Биылғы Наурыз мерекесін біздің əулет ерекше атап өтті. Атам Парсахан Айдосұлы «Наурыз көже» сайысын жариялады. Сайыс өзінің келіндері арасында өтті. Бəріміз бір-бірімізбен WһatsApp арқылы хабарласып отырамыз. Онда «Туысқандар» деген тобымыз бар. Сол топта атам өзінің сайысты жариялайтынын айтты. «Ілгеріде Наурызды ерекше тойлап, оған жасалған көжені қатты күтуші едік. Қазір тоқшылық заманда көженің қадірін ұмытып, жасалуын да білмейтіндер көп. Сондықтан жас келіндер арасында «Наурыз көже» сайысын жасап, ілгерідегі көже мен қазіргі көженің айырмасын байқайын. Бір ғана жеңімпаз болады. Ең жақсы көжеге 1 қой атадым. Соны бақылауды барлық бала-шағам мен немерелеріме тапсырып отырмын», – деді атамыз. Бастапқыда атамның айтқанына ешкім де елең етпеді. Бірақ қайта-қайта сайыстың басталуы мен аяқталу мерзімін еске салып, жазып жатты. Сайысқа қатысатын келіндердің де тізімі жазылды: Базаркүл келін, Мөлдір келін, Айгүл келін, Айниса келін, Бибізəуре келін, Бақытгүл келін… Содан көже жасауды Шымкенттегі Бибізəуре жеңешем бастады. WһatsАpp арқылы қандай дақылдар қосқанын айтып видео жіберді. Суреттерін салды. Ең соңында көжесі дайын болғанда, видео жасап, атама сəлемін салып, көжесін ұсынды. Оған атам риза болды. Неше күннен бері үндемей жатқан жеңешелерім кірісіп кетті. Ертесі ауылдағы атамды бағып-баптап отырған Мөлдір жеңге жасады. Қазы-қартадан бастап, дақылдарын салғанын айтып, атасына құйып бергені, одан бөлек көрші-қолаңға да таратып, көжеден ауыз тигізгенін көрсеткен видео жіберді. Жеңгемнің көжесін бəріміз  іштік. Атама қарағанымда қолындағы келініне қайта-қайта риза болып отырғанын байқадым. Соған қарағанда өз келініне қойды береді-ау.

Өзбекстаннан келген Айниса жеңешем жүгері мен жармасын келіге түйіп жатқан видеосын жіберді. «Оның жасағаны басқасына ұқсамайды ғой, ата» дегенімде: «Ілгеріде апаларымыз келіге жүгері түйіп, жүгері көже, жарма

көже жасайтын. Оның дəмі ерекше болатын. Қазір бəрі дайын, мына келіннің келі түйгеніне риза болып отырмын. Дəмін енді ертең көрерміз», – деп қалды. Ертесі Айниса жеңешемнің көжесі бір қазан болып, атамның үйіне келді. Бəріміз де кешегі келіден шыққан дақылдың дəмін көруге асығып отырмыз. Көже толы кесе бірінші атама ұзатылды. Атам асықпай ішіп отыр, мен дəмін тездетіп айтса екен деп тыпыршып отырмын. Маған көже келгенше бірер минут өтті. Бірақ атам сырын ешкімге байқатпайтын, қаталдау емес пе, үндемеді. «Көже ұнамады ма, ата?» дегенімде, атам: «Өзі Наурыз көже болса, оның дəмін жылына бір рет қана тататын болсақ, ол қалай ұнамауы мүмкін?» – деп, сұрағыма сұрақпен жауап берді. Ауылда тұратын бүкіл туысқандар, атамның Келестен келген қарындасы мен жездеміз жəне Шымкенттен келген апамыз, ағам Бақытжанның сыныптастары да көжеден дəм татты. Бəрі мақтап жатыр. Атам жəй ғана: «Жақсы, өте жақсы. Айналайындар, бақытты болыңдар!» – деп отыр. Енді бəріміз атамның аузына қарап, сайыстың шешімін күттік.

Күн батты. Атам үндемеді. Таң атты… WһatsАpp-тағыларда да үн жоқ… Атам таңғы астан кейін ғана асықпай видео жазғызып, өз ойын айтып, жүлдесін жариялады.

– Айналайын келіндерім, сендерге рахмет! Қазақтың ұлттық тағамын ұмытпапсыңдар, біледі екенсіңдер. Оған өзім қуанып отырмын. Басында кішкене уайымдап едім. Ендігі мəселе, мынау: сайысқа қатысатын 6 келінеді. Оның үшеуі «жұмыстан қолымыз тимейді» деп сылтау айтып құтылды. Қалған үшеуі бар шамалары келгенше көже жасады, ризамын. Енді менде бұларға 1 қойды қалай бөліп беремін деген уайым… Əр келін көже жасағанда ынты-шынымен жасағанын көріп жаттым. Əр көженің ерекшелігін де көрдім. Таңдау жасау ауырлау болды.

Менің шешімім былай: 3 келін де жас, балалары да кішкентай, соған қарамай, көжені жасады. Оның өзі құрмет, еңбек. Оларға ешкім көмектеспегенін де білемін. Осы 1 қойды 45000 теңге деп бағалап, сол қойдың ақшасын 3 келінге бөліп берсем, қалай қарайсыңдар, балаларым? Бірақ келесі жылы қаталдау боламын…» – деді атам. WһatsАapp-тағы туысқандар шу ете қалды. «Сіздікі дұрыс» деп, 11 баласы  мен 36 немересі жан-жақтан жаздық. Сонымен атамның қойы 3 келінге бөлінді.Міне, біздің Айдос əулеті Наурызды осылай қызықты қарсы алды.

P.S. Қазір біздің əулетте 1-12 жас аралығындағы балалар арасында сайыс жарияланды. Сайыс «Ең талантты» деп аталады. Демеушілері атамның 11 баласы. Жүлде қоры да қомақты. Сайыс тек əн-бимен шектелмейді, үй жинап, есік алдын сыпырса да болады. Бұл да атамның бізді сынап жатқаны болар. Бірақ, əзірге атам үндемей отыр. Мен соған дайындалып жатырмын. «Туысқандар» тобына алғашқы видеолар келіп түсуде. Сайысқа қатысушылардың қарасы көп. Оның жеңімпазын сіздерге міндетті түрде  хабарлаймын.

 

Мұхаметəли БАТЫРБЕКҰЛЫ,

№119 мектептің

7-сынып оқушысы.

 Жетісай қаласы

«Ұлан», №15

11.04.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз