…Иə, егер «үш» алып қалмағанда, Жанерке бүгін мүлдем басқа салада жүрер ме еді. Бір баға оның өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Жанерке Əсеттің есімі «ұландықтарға» жақсы таныс. Мектепте оқып жүргенде белсенді автор болды. Павлодардан үзбей материал дайындап, газетіміздің жарқырап шығуына үлес қосты. Кейіннен Жанеркенің «Эйр Астана» əуе компаниясына бортсерік болып жұмысқа орналасқанын  естіп, қуанып қалдық. Бір күнде бірнеше қалада болып үлгеретін кейіпкеріміз қызметінің бізге мəлім де беймəлім құпияларымен бөлісті.

Жанерке Еуразия Ұлттық университетінің қазақ филологиясы мамандығында білім алған. Осы мамандық бойынша магистратураға түскен. «Екінші семестрде философия пəнінен «үш» алып, үздік  шəкіртақыдан айырылып қалдым. Мектепте қосымша қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ бердім. Алайда, шəкіртақыдан айырылып қалғасын, өмір сүруім қиындады. Сол кезде құрбым бортсерік болып жұмыс істейтін. Мені бірден сол жаққа шақырды. «Сабағыңа да үлгеріп, жұмысыңды да істейсің» деді. Бойым аласалау болғасын, өтпей қаламын ба деген қорқыныш болды. Ойлана келе, «Эйр Астана» əуе компаниясының іріктеуіне келдім. Сексен адам бақ сынады. Ең соңғы турда сегіз адам қалдық. Олардың арасынан тағы да іріктеліп, екі адам ғана сынақтан сүрінбей өттік. Бортсерік болу үшін төрт тур бойынша емтихан тапсырасың», – дейді Жанерке.

Күн сайын ұшаққа міну, бір қаладан екінші қалаға, бір елден басқа елге сапарлау бəрімізге ұнайды ғой, солай ма? Белгілі бір мамандықты игерген, бірнеше тіл білетін жастардың арасында да əуеде қызмет етуге əуес жандар аз емес. Сол үшін де біз Жанеркеден төрт тур туралы жеке-жеке əңгімелеп беруін өтіндік. Ең қызығы, бортсерік боламын деушілер өкшені көтермей, қолын екі метр биіктікке жеткізуі керек екен. Осы сынақтан өтсе, əңгімелесу басталады. Əрі қарайғы əңгімені Жанерке жалғастырсын: 

«Бұрынғы істеген жұмыстарың туралы сұрайды. Əртүрлі сұраққа жауап бересің. Сүйікті ісің, сүйікті кітабың жөнінде сұрауы мүмкін. Екінші турда қазақ жəне ағылшын тілдерінен тест тапсырасың. Екі тілдің де тапсырма деңгейі орташа болады. Күрделі тапсырмалар берілмейді. Ағылшын тілінен оқылымға келгенде қиындау болады. Сөйлемдердің оқылу екпінін тексереді. Мен ағылшын тілінен дайындалып барған жоқпын. Мектепте оқығаныммен барып, ол турдан өтіп кеттім. Үшінші тур психологиялық ойын түрінде өтеді. Ұшу барысында əртүрлі жағдайға тап болуың мүмкін. Сол кезде қалай əрекет ететініңді сұрайды. Маған күтпеген тапсырма келді. Ұшақ апатқа ұшырады, жолаушыларды борттан алып шығуым керек. «Даусыңды қатты шығарып, айқайла», – деді. Сол кезде образға кіріп, ғимаратты басыма көтеріп айқайладым. Ол турдан дауысым алып шықты. Соңғы бөлім бір сағаттай əңгімелесу болады. Алдағы жоспарларың мен армандарыңды айтасың. Өзіңді толғандыратын мəселелер туралы баяндап бересің. Осы төрт турдан өтсең, əрі қарай барлығы жақсы болады. Бір қызығы, бала күнімде бортсерік болуды армандаған емеспін. Философиядан «үш» алғаныма да мүлдем өкінбейтін сияқтымын», – дейді Жанерке.

«Іріктеуден өткеніме анам қуанған жоқ»

Жұмысқа қабылдайтын əр компания жолсеріктерге əртүрлі талап қояды. Дегенмен, көбіне бұл қызметке 20-30 жас аралығындағы, бойы 160-тан 180 сантиметрге дейінгі қыз-жігіттерді алады. Сонымен қатар, болашақ бортсеріктің келбеті сүйкімді, дене сымбаты сұлу болуы керек. Сөйлеу мəнерінде мін болмауы тиіс. «Бұл қызметтің басқа қызметтерден айырмашылығы өте көп, – дейді Жанерке. – Алған дипломыңа қарамайды. Əріптестерімнің арасында дəрігер де, экономист те бар. Көп тіл білсең өзіңе жақсы. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік жəне қытай тілін меңгерген бортсеріктердің мүмкіндігі жоғары болады. Оған қоса неміс, француз тілдерін білу құпталады. Бортсеріктің денсаулығы мықты болуы қажет, жүзе білуі керек жəне əрдайым спортпен шұғылданғаны дұрыс. Жиі-жиі іріктеу өтеді. Алматы мен Астанада ғана емес, басқа облыстарда да ұйымдастырылады. Бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін күрделі қызмет түрі. Осы қызметте жүріп, салмақты болумен қатар төзімді болуға шыңдалдым. Ұшу процесі кезінде жолаушылардың сапарларының сəтті болуына жауапты екеніңді сезінесің. Адамдардың бабын табуды үйрендім».

Біз еңбек демалысына жылына бір рет шықсақ, бортсеріктер бір жылда төрт рет демалыс алады екен. Ұзақ жыл ұшып жүрген адамдар сондайда аспанды сағынатын көрінеді. «Басында сондай сөздерге аса назар аудармайтын едім, сөйтсем бекер айтпайды екен. Аспанды сағынып келесің демалыстан», – дейді Жанерке.

Ұшаққа жолаушы ретінде мінгенде жолсеріктің қызметіне аса мəн бермейсің. Ас-суыңды əкеледі, сұрағыңа жауап береді, қауіпсіздікті қадағалайды. «Мұның несі қызық?» деп те ойлауың мүмкін. Алайда, Жанеркенің сөзіне сенсек, әуеге көтеріліп бара жатқанда жерге көз салудың өзінен ерекше əсерленеді екен. «Өзге елдерге көп ұшамыз. Дамыған мемлекеттердің атағы жер жаратын əйгілі қалаларында жүрсем де, туған даламның иісін сағынамын», – дейді кейіпкеріміз.

Жұмыстың қауіпті екенін білгендіктен болар, іріктеуден өткен кезінде анасы аса қуана қоймапты. Тіпті, өтпей-ақ қойса деп тілеген де сияқты. «Дегенмен, анам қарсылық білдірмеді. Өз бетіммен өмір сүруімді қалады. Өмірімнің жауапкершілігі өзімнің мойнымда екенін түсіндірді. Анаммен үнемі əңгімелесіп, ақылдасып отырамын. Алайда, соңғы шешімді өзім қабылдаймын», – дейді Жанерке.

Бортсеріктерге арнайы жеңілдіктер бар. Кейіпкеріміз осы мүмкіндікті пайдаланып, анасын Стамбұлға апарып, қыдыртып қайтыпты. Амандық болса, əлі талай елге апаруды армандайды. Өзі еңбек демалыстарында Қытай, Ресей, Германия секілді елдерді аралапты.

Жеңілдік демекші, егер бортсерік болып қызмет етсең, жақындарыңа 90 пайызға дейін жеңілдік беріледі екен. Ол жыл бойы шек- теусіз жалғасып тұратын көрінеді. Тұрмыс құрған жағдайда, отбасы мүшелеріне жеңілдіктер бар. Дегенмен, əр компанияның жеңілдіктері əртүрлі.

Қытай азаматын аман алып қалдық

Статистика бойынша, əуе кемесі ең қауіпсіз көлік болып есептеледі. Дегенмен, ұшақ бортында түрлі оқиға болып тұрады. Соның бірін Жанерке былайша əңгімелеп берді:

– Қытайға ұшып бара жатқанбыз. Жолаушылардың бірі жүрек талмасына ұшырады. Алғашқы көмек жасағаныммен, жолаушының жағдайы оңалмады. Əріптесім ұшқышқа хабарласып, Үрімші қаласына қонуға мəжбүр болдық. Борттағы дəрігердің көмегімен Қытай азаматының бетін бері қараттық, бірақ сапарды жалғастыруға оның денсаулығы жарамады. Бір жолаушының денсаулығына байланысты оқыс оқиға барлық жолаушыға кері əсерін тигізді. Алты-жеті сағаттай Үрімші əуежайында қалдық.

Ұшақта өте көп болатын жағдай – темекі шегу. Кейбір жолаушыларға  түтіннің қауіпті екенін түсіндіре алмай қиналып кетеміз. Қауіпсіздік ережесіне бағынбайтын жолаушылар да жиі кездеседі. Ұшу кезінде өрт шыққан жағдайда ұшақ тоқсан секундтың ішінде жанып кетеді.

Табысты жұмыс істеген бортсеріктер «Hеаrt Awards» марапатына ие болады. «Ең үздік бортсеріктер» мен «Үздік қызметкерлер» де марапатталады. Барлық жолсерік біліктілікті арттыру курсынан өтіп, ағылшын тілінен тест тапсырып тұрады. Жемісті жұмыс істегендер қосымша үстемақы алады. Бортсерік қандай оқыс оқиға немесе дүрбелең болса да, сабыр сақтауы керек. Қарым-қатынас жасай білуі, төзімді де шыдамды болуы талап етіледі.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, басқа саланы меңгеріп те бортсерік болуға болады. Жігіттер ұшқыш боламын десе, Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына түсіп, əуе саласына байланысты барлық мамандықты игеріп шығуға болады. Мысалы, менің мамандығым – қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі. Болашақта  мектепте мұғалім болып, оқушылармен жұмыс істегім келеді. Бұл қызметім тəжірибеге толы кезең болды. Мəңгілік осы салада жүрмейтінім анық», – дейді Жанерке.

«Əуе қарлығашы» атанып кеткен кейіпкеріміздің əңгімесі «қой мен қыздың бармайтын жері жоқ» деген əзіл сөзді еске түсірді. Жолсеріктің жұмысы біршама ауыр болғанымен, жалақы деңгейі, əлеуметтік жеңілдік пен романтикалық тартымдылығы бортсерік болуды армандауға себеп болары анық…

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №40
03.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз