Ақтөбе өңіріне іссапармен баратын күнді асыға күттім. Редакциядан бір құшақ «Ұланым» мен «Ақ желкенімді» арқалап, туған жеріме құстай ұштым. Кездесу болатын сәт те алыс емес. Алдымен 1500 бала білім алып жатқан №35 жалпы білім беретін мектептің оқушыларымен жүздестім. Олар мені сынып жетекшілерімен күтіп алды. Ата-әжесі тойдан келгенде немерелері «маған не әкелдің?» деп алдынан жүгіріп шығады ғой, оқушылар да қолымдағы бір дорба газет-журналды көргенде алдымнан жүгіріп шықты. Сынып жетекшілері Айгүл апай: «Алматыдан сендер үшін арнайы келген журналист апай», – деп мерейімізді өсіріп тастады.

Аптығымызды басып, оқушылармен танысып алғаннан кейін, еркін форматтағы кездесуіміз басталып кетті. Балалардан сыр суырып, «бұрын-соңды осындай газет-журнал көріп пе едіңдер?» деп едім, бастарын шайқады. Мультимедиалық тақтаның көмегімен қарт басылымның «кешегісі мен бүгінгісін» таныстырып өттім. «Ұланның» жасын айтқанымда балалар ойша есептеп, ата-әжелерінен де үлкен екеніне таңғалып жатты. «Ұланға» кімдер шығатынын айтып, ерекше кейіпкерлерімізге де тоқталып, келген оқушыларды қанаттандырғандай болдық. «Өздерің жазған хаттардан» бетіндегі замандастарының жазған-сызған дүниесімен таныстардым. Соны көрген бір оқушы: «Жақында кіндік әкем тоғызыншы қабаттан құлап бара жатқан бөпені құтқарып қалды», – деп «жаңалығымен» бөлісті. Сол бойда қасындағы көршісі «жазып жібер, газетке шығасың» деп жұртты ду күлдірді.  «Біз де шыққымыз келеді» деген дауыстар әр жерден естіліп жатты. «Мектептің кітапханасына келгенімен, барлық оқушының қолына жете бермейді» деп сынып жетекшісі әңгіме арасында айтып қалды. Есімімді есіне сақтамағандар «Ұлан апай» деп ат қойып та үлгерді. Баламысың деген.

Кездесу соңында «Сынып болып жазылдық» деп фото жіберсек, құрастырған әңгімелеріміз бен өлеңдерімізді газетке шығарып бересіздер ме?» деп өтініш те білдіріп жатты. Әрине, балалардың жазған-сызғандарын газетке жариялап отыру – біздің жұмысымыз. Ендеше, ақтөбелік өрендерден де тырнақалды дүниелерін күтеміз! Кездесу соңы «Ұланмен» естелік фотоға түсіп, селфи жасаумен аяқталды.

Ендігі бағытымыз өңірдегі ең үлкен білім ошағы болып саналатын «Нұр Сити» ықшамауданындағы №60 жалпы білім беретін мектеп. Ашылғанына аз уақыт болса да, 2257 бала білім алып жатыр. Үлкен мәжіліс залына жиналған бесінші, алтыншы, жетінші сынып оқушылары сынып жетекшілерімен күтіп отыр екен. Газетті үлестіргенім сол еді, балалар өзара «бөлініп» қалды. «Сендер кішкентайсыңдар, «Ұланды» оқыңдар, бізге «Ақ желкен» деп таласып жатты. Араларындағы жуастау балалар газеттің ішкі беттерін сұрап алып, жармасып оқи жөнелді. Балалар барлық ақпаратқа қаныққаннан кейін «бұрын неге білмедік?» деп өкінгендей көрінді маған. Барлық бала ән салып, күй шертеді екен. «Мен «Сенің замандасыңа» шығамын, өйткені ән айтамын, байқауларда жеңімпаз болғанмын», – деді пысықтау келген бір оқушы. «Мен болашақта журналист болғым келеді, Ақтөбеде журналистиканы оқытатын үйірме бар ма?» деген оқушы қыздың  сұрағын да жауапсыз қалдырмай, «press_school_aktobe» атты жас журналистерге  арналған үйірменің жұмыс істейтінін айттым. Сынып жетекшілері енді қос басылыммен дос боламыз, оқушылардың шығармашылығын дамытып, баспасөз беттеріне жариялап отырамыз деп уәде берді. Оқушылардың өздері айтқандай, «сынып болып жазылдық» деген фотомен жариялайтын күн де алыс емес.

Батысқа барып, бір тынысым ашылғандай күй кештім. Уақыттың тығыздығынан көп мектептерге «аяғымыз жетпей» қалды. Оқушылармен жүздесудегі мақсатымыз –  жазу-сызуға талпынысы бар балаларды қанаттандырып, шығармашылықтарын шыңдау. Ендігіде жыл сайынғы жас тілшілер форумына батыстан бір топ тілші келетіні анық.

Оқушылармен жүздескен Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
Алматы – Ақтөбе – Алматы

«Ұлан» газеті, №43
24.10.2017

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз