Біраз жылдан бері Ораза айы ұзақ әрі қапырық ыстығы маңдайдан өтіп, таңдайды кептіретін мезгілге тура кеп жүр. Сәресі мен ақшамның арасы қанша ұзақ, қапырық ыстық болса да ораза тұтып, тәуекел еткендер саны аз емес. Кездесіп қап, жөн сұраса кеткен екі адамыңның біреуінің аузы берік. Біз пақырдың да «Құдайдан үміті бар», тіземіз тесіліп, намаз оқымасақ та әйтеуір біраз жылдан бері отыз күн оразаны бос жібермеуге тырысып-ақ келеміз. Айтпағымыз басқа. Нәпсіге тұсау салып, ас-ауқаттан тыйылған осы бір күндер несімен есте қалды? Әрине, он екі айдың сұлтаны әркімнің есінде әртүрлі әсерімен қалады. Көкейден кетпей, көңілде ұялап, Рамазан айы туған сайын еске түсе беретін, бастан өткен бір кішкене оқиға болған-тұғын…

Әлқисса, бір-екі жыл бұрын Астанаға көшіп бардық. «Астана ақшамы» газетінде қызметке тұрдым. Бас қаланың қоғамдық, саяси-әлеуметтік өмірін негіз еткен басылым болған соң, шілденің шіліңгір ыстығына тура келген оразаның қадір-қасиеті туралы «Нұр Астана» мешітінің бас имамымен сұхбаттасудың сәті түсті. Жұмысым бітіп, қайтайын деп тұрғанымда имам ораза тұтқан-тұтпағанымды сұрады. Біраз жылдан бері ауыз бекітіп жүргенімді айтып ем, ол кісі көмекшілерін шақырып:

– Мына жігітке талон беріңдер. Кешке бізден келіп ауыз ашсын, – деді.

Жолдасым Алматыға кетіп, таңғы сәресі мен кешкі ауызашарға ас дайындау шынымен де қиын боп жүрген. Қала тіршілігіне арналған газеттің отымен кіріп, күлімен шығып, кешке жалдамалы пәтерге келіп, сүрініп құлайтын маған бұл бір жақсы ұсыныс болды, бірден келісе кеттім. Жігіттер берген талонды қалтама басып, жұмысқа тайдым. Газеттің жұмысы онымен бітсін бе, Маяковскийдің «Мәжіліс қорларындағыдай» жиналыс жасағыш мекемелердің бір-екеуіне бас сұғып, тілім салақтап мешітке жеттім.

Мешітке жиналған жамағатпен ақшам намазын өтеп, ауызашарға берілетін асқа жұртпен бірге ұзын-сонар кезекке тұрдым. Қырға үймелеген жемқор табындай бір-бірімізді ығыстырып, әйтеуір өлдім-талдым дегенде, мен де ас үлестіріп тұрған әйелдердің жанына таядым. Алдымдағы жігіт бірнеше ойығы бар темір тәрелкесін әйелдерге ұсынды.

– Талоныңыз қайда? Талонсыз тамақ берілмейді, – деді оның тәрелкесін кері қайтарған ас үлестіруші.

– Жұмыстан келген бетім осы еді. Талон алуға үлгермедім, бітіп қалыпты, – деді жас жігіт жарылған ерінін жалап.

Әбден күнге күйіп қарайған жүзінен жігіттің қатты қалжырап, шаршап, сілелегені байқалады. Жуылмай жабағы жүндей болған шашын сипап-сипап қояды.

– Бере салсаңызшы енді, бағанадан бері кезекте тұрмын ғой, – деді жас жігіт жалбарынып.

– Сен не, қазақша түсінбейсің бе? Айттым ғой, талоныңыз болмаса, тамақ берілмейді. Алдымен талоны барлар алып алсын, тамақ асып жатса, сосын көреміз, – деді әйел жігітті аса жақтырмай, ала көзімен атып. Арт жақта кезекте тұрғандар асықтырып, күбір-сыбыр күшейе бастады. Сол аралықта кезекші сақшы да келіп қалды. Жас жігіт оған да өтінішін айтты.

– Бауырым, тәртіп сақтайық. Талоны барлар тамағын алып болсын, сосын көресің, – деді ол да ас үлестіруші әйелдің сөзін қайталап.

«Бейшараның қарны ашып, қаталап тұрған шығар. Шыжыған ыстықта қара жұмыс істеп жүріп (қара жұмыстан келгені көрініп тұр) несіне ауыз бекітеді екен. Талонымды осыған бере салсам ба?» деген бір ой басыма сап ете қалып еді, тамақтың хош иісі мен ішімнің қайта-қайта шұрылдағаны ол ойымнан лезде айнытты. «Мүмкін соңын ала нәпақасы бұйырар» дедім де темір тәрелкемді ас құюшыға ұсындым. Сақшы әлгі жігітті қолынан жетелеп, шетке қарай шығарды.

Арғы жаққа ел қонып, жай күндері қадірін білмейтін қара суды қанып ішкен соң жас жігіт қайта есіме түсті. «Не болды екен? Тамақ іше алды ма? Талонымды неге соған бере салмадым екен? Тамақты сатып ішсем де бір амалын жасауға болар еді ғой» деп ойлаған сайын берекем қашып, мазам кетті. Жұрт та асын ішіп, жан-жаққа тарай бастады. Құтпанның азаны шақырылғанда барып, тапжылмай отырған орнымнан тұрдым. Аяғым зілдей болып, мешітке қарай ілбідім…

Осы бір кішкене оқиғаны біраз уақыт ұмыта алмай жүрдім. Ақыры ақырын-ақырын естен көтеріле бастаған. Жаз соңы үй-күйдің жағдайы болмай, бір-ақ күнде «Алматым, қайдасың» деп тартып кеткем. Арада бес-алты ай өткенде батысты бетке алып, жүйткіген пойыз, солқ етіп Шымкент шаһарына тоқтағанда сол жігіт тосыннан қайта есіме түсті. Еске түсіруші де бір ер екен, қалай өткен шаққа алып барғанын айта кетейін.

Жанымдағы серігім «оңтүстік жаққа барып келейік» деп қолқа салып, ертіп алған.

– Ассалаумағалейкум! Хош келіпсіздер Шымкентке.

– Уағалейкумассалам. Хош көрдік.

Шымкент вокзалында жолыққан жас жігіт сапарласымның бұрыннан танысы болса керек, екеуі төс қағыстырып амандасып жатыр.

– Ой, сен хабарсыз кеттің ғой. Қалай жағдайың?

– Шүкір, аға. Осы Шымкентте тұрып жатырмыз. Ақтөбеден қонақтар келіп еді, соларды шығарып салып тұрған бетім. Қызық болды ғой сізді жолықтырғаным.

– Иә, «тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген осы. Қанша уақыт болды, бауырым, сені көрмегелі. Танысып қой, мына жігіт журналист, ақын.

Жас жігітпен қайта қол алыстым. Сапарласым әңгімені ары қарай жалғады.

– Үйлендің бе? Бала-шағаң бар ма?

– Үйленгелі бес-алты жыл болды. Бір бала.

– Неге бір-ақ бала? Жас емессіңдер ме, сендерге топырлату керек қой.

– Ой, аға! Денсаулық болса, топырлатар едік қой.

– Денсаулыққа не боп қалды?

– Ағам ауырды. Екі бүйрегі бірдей істен шықты. Қарап отырып өлтіретін емес, бір бүйрегімді бердім.

Жас жігіттің бетіне жалт қарадым. Сабырлы кейпінен жазбайды. Ішімді алай-дүлей от шарпып өткендей болды. Сапарласым:

– Виктор Франкл деген кісі: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттыққа бөлеу», – дейді екен. Қалай, қазір өзіңді жеп-жеңіл жер басып жүргендей сезінетін шығарсың, – деді.

– Иә. Құдайға шүкір, қазір ағамның да жағдайы жаман емес. Соған қуанамын, – деп жас жігіт сәл жымиды…

Сол аралықта бізді күтіп алуға келген кісіміз де келді. Күнге күйіп, ерні жарылған құрылысшы жігіт көз алдыма келіп, ауыр басып, вокзалдан шықтым.

P.S. «Адам өмірі ситуация тізбегінен тұрады және әр ситуация объективті дұрыс шешім талап етеді» дейді екен философтар. Кейде екі жердегі төрттің қосындысын «тоғыз!» деп көрсеткенің үшін опық жейсің. «Өмір болғасын!..» деп өзіңді ақтауға да амал бар. Бірақ бір жапырақ талонды ерні жарылып, қаталап, шөлдеп тұрған жігіт қолына ұстатып, бұрылып жүріп кету – ежелден бар, объективті дұрыс шешімі еді…

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз