Алматыда «АРДИ» деген ерекше орталық бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. «АРДИ» деген – мүгедек балалардың ата-аналарының қауымдастығы. Орталық осыдан жиырма бес жыл бұрын ашылған. Құрылуына балалары тағдыр тəлкегіне ұшыраған ата-аналар мұрындық болған. Ал орталықта балалар шығармашылықпен айналысып, уақыттарын көңілді өткізеді.

«АРДИ»-ға арнайы барып, балалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

СЫНЫҚ ТҮЙМЕ ДЕ КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

Жақында «АРДИ»-дің оқушылары шеберлік сабақтарын өткізіп, көрме ұйым-дастырыпты. Балаларды көруге қала əкімі Бауыржан Байбек те келіпті.

– Қалада өтетін шараларға жиі қатысамыз, – дейді шығармашылық шеберханасының жетекшісі Бибіжан СЕРІКБАЕВА. – «Ол мүгедек» деп қоғамнан шығарып тастамаймыз. Олардың да арманы бар. Балалардың жасаған бұйымдарын, салған суреттерін аукционға шығарамыз. Ең қымбат деп бағаланған суреттің құны – 100 мың теңге. Түскен қаражат балалардың қажетіне жұмсалады.

Шағын ғана шеберханада бəрі бар. Диана сурет салса, Медет текеметтің қиындыларын құрастырып отыр. Ал Ира киіз үйдің жабдығын тігіп отыр.

– Ира, не тігіп отырсыз? Көмектессем бола ма?

– Киіз үйдің жабуына ою бастырып жатырмын. Əрине, келіңіз. Жіпті

сабақтауға көмектессеңіз болады.

Екеуміздің əңгімеміз жарасып кетті. Дертіне байланысты бойы да өспепті. Сырласа келе, екеуміз құрдас болып шықтық.

– Жұмысыңыз өзіңізге ұнай ма?

– Əрине, ұнайды. Ес білгелі осы жердемін. Көп нəрсе үйрендім. Тастарға əдемі сурет саламын. Тігін тігіп, көрмеге шығарамыз. Түскен ақша – менің айлығым.

– Қандай арманыңыз бар?

– Арман деген көп қой. «АРДИ»-да оқи жүріп, жұбын тапқан жастар бар.  Мысалы, Вася мен Бота…

Бибіжан апай Медетті ерекше мақтады. Ол түстерді үйлестіре отырып  желімдеудің шебері екен.

– Көбіне балалар топтасып жұмыс істейді. Өйткені, əрқайсының диагнозы əртүрлі. Жұмысты соған қарай береміз. Бір оқушы матаны қиса, енді бірі  желімдейді.

Тізіліп тұрған қораптарда əртүрлі матаның қиындылары мен түсқағаздар бар. Тұрғындар қажетсіз заттарын орталыққа осылай өткізеді. Балалар осы қалдықтардан əдемі бұйым жасап шығарады. Мысалы, алтын балық. Балық сынық түймелерден жасалған. Ал астары сыры кеткен моншақтар. Бізге қолөнер дүкендері жарамсыз заттарын өткізеді. Оларды осылай кəдеге жаратамыз. Өкініштісі, мүгедек балаларды көп жерде жұмысқа алмайды. Мектепті бітіргеннен кейін осында келеді. Сөйлей алмайтын балалар ішкі ойын сурет арқылы жеткізеді. Түсті таңдағанына қарап, олардың көңіл-күйін түсінеміз. Мүгедек ретінде алатын ақшасы өте аз. Сол үшін көрмеден түскен қаражатты балалардың өздеріне береміз, – деді Бибіжан апай.

 БАЛАЛАРДЫ ҒАНА ЕМЕС, АНАЛАРДЫ ДА ОҚЫТАДЫ

Шеберханаға кіріп-шыққан адам өте көп. Бірақ, «жұмысыма кедергі келтірдің» деп қабақ шытып, қатты сөйлеген жанды көрмедім. Ұзын үстелдің арғы басында отырған аналардың шуақты күлкісі құлаққа сондай жағымды естілді.

Айбектің анасы Эльвира:

– Бұл жаратушының сынағы деп білеміз. Балам тек басын ғанаұстай алатын. «АРДИ»-ға келгелі өзі отырып, сурет салатын дəрежеге жетті. Барлығы орталықтағы ұстаздардың арқасы. Мамандығым – есепші. Баламен үйде отырғым келмей, жұмыс істегім келгені рас. Бірақ, баламның бəрінен де артық екенін түсіндім. Қызметті де тастадым. Орталықтағы балалар, ата-аналар бір үйдің адамдары сияқты. Өйтке ні, бəріміздің дертіміз, жанымыз бір. Кейде жылап та аламыз. Бізге босаңсуға болмайды. Мойнымызда үлкен жауапкершілік бар.

– Иə, Эльвира дұрыс айтады, – деді Бақыт апай. – Менің де мамандығым есепші. Орталыққа келгенімізге екі жылдан асты. Қазір балам жаттығу залында. Барлығы тегін, ешқандай ақша төлемейміз. Балаларға түскі ас беріледі. Арнайы автобус та бар. Жазда лагерьге, киноға барамыз. Жақында «АРДИ» мүгедек балалардың аналарына қолөнерді үйрете бастады. Кеше матадан алма тігуді үйрендік. Бүгін жапырағын жасап жатырмыз. Алғашқыда қиын болды. Ұстаздардың арқасында үйреніп жатырмыз. Баламен үйде отырғасын ешқайда шыға алмайтынбыз.

Орталықтың тағы бір ұнағаны – оқушыларға компьютер үйретеді екен. Балалардың талабы туралы Ринат ағай былай дейді:

– Алдымен өзі туралы түйіндеме жазуды үйретеміз. Кейбірі өзінің мекен-жайын білмеуі мүмкін. 

Мүгедектерге арналған арнайы компьютер бар. Бірақ, бағасы қымбат. Бізге қолдау көрсететін азаматтар болса, қуанар едік.

Наурыз айында халықаралық «Алматымен танысу» фестивалі өтті. Италиядағы Сан-Марино мен біздің ел ұйымдастырған болатын. Балалар хореография, вокал, түрлі аспаптарда орындау сынды өнердің сан түрінен сынға түсті. Біздің оқушылар хореография жəне Театр мəдениетінен жүлделі орынға ие болып, «Сан-Мариномен танысу» фестиваліне жолдама алды. Арамызда спорттан чемпион болған балалар бар. Мысалы, Игорь үстел теннисімен айналысады. Оля тоқыма тоқудың шебері.

 ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ТАРИХЫНДА АЛҒАШ РЕТ…

«АРДИ» орталығының төрайымы – Əсия Ахтанова. Əсия апай – біздің оқырманға «Қазақ əдебиеті» оқулығынан таныс, əйгілі жазушы Тахауи Ахтановтың қызы.

– Орталықты ашуыма ұлымның жағдайы себеп болды. Сал ауруымен күресіп келеді. Қазір шүкір, немере сүйіп отырмын. «АРДИ»-дің есебінде 500-ден аса отбасы бар. 2004 жылы тəуелсіз оңалту орталығы деп аштық. Сол кезде жылына 40 баланы қабылдасақ, бүгінде бұл көрсеткіш 138 балаға жетті.

«Жаңа əлем» атты видеостудия жұмыс істейді. 2011 жылы «Қысқы көбелек» фильмі «Кино дертке қарсы» атты фестивальде «Ең үздік дебют» дəрежесін жеңіп алды. «Өлмек пе, қалмақ па?» фильмі оннан аса халықаралық кинофестивальде əртүрлі сыйлыққа ие болды. Қазақ киносының тарихында ең алғаш рет басты рөлді сал ауруымен ауыратын жігіт ойнады. Фильм он екі мүшесі сау адамдарға арналған. Барлық актерлер – «АРДИ» орталығының оқушылары. Сондай-ақ, «Бойжеткен мен теңіз» фильмі деп көпке ой салады. Балаларға медициналық көмек көрсетеміз. Біздің көмегіміздің арқасында қимыл-қозғалысы қиын қаншама баланың отырып-тұруы, қимылы жеңілдеді.   Мектепке, арнаулы оқу орындарына дайындаймыз. Коррекциялық қолдау (логопед, психолог) да бар. Балалар тек сабақ оқып қоймай, қолөнермен де айналысады.

Бибіжан апаймен бірге аулаға шықтық. Бұл жер бұрын балабақша болған екен. Ауласы кең ғимаратқа көшсек дейді. Балалар бір уақыт бассейнге түсіп, бой жазады екен. Ауланы əдемі тастармен көмкеріп қойыпты. «АРДИ»-ға демеушілер киіз үй сыйға тартыпты. Ерінбей, ішіне кіріп көрдік. Оқушылардың жасаған құрақ көрпелерін жинап қойыпты.

Бибіжан апай балалардың суретін бермек боп, бөлмесіне кіріп кетті. Аздап күтуге тура келді. Əдепсіздік болса да, екі ананың əңгімесін естіп отырдым.

– Емханаға сағат таңғы 8-де келіңдер дейді. Бірақ, үлгере алмаймын.

– Неге?

– Ұлымды сурет сабағына əкелемін. Одан шығып, қызымды мектепке апарамын.

– Көмектесетін адам… – дей беріп еді. 

– Жоқ, ол бізден бөлек тұрады, – деп қысқа қайырды.

Міне, біздің кейбір əкелеріміздің шынайы көрінісі. Оларға баладан бас тарту оп-оңай. Арба сүйреп, баласын өбектеп жүрген əкені көрмедім. Қайран аналар-ай!..

Жұмақ ананың табанының астында деп бекер айтылмапты…

 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №29
26.09.107

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз