ тек қаладан, көшеден ғана емес, адамдардың жүзінен де көрінеді. Тіпті, əлгі сіңірі шыққан кедейлерінің де жүзінен мейірім төгіліп тұрғандай.

Үндістан сапарын «Эйр Астана» ұлттық əуе компаниясы ұйымдастырды. Алматы мен Делидің арасында ұшақ ұша бастағалы 13 жылдан асқан екен. Ал биылғы жаздан бастап астаналықтар да Делиге тіке ұша алады.

Биылғы жылдың 10 айының өзінде ғана əуе компаниясы жетпіс мыңға жуық адамды тасымалдаған екен. Үндістан тұрғындары біздің елімізге оқу, қыдыру мақсатымен ғана емес, сонымен бірге əрі қарай Мəскеу, Киев, Пекин, Стамбұл, Үрімші қалаларына сапарлау үшін де келеді.

Əуе қатынасының ашылғанына 13 жыл толуына орай Делиде компанияның акционерлері мен туристік компания өкілдері бас қосты. Оған əуе компаниясының президенті Питер Фостер мен Үндістандағы Төтенше жəне өкілетті елшіміз Болат Сəрсенбаев та қатысты. Сонымен бірге, компания Асылбек Еңсепов, Жəмилə Серкебаева сынды өнер жұлдыздарын да арнайы алып барған екен. Дели төрінде күй күмбірледі, əн айтылды, бишілеріміз де бар өнерін ортаға салды. Сонымен бірге, қонақтар ұлттық бұйымдарымызды тамашалады. Есік қорғанынан табылған Алтын адам мен Берел қорығынан табылған алтын бұйымдардың көшірмесі де Дели төрінде жарқырап тұрды. Бұл шарадан кейін барыс-келіс бұрынғыдан да арта түсеріне сенім мол.

Жұлдыз Әбділда

«Ұлан» газеті, №49
5.12.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз