Ата-ананың, тілеулес ағайынның ақ үмітін арқалап, сеніміне сызат түсірмеймін деп қаншама оқушы тырысып бақты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?!» дегеннің кері ғой. Армандаған, аласұрған жүректер, таңды-таңға жалғаған үміттер, өтпей қойған 10 күн… Мұның бəрін оқуға тапсырған əрбір талапкер бастан кешті. Барлық талапкердің бағы жана қоймағаны белгілі. Ал біздің бəйгеге қосқан жүйріктеріміз оза шапты, үмітті ақтады. Ендеше, «Ұланнан» тəлім алып, «Жас өркен» деген рухани əулеттің өкіліне айналған биылғы түлектердің қайсысы қандай оқуға түсті?» деген сауалға тоқтала кетейік.

Назым – ҰБТ дан 114 баллды қанжығасына байлап, мақсатына нық қадам жасағандардың бірі. «Ұланның» тұрақты оқырмандары үшін Назым Сапарованың есімі таңсық емес. Ақжарқын мінезімен, жылы лебізімен  жаныңды баурап алатын Назым қыз ҚазҰУ филология факультетінің студенті атанды. Жас тілшілікті əлдеқайда ерте алған Дина Бөкебай да ҚазҰУ-дың қазақ тілі мен əдебиеті мамандығының грант иегері!

Белсенді жас тілші Алмабек Ибрайымов «Алтын белгі» иегері атанып, тестілеуден 114 балл жинаған. Ол журналистика факультетіне грантқа түсті. Қай оқу орны дейсіздер ғой? Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ!

«Ұланға» бар білген ақпаратымен бөлісіп жүретін Аида Жеңіс, «Ақ желкеннің» жас тілшісі Дана Русланқызы да журналистика факультетінде. Бұлбұл Мəулетқажина –  121 балмен ҚазҰУ-дың табалдырығынан аттап, филология жəне əлем тілдері факультетін таңдады. Бүгінге дейін өзінің жыр жинағын шығарып үлгерген ақын қызымызды қазақ филологиясының шыңынан көреміз деп сенеміз.

Газет беттерінен Ақмарал Каналдың мəнді де мағыналы əңгімелерін, мақалаларын іздеп оқитынмын. Жақыныма айналған жақсы қыз өз таңдауын жасады. Ол Египет-Ислам (Нұр-Мүбəрəк) университетінің грантын иеленді. Болашақта, Алла жазса діни тақырыпты тереңнен зерделеп жазатын журналист болады. Арманыңа жет, Ақмарал!

Жас тілшіміз Аят Асқарбекұлы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің, спорт журналисі болуды мақсат еткен Равиль Ашығалиев Атырау мемлекеттік университетінің, шырайлы Шымкентті газет бетінде таныстырған Мадияр Мəкен Қайнар университетінің, Айым Бектегенова жəне Əйгерім Төлеубай Еуразия Ұлттық университетінің, Гүлзинат Қибатова М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті ретінде жаңа белесті бағындырады.

Бір-бір үйдің қуанышы, оқырмандарының, ағайынның мақтанышы болып отырған аға-əпкелерге ізгі тілек, ақ ниетімізді жолдаймыз! Білім атты теңізде еркін жүзіп, білікті маман, тұлға болып қалыптасуларын тілейміз.

Осы уақытқа дейінгі «ұландық» жас тілшілердің жетістіктерін сараласақ, жерде қалған ешкім жоқ екен. Бізге де алдыңғы толқын аға-əпкелердің жолы жұғысты болғай!

Мадина ОҚАС,
10-сынып оқушысы.
Еңбекшіқазақ ауданы,
Алматы облысы

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз