Жақында Ұлттық кітапханада қазақ қолөнерінің атасы, белгілі ұста Дəркембай Шоқпарұлы туралы «Ұста» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Кешке ұстаның ұрпақтары, көзкөрген замандастары мен шəкірттері келді.

Ақын Тұманбай атамыз  «Темірден арқан ескен алдиярым, ағаштан кесте тіккен хас шеберім» деп жырға қосқан қолөнер шеберінің еңбегі зор. Ұсталықтан бұрын мықты суретші болыпты. Əсіресе, кескіндеме өнеріне ерекше қызығыпты. Бірақ, қазақтың қолөнерін жаңғырту үшін ұсталыққа ден қойыпты. Қазақтың дəстүрлі қолданбалы өнерін тірілтіп, оны сақтап қалуға бүкіл ғұмырын арнады.

«Өрім өру», «Домбыра жасау», «Бесікке бөлеу – бабалар дəстүрі» сынды кітаптар жазды. Алматы облысындағы Ақши ауылында Дəркембай Шоқпарұлы атындағы қолданбалы өнер музейі бар.

Дара туған Дəркембай ағамыз туралы естелікті қағазға түсірген едік.

Баласы Дəулет: 

– 13 жасында əкесі қайтыс болады. Əкесінің інісі Ахметтің қолында өскен. Ол кісінің баласы болмаған екен. Жетім қалмасын деп өз тəрбиесіне алады. Ахмет атамыз Жетісуға танымал қолданбалы өнер иесі екен. Əкем өнерге ерте араласады. 7 жасқа дейін нағашыларымның ауылында өстім. Олар маған жұмсақтау қарайтын. 1-сыныпқа оқуға қалаға келдім. Əкемнің тəлімін сол кезде алдым. Ағам сияқты көрінді. 1 минут бос уақыт қалдырмайтын, тапсырманы үйіп беретін. Қазір ой-ласам, əкем мені өз тəрбиесіне қалаға келген күні-ақ алған екен.Үйден кісі үзілмейтін. Əсіресе, қазақтың ақын-жазушылары жиі келетін. Ақселеу Сейдімбек, Мұрат Əуезов… Шаңырағымыз қазақ əдебиетінің ордасы сияқты еді.

Шағын шеберханада ағаштың жаңқаларын ретке келтіремін. Құрал-сайманның шаңын сүртем. Кейбір аспаптардың атын білмеймін. «Көке» деп айтуға үйретті. Шəкірттері де көке деп кетті. Ешкімнің əкесі өмір бойы жанында жүрмейді ғой. Өмірді қиыншылық арқылы санама сіңіріп кетті.

Əкем ауылдан күдер үзген жоқ. Туыстарға, достарына келетін. Жұмыс істеуге қаланың іші ыңғайсыз. Шеберхана ашуды ойлап жүргенбіз. Бірде əкем екеуміз ауылға бардық. Ол кезде ауыл адамдары қалаға көшіп жатты. Қаңырап тұрған ғимаратты көрдік. Əкем көлікті тоқтатып: «Дəулет, ауылға келеміз бе?» – деді. Ескі ғимаратты аралап көріп, шеберханаға жарайды екен дедік.

Бүгінде Ақши ауылындағы шеберхана мұражайға айналған. Ұстаның бүкіл еңбегі тұр. Мұражайға мектеп оқушылары ғана емес, ауылдан өткен жолаушылар да бас сұғады.

 Жары Балжан апай:

– Дəркембай Ақшиде туғанмен, Қазаткомда өскен. Ол менен бір сынып жоғары оқыды. Мектебіміз 7 жылдық болатын. Ол Шонжыға, мен Есікке кеттім. Сөйтіп жүріп хат жазды. Достық махаббатқа ұласты. Екі жыл ауылда мұғалім болды. Гоголь атындағы өнер училищесіне оқуға түсті. 2-курсты бітіргенде əскерге кетті. Ұзамай анасы қайтыс болып, əскерден ерте келді. Атамыздың үйінде той жасап, бас құрадық. Қалаға келіп, пəтерде тұрдық. Бір жаз атамыздан күміс құюды үйренді. Дəкең туралы теледидардан көрсетті. «Баламның арқасында теледидарға шықтым» деп атам қатты қуанды. Сонда: «Жоқ, олай емес. Мен сіздің арқаңызда танылдым. Сіз болмасаңыз күміс қорытуды қайдан білемін? Өнеріңіз бізге нəсіп болды», – дегені есімде. Əскерден келгенде бір жылдай киім алуға шамасы келмепті. Сабаққа əскер киімімен барады ғой. Қыздар: «Сен генерал боласың», – деп əзілдейді екен. Солардың айтқаны болып, Дəкем «қолөнердің генералы» болды. «Сен əрі əкем, əрі шешемсің» деп жиі айтатын. Еркелеп, «мамочка» дейтіні бар еді…

Ол интернатта оқыды. Кейін өзі оқыған интернатта кездесу болыпты. Жетім балалар да бар екен. Екі бала алдынан жүгіріп шығып, амандасыпты. Балалар өзіне ұнаса керек, «мен сендерді асырап аламын» депті. Үйге кіре сала: «Мама, сүйінші! Балалы болдың. Өзің сияқты екі сары бала əкелдім», – деді. Сөйтсем, əлгі балаларды үйге алып келіпті. Өз балаларынан кем көрмеді. Білім алып, өмірден өз жолдарын тапты.

Кітапты сызып, шимайлап оқитын. Оқып болып, ертеңіне қайтадан кері оқитын. Мұнысы «əріден түсінгенше оқығаны» деп ойлайтынмын. 1991 жылдан бастап өлең жазды. Түнде отырып жазатын. «Ұйықта, ертең де күн бар» десем, «оған дейін ұмытып қаламын» дейтін. Екеуміз базарға барсақ, ол темір-терсекке, мен азық-түлікке кетемін. Ең ақырғы ақшаға шеге не балға алып келетін. «Керегіңді ертең аласың» деймін кейде. «Ол бүгін бар, ертең жоқ. Ал маған балта дəл қазір керек», – дейтін. Пəтерден пəтерге көшіп жүргенде, менің жүгім бір сөмке болса, қалғандары Дəкемнің құрал-саймандары. Бір бөлмеде төсек пен үстел тұрады. Үстелге тамақ ішеміз, жұмыс істейді, жазу жазады.

Тері илеуді кəсіп етті. «Абай көшесінен кейін Шоқпаровтың иісі басталады» деп əзілдейтін. Көршілеріміз «терінің иісінен терезені аша алмаймыз» депренжитін. Сөйтіп жүріп, теріні илеуді үйрену үшін түрлі экспедицияларға шықты. Торсық, саба, қобызды жасады. Сапарға шығуына Өзбекəлі Жəнібеков ағамыз көп көмектесті.

Досы Əбілқасым Сəрсенбаев:

– Ол əділ сөйлейтін батыр адам еді. Жанында жүрсең жадырап, арқа сүйеп жүретін едің. Бірде досымыз ескі сынық домбырасын көрсетті. «Бісміллə» деп қолына ұстады. «Бұл ғасырлар бойы жалғасқан, алтыннан да қымбат дүние» деп көзіне жас алғандай болды. Кез келген затқа бей-жай қарамайтын.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Металл жəне ағаш өңдеу кафедрасының меңгерушісі болды. Дəріс оқи жүріп, өз өнерін тастамады. Өнерінің арқасында табаны тимеген жері жоқ. Францияда қазақ халқының дəстүрлі қолөнерінің көрмесі өтті. Парижде көрмеге деп шағындау жер беріпті. Бүкіл затты жаюға жер жетпейді. Ойлана келе, қазақтың хан шатыры есіне түседі. Сол жерде бар заттармен өте биік шатыр құрыпты. Шатырдың ішіне кіргендер «мына жер адамды ерекше күйге бөлейді, келсең, кеткің келмей қалады» депті. 

60 жасқа толған мерейтойына арнап сурет салдым. «Ертең туған күні» дегенде суық хабар жетті. Ол мəңгі жанымызда жүреді деуші едім. Əшірбек Сығаймен керемет дос еді. Менің салған суретімді отбасына сыйлады. Қазір сурет Ақшидегі мұражайда тұр.

Əдетте ұстаз бен шəкірт арасында қашықтық болады ғой. Ал ағамыз «үйренем» деген баланың бетінен қақпапты. Шəкірттеріне «көзіме тіке қарашы» дейді екен. «Мынаның көзінде от, шоқ бар. Осы баладан бірнəрсе шығады» деп қолдау білдіріпті. Студенттермен өзі бірінші болып амандасып, іші-бауырына кіріп, жүрек түбіндегі өнердің құпиясын ашуға тырысыпты. Шағын шеберханасына шəкірттерінен бөлек, ұстаздары да үйренуге келеді екен. Ол талантты тек өз ауылынан емес, еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп, тауып келеді екен. «Өнер қант сияқты суға еріп кетпеуі тиіс. Ол үшін өмір бойы іздену, үйрену керек» дейді екен. Тіпті, талантты іздеп абақтыға барған кездері де болыпты.

Сабақты жақсы оқыпты. Əсіресе, жазуы əдемі болыпты. 2-3 жасында химиялық қарындаш ернін ойып жіберіп, ауырыпта қалыпты. «Химиялық қарындаш деген болатын. Сиясы жоқ,ақырын түкіріктесең жазылатын. Қарындаш бала Дəркембайдың қолына түскен. Сөйлемейді, айтпайды, тамақ ішпейді. Ауылда дəрігер бар еді, соған көрсетіпті. Ернінде қарындаштың ізі қалып кеткен. Сүт ішіп əрең жазылған. Қаламға құмарлығы бала күнінен басталды. Бір шаруаны бастаса, оны бітірмей, күннен-күнге жалғайтын», – деді ұстаның бауыры Асхан аға.

Ұста «шебер» деген сөзді ұнатпапты. Себебін сұрағандарға: «Шеберлік тек Құдайға жарасқан. Мені ұста деп айтыңдар», – депті. Бұл өзін мақтағанды ұнатпағандықтан болар. Сондай-ақ, «сувенир» сөзін де жаратпапты. «Қазақта мұндай сөз жоқ. Олар барлық затты қолданған», – депті. Ол қазақтың дəстүрлі өнері ұмытылып бара жатқан кезде өмірге келді. Дəстүрлі өнерді дəлелдеп, халыққа таныстырды. Тіпті, торсықтың жасалу жолын 20 жыл зерттепті.

Артында мол мұрасы қалған дара ұстаның өнері халқы барда ұмытылмақ емес. Балалары да, немерелері де ата жолын таңдағаны қуантты.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

 

«Ұлан» газеті, №42

17.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз