– Бағана Бекен келіп кетті, – деді кешкі ас үстінде атасы. Нартай елең етті. Өздерінің жақын туысы Бекен ағасының келгенін білгенмен, не деп кеткенін білмейтін. Соны естудің сəті енді туғандай.

– Жайша жүр ме екен? – деді əкесі сəлден кейін.

– Ертең асар салмақ екен, соны айтқалы келіпті, – деді атасы жаймен.

– Үйінің іргетасын құймақ екен ғой…

– Иə. Барып, жəрдемдесіп жіберейік… жалғызілік қой… балалар əлі жас…

– Жақсы. Сіз үйде боласыз ба?

– Жоға, мен де барып, көппен бірге болмаймын ба. Ағайынбыз, ұят қой…

– Мейлі. Өзіңіз біліңіз.

Нартай Бекен ағасының үй салмақ болып жатқанын шамалағанмен, оған «асар» деген түсініксіз сөздің қандай қатысы бар екенін білмеді.

– Ата, асар деген не? – деп сұрады сосын атасына қарап.

–  Асар деген бе… – деп бір тоқтаған атасы бұрынғы əдетін бұзып: – Асықпа, – деді жымиып. – Ертең Бекен ағаңның үйіне барасың… сонда көресің. Бүгін біліп алсаң, ертең қызық болмай қалады.

Ертесі ертелете барған. Бекен ағасының үйіне біраз адам жиылып қалыпты. Бəрі жұмыс киімін киген. Құрал-саймандары қолдарында, сақадай сай екен. Қазылып, дайындалып қойған іргетас құйылатын орынға барып, Нартайдың атасы аят оқып, бата берген соң қызу еңбек басталып кетті.

Тəжірибелі үлкендер терең қазылған ордың үстіне ағаш тақтайларды бір-біріне жалғап, белуардан келетін қалып жасады. Ал қарулы жас жігіттер тау-тау боп төгілген құм-шағылды жайып, ортасына су құйып, цемент араластырды. Сөйтіп, əлгінде ғана шөбі жайқалып, тыныш жатқан жер демде сапырылысқа толды да кетті.

Сəлден соң Бекен аға үлкен қара қойды көлденең тартып, «əумин» деді. Нартайдың атасы бата берді. Аздан кейін анадай жердегі жерошаққа бір қарағанда қой етінің əлдеқашан боршаланып, қазанға түсіп болғанын көрді. Астынан жағылған лапылдаған отқа біреу бас үйітіп жатыр.

Осының бəріне сəп сала қарап жүрген Нартай «асар» деген осы екен ғой деп түйді.

«БАЛДЫРҒАННЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ:

Асар – халқымызбен  ертеден бері бірге жасасып келе жатқан дəстүр. Бұл дəстүр – адамдардың бір-біріне ақысыз көмек көрсетуі. Үй салуға, шөп шабуға, қой қырқуға, жүн сабауға, алаша, кілем тоқуға қол күші, адам көмегі қажет болған жағдайда үй иесі асар жасайды. Көмекке көршілерін, туған-туыстарын, дос-жарандарын шақырады. Олар  бірігіп əлгі жұмысты бітіріп береді. Асар – ауылдастардың, туыстардың, достардың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытады.

Бұл дəстүр бізден басқа қырғыз, өзбек, тəжік, түрікмен сияқты туыс халықтарда да бар.

«Балдырған» журналы, №5
Мамыр, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз