Дулат Исабеков,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Әңгімені Елбасының өзі бастады. Елге, ел атынан келген бізге ықыласын білдірген соң, біз де сөзімізге кірістік. «Ертең жұрттың қоятын сауалынан бастайын, пәленбай ғалым, пәленбай ақын-жазушы бар, таңдау неге осы үшеумізге түсті?» – деп сұрадым. Елбасы: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Бексұлтан Мемлекеттік сыйлықты алды, енді шығармаларының аударылуын жоспарлап отырмыз. Смағұлдың романы былтыр Америкадан ағылшын тілінде шықты. Өзің болсаң, Лондонға жол ашып жатырсың. Менің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалама қатысты зиялы қауымның, жаппай халықтың қандай пікір білдіріп жатқанын білгім келіп, өздеріңмен кездесуді жөн санадым», – деді. Мейлінше еркін әңгіме болуын да ескертіп айтты. Ұзақ әңгімелестік, теледидар арқылы өздеріңіз де көрдіңіздер. Меніңше, айтылмаған әңгіме қалған жоқ. Бірінші латын әліпбиіне байланысты сөз қозғадық. Латын қарпіне тек қазақ мектептері көше ме деген қауіп бар, орыс мектептері өтпейтін сияқты. Орыс мектептері кириллицада қалмауы ләзім, онда 70-80% қазақ балалары оқиды. Олар мектепті бітіріп шыққанда, бірін-бірі түсінбейтін екі ұрпақ пайда болмақ. Ертең олар жоғары оқу орнына түседі, бітіріп билікке келеді. Сонда латын қарпімен білім алғандар мен кириллицада білім алғандар арасында түсініспеушілік басталады. Ақыры латыншаға көшеді екенбіз, барлық мектептер: орыс мектебі де, ұйғыр, өзбек мектебі де көшсін. Елбасы жөнін айтып, қаупімізді сейілтіп тастады. Қазақ халқы бірнеше әріп ауысуды бастан кешірді. Мәңгүрт ұрпаққа айналудың алдында тұрған кездеріміз де болды. Жазуды алмастыру оңай жүзеге асатын шаруа емес. Кириллицада қаншама тарихымыз жазылды, бір Әуезовтің 50 томын латыншаға қашан көшіріп үлгереміз? Институттар, мамандар күші керек ендігі шаруаға. Мектепке барған бала Ыбырай Алтынсаринді қай әріппен оқиды? Оқулықтар жасалу керек жуық арада. Оқулықтар шығарылып біткенше кириллицаға сүйенетініміз тағы рас. Екі әліпбидің де белсенді болуы үлкен қауіп. Өзбекстан мен Әзербайжан әлі күнге бұл мәселені толық шеше алмай келеді. Оларда екі жазу дейерлі қатар жүр. Мұндай мәселелердің бар екенін біз айтпасақ, кім айтады?! Бірақ, барлығы алдын-ала қарастырылғанын, арнайы мамандар жоспарлы түрде айналысып жатқанын естіп тағы қуандық.

Демография төңірегінде де аз әңгіме болған жоқ. Табиғи өсімнің әлі де болса аз екенін айттық. Сондықтан, Елбасыға көші-қон мәселесін қайта қолға алудың маңызын дәйекті түрде жеткіздік. Өзбекстандағылар өзбек, Қытайдағылар қытай боп барады. Қазірдің өзінде 5 миллион қазақ келуге дайын отыр. Мұның да қиыншылықтары жетерлік. Көбісі оңтүстік өңірлерге келгісі келеді. Өйткені, олар тіл білмейді, қазақы ортаны іздейді. Мамандықтары да шектеулі. Әсіресе, Моңғолиядан келетіндердің дені малшы. Тұрғылықты халықты да, атамекенге оралушыларды да мамандықпен қамтамасыз етуіміз ләзім. Қалай болғанда да көшіріп алып келуге міндеттіміз. Көшіп келгендердің бірден сіңісіп кетуі де қиын. Баяғыда Түркістан жаққа Ираннан қазақтар көшіп келді. Бізше жазу танымайды, орысша білмейді, қыздарын балалармен бірге оқытпайды. Осының бәрі кезінде үлкен мәселе тудырды. Ендігі сіңісіп кетті, біріне қыз берді, бірінен қыз алды. Адаптация бәрібір болады. Бірнеше жылдан соң бұл да шешіледі. Шет елдерден қандастарымызды көшіріп алып келуге қатысты менің пікірімді жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Айта берсін, мен жұмысқа жарамды адамдар қажет дегенде, қарияларды қалдырып кетсін дегенім жоқ. Кім де болса отбасымен көшіп келеді, отбасында жұмысқа жарамды азаматтар болады. Олар қарияларын қалдырып кете ме? Мені олай айтты деу, өздерінің солай түсінуі ақылға сыйымсыз нәрсе емес пе?! Жә, мұны қаузап болғасын, ұлттық кино, ұлттық әдебиетке тоқталдық. «Қазақ авторлары алты тілге аударылады дедіңіз. Кім аударады оны, комиссияның құрамында кімдер болады?». Лондонға барғанда Ұлттық кітапханасында болдым. Бір Ұлттық кітапхананың өзі мемлекет ішіндегі мемлекет. Сол кітапханаға қазақ қаламгерлерінен бірінші боп менің кітабым барды. Бәрі бар, қазақ авторлары жоқ. Бір жағынан ақшасын төлесең, аударыла беретін де болды қазір. Кейінгі барғанымда Тәжікстаннан, Өзбекстаннан, Қазақстаннан адам танымайтын ақындар қаптап жүр. Бұл да жүйеге келтірілуі тиіс. Олар әлгілердің жұқа кітапшаларын оқиды да, Орта Азияның әдебиеті осы екен деп қалады. Елбасымен кездесуде тағы бір айтылған шаруа, тарихи фильмдер жайында болды. Қазіргі өміріміз әрине, жасалсын. Әйтсе де, тарихи тақырыпта кино, спектакль, көркем шығарма жасалып отыруы керек. Елбасының өзі: «Тарихымызды түгендеп жақсы бір фильм түсірейік. Көріп отырып жылайтын, күлетін, ауыз толтырып айта алатын кино жасамай болмайды», – деді. Бұл да алдағы жақсы бастамалардың дерекшісіндей әсер етті. Үш тілділікке қатысты Смағұл жақсы айтты. Мен балалар бастауыш сыныпты ана тілінде бітіруі қаншалықты маңызды екеніне тоқталдым.

Тағы бір өзекті мәселе, жастарды жұмыспен қамтуды жолға қою керек. Пролетариатты қалыптастырмай, буржуазия қалыптаспайды. Көп жігіттер қара жұмыспен жастығын өткізіп алуда. Елбасы жастардың да білім алуға, үйренуге деген ұмтылыс-ынтасы болуы керек екенін ескертті.

Әңгімеміз аяқтала бере Елбасы қаламсабын үстелге қойып, «ал, енді…» дей бергенде: «Қолыңыздағы қаламсап контордыкы ма, өзіңіздікі ме?» – дедім. «Оны қайтесің?». «Қазақ жақсы нәрсе көрсе алғысы кеп тұрады». «Ала ғой», – деп маған сыйлады. Елбасы: «Үшеуіңе де жақсы қаламсап дайындап отыр едім», – дегенде қысылып қалып ем: «Оны да ала бер», – деп екі қаламсапты да сыйға тартты. Онымен қоса, кітабын тарту етті. Кетіп бара жатып Бексұлтан мен Смағұлға: «Керемет қылып шығарыпты ғой…» деп қалжыңдап едім, естіп қалыпты. Артына бұрылды да жымиды. Бұйыртса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» біршама игі істердің бастамашысы болғалы тұр.

Елбасыға айтқан анекдот:

Жақында Шымкентте бір жағдайға куә болдым. Үйдің құрылысына материал қажет болып базарға бардым. Жігіттер ағаштарды тиеп жатыр, түсіріп жатыр. Бір мұртты қазақ бөренені көтере беріп еді, ағаштың арасына қолын қысып алды. Ашуланып орысша сыбап салып еді, аржағында тұрған үш-төрт жігіт: «Көке, мемлекеттік тілде боқтаңыз», – демесі бар ма?! Елбасы бұған бір күліп алды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз