Ана тілі туралы жыр жуық арада бітетін түрі көрінбейді. Латынға көшіп, оның көсегесін көгертеміз деген құр əурешілік қой деп қауіптенемін. Келешегінен үміт үзгім келмейді, дегенмен.

Жас дос! Сендер аталарың мен əжелеріңнің айтуы бойынша болса да обал мен сауаптың не екенін жақсы білесіңдер. Əр зат пен іс-қимылдың, əрекеттің қайтарымы, шапағаты мен зауалы болады. «Судың да сұрауы бар» дегенді халқымыз тегін айтпаған. Сол сықылды сөздің де обалы мен сауабы бар. Оған көбіміз онша мəн бермейтініміз өкінішті, əрине. Жастар – ана тілінің жанашыры. Ата-бабаларымыздан қалған бұл асыл мұраны көз қарашығындай сақтау – перзенттік парыз.

Бұдан бірнеше жыл бұрын айтыскер ақын Қонысбай Əбілев қазақта «бесбармақ» дейтін тағам жоқ екенін жаны ауырып айтты. Бірақ оған ешкімнің назар аудармағанын тек өзіміздің бойкүйездігіміз бен нəніпəтірлігімізге сыйғыза салғанымыз сөкет. Шығыс Қазақстанның Большенарым ауданы жағы «бессаусақ» деп атайтыны жалпы ұғым бермейді емес пе? Қазақша ет асуды ары-бері жүгіртіп, бүйтіп сайқымазаққа айналдыруға болмайды. Шынтуайтында, кісіде екі-ақ бармақ бар. Неге бес бармақ болады? Орыстардың бефстроганов деп жүргені түз байырғы тұрғындарының қуырдағының бір түрі екенін неліктен айтпай жүрміз? Дағдарыста ел-жұрттың жағдайы барған сайын ауырлай түскенде телеарналардың дарақы даңғаза, əлжуаз əзіл-күлкі, татымсыз ток-шоу көбейткені қалай? Қымбат уақытты зая етіп бұлай ысырап ете беруге болмайды. Жауапкершілікті тым жеңілдетіп алғанымыз жараспайды. Жеңілтек хабар-ошарды қалай болса солай ұсына салуды дағдыға айналдырмаған дұрыс. Көк жəшікке телміргендегі көрерменнің сондағы көретіні «Махаббат мұңы», «Махаббат пен машақат», «Махаббат пен өшпенділік», «Өшпес махаббат», «Махаббат үшін Ресейге», «Тракторшының махаббаты», «Əйел тəуібі», «Əйел қырық шырақты», «Əйел бақыты», «Білек пен жүрек», «Ғашық жүрек», «Жетім жүрек», тағы басқа.  Біреулердің қаңсығы бізге таңсық болғандай бейне бір. Бітпейтін қытай, үнді, кəріс, түрік телесериалдары. Оларға көршілеріміз өзбек, қырғыздардың дүмбілез дүниелері қосылды. Бұлардың көбі ұлт болмыс-бітіміне үйлесе бермейді.  Оларға деген жұрттың өкпесі қара қазандай.

Біраздан бері 31-арнада «Келіндер бəйгесі» жүріп жатыр. О заманда бұ заман, қазақтар келіндерін бəйгеге түсіре ме? Қалыңдық киіміне, дастарқан мəзіріне төрелікті түк таппағандай орысша шала-шарпы беріп жүр. Орқаздардың (орысша-қазақша араластырып шүлдірлейтіндер) құдайы беріп қалғандай. Көпе-көрінеу көрсеқызарлық пен бəсекелестікті насихаттайтындай. Жақында белгілі бəдізші əңгімесінде халтура, гонорар, советник, командировка, мундштук, тағы басқа  жаратылысымызға жат сөздерді араластырып соғып тұр. Ана тіліне қиянат жасалды-ау, сөздің обалы мен сауабы болады-ау деген ой мазаламайтындай. Зиялы қауым өкілі болып ол осылай еткенде, басқалар қайтеді? Бəріне етіміз өліп кеткендей. Сұқбат па, жоқ сұхбат па? Дастарқан ба, жоқ дастархан ба? Т.Əлімқұлов, Х.Ерғалиев, С.Байжанов, И.Жақанов сұқбат деп қолданады. Ешқандай сауатты  түсіндірме сөздікте сұхбат, дастархан деп жазылмаған. Сөздердің бұлай бұрмаланып жазылуына ана тіліне зорлықпен енгізілген х əрпінің теріс ықпал-əсері тигені ықтимал. Бектаевтың толық түсіндірме сөздігінде оны əңгіме-беседа деп шегелейді. Өзге ғылыми еңбектерде де солай. «Қала мен дала» газеті сасқандай таяудағы сандарының бірінде сұхбат, сұқбат деп екіұдайлыққа жол береді. Сөздерді бұрмаламай, бір ізге түсіретін кез келді. Əлде кирилл қарпінің ықпалынан əлі шыға алмай жүрміз бе? Қанша киіз құлақ болып кетсек те, жөнге көшу көшелілік. Неміс ішіндегі «қазақ», марқұм Герольд Бельгердің байқауынша: «Ағылшын У.Шекспирдің шығармаларында бір-бірін қайталамайтын 16 мың сөз болса, орыс А.С.Пушкинде – 18 мың, ал қазақ М.О.Əуезовтің бір ғана дəуірнамасында 26 мың сөз бар екен. Міне, қазақ тілінің байлығы осыдан-ақ сезілмей ме?».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы бір сұқбатында тіл төңірегіндегі түйткілдерді тарқатып бергендей: «Қазақтың жаңа əліпбиін жасауды қолға алып отырмыз. Бұған дейін түріктің көне əліпбиі болды, одан кейін біздің бабаларымыз араб əліпбиін алып келді. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын қолдандық, 40-жылға дейін латын əліпбиі болды, содан кейін кириллицаға көштік. Енді қайта латын əліпбиіне өткелі отырмыз. Алайда бұл кириллицадан басқа жаққа кетіп қалайық деген саясаттан шығып тұрған жоқ. Қазіргі əліпбиімізге қазақ тілінің грамматикасы мен стилистикасына қажетсіз əріптер енгізген. Мысалы, қазақта я деген дыбыс жоқ. Японияны Жапония дейміз біз. Айыру жіңішкелігінің белгісі ч, ц (? – А.-С.Н.) деген жоқ.

Оның барлығы қазіргі əліпбиімізде тұр. Пайдаланылмайды, пайдаланылса, тілімізді бұзып жібереді. Сондықтан жаңа əліпбиді қазақ тілінің грам-матикасы мен стилистикасын ескере отырып жасау керек…

Латынға көшу бəрін де алаңдатып жатыр. Бұл туралы көп айтылды, ғалымдар көп жұмыс істеді, тарихты қопарды. Өзге елдің тəжірибелерін қарады… Қазақ тілінде «ю», «я», «ь» əріптері жоқ. Осы əріптерді қолданып, қазақ тілін бұзып жатырмыз. Сондықтан негізін түзейміз. Бұл өте маңызды шара. Мұнда атүсті қарауға болмайды, сондықтан саралай келе өту керек». Оларға қосымша щ, х, ф-лар да көп машақат туғызғаны аз ба?

Иə, сөз сөзден туады, сөйлемесе қайдан туады? Тілді шұбарлап, араластырғанға намыстанбай, шатып-бұтатын орқаздар (жауапсыз орысша- қазақша бейпіл сөйлейтіндер) көбейіп бара жатқаны шындық. Тəуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, өз орашолақтығымызға қарамай, бəрін өтпелі кезеңге сілтеп, туған тілімізді əлі тұғырға қондыра алмай жатырмыз.

Орысқа кірме неміс текті академик В.В.Радлов (Фридрих Вильгельм): «Қазақтардың тілі жатық та шешен əрі өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен жауап беруге келгенде таңғаларлықтай оралымды. Қазақтардың кез келгені, тіпті, сауатсыздарының өзі Ана тілінде Еуропада байқап жүргеніміздей тек француздар мен орыстардың дəрежесінде сөйлейді», – деп сүйсіне тамсанып айтқаны бекер ме?

Соңғы ширек ғасырда орыс тілінде сөйлейтіндердің саны 25 миллион кісіге кеміп кеткені теріскей көршіміздің қоғамын абдырата бастады. Ол бізге неге сабақ болмайды? Бізде қазақшаның халі мүшкіл екенін айтудың өзі ұят. Ең болмаса тіл білімінің А.Байтұрсынұлы атындағы институты қазақ тілі бүкіл түркі халықтарының басын қосуға ұйытқы болатынын айтып шырылдап жүрген түркі ғалымы, филология ғылымының докторы Оғыз Доған мырзаның еңбектеріне неге көңіл бөлмей жүр? Əншейінде күпсініп қазақ тілі түркі халықтарының ішіндегі сөйлеу құралы ең бай дейтініміз қайда? Тырнақ астынан кір іздеп,  билікті сынау – ең оңайы. Мəселенің шаш-етектен екені шапқа түртеді, жүрекке шабады. Ақиқатын айтқанда, жөнді талап ете білмейміз. Бұл қашанға дейін созылады?

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
Қазақстанның құрметті журналисі.

 

РЕДАКЦИЯДАН: Аян Нысаналин ағамыздың айтқан ескертпесінен қорытынды шығарып, бұдан былай сұқбат, рақмет, дастарқан деп жазбақпыз.

 «Ұлан» газеті, №39

26.09.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз