– Жалпы, Қанат боксты тым ерте бастады. Былғары қолғапты алғаш қолына кигеннен-ақ, бокстың қыр-сырын тез меңгеріп, оңай төселіп кетті. Оның бойындағы қайсарлық, шыдамдылық сол кезден қалыптасқанына қатар жүріп көзім жеткен. Бокстағы алға қойған мақсаттары айқын болды. Алғашында спорт интернатына екі жыл қатарынан жасы жетпегендіктен қабылданған жоқ. Бірақ сол интернатта оқитын, өзінен 2-3 жас үлкен балалармен тең дәрежеде жұдырықтасып, тіпті, кейде олардан басым түсіп жүрді. Интернатқа қабылданғаннан кейін бапкерлер Қанаттың жақын қашықтықта жұдырықтасқанын көріп, таңғалған болатын. Өйткені, ол жерде оқып жүрген балалардың көбі олай шайқасуды әлі білмейтін еді. Мен інімнің боксқа келген кезінен бастап, достарыма «Қанат Қытайдың чемпионы болады» деп айтатынмын. Айтқандай-ақ, Қанат 16 жасында Қытай біріншілігінде топ жарып, сол жасында-ақ өзінің үздік екенін дәлелдей алды. Қытай чемпионатына қатысатын боксшылардың саны Әлем чемпионатында сынға түсетін былғары қолғап шеберлерінен екі есе көп болады. Ал, Қанат Қытай біріншілігінде 10 рет топ жарды. Жалпы, ол жақта бір облыстың біріншілігін ұтудың өзі қиын. Қытай чемпионатын ұтқаннан кейін, Германияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдаманы қанжығасына байлаған болатын.

Бірақ, ол додада сәтсіздікке ұшырап, жеңіс тұғырынан көріне алмады. Дегенмен, Қанат алғашқы Олимпиадасына 19 жасында қатысты. Қанатқа Олимпиадада атой салсам деген ой 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрагимовтың жеңісінен кейін келген екен.

Бұл туралы QAZAQ өзінің Пекиндегі қазақ радиосына берген сұхбатында айтқан. «Сиднейде чемпион болған Бекзат пен Ермахан ағамыздың жеңісін көріп, іштей қатты рухтандым. Бұндай байрақты бәсекеде топ жарған не деген мықты қазақтар деген ой келді. Сол ағаларымның жеңісі менің жігерімді жани түсті», – дейді Қанат.

– Афины Олимпиадасында сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, Қанат сол жақта қалып, Ұлттық құраманың жігіттеріне қолұшын берді, – деп әңгімесін сабақтады Ерлан Ислам. – Бақтиярдың жаттығуына күніге қолұшын беріп, жарыс аяқталғанша жанында жүрді. Бірақ бұл жайтты көп ешкім білмейді, Бақтиярдың өзі де бұл туралы айта қойған жоқ. Сол кездегі Қанаттың мақсаты ұлттың мүддесі, қазақтың баласы чемпион болса екен деген ой еді. Осы Афиныдан кейін інім келесі төртжылдықтың басты додасына қатты дайындалды. 2006 жылы Азия ойындарында, 2007 жылы Моңғолияда Азия чемпионатында және сол жылы Чикагода өткен әлем чемпионатында үздік үштіктен көрінді. Чикагода өткен әлем чемпионатының ширек финалында Қанат Бақыт Сәрсекбаевты екі рет нокдаунға жібергенін көпшілік білмейтін шығар. Ақтық айқас үшін шайқаста інімнің жолын төрешілер бөгеді. Тайландтық боксшыға дарытқан соққыларын есептемей, қарсыласының қолын көтергенде Қанат еш мойымай, қайсар мінез көрсетті. Кейіннен Қытайдың спорт министрі жиын өткізгенде Қанаттың осы мінезін айтып, спортшыларға «осыдан үйреніңдер» деген екен.

Расында, Пекин Олимпиадасында Қанат солақай саясаттың құрбаны болды деуге толық негіз бар. Жартылай финалда кубалық боксшыға әр соққысын дарытып, әбден әуре-сарсаңға салған еді. Алайда, төрешілер Қанаттың емес, кубалық спортшының қолын көтерді. Егер финалға шыққанда, Бақыт Сәрсекбаевтан үшінші мәрте айласын асырып, Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізер ме еді, кім білсін?!

Қанат – Қытай спартакиадасын екі рет ұтқан тұңғыш қазақ спортшысы. Бұл доданы қазақ спортшыларынан ең алғаш бағындырған Ислам қарияның ағайындас бауыры, Серік Қожабай деген атамыз болған. Қытай спартакиадасының дәрежесі жергілікті спортшылар үшін Олимпиададан да жоғары болып саналады. Жалпы спартакиадада топ жарған қазақ спортшылары некен-саяқ. Қанат Ислам спартакиаданы алғаш рет 2005 жылы ұтса, екінші мәрте 2009 жылы топ жарды. Қанат осы турнирге бола Олимпиададан кейін бір жыл Қытайда қалды. Әйтпесе, Пекиндегі дүбірлі додадан соң елге қайтуға бел буған болатын. Қанатты елге келгенде өзегінен тепті, Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік бермеді деген жөнсіз әңгімелер көп айтылды. Шынтуайтында, Қазақстан тарапынан ондай жайттар болған емес. Тек Қытай Қанатты алдын ала Олимпиадаға қатысатын спортшылардың тізіміне енгізіп жіберген. Қазақстан да Қанатты дәл солай тізімге қосып жібереді. Халықаралық Олимпиада комитеті екі елдің атынан қатысатын бір спортшыны көріп, ескерту жасаған соң, Қытай тарапы інімді Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысуға рұқсат бермеді. Қанат Қазақстан атынан Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын білгеннен кейін, көп ойлан-бастан кәсіпқой боксқа ауысады. 2012 жылы кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін Даниэл Беатоға қарсы өткізіп, 3-раундта нокаутпен жеңіске жетеді. Алғашқы он кездесуінде қарсыластарын 7 рет нокаутқа жіберген отандасымыз, алтыншы қарсыласын 1-раундта сұлатып салған болатын. Соның ішінде доминикандық Хумберто Толедонмен WBA Fedecaribe тұжырымының уақытша чемпиондық атағына таласып, 1-раундтың алғашқы минутында нокаутқа жіберді. Отандасымыз төртінші қарсыласын 3-раундта нокаутқа жіберсе, Анэду Мартес пен Иолэкси Мартинез сынды былғары қолғап шеберлері 2-раундтан аса алмады. Қанат соңғы Норберто Гонсалеске қарсы өткізген жекпе-жегінде 12 раунд бойы жұдырықтасып, Астанада өтетін үлкен аламан додаға төзімділігін шыңдай түсті.

Отандасымыздың 9 қыркүйек күні ЭКСПО көрмесі аясында канадалық Брендон Кукке қарсы өткізген жекпе-жегі спорттық мансабындағы ең қиын әрі маңызды кездесудің бірі болғаны анық. Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов: «Қанаттың канадалық боксшыны ұтатынына еш шүбә келтірмеймін. Ол Отанында, қалың қазақтың алдында жұдырықтасса, атақты Флойд Мейвезерді де тұқыртады. Өйткені, Қанат өте намысқой жігіт», – деген еді.

Айтқандай-ақ, Қанат канадалық боксшыны 3-раундта оң қолымен ұрып нокдаунға жіберсе, 8-раундта сол қолмен жасаған жойқын соққысы Брен-донды тағы да тәлтіректетіп, төрешіні есеп ашуға мәжбүр етті. Канадалық былғары қолғап шебері 9-раундта отандасымыздың жойқын соққыларына төтеп бере алмай, төрешілер жекпе-жекті уақытынан бұрын тоқтатты. Сөйтіп, Қанат кәсіпқой бокстағы жиырма бесінші жеңісіне қол жеткізіп, жиырмасыншы қарсыласын нокаутпен жеңіп отыр.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз