Көбіміздің түсінігімізде Google тек іздеу құралы ғана. Ал оның қандай орасан мүмкіндіктерге ие екенін, өнімдерін пайдаланып, жұмысымызды қалай жеңілдететінімізді көбіміз біле бермейміз. Вконтакте мен Фейсбуктың қайсысы пайдалырақ? Не себепті mail.ru-дан gmail.com-ға көшу керек? Жас тілшілер қызыққан бұл сауалдардың жауабын беру үшін IT саласы білгірлерінің бірі, əлемнің 29 елінде болған саяхатшы Қайсар Тұрсынғожа шеберлік сағатын өткізді.

Қайсар Тұрсынғожа жетінші сыныпта О.Жəутіков атындағы республикалық физика-математика мектебіне түсіп, оны 2008 жылы «Алтын белгімен» аяқтаған. Сол жылы Қазақ-британ техникалық университетіне ақпараттық жүйелер мамандығына оқуға түседі. Магистратураны да осы мамандық бойынша оқыған. Екінші магистратурасын химия саласы бойынша бітірген. Жаратылыстану ғылымдарын оқыса да, əдебиет, тіл саласынан да хабары мол. «БілімМедиаГруп» компаниясында Ikitap, Kitap.kz, Itest секілді жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан. Сонан соң Қазақ георграфиялық қоғамына жұмысқа барады. Бірнеше салада еңбек етіп жүрген жастың өзінен кейінгілерге үйретері көп екенін білеміз. Жас тілшілер форумына Қайсарды арнайы шақырдық. Ол жас тілшілерге арналған шеберлік сабағын əлеуметтік желілердің артықшылығынан бастады.

– Вконтактіде бəріңіз отыратын шығарсыздар. Бірақ, Фейсбукке көшу керек. Қазақстандағы Фейсбук кəсіби ортадан тұрады. Фейсбукке сол орта адамдарының ойын тегін алу үшін тіркелуге болады. Өзім бұл əлеуметтік желі арқылы Қазақ географиялық қоғамына жұмысқа орналастым. Олардың жарнамасын осы желіден байқап қалған едім. Марғұлан Сейсембай деген бизнесмен бар. Ұлытауға экспедиция жасайтынын, көмекші іздеп жатқанын айтып пост жазды. Түйіндемемді жіберіп, бірге экспедияцияға баратын болып шыға келдім. Яғни, Фейсбук – мүмкіндіктер алаңы.

Бəріміз mail.ru-ға тіркелгенбіз. Бəріміз де бала болдық. Оқушы күнімізде электронды поштаны princess girl@mail.ru, super boy@ list.ru секілді адрестермен ашып алатынбыз. Қазір поштамызға сондай адрестен хат келсе, ашпастан спам-папкаға жібереміз. Сондай-ақ, электронды адресте туған жылын көрсету де дұрыс емес дейді «айтишник» жігіт. Адресті қалай ашқаныңыздан-ақ сіз туралы пікір қалыптасады. Қайсар енді gmail.com-ға көшу қажеттігіне тоқталды. Ол mail. ru-ға қатты ұқсайды. Бірақ, артықшылықтары көп. Мəселен, бір ай бұрын мақала жаздыңыз делік. Оны поштаңыздан таппай отырсыз. Сонда іздеу батырмасына мақалаңыздың тақырыбын жазсаңыз, іздегеніңізді толықтай тауып береді. Сондай-ақ, түйіндемеңізде қарапайым @mail.ru, @inbox.ru-мен аяқталатын пошта болса, онда жұмысқа орналасу мүмкіндігі азаяды. Өйткені, жұмыс беруші сізге аздап «артта қалған» деп қарауы мүмкін. Ал gmail.com болса, жаңашылдықтан аздап хабары бар деген сенім пайда болады. Қайсар бүкіл əлем қолданатын желілерге ауысуға кеңес берді:

– Google-дің ең танымал мүмкіндігінің бірі – gmail.com. Ол үшін іздеу функциясына дəл осылай жазамыз. Сілтемеге өткеннен кейін экранда ашылған анкетаны толтырып шығамыз. Бір желідегі құпия сөзді барлық аккаунтыңызда қолданбаңыз. Ұмытып қалам десеңіз, соңғы сандарын өзгертіп жүріңіз. Аккаунт ашқан кезде телефон нөмірімді сұрап тұр. Google-ға менің нөмірім не үшін керек? Маған қоңырау шалмайтыны анық. Егер сіздің аккаунтыңызға басқа бір жерден біреу кірер болса, нөміріңізге ол жердің мекенжайын жазып, «кіріп жатқан сіз бе, сіз емес пе?» деген хабарлама жібереді. Құпия сөзді ұмытып қалған жағдайда оны қайта жасап алу керек. Анкетаны толтырып болған соң, Google-дың қолдану шарттары шыға келеді. Онымен міндетті түрде келісеміз. Келесі қадам бойынша телефоныңызға код жазылған хабарлама келеді. Оны он бес минутқа дейін күтуіміз мүмкін. Тіпті, Play market-тен қосымша жүктегенде де сізден gmail.com аккаунтыңызды сұрайды. Өйткені барлығы бір компанияның өнімдері.

Ал Google Forms – белгілі бір деректі жинап, өңдеу үшін өте жеңіл нəрсе. Марғұлан Сейсенбаевпен бірге Үстіртке экспедицияға барғысы келетіндер көп болыпты. Оның да проблемасы көп: Алматыдан шықсам, немен барам, өз көлігімді айдасам, бірге баратын адам табыла ма, қандай заттар алған жөн секілді сауалдардың астында қаласың. Сонда олар Google Form жасап, баратын адам туралы ақпарат жинау үшін арнайы сұрақтар дайындайды. Онда аты-жөнінен бастап, өз көлігімен шыға алатыны немесе шыға алмайтыны, көлігіне қосымша қанша адамды мінгізе алатыны керек жабдықтардың бар-жоғы туралы сұрақтар жинақталған. Əр адам оған сілтемеден өтіп жауап береді. Google Forms-тың тағы бір артықшылығы – жауаптардың қорытындысын диаграмма арқылы шығарып береді. Мəселен, экспедицияға қатысушылардың қаншасы ұшақпен, көлікпен жəне автобуспен баратыны туралы қорытынды ақпарат алуға болады. Қатысушылар үш жүзден асып кеткенде, оның əрқайсысына хабарласып, мəн-жайды тəптіштеп сұрап отырғанша, осылай ақпаратты тез алған əлдеқайда тиімдірек.

– Сабағымызды Google driveпен жалғасақ. Drive.google.com деп мекенжай тармағына жазамыз. Оны компания өнімін қолданатын адамдардың тоқсан пайызы тек үш құжат үшін пайдаланады. Олар: Word, Excel жəне Power Point. Компьютердің өшіп қалуына, жарықтың сөніп қалуына қарамастан құжаттағы əр түзетуді сол сəтте-ақ автоматы түрде сақтап отырады. Біреуге файл жіберетін болсаңыз, оның поштасын сұрап, сол адреске жіберіп неме-се флешкамен тасып жүрмейсіз. Осы жерден-ақ файл алмаса саласыз. Əр Google drive-ында 15 Гб тегін орын болады. Журналистер үшін ол өте үлкен орын. Оны дамыта келе жүзге де жеткізуге болады.

Google drive-ты қосымша флешка деп атауға болады дейді білгір жігіт. Ноутбукта, флешкада немесе əлеуметтік желіде сақтаған фотоларымыз белгілі бір себептермен жойылып кетуі мүмкін. Ал drive-тағы файлдар жойылмайды, жоғалмайды. Құпия сөзді ұмытпасаң болғаны. Кірсеңіз, парақшаның сол жағында new, my drive, google photos секілді опциялар тұр. New-ді таңдасақ бірнеше папкалар шығады. Журналистер көп жағдайда google.docs-пен жұмыс істейді. Жаңа гугл құжатын ашайық. Сонда өзіміз үйренген Microsoft Word шықты. Кəдімгі мəтін жазуға арналған опция. Тек интернеттегісі. Сыныпта топ болып сценарий жазып жатыр делік. Ол файлға атау береміз де, мəтінін тереміз. Бұл құжат тек сізге ғана тиесілі жəне оны тек сіз ғана оқи аласыз. Алайда оны Жаңылмен, Мадиярмен бөлісіп (share), пікір жазуға (comment) рұқсат етсеңіз, онда олар құжатты өзгерте алады. Бірақ, сценарийге еш қатысы жоқ немесе ылғи жазғаныңды бүлдіріп кететін бұзық сыныптасыңыз бар. Оның құжатты өзгертуін қаламайсыз. Бірақ, ол да сценарийден хабардар болуы керек. Оның да жолы бар. Сыныптасыңызға құжатты тек көре алатындай етіп қоюға болады екен.

– Жұмыс істегенде, бар ойыңыз жұмыста болсын. Сценарий жазып отырғанда WhatsApp, Facebook-тен адамдар қайтақайта хабарлама жазуы мүмкін. Телефоныңызды уай-файдан ажыратып тастаңыз. Drive-тың өз чаты бар. Drive-та мəтінімізге фото керек болса, интернеттен алып, құжатымызға бірден аударып жібере аламыз. Суретті компьютерге сақтап, одан құжатқа көшіріп отырмаймыз. Сонымен қатар, құжатқа соңғы өзгерту қашан енгенін де көре аламыз. Сценарийдің бір бөлігіне жауапты сыныптасыңыз əлі ештеңе жазбай жүр делік. Хабарлассаңыз, «міне, жазып жатырмын» деп құтылады. Құжатқа кірсеңіз, соңғы өзгерісті бірнеше сағат бұрын сіз жасағансыз. Ал сыныптасыңыз үлгере алмағандықтан, өтірік айтыпты. Өзгерту уақытының осындай да «қажеттілігі» бар, – деді күліп.

Қайсардың оқушыларға айтқан тағы бір пайдалы мəліметі бар. Егер біреудің компьютерімен əлеуметтік желіге кіретін болсаңыз, онда инкогнита режиміне ауысқаныңыз жөн. Ол режимде жасалған əрбір қадам сақталмайды. Яғни, сіз поштаңызға кіріп, одан шығуды ұмытып кетсеңіз де, поштаңыздың адресі мен құпия сөзі сақталмайды. Бұл қауіпсіздік үшін өте тиімді. Инкогнита режиміне Ctrl+Shift+N батырмаларын басу арқылы өте аламыз.

Google-дан қажет ақпаратты қайтсек тез табамыз? Қайсар жас тілшілермен бірге «Алматыға қыс келді» сөйлемін жазды. Жазғанымызды толықтай тауып беру үшін оны тырнақшаға алғанымыз жөн. Сонда жеке сөздер бойынша іздеп жатпайды. Бүкіл бір тақырыпты тауып береді. Ал егер «or» немесе «/» белгісін қосып, «Алматыға қыс келді/Астанаға қыс келді» деп жазсақ, екі тақырыптың біреуін тауып береді. Бұл іздеу əдістері аз десеңіз, браузерге «гуглить как профессионал» деп жазсақ, іздеудің сан мың əдістері тізіліп шыға келеді. Қайсар сабағының соңын Рысбек Сəрсенбайұлының айтқанымен аяқтады:

– Қазір тым жассыңдар ғой. Бастарыңды тауға да, тасқа да соғып, қай салада да белсенді болыңдар. Қызыққыш болыңдар. Дəл қазір уақыттарыңды тек өздеріңе ғана арнай алатын кездерің. Қазір артыма қараймында, сендердің жастарыңда неге көп кітап оқымағанмын, неге тіл үйренбегенмін деп ойлаймын. Уақыт деген тез зымырайды екен. Оны бос өткізбеуге тырыссаңдар, келешекте жемісін жейсіңдер. Сендер – болашақ журналиссіңдер. «Жас Алаш» газетінің редакторы болған Рысбек Сəрсенбайұлы ағаларың айтады: «Халық надан болып, бүгін естіп, ертең ұмытатын арзан дүниелердің оқырманына айналса да, сендер ешқашан орта тап үшін жазбаңдар. Халықтың ой-түсінігін жаңа деңгейге шығаратын, бір-біріңді қолдайтын,  ағартушылық, сана жаңартатын нəрселер жазыңдар. Жазғандарың ортақол болмасын». Менің де сендерге тілерім осы, достар!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №47

21.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз