Айналамызда шынайы да қарапайым сұлулық көп-ақ. Адам оның бәрін өмір бойы түсінуге сырын ашуға үйренетін секілді. Өйткені бүгін ұқтым, білдім дегенің ертең мүлде басқа қырынан көрінеді.

Міне, алдымда қалың қапты үлкен қоңыр альбом жатыр. Бұл біздің үйдің аса қасиетті бұйымы. Мұнда атамның өз қолымен ойған ою-өрнектері сақталған. Альбомның қалай жинала бастағаны қазіргідей көз алдымда.

…Сол күні мамамның қайқы бас кішкентай қайшысы қолыма қайдан түскенін білмеймін, рахаттана қағаз қиюға кірістім. Қызығына батқаным соншалық, бейберекет қиқалай беріппін. «Бұл не?» деген атамның дауысынан селк етіп, басымды бір-ақ көтердім. Мен жауап бергенше атам қайшыға қол созды.

– Мына шашқан қағаздарыңды бір қиқымын қалдырмай жинап, шелекке таста да қасыма келгін, – деп атам шығып кетті.

Енді байқадым, жан-жағым нөпір қағаз. Осының бәрін жинау керек. Кежегем кейін тартып-ақ тұр. Алайда атамның екі айтқызғанды өте ұнатпайтынын білемін. Сондықтан төсектің астына дейін кіріп кеткен қиындыларды да пышылдап жүріп теруге тура келді.

Көп кешікпей атамның қасына бардым. Бір қызығы, ол кісі де қағаз қиып отыр екен. Темекінің қорабында болатын жылтырақ қорғасын қағаз. Қайшының бұралаңдаған қозғалысына қарап: «Е, атам мен секілді түзу кесе алмайды екен ғой!» – деп ойладым. Шыдай алмай осы ойымды ашық айтып та жібердім. Атам басын көтермеген күйі:

– Сен ойсыз, мағынасыз қидың, ал мен ою ойып отырмын, – деді.

– Ою деген не? – деп сұрадым.

– Ою деген – өнер.

– Ал өнер деген не?

– Өнер деген сұлулық.

Мен кезекті сұрағымды қойып үлгермедім. Атам қолындағы қағаздың бүктеуін жазып жібергенде, ғажайып гүл шыға келді. Осы тектес өрнекті кеше мамам «атаң жасады» деп көрсетіп еді.

Содан бастап атама маза беруді қойдым. Қолыма түскен қағаздың бәрін апарамын. Алайда атам мыжылған, дақ тиген қағазға ешқашан ою оймайтын.

– Ою – халық өнері. Ол тек таза нәрсеге түсуі керек, – дейтін.

Өкінішке орай, алғашқы оюлардың біразын умаждап құрттым, талайын аулада бірге ойнайтын балаларға таратып бердім. Дегенмен көпшілігін қоңыр альбомда сақтап қалдық. Қазір сол оюларға жиі-жиі қарап, қызыға түсемін. Бірін-бірі қайталамайтын сұлулыққа таң қаламын. Атамның қолының қозғалысын көріп, дауысын естігендей боламын. Сондай сәттерде бір жолы:

– Ата, мен дәл сіз сияқты ою оюды үйренем, – дегенім ойыма оралады.

– Үйрен, бірақ мені көшірме. Өз өрнегіңді ізде, – деп еді атам.

Мен өмірден өз өрнегімді іздеп жүрмін.

Бауыржан атаның немересі Ержанға ойып берген оюлары, міне, осындай.

«Ұланның» мұрағатынан
(«Қазақстан пионері», 1989 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз