Халық банктің қолдауымен Алматы қаласындағы №40 мектепте «Тұма жырдың маржаны – Тұманбай» атты Тұманбай Молдағалиевті еске алу кеші өтті. Кешке бірнеше мектептен 7-10-сынып аралығындағы оқушылар қатысып, бақ сынады.

Сайыста балалар 2 аталым бойынша жарысты. Бірінші Тұманбай атаның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, одан кейін ақынға арнаған жырларын оқыды.

Шараға Тұмағаңның үйіндегі Күлтай апа, баласы Дәурен мен қызы қатысып, балалардың өнеріне қазылық етті.

Кеш соңында барлық қатысушыларға Халық банкінің атынан арнайы сыйлықтар таратылды. Ал додадан үздік шыққан дүлдүлдер Тұмағаңның ұлы Дәуреннің қолынан ақынның кітаптары мен марапат қағазын алды.

Халық банкінің қолдауымен жарыққа шыққан Тұманбай Молдағалиевтің 12 томдық шығармалар жинағы қатысушы мектептердің кітапханаларына тарту етілді.

Шара соңында мектеп ұжымы ақынның жарына ақжаулық салып, батасын алды. Мұнымен айтпағымыз не? «Ұлыларын ұлықтай алмаған елдің ұлдары жасық келеді» деген сөз бар. Тұмағаңның құрметіне өткен кешегі кеш қазақтың ұланын қырандай көкке шығара білген халық екенін тағы бір дәлелдегендей болды. Алдағы уақытта да солай болатынына сенеміз. Оған сенің де қосар үлесің бар, жас оқырман!

Ералы Бакрамбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз