Елімізде «Отан патриоты» деген сағат шығады екен. Сағаттың мануфактурасын жасаған – жас кəсіпкер Арман Тоқсанбаев. Ол мектепте оқып жүріп, табысын миллионға жеткізген. Бірнеше компаниясы бар. Иə, бəріміздің бай болғымыз келеді. Бірақ, оның жолы қандай? Табысқа қалай жетуге болады? Бұл жайында Арман ағамен сөйлесіп, табысқа жетудің қыр-сырын сұраған едім.

– Кейбір оқушылар мамандық таңдай алмайды. Бірі ата-анасының қалауымен таңдаса, енді бірі грант көп бөлінетін саланы таңдайды. Сіз мамандықты өз еркіңізбен таңдадыңыз ба?

– Ата-ана баласына дұрыс бағыт беріп, ой салуға міндетті.  Оқушы кім болатынын ертерек шешуі керек. Өкініштісі, ата-аналар: «Балам, қандай мамандық болса да, бастысы бір диплом ал, қалғанын көре жатармыз», –дейді. Баласы қолы жеткен мамандыққа түсіп, уақыты зая кетеді. Мысалы, өзім де əкемнің сөзінен аса алмай, Ресейдегі Томск университетінің Ұшу динамикасы факультетіне оқуға түстім. Бірақ, 2-курста оқып жүріп, мен қалаған мамандық еместігін түсіндім. Сөйтіп, оқуды аяқсыз қалдырдым.

ҰБТ-дан математика пəнінен 1 балл жетпей, жоғары оқу орнына түсе алмадым. Себебі, сабақты нашар оқыдым. Көп уақытым компьютер жөндеумен өтетін. Кішкентай кезімде бөтелке, металл жинап, алғашқы табысымды таптым. Ал бүгінгі оқушыларға айтарым, ата-анаң аман, қарның тоқ болса, білім алып, сабақ оқы. Оқушы мектепте білім алып, оқу орнына түседі, содан соң жұмыс істеп, ақша табады. Бұл – өмір реті, уақыт талабы. Оны бұзудың қажеті жоқ. Оқуға кедергі болмаса, белгілі бір өнер түрін игеріңіз. Ата-ана баласының бойынан спортқа, не болмаса əдебиетке жақын екенін байқаса, бетінен қақпай қолдау көрсету керек. Кезінде ата-анам несиеге компьютер алып берген еді.

– Іссапарға жиі шығасыз ба?

– Жақында Қытайдың Бейжің қаласында елімізден шығатын əртүрлі өнімдер мен 20 компания «Қытайдағы қазақстандық тауарлардың жəрмеңкесіне» бардық. «Янши» атты  ең ірі сауда орталығында өнімдерімізді көпшілікке ұсындық. «Отан» сағат компаниясы 2 миллион 600 мың теңгеге сағат сатты. Бұл отандық өнімге өзге елдерден қызығушылық пен сұраныстың бар екенінің дəлелі. Жыл соңына дейін Бейжіңде дүкен ашсақ дейміз.

– «Отан патриоты» сағатының бағасы қанша?

– Адамдар сағатта бейнеленген елтаңбаны қызық көреді. Бағаның қымбат болатын себебі ішіндегі əрбір тетік, құрылғыға байланысты.  Қажетті құралдарды Дания, Швейцариядан аламыз. Табыс табу мақсатында 2-3 мың теңгенің сағатын жасауға болады. Арзан сағат 1-2 айға ғана шыдайды. Елтаңба бедерленген сағат тек бұйым емес, ұлттық құндылық ретінде төрімізде тұруы тиіс. Біздің мақсатымыз – сапалы сағат шығару. Өйткені, онда елтаңба бейнеленеді.

– Елбасымен кездесуде сағатты сыйға тарттыңыз. Кейінірек өнер адамдары əлеуметтік желіде жарыса жазды. Бұл да жақсы жарнама. Сағаттан бөлек, үш компанияны басқарады екенсіз. «Пиар», «жарнама» дегенді қалай түсінеміз?

– Жарнама «Отан» сағатына ғана жасалады. «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясы өзіндік ерекше идеясы бар, жаңашыл жоба. Жабық зертханада бір жылдай түрлі өсім- діктерді зерттедік. Патент алғаннан кейін өнімді нарыққа шығардық. Тікелей мейрамхана, ауыл шаруашылығымен жұмыс істейтіндіктен, біз үшін жарнама маңызды емес. Тағы бір себеп, бізге бəсеке болатын топ жоқ. Тың, сирек кездесетін, халыққа берері мол іспен айналысқан ұнайды.

– Компанияны қалай аштыңыз? Мемлекет көмегіне жүгіндіңіз бе?

– «Кəсіп жүргізем» деген əрбір азаматқа мемлекет тарапынан əртүрлі көмек көрсетіледі. Мəселен, «Бизнес жол картасынан» 3 миллион теңге грант бөлінеді. Мемлекет əрбір қалаға, облысқа бизнесті дамыту үшін арнайы қаражат бөледі. Қарағанды қаласының өзінде өтініш жіберуге болады. Ұсынған жобаңыз комиссиядан өтіп, талаптарға сай келсе, жоғарыда айтылған қаржылай көмектің иегері боласыз. Бұл грант қана, одан бөлек бизнес үшін несие беретін банктер, субсидиялар мен арнайы оқулары бар. Толық мəлімет алу үшін https://www.business.gov. Kz сайтына кіріп, танысуыңызға болады.

Өзіме келетін болсам, 2014 жылы «Жаңа жасыл технологиялар» компаниясына грант ұтып алып, жарты жылдың ішінде іске қостым. «Бизнес жол картасы» тек 18 жастан асқан тұлғаларға қызмет көрсетеді. Ал, мектеп оқушылары сүйікті пəндерінен əртүрлі жоспарларға, жоба жұмыстарының сайысына қатыса беруі керек. Өкінішке қарай, оқушының жетістігі «Мақтау қағазымен» шектеледі. Меніңше, осы сəтте ата-ана көмекке келуі тиіс. Баласының қызығушылығын байқаған сəтте қолдау білдірсе деймін. Əрине, жеткіншектер кəсіпкерлер секілді қыруар қаржы үшін жұмыс істемейді. Мектеп ұжымы, аудандық немесе облыстық мекемелер оқушының жобасы болашақта еліміз үшін ауадай қажет екенін айтса, сый-сыяпат берсе… Баланың көңілі марқайып қалады.

– Сіздің www.businessman.kz деген жеке сайтыңыз бар. Блогты өзіңіз жүргізесіз бе, халыққа берері не?

– Əрине, өзім жүргіземін. Бірақ, болашақта арнайы мамандарға тапсыратын ойым бар. Ашқан мақсатым, халықтан, көпшілігі жастардан мағынасы бір сұрақ көптеп келеді. Əрқайсысына жауап беруге уақыт жок. Сайтты көмекші құрал ретінде аштым. Қыркүйек айында алғашқы кітабым шығады. Кітап «инструкция» түрінде болмақ. Бизнестен бөлек, «Оқуымды тастайын ба, ерте үйленуге бола ма?» деген сұрақтар келеді (күліп). Кəсіп көзін іздейтін, сұрағына жауап таба алмай жүрген жастарға шын ниетіммен көмектескім келеді. Олар – еліміздің болашағы.

– Интернетте «Қарапайым экономика» деген шағын бағдарлама жүргізеді екенсіз. Журналистикаға қызығасыз ба?

– Өзімді əртүрлі салада сынап көргім келеді. Дəл қазір құрылыста, жылыжайда жұмыс істеп жүрмін. Журналистика да мен үшін өте қызық əлем. Сол салаға қызығып жүргенімде «Атамекен» арнасынан ұсыныс түсті. Бірақ,  5-6 бағдарламадан кейін уақыттың тығыздығына байланысты жұмыстан шығып кеттім.

– Кəсіпкердің уақыты тығыз. Отбасына көңіл бөле алмайды. Анаңызға жиі хабарласып тұрасыз ба?

– Ата-анама жиі хабарласамын. Үйдің шаруалары болсын, басқа да көмек керек болса, үйге тез жетемін. Біз үшін өмір сүретін адамдарға уақыт бөле алмауымыз мүмкін емес. «Уақыт жоқ» дегенді сөздік қорымыздан шығарып тастағанымыз дұрыс. Уақытты тиімді пайдалансақ, бəріне үлгеруге болады.

– Күнделікті тіршілікте отандық өнімді пайдаланасыз ба?

– Азық-түліктен бастап, киетін костюмдеріме дейін өзіміздікі. Отандық өнімдерді тұтынудың өзі біздің, яғни халық тарапынан үлкен қолдау. Өзге елдердің өнімінен дəмі не болмаса сапасы бойынша айтарлықтай айырмашылық жоқ.

– Кімді үлгі тұтасыз? Біреуге еліктеген  дұрыс па?

– Ата-анамнан үлгі аламын. Олар қанша қиындық көрсе де, тура жолдан таймай, төтеп берді. Маған дарыған қасиеттер əкемнің бойынан табылады. Бір орында отырмайтын, үнемі ізденіс үстінде жүретін, еңбекқор жан.

– Бос уақытыңыз қалай өтеді?

– Əлем жаңалықтарын оқимын. Саясат емес, ғылымдағы жаңа өзгерістер мен қызықты деректер. Жаңалық оқып, демаламын. Хобби əрі таным кеңейту десек болады.

– Бизнес сізге не берді жəне нені алды?

– Бизнес менен ештеңе алған жоқ. Керісінше, үйренгенім, бизнесарқылы қалағаныма жеткенім көп.

– Кəсіби мамандықтан бөлек, əр отбасының бір бизнесі болса, ол елдің экономикасы да жоғары болатыны анық. Ізіңізден ерген қаракөздерге айтар кеңесіңіз, тілегіңіз?

– Егер өзіңіз киіп жүрген киім, тұрып жатқан баспана, басқа да қажеттіліктер ұнамаса, өміріңізді өзгерткіңіз келсе, тағы да əрекет етіңіз. Менің ойымша, Қазақстанда тұрудың өзі бір мотивация (күліп). Өзге елдермен салыстырғанда қарапайым халықтың тұрмыстық деңгейі жақсы. Əрбір адам жақсы өмірді қалайды, оны сүруге де құқығы  бар. Əр күніңіз жаңа талпыныстарға толы болсын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Саяжан СОВЕТ,
Жамбыл атындағы
мектеп-интернаттың
11-сынып оқушысы.
Қарағанды қаласы

«Ұлан» газеті, №34
22.08.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз