Ақсарай

Балалар, жазғы каникулда Алматыға қыдырып келсеңдер, міндетті түрде Қазақ мемлекеттік циркіне келуді ұмытпаңдар. Өйткені, циркте жаңалық  өте көп. Жақында мемлекеттік циркте мұражай ашылды. Біз мұражайдың ашылу салтанатының куәсі болған едік.

Мұражайды ҚМЦ-нің көркемдік жетекшісі Уәлихан Шалабаев таныстырды.

– 1968 жылы Дінмұхаммед Қонаевтың  бастамасымен  және ҚазКСР Министрлер Кеңесімен  Алматы қаласында   Қазақ мемлекеттік цирк ғимаратын салу туралы шешім қабылданды.

Мәдениет  министрі Ілияс Омаровтың қолдауының  арқасында   және Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның жетекшілігімен 1970 жылы Қазақ мемлекеттік циркі,  эстрадалық цирк студиясында алғашқы цирк өнерінің  әртістері дайындалды. Қазақ циркінің негізін қалаған осы – Гүлжиһан апамыз. Апамыздың 100 жылдығына орай жеке көрме өтті. Кәсіби ұжымның тұңғыш қойылымы Саратов цирк манежінде қазақ ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашылды. 1970 жылдың 24 шілдесіндегі осы  қойылым  қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күніндей тарихта қалды.

Аз уақыт аралығында талайды таңдай қақтырған цирк ұжымы, 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғимаратына көшті. Белгілі ақын Олжас Сүлейменов кейбір бағдарламаның авторы болды.

Ал мен циркке қалай келдім? 1967 жылы орта мектепті бітіріп, Мәскеудің архитектура институтына оқуға барғым келді. Қазақ циркіне іріктеу жүріп жатқанын естіп, бұл ойымнан айнып қалдым. Өзім гимнастикаға қатты қызығатынмын. Сөйтіп, эстрада жәні цирк колледжіне оқуға түстім. Ата-анам өте ауыр қабылдады. Әкем әскери адам болатын. Мені өзінің ізін жалғайды деп ойлайтын. Жаңа бағдарлама дайындап ел-жұртқа енді танылып жүрген кезіміз.  Отбасын құрып, ұлды болған кезім еді. Алматыдан үй, үздік өнер көрсеткенім үшін деп медаль берді. Осылайша, әкемнің көзқарасы өзгерді. Жұбайым да цирк әртісі. Балам цирк манежінде өмірге келді. Анасының сүтімен бірге аттың иісін сезді.

Цирк өте күшті өнер. Осы салада 50 жыл қызмет істедім. Осы уақыт ішінде циркті тастап кеткен әртісті көрмедім. Цирктің патшасы – акробатика. Біз әлемде ешкім жасамаған трюктерді жасадық. Мәселен, бір адамның иығына үш адам шығып, екі рет айналып түседі. Ешқандай сақтық шарасы жоқ. Тағы бірі цирк тілінде перш дейтін ұзын таяқ болады. Осы першті төменде бір адам ұстап тұрады. Оның иығында мен тұрамын, менің иығымда бір емес, екі адам тұрады. Бірі әуеде қалықтап жүріп өнер көрсетеді.  Перштің ұзындығы  – 14 метр. Әлемде бұл трюктерді ешкім жасамайды. Қос аттың астынан өтетін трюктар болды. Біздің қазақ аттың жалында жүрген халық. Бұл тәсілді де ешкім қайталаған емес. Бұл трюктарды қайталау үшін өнерге берілген жан болуы керек. Көптеген халықаралық фестивальдерде жеңімпаз болдық. Өнерді жақсы көрген соң халық бізді де жақсы көрді, құрмет көрсетті. Биіктен құлап, аяғымыз сынып жатса да, қарамайтынбыз. Бірде жұбайым аяқ-қолымның он екі жерден сынғанын айтты (күліп), – дейді цирк әртісі Уәлихан Шалабаев.

 Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт БӨКЕБАЕВ:

ЦИРК ТӨРІНЕН ЕР ТӨСТІКТІ КӨРЕМІЗ

Қазақ мемлекеттік циркіне – 47 жыл. Жарты ғасырлық ғұмыры бар цирктің тарихы терең. Ресейден, Қытайдан жалпы шетелден цирк майталмандары жиі келеді. Екі манежде өнер көрсетіп жатқан әртістерге қызыға қарайды. Әртістердің деңгейі жоғары деп мақтайды. Қытайда, Америкада, Германияда, Францияда жұмыс істеп жатқан әртістеріміз бар. «Эхо Азии» деген цирктің жас өнерпаздарына арналған фестиваль бар. Біздің ең жас әртістеріміз өнер көрсетіп, жеңімпаз болып жүр.

Қыста «Шелкунщик» қойылым қойдық. Сонда бала-әртістеріміз өнер көрсетті. Қазақ циркі 30 жылдан бері гастрольдік сапарға шықпаған. Шелкунщикті тәжірибе жасау үшін қойған болатынбыз. Халық жылы қабылдады. Енді қазақтың халық ертегісі Ер Төстікті дайындап жатырмыз. Ресейден келген әртістер өздерінің ұлттық киімдерімен, әндерімен шығады. Біз де ЕрТөстікті қазақтың ұлттық киімімен, дәстүрлі күйімен шығармақпыз. Шілде айында сахнаға шығамыз. Сосын гастрольдік сапарды жалғастырамыз.

Дүниежүзінде цирк өнерін орыс халқы жақсы меңгерген.  Мамандар дайындайды, көрініс ойлап табады. Ең үздік әртістер – Канаданың «Дю Солей» циркінде дейді. Осы әртістердің тең жартысы – ресейліктер.

Өмірбек ИСАБЕКОВ, Қазақ мемлекеттік циркінің шығармашылық бөлімінің бастығы: 

ЕКІ ЖЫЛ «ДЖИГИТОВКА» ДЕГЕН

ЛАҚАП АТПЕН ЖҮРДІМ

–Өзім Шымкенттің тумасымын. Біздің кезде «бухгалтер», «доғдыр» болу «сән» еді. Жеңгем дәрігер еді. Соның айтуымен Мединститутқа (қазіргі ҚазҰМУ) құжат тапсырдым. Өзім орысша білмеймін. Көшеде «Қазақ циркіне атқа мінетін жігіт керек» деген хабарландыруды оқыдым. Мектепті бітіргенде бойым – 1 метр 55 см болатын. Хабарландыру бойынша барсам, Мәскеу циркі жұмыс істеп жатыр екен. Сынақта сол жерде болды. «Атқа міне аласың ба?» деді. «Иә» дедім. Өнерімді көріп, «джигитовкаға болады» деді. «Қайда оқуға түстің?» десе, ««джигитовкаға жігітпін» деймін ғой. Балалар күлетін. Содан екі жыл «джигитовка» деген лақап атпен жүрдім. Шабандоз деген мағына білдіретінін кейін білдім. Бір жылдың ішінде бойым сырықтай боп, өсіп кетті де, атқа жарамай қалдым. Сөйтіп, акробат боп шыға келдім. 20 жыл талмай қызмет еттім.

Біздің кезімізде мынадай ғимарат болған жоқ. Әуезов театрының орнында ескі алаңда өнер көрсететінбіз. Оқуды бітірген соң Саратовқа кеттік. Қазіргі Балуан Шолақ спорт сарайында жұмыс істейтінбіз.

Сахнада неше түрлі жағдай болады. Қожамбердиева деген түйе, қасқыр, аюды жаттықтыратын актриса болатын. Ташкентте жүріп, қасқырды жоғалтып алдық. Радиодан, бүкіл жерден хабарлап жүріп, екі күнде таптық. Қасқыр әжетханаға тығылып қалыпты. Ресейде жүріп, аюды жоғалтып алдық. Шаңқай түсте көшеде аюды көрген адамдарда зәре жоқ. Бәрі қорқып кеткен.

Біздің уақытымызда дәрісті ресейлік мұғалімдер оқитын.  Қазақ циркі Мәскеу циркінің құрамында болды. Бүгінде Ресейде 43 цирк бар. Алты мың адам қызмет істейді. Ал 17 миллион халқы бар Қазақстанда 4 цирк. Түсінген адамға бұл да жетістік.

Бүгінде адамдар демалатын орындар көбейіп кетті. Содан болар, циркке бір күнде екі мың адамды жинау мүмкін болмай отыр. Халық келсе, балалар қызықса, цирк те көбейе түседі.

Қазақ жастары өнер сайыстарынан жүлдесіз қайтқан емес. Талай мәрте Монте Карлода топ жарды. Қыз қуу, асауды ұстау осылардың барлығы қазақтың атқа жақын халық екендігінің дәлелі.  Циркті ұйық дейді. Иісін, дәмін білген адамның қайта шығуы қиын.

 Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз