Əлеуметтік желіні дұрыс қолданып жүрсіңдер ме? Жеке парақша жүргізудің мəдениетін білеміз бе? Интернеттің біз білмейтін қандай құпиялары бар? Көп екен. Оның бəрін жас тілшілерге Асхат Еркімбай əңгімелеп берді. Асхат ағаларың – «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медиаларды зерттеу тобының жетекшісі, Сүлейман Демирел университетінде оқытушы, TED Open Translation Project жобасының белсендісі. Қазіргі таңда еліміздегі жаңа медиа саласының білгірі де өзі. Қызығы, ол да бір кезде «Ұланның» жас тілшісі болған.

Кездесу барысындағы бар əңгімені жаза алмасақ та, сендерге ең маңызды деген кеңестер мен мəліметтерді ұсынамыз. Ал форумға келген жас тілшілер енді интернеттегі роботтардың көп «қулығын» біліп алды. Алдағы уақытта сақ болады деген үміттеміз. Асхат ЕРКІМБАЙ жас тілшілерге ең басты қағиданы үйретті.

А.Еркімбай: Мен де «Ұланның» жас тілшісі болғам. Ол кезде Сұлтан Қалиұлы бас редактор еді. Сол үшін де бүгін сендермен кездесуге қуана-қуана келдім. «Ұланның» жас тілшісі атану – өте үлкен абырой, бір жағы жауапкершілік. Менің өмірімде үлкен орын алатын жайттың бірі. Мен қазір екі оқиға айтамын, сендер оның қайсысы өтірік, қайсысы рас екенін анықтап көріңдер, жарай ма? Біріншіден, мен Сан-Францискодағы Гугл компаниясында болдым. Екіншіден, мен Фейсбук компаниясының офисінде болдым. Үшіншісі – Инстаграм компаниясында болдым. Екеуі рас, біреуі өтірік.

Жас тілшілер: Инстаграм компаниясында болмадыңыз…

А.Еркімбай: Неге олай ойлайсыңдар?

Жас тілшілер: Инстаграм компаниясы болса да, оның ашылғанына əлі көп бола қоймаған шығар. Ал қалған компаниялар туралы бұрыннан естіп жүрміз.

А.Еркімбай: Дұрыс, Инстаграм компаниясында болмадым. Өйткені, мен АҚШ-та болған кезде Инстаграм əлі болған жоқ. Жас тілші кезімде жолым болып, бір байқаудан АҚШ-қа жолдама алдым. Сөйтіп, мультимедиа, жаңа медиа саласы бойынша іссапарға барып қайттым. Ақ үйде өткен жиынға америкалық танымал саясаткерлер де қатысты. Сол жиында менің қойғым келген сауалымды бір жігіт қойды. «Сіздер жаңа медианы үкіметтік деңгейде қандай мақсатта, қалай қолданбақсыздар?» − деді. Жаңа медиа деген – Фейсбук, Туиттер, Инстаграм… Сонда Хиллари Клинтон: «Біз əлеуметтік желілердің күшін əбден түсіндік, біз оларды сыртқы саясатымызды насихаттау үшін қолданамыз», − деді. Мəссаған, аузын Айға білеген Америка мұның бəрін сыртқы саясатын насихаттауға қолданып жатыр. Ал біз не істесек болады деген сұрақ туындады. Интернетте тіркелгендер санының көптігі жағынан Қарағанды өлкесі бірінші орында екен. Одан кейін Шығыс Қазақстан мен Алматы қаласы. Қазақтілді өлкелер интернетті қолдану бойынша алдыңғы орында тұр. Яғни, қазақ тілінде ақпаратты іздеушілер саны артып келе жатыр. Біраз уақыт бұрын «қазақ тіліндегі ақпарат ешкімге қажет емес» деген кері түсінік болған. Facebook компаниясына барғанда медиа саласына жауап беретін қызметкермен сөйлестік. «Фейсбукті неге тек ағылшын тілінде насихаттайсыздар? Жергілікті тілдерге бейімдеуді қарастырмайсыздар ма?» деп сұрадық. «Егер сол тілдегі қолданушылар тарапынан қызығушылық болса, онда қазақшаласаңыздар болады», − деген. Содан біз, еріктілер тобы Фейсбуктің 70 пайызын қазақшаға аударып қойдық. Бірақ, оны көп қолданушы білмейді. 2010 жылы ағылшын тілін жетік меңгеруді мақсат еттім. Сөйттім де, Малайзияға жарты жыл өмір сүруге бардым. Сол кезде Малайзияның премьер-министрі Наджиб Разак Twitter желісін қолданатын. Ол жылдары Қазақстанда жаңа медианы түсіндіру қиын болатын. Flickr дегенді білесіңдер ме? Ол – фотолар мен видеотаспаларды сақтауға əрі қолдануға арналған фотохостинг. Телефоныңа барлық суретті сақтамай-ақ, сол жерге салып отырған ыңғайлы. Малайзияның премьер-министрі осы желіге сапарларының суреттерін салып отыратын. Журналистер қажет сурет болса, сол жерден ала алады. Сондай-ақ, ол өзінің YouTube арнасын жүргізетін. Жеке блогын да жүргізетін. Өзі танымал адамға бұл желілер неге қажет деп ойлайсыңдар?

Жас тілші: Халықтың өзіне дұрыс көзқарасы үшін…

Жас тілші: Журналистер сөздерін бұрмаламас үшін…

А.Еркімбай: Əлеуметтік желілердің бір жазылмаған заңы бар. Интернетте өзің туралы ештеңе айтпасаң, сен туралы міндетті түрде басқа біреу айтады. Бұл, əсіресе, саясаткерлер үшін өте маңызды. Байқасаңдар, журналистердің негізгі шоғырланған ортасы – Фейсбук. Ал журналистер əрдайым оқиға ортасында жүруі тиіс қой, солай ма? Ендеше, əр журналист Фейсбукке тіркелгені жөн. Ал қоғам қайраткерлеріне өз беделін, мəртебесін сақтау үшін қажет екен. Ал журналист емес адамдар əлеуметтік желіні қалай пайдалану керек?

Жас тілшілер: Достарымен хабарласып отыру үшін…

А.Еркімбай: Тек достарың бақылап отырғанына сенім бар ма? Əлеуметтік желіде кейбір адамдар өздері туралы барлық мəліметті ашық жариялап отырады. Соның кесірінен қайғылы оқиғаларға душар болғандар қаншама?! Mail.ru-да тіркелген бір-екеуің логиндеріңді айтыңдаршы?

Жас тілші: naz_1499@mail.ru

Жас тілші: nurlykz07@gmail.com

Роботтар қалай оқиды?

А.Еркімбай: Интернетте екі түрлі оқырман бар. Бірі – кəдімгі адамдар. Екіншісі – роботтар. Google-дың мен білетін 4 роботы, Яндекстің 2 роботы бар. Ол роботтар бір-бірімен «сөйлеседі». Олардың өз «тілдері» бар. Мысалы, мына логиндерді роботтар қалай оқиды? Бірінші логинді «Ресейдің поштасынан 99 жылғы Наз маған хат жазып отыр» деп, екіншісін «Google-дың коммерциялық поштасынан қазақтардың 07-ші Нұрлысы хабарласып отыр» деп оқиды.

Жас тілшілер: Мəссаған! Қызық…

А.Еркімбай: Əлеуметтік желіде роботтардың сендер жайлы білетін ақпараты өте көп. Google-дың Alerts деген өсек жинайтын арнайы функциясы бар. Мəселен, мен туралы не бар екенін тексеріп көрелік. О, көрдіңдер ме, мен туралы небір ақпарат өріп жүр екен… Мұны көрген мен: «Айналайын, Google-жан, мен туралы өсек болса, өз поштама жібер», − деймін. Ал ол менен: «Асеке, басеке, мен сізге қалай жіберейін? Сағат сайын ба, əлде аптасына бір жиып жіберейін бе? Сурет жіберейін бе, видео жіберейін бе?» − деп сұрайды. Осылайша, біз құлтемірлерді құлша жұмсап үйренуіміз керек.

Сендер кейде Google-дан бірнəрселерді іздейсіңдер де, қайта өшіріп тастайсыңдар ғой. Жоқ, ол бəрін есте сақтайды. Мəселен, мен «Абай жолы» туралы қандай жиілікте ізделеді екен деп, зерттеп көрдім. Мына кестеден не түсіндіңдер?

Жас тілшілер: Əр жыл сайын сəуір айында жиірек ізделеді екен…

А.Еркімбай: Иə, неге солай?

Жас тілші: Өйткені, мектеп бағдарламасында сəуір кезінде «Абай жолы» оқытылады.

А.Еркімбай: Иə, содан екен. Жалпы, Google-ды оқушылар көбірек пайдаланатынын түсіндік. Mail.ru-да көпшілігің тіркелген екенсіңдер. Ол – көңіл көтеруге арналған ресурс. Коммерциялық бағытта болғандықтан, ол желі қазақ тілінің қарпін қолдамайды. Сөйтіп, сендер «Салем, калайсын?» деп жазып жүрсіңдер. Ал Google қазақ тілінде жазуға мүмкіндік береді. Сосын əлеуметтік желіні тек байланыс құралы деп ойламаңдар. Ал мен, мысалы, LinkedIn желісіне тіркелгенімнің арқасында аударма бойынша Канададан да тапсырыс алып жатырмын. Бұл желі – кəсіби мамандар үшін ыңғайлы. Yvision.kz дегенді естулерің бар ма?

Жас тілші: Иə, атын естігеніміз бар.

А.Еркімбай: Yvision.kz – қазақстандық блог-платформа. Бекжан, Рауан есімді жігіттердің ашқаны. Бұл жерде Қазақстанға қатысты негізгі мəселелер жинақталған.

Әлеуметтік желіге тіркелгенде нені ескеру керек?

А.Еркімбай: Желіде азаматтық көзқарасы белсенді адамдар бар. Мысалы, «Ұланға» жазылайық, ағайын!» деп ұрандатып отырады да, өзі жазылмайды. Тағы бір адамдар бар – еркін пікір алмасатындар тобы. Ал ондай пікір жазғыштардың кейбір ақпаратынан сақ болған жөн. Яки, дезинформацияларға сене бермеу керек. Қазақстанда YouTube ең жиі қолданылады екен. Екінші орында – Google. Үшіншісі – Вконтакте. Vk – ең қорқынышты желі. Өйткені, Vk роботтары сенің рұқсатыңсыз сыртыңнан аккаунт ашып алуы мүмкін. Fb өйтпейді. Жалпы, пошта ашқанда кəсіби атаумен тіркеліңдер. Салмақты атпен. Мəселен, менде «Urimtal» деген ат бар.

Осы тұста А.Еркімбай жас тілші Ақмарал Каналға @gmail.com-нан пошта ашып берді. 

А.Еркімбай: Ақмарал, мына қағазда кілтсөзің жазылған, ала ғой. Үш айдан соң ауыстырып аласың.

Жас тілшілер: Неге үш айдан соң, ағай?

А.Еркімбай: Тіс щеткаңды да үш ай сайын ауыстырып отыруың керек қой. Əйтпесе, роботтар кілтсөздеріңді біліп қояды. Кілтсөзге бір-екі мысал айтайын. Мысалы, «Талдан таяқ бір бала». Оны кілтсөзге былай айналдыруға болады: «Tt1bala». Жақсы кілтсөз – бас əріп, кіші əріп, сан, символ. Барлығы кем дегенде 8 символ болғаны қауіпсіз.

А.Еркімбай: Мынау – менің Фейсбуктегі парақшам. Əлеуметтік желіге туған күн, жылдарыңды толық жазбаңдар. Өздерің туралы барлық мəліметті жария етпеуге тырысыңдар. Қауіпсіздіктерің үшін. Əлеуметтік желіде əр адамның өз ұстанымы бар. Мысалы, мен Фейсбуктегі достарым қатарына өзіммен бірге шай ішпеген, яки жете танымайтын адамдарды қоспаймын. Сосын əр адам белгілі бір мақсатпен ашады. Журналист ретінде тіркелсең, тек кəсіби мəселелерің бойынша жазбаларменбөліс. Болмаса, жеке мəселелеріңді тек өз жақын достарың ғана оқып, көре алатындай белгілеп жаз. Ол да – мəдениеттің белгісі.

Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №16

18.04.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз