«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бəсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан əрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мəдени ашықтық сияқты факторлар əркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттар санатында». Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай деген болатын. «Ұлан» газеті осы тұрғыда нөмір сайын бəсекеге қабілетті жалынды жастарды насихаттап келеді. Ендеше, біз «Жүзден жүйріктердің» тізімін əрі қарай жалғастырамыз.

Астана қаласында Kazаkhstan Robotics Challenge атты робототехника бойынша жарыс өткен болатын. Оған еліміздегі ең таңдаулы мектептерден 200-ден аса команда қатысты. Сол жарыста 1-орын алған балалар Талдықорғандағы Білім инновация лицейінде оқиды. 9-сыныпты бітірді.

Біз жеңімпаз балаларды құттықтамас бұрын ұстаздарымен сөйлестік. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Балаларды жаңашылдыққа, білімге жетелеп жүрген қандай мұғалім екен? Əдетте көбіміз жетістікке жеткендерді айтамыз да, оның артында кім тұрғанын ескере бермейміз. Ендеше, біз əуелі ұстазбен танысуды жөн көрдік.

Дарын Ибраев – жас мамандардың бірі. Семей қаласындағы  №26 орта мектепті бітірген. Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім инновация лицейі секілді керемет мектептерде оқу бұйырмапты. Өзі: «Жəй мектепте де керемет оқыдым дей алмаймын. Алайда мен үшін математика, физика пəндері маңызды əрі қызық болды. ҰБТ-ға қатты дайындалдым. Қалайда мемлекеттік грант алу керек деген мақсатым болды. Нəтижесінде Павлодардағы С.Торайғыров атындағы университеттің Есептеу жəне бағдарламалау мамандығына грантқа түстім. Солай ІТ мамандығын оқуды бастадық. 2008 жылға дейін ІТ дегеннің не екенін білмедім. Бірақ, қазақ-түрік лицейінде оқитын достарым мамандық таңдауға көмектесті. Жəй мектептерде мамандық таңдауға көп бағыт-бағдар бере бермейді ғой.

Университет бітіргесін тағы да қазақ-түрік лицейіндегі достарым: «Біздің лицейде мұғалім болғың келе ме?» – деп сұрады. Ондай лицейде жұмыс істеуге менің ағылшыным жеткіліксіз еді. Білім инновация лицейінде жаратылыстану бағыты ағылшын тілінде өтеді. «Оның қиындығы жоқ», –деді достарым. Астанадан жұмысқа алу туралы сұхбаттан өтсең, Алматыдағы 1 жылдық мұғалімдер курсына жіберетінін айтты. Курста оқып жүргенде Есіктегі лицейден тəжірибеден өтуге жіберді. 3 ай тəжірибе кезінде Асылбек Боранбаев деген информатика пəнінің ұстазынан көп жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім. Ер балаларға ағылшын тілінде сабақ беру тəсілдерін үйретті. Балаларға сабақ берген қатты ұнап қалды. Ұнамаса, қалмас едім. 2 жыл Ақтаудағы лицейде мұғалім болдым. Одан кейін Талдықорғанға ауыстым», – дейді Дарын ағай.

Ұстаз өзі туралы айта беруді құп көрмеді. Бірақ, аз ғана тілдескенде оның бойынан шынайылықты байқадық. Ғылымға да керегі – осы шынайылық қой. Дарын ағай оқушыларға сабақ беріп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыстасуына да көп мəн береді екен. Өзі шəкірттері туралы айтқанды ұнатады. «Жақында Астана қаласында өткен республикалық жарыста робототехникадан 1-орын иеленіп келген балаларымыз бар», – деп əңгіме ауанын одан əрі шəкірттерінің жетістігіне қарай өзгертті. «Мейіржан Сералы, Досжан Күмісбек деген екі баламыз робот жасау бойынша үздіктердің қатарынан табылды. 9-сыныптан бастап робототехникаға қызықты. Легодан бастап, Arduino роботын құрап үйренді. Бастапқыда Мейіржан мен Досжан облыстық жарысқа қатысты. Орын ала алмады. Өйткені, ондағы қазылар робототехниканы түсінбеді», – деп балалары туралы баяндай бастады. Робототехникамен таныстырған соң: «Балалардың өздерімен сөйлескеніңіз жөн болар», – сөз кезегін шəкірттеріне берді.

Тағы да 1-орын алсақ, Коста-Рикаға барамыз

Біз жүлдегер балалардың бірі Мейіржан Əлібекұлын сөзге тарттық. Аты-жөні таныс па? Өздерің ойлаған тележурналистке Мейіржанның еш қатысы жоқ. Мейіржан – белгілі ақын Əлібек Шегебайдың ұлы болып шықты. Ақынның баласының технология саласына қызыққанына қуанып қалдық. Сөз саптауы да, өз саласын түсіндіруі де еркін.

– Мейіржан, жеңістерің құтты болсын! Досың екеуің үздік болған қандай жарыс?

– Бұл  КАТЕV халықаралық қорымен бірігіп өткізілген республикалық бірінші жарыс. Kazаkhstan Robotics Challenge деп аталады. Жарыс осы уақытқа дейін тек қана Білім инновация лицейлері арасында ғана болатын. Осы жылы еліміздегі алдыңғы қатарлы мектеп оқушыларының барлығы жарыста бақ сынады.  200-ден астам команда қатысты.

– Сонда сендердің роботтарың не істейді? Несімен ерекшеленеді?

– Біздің роботымыз миссия орындайды. Яғни, бір тапсырма бересің, соны бұлжытпай орындап шығады. Тапсырмаларын орындау арқылы балл жинайды. Бар болғаны бағдарлама орнатып қойсаң болды. Мысалы, біз жарыс кезінде Каспий теңізінен Аралға дейін, сосын Каспийден Бурабайға дейін адамдарды жеткізуді тапсырдық. Роботымыз өз миссиясын мүлтіксіз орындады. Нəтижесінде біз бірінші болдық.

– Робототехника, информатика саласына қызығуға кім себеп болды? Отбасыларыңда жаратылыстану бағытына бейім адамдар бар ма?

– Досжанның ата-анасы жеке кəсіппен айналысады. Ал менің ата-анам ақын, журналист. Қазіргі таңда IT саласы қарқынды дамып келе жатыр. Біздің робототехникаға қызығуымыздың бірінші себебі осы болатын болса, екіншіден лицейіміздің ықпалы көп. Робототехника саласына жол ашып берген Дарын Ибраев ағайымызға жəне лицей директоры Бахтияр Шарманұлына  алғысымызды білдіргіміз келеді. Қазіргі жастар технологияға қызығады. Өйткені, технологиясыз алдыңғы қатарлы елдердің санатына кіру мүмкін емес. Адам жаратылысы əрқашанда бірінші болуға ұмтылады. Неге біздің еліміз де əлемнің алдыңғы қатарлы елі болмасқа?! Бастапқыда IT саласына қызығушылықпен қарадық. Біздің ықыласымызды көрген ата-анамыз үміт күтіп, сенім артты. Бұл да жігер береді.

Меніңше, Білім инновация лицейіне түсу – əр оқушының арманы. Лицей түлектері елімізді алға бастар көшбасшы болатынына нық сенемін. Мұндағы білім беру жүйесі мүлде өзгеше. Атақты математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз да: «Қазақстанда математика бойынша үздік мектептер екеу ғана. Оның бірі Жəутіков атындағы физика-математика мектебі болса, екіншісі қазақ-түрік лицейлері», – деген болатын. Мұнда түсу үшін ең алдымен белгілі бір емтихандардан өту қажет. Өйткені, бұл жерге жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана жиналады.

– Сонымен қатар, сендерде оқитын балалар бірнеше тіл үйреніп шығады…

– Əлбетте. Біз қазақ жəне орыс тілдерімен қоса, ағылшын жəне түрік тілін жетік меңгергенбіз. Болашақта өз басым IT саласы бойынша елімізге еңбегімді сіңіргім келеді. Құдай бұйыртса, шетелде жоғары оқу орнын тəмамдап, елге келіп қызмет етсем деймін.

– Алдағы уақытта тағы да жарысқа қатысады екенсіңдер…

– Иə, алда тағы бір жарысымыз бар. Астанада WRO (World Robot Olympiad) өтеді.  Алдағы жазда болады. Егер одан бірінші орын алып жатсақ, Коста-Рикаға барамыз.

– Сəттілік! Биіктен көрініңдер!

Жадыра НАРМАХАНОВА
«Ұлан» газеті, №22
30 мамыр, 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз