Мақсұтбек ағамызбен Баянауылға барған сапарымызда танысып едік. Баянауылдың барлық ауылында болдық. Ағамызды елдің бəрі «Мақай сері» деп атайды екен. Елдің құрметі алабөтен. Керемет шебер деп мақтан тұтады. Əсіресе, Мақай серінің ЭКСПО-ға жолдама алғанын асқан мақтанышпен айтып жүр екен.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында былай дейді: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Прагматизм – өзіңнің  ұлттық жəне жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сəйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз».

Осыған сəйкес, жастайынан қолөнердіі жанындай сүйген Мақай сері көненің бұйымын жасап жүрсе де, жаңа заманның ең керекті адамына айналып отыр десек болардай. Мақай ағаны іздеушілер көп, себебі, оның қолынан келмейтіні жоқ. Ағамыздың үйіне, шеберханасына жолымыз түспеді, тек бұл жөнінде əңгіме ғана айта алдық…

Ел қытайдың тымағын кисе,

қытай менің тымағымды киіп жүр

Мақай сері: 7 жасымнан бастап тазы ұстадым. Əуелі саятшылыққа қызыққам. Бала кезде қоян аулаймыз ғой, соған қызықтық. Біртіндеп қолөнерге қызыға бастадым. 10 жасымда ағамнан қамшы өруді үйрендім. Одан кейін жүген жасауды, өз бетімше ат ұстап, оған ер-тұрман жасауды да үйрене бастадым. Одан соң ас табақ, қылыш-сауыт жасауды, қамшы, сарыала қамшы өруді, киіз үй құрастыруды, құрақ көрпе тігуді ретімен үйрене бердім. Қазір балаларға арнап ағаштан кəдесый жасап жатырмын. Қазақы үстелді де, əбдіре, сандықты да ретіне қарай жасаймыз. Тымақ, бөрік тігу де қиын емес. Үйде тазы ұстаймын. Оларды аңға саламыз.

Ұлан: Осы бұйым-дардың ішінде біреуіне тоқталыңызшы. Қайсысы көп уақытты, асқан шеберлікті, көп дайындықты талап етеді?

Мақай сері: Ертоқым шапқанда оның ағашын дайындау біраз уақытты алады. Қымыз құятын піспе шелекті жасау үшін де ағашын дайындауға көп уақыт керек. Батырдың шоқпарын жасау үшін ағаштың тамырын қазып аламыз, оған да уақыт керек. Киіз үйдің ішкі-сыртқы жабдықтарын тігу де тез бітетін жұмыс емес.

Ұлан: Бір ертоқымды жасауға қанша уақыт кетеді?

Мақай сері: Қазір дайындықты бастасам, қыс бойы жасай беремін.

Ұлан: Ал бұлардың ағаштарын өзіңіз сол маңнан іздейсіз бе? Баянауылдың маңында тал-теректің түрі көп қой. Əлде тапсырыс бересіз бе?

Мақай сері: Ағаштарды негізінен тапсырыспен аламын.  Ал ертоқымға керекті ағашты осы Баянауылдан аламын.

Ұлан: Бала кезде қолөнерге араласу үшін əуелі қамшы өруден бастау керек дейсіз ғой?

Мақай сері: Əрине, бірінші қамшы өруден басталады. Қамшыға тапсырыс берушілер қазір деаз емес.

Ұлан: Ал өзіңізден осы өнердің қыр-сырын үйренсем деген балалар бар ма? Келіп тұра ма шеберханаңызға?

Мақай сері: Соңғы екі жылда дайындаған жоқпын. Оған дейін білгенімді үйреткен бірнеше бала болды. Қазір олар да есейіп кетті. Өз білгендерін жасап жүр. Алла жазса, осы күзде балаларды қолөнерге үйретуді бастаймын.

Ұлан: Бізде ұмытылып кеткен, қолданыстан шығып қалған бұйымдар да бар ғой. Өзіңіз соларды жасап жүрсіз бе? Пайдалы, керекті деген нəрселер…

Мақай сері: Қазір шоқпарды ешкім пайдаланбайды ғой. Соны жасап едім,  аудан əкімі қызығып, сатып алды. Тымақты бұрынғы үлгімен тігемін. Елдің бəрі Қытайдың тымағын киіп жүр ғой. Сол қытайлар мен жасаған тымақтың бəрін алып кетті былтыр. Бағасы қымбатына қараған жоқ, түгел алды. Сарыала қамшыны да көп ешкім жасамайды. Жəй қамшы ұстап жүр бəрі. Естіп-оқуым бойынша, «сайтан жүрмес сарыла қамшы» деп айтады. Жасалуы бөлек. Қазір бүркіттің томағасы мен қолғабын да көп ешкім тікпейді. Солардың бəрін жасаймын. Кез келген нəрсенің бəрін жасай аламын. Тек сурет сала алмаймын (күліп). Кішкене өлең де жазамын. Облыстық газеттерге де шығып кеттік.

Қолөнер де серілікке баулиды

Ұлан: ЭКСПО көрмесіне жолдама алыпсыз. Қалай өттіңіз?

Мақай сері: Қолөнерге қатысты шараларға көп қатысқам. Облыстық мəдениет бөлімінде тізімде жүр екенмін. Солар өткізіпті. Алла жазса, тамыз айында қатысамын.

Ұлан: Оған дайындық қалай? Не ұсынып жатырсыз?

Мақай сері: Осы өзіміз жасаған бұйымдарды көрсетеміз. Шеберлік сабағын өткіземіз. Сонда қайыс өруден бастап шетінен жасап көрсетемін, бұйырса. Не жаса десе, соны жасап көрсетуге дайынмын.

Ұлан: Онда қолөнершілерден қанша адам қатысады екен?

Мақай сері: Жалпысын білмедім, Павлодар облысынан 6 адам қатысайын деп отырмыз. Бір шəкіртімді кіргізейін деп едім, болмайды екен, шектеулі дейді.

Ұлан: Ұлыңыз бар екен. Ол да ата жолын қусам дейтін шығар?

Мақай сері: Иə. Қазір қамшы өре алады. Кəдесыйлар жасауды меңгерді. Өзі күйші.

Ұлан: Ал өзіңіз домбыра жасап көріп пе едіңіз?

Мақай сері: Домбыра жасадым. Бірақ, сөйлете алмадым. Əнге арналған домбыра ғой, əншісі табылмай тұр.

Ұлан: Жеке шеберханаңыз бар шығар?

Мақай сері: Иə, үйдің алдында кішігірім шеберханам бар. Керекті технология жабдығының да біразы бар.

Ұлан: Қолөнермен айналысқан балалар шеберлікпен қатар тағы қандай нəрселерді үйрене алады? Қолөнердің тәрбиелік маңызы қандай?

Мақай сері: Алдымен шеберлікті үйренеді. Сұлулыққа, көркемдікке жаны жақын келеді. Серілікке баулиды. Мысалы, тазы ұстап отырмын өзім. Төрт тазым бар. Ит ұстамасам, тұра алмаймын. Ол болмаса бірдеңем кем боп қалғандай болады да тұрады. Жеті жасымнан бастап босағамнан ит үзілген жоқ.

Ұлан: Конкурстарға да қатысқан шығарсыз?

Мақай сері: Иə, былтыр 3 миллион теңгенің грантын ұтып алғам. Марапаттар көп.

Ұлан: Бұйымдарыңыздың ішінде ең бағалысы қайсы?

Мақай сері: Бағалысы – киіз үй. Аумағы да үлкен. Одан кейін ертоқым. Бəрі

тапсырыс арқылы жасалады. Киіз үйге арнайы мекемелер де, жекелей адамдар да тапсырыс береді. Жылына 2-3, кейде 4 киіз үй жасаймын. Уақытқа байланысты. Жаз шықты, қазір тапсырыс көп боп жатыр.

Ұлан: Жалғыз емес шығарсыз, көмекшіңіз бар болар?

Мақай сері: Бір ғана көмекшім бар. Көбірек алғым-ақ келеді. Бірақ бірін жасай білген екіншісін жасай алмайды. Бəрін де жасай алатын адам керек. Ондай табылмай тұр. Оған бала кезден дайындалу керек. Ал қазіргі балалар телефоннан бас алмайды.

Ұлан: Жасап көрмеген бұйымыңыз бар ма? Не жасап көргіңіз келеді?

Мақай сері: Темірден де, ағаштан да, қайыстан да бəрін жасап көрдім. Зергерлікті көргім келеді. Жасап та көргем. Қолымнан келіп тұр. Бірақ дендеп кіріспедім.

Ұлан: Уақыт бөлгеніңізге рахмет, аға! Қолыңыз дерт көрмесін!

Əңгімелескен Асылан ТІЛЕГЕН
«Ұлан», №24
13.06.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз