Инстаграм, Фейсбукты ашып қалсаң, неше түрлі жарнамалар жарқ ете қалады. Еріксіз қарайсың. Ол жарнамаларды елге белгілі «жұлдыздар» жасап жатса, əсері де күштірек. «Пəленше қолданыпты ғой, содан керемет болып кетіпті». Қарапайым адамдардың ойлайтыны осы. Сондай «жұлдыздарға» базынамызды да айта кеткіміз келеді – өзің тұтынбаған, сараптамадан өтпеген нəрсеге қалай жарнама жасауға болады?! Қаншама адам сондай жарнаманың «құрбаны» болып кетіп жатыр. Біреудің өмірінен ақша қымбатырақ. Иə, «жұлдыздар» жарнамалайтын тауарлардың да бағасы арзан емес. Мұндай жарнамаларға қыздар мен келіншектердің алданып қалатыны жиі кездеседі. Сəбидің терісіндей үлбіреген бетті, сымбатты дене бітімін армандамайтын қыз жоқ шығар. Сұлулық үшін «құрбандыққа» барып жатқандар өз алдына бөлек тақырып. Бір танысымыз интернеттегі кезекті жарнамаға алданып, ауруханадан бір-ақ шығыпты. «Ауыздан жағымсыз иіс шығуының себебі неде?» деген жарнама əлеуметтік желідегі парақшасын ашқанда, көлбеңдеп шыға беріпті. Ауыз қуысынан шынында да жағымсыз иіс шығатынын байқаған соң тетікшені басып, əлгі жарнамадағы дəріге тапсырыс беріпті. Соңында ауруханаға жедел жəрдеммен жеткізген. Əдетте студенттер асқазан-ішек жолдарын бұзып алып, зардап шегіп жүреді. Қазір бұл аудитория кеңейді. Жоғарыдағы «Ауыздан жағымсыз иіс неден шығады?» деген елең еткізетін сұрақтың жауабын арнайы маманнан білу үшін Алматыдағы «Асмед» медицина орталығының терапевт гастроэнтерологы Ардақ Темірбекқызына арнайы барған едік. Ендеше, маман не дейді?

– Əдетте адамдар ауыз қуысына дұрыс күтім жасамаса, жағымсыз иіс шығады деп ойлайды. Сондықтан күніне бірнеше рет тіс пастасымен ысқылап жүретіндер бар. Алайда, мəселе тек ауызды қайта-қайта жууда ғана емес. Егер асқазан-ішек жолдарында өзгерістер болса, онда ауызды күніне қанша рет жусаңыз да, жағымсыз иістен құтылмауыңыз мүмкін. Асқазан-ішек жолдары  ауруларының көбейіп кеткеніне дəрігерлер кінəлі емес. Аурудың алдын алу адамның тікелей салауатты өмір салтын ұстанғанына байланысты. Ең бірінші, əр адам өз бойында қандай да бір өзгерісті байқаса, дереу дəрігерге қаралуы керек. Мысалы, асқазан ойығы жарасын тудыратын хеликобактер пилори деген инфекция бар. Соңғы кезде онкологиялық ауруға душар болғандар жайлы жиі естіген боларсыз. Хеликобактер таяқшасы осындай ауруды да тікелей тудырушы инфекция. Осыдан отыз жыл бұрын анықталған бұл инфекция дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нақтылауымен қауіпті инфекциялардың тізіміне енгізілген. Бұл өздігінен жойыла салмайды.

Хеликобактер қалай жұғады дейсіз бе? Ол жеке бастың гигиенасын сақтамағаннан жұғады. Ашық ауада өмір сүрмейді. Ыдыс-аяқ тұтыну кезінде абай болған жөн. Мысалы, оқушылардың, жастардың бірінің су ішкен ыдысынан екіншісі су ішіп жатқанын жиі көреміз. Əркім «мен ауру емеспін» деп ойлайды. Бірақ ағзада «тығылып» жатқан, білінбейтін осындай инфекциялар болады. Ол бірінен екіншісіне жеке гигиенаны сақтамағанда жұғады. Көкөністер мен салатқа қосатын аскөктер арқылы да тасымалданады. Сосын жасөспірім кезден бастап, əр істі істер алдында ойланған абзал. Мысалы, адам сүйіскенде байқау керек. Сілекей арқылы хеликобактер жұқтыруы мүмкін (басқа да түрлі инфекциялар бар екенін де естен шығармаңыздар). Хеликобактер көпшілік бірге тұратын, тұрмыстық заттарды бірге тұтынатын адамдар арасына тез тарайды.

Егер асқазан тұсыңыз бүріп ауырса немесе тамақтан кейін қорытылмай, ауырсынуды байқасаңыз, жүрек айныса, дереудəрігерге қаралыңыз. Хеликобактерге арнайы анализ тапсырады. Анализді таңертеңгісін су ішпектүгілі, тісті жумай тапсырған абзал. Сілекей немесе күретамырдан алынған қан нəтижелерін талдау арқылы бар-жоғын анықтайды. Емді таяқшаның көлеміне байланысты тағайындайды. Хеликобактер спираль тəріздес дене. Ағзада жылдар бойы байқалмай жүре беруі де мүмкін. Алайда стресс, дұрыс тамақтанбау кезінде хеликобактер өз жұмысын белсенді атқара бастайды. Егер бір үйде тұратын немесе жақын адамдардың арасында біреуінен хеликобактер табылса, басқалары да тексерілгені жөн. Ем қабылдап жүргенде қуырылған, ащы тағамдарды жеуге болмайды. Емнің ұзақтығы кемі екі аптадай жалғасады. Ем қабылдап болғасын да майлы, ащы тамақтардан аулақ болу керек. Иммунитет көтеретін дəрумендерді де қабылдаған дұрыс. Əлсіз болсаңыз, бактериялар сізге үйір келеді. Ем қабылдау кезінде үйдегі ыдыс-аяқтың бəрін хлормен жуу керек немесе қайнатқан дұрыс. Əсіресе, осы айтқандарды қыз балалар ескерсе деймін. Өйткені, қыз бала – болашақ ана. Ол отбасының не ішіп-жейтіні мен тазалығына жауапты адам. Мысалы, нəрестенің емізігін аузына салып «тазалап» беретін үлкендер көп. Бұлай сау баланы ауру қылатынын түсінбейді. Қазіргі кезде адамдар дұрыс тамақтану режимін ұстанбайды. Ашқұрсақ жүрсең, асқазанда қышқыл пайда болады. Одан асқазан қызметі бұзылып, өтте тас түзіледі. Жылына бір рет скринингтік тексеруден өткіземіз. Адамдарды денсаулықтарын тексеруге шақырып, келтіре алмай жатамыз. Сосын медицина қызметкерлері аяғынан тозып жүргені. Қазір кез келген адамның интернетке қолы жетеді. Бірақ, адамдар өзіне қажетті ақпаратты оқымайды. Оқыса, денсаулықтарына мұқият қарап, жеке бас гигиенасын сақтаған болар еді. Пациенттер дəрігерге келіп тұрып, өздерін мазалайтын жайттарды айтуға ұялады. «Аузыңыздан жағымсыз иіс шықпай ма?» десең, «жоқ» деп бойбермейтін адамдар бар. Ал пациенттің аузынан жағымсыз иіс шығатынын ə дегеннен-ақ сезесің. Қазіргі кезде гастритпен ауыратындар өте көп. Қымбатты оқырмандардан медицина саласының маманы ретінде денсаулықтарына жауап-кершілікпен қарауды өтінемін.

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» газеті, №44
31.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз