«Оскарды» қазақ киносы да түбінде бір алатын шығар деген үміттеміз. Ал, əзірге жетіп жығылып қана жүрміз… деуге де ерте. Осындайда отандық кино өнімдерін əлемдік деңгейдегі үздік фильмдермен салыстырып қойғанның еш артығы жоқ.

Иə, биылғы жылғы «Оскар» қатты шу тудырды. БАҚ назары «Үздік фильм» номинациясының өзіне емес, айналасындағы дүрбелеңге ауды. Кеш жүргізушісі 79 жастағы актер Уоррен Битти алдымен «Ла-Ла Ленд» мюзиклін жеңімпаз деп таныстырған. Шығармашылық топ сахнаға шығып, Оскар жүлдесінің ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп жатқанда, жүлдегер қайта жарияланады. Сөйтіп, «Үздік фильм» номинациясы «Ай сəулесі» («Moonlight») картинасына бұйырды. Картина есірткіге тəуелді анасымен бірге күнелтетін бозбаланың есею кезеңдерін суреттейді. Дəлірек айтқанда, жыныстық ауытқуды ақтағандай рай беретіні де ақиқат. Не керек, қазылар алқасының негізгі шешімі осы болатын. 2005 жылы Оскардың үш бірдей номинациясын жеңіп алған кино тарихындағы тұңғыш гей-вестерн саналатын «Бүкір тау» («Горбатая гора») фильмі біраз шу тудырып еді. Енді мынау «Ай сəулесі» «Үздік фильм» деп танылды.

«Washington Poct» газеті жүргізушінің əбестігінен болған күтпеген жағдайды «Оскар тарихындағы алғашқы қателік» деп жазды. Ұйымдастырушылар Америка киноакадемиясы атынан кешірім сұрап мəлімдеме жасады. Оскар жүлдесіне қатысты дау мұнымен біткен жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп: «Тамаша кеш болды деп айта алмаймын. Оскар жүлдесін тапсыру рəсімдерінің бірнешеуінде болдым. Бірақ, бұл жолы бірдеңе жетіспеді, ал, марапаттау рəсімінің бұлай аяқталуы өте өкінішті», – деп сұхбат берген. Трамптың пікірінше, кештің сиқының бұзылуы саясатқа байланысты. Бұл сөздің жаны бар секілді. АҚШ президентінің миграциялық саясатына қарсылық ретінде «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясын жеңген «Делдал» («Коммивояжер») картинасының режиссері Асгар Фархади марапаттау кешіне келуден бас тартқан. Фархадидың: «Бүгін сіздермен бола алмағаным өкінішті. Марапаттау рəсіміне отандастарымды сыйлағаннан қатыспадым жəне азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салынған тағы алты елдің атынан да осылай наразылық білдірдім. Əлемді «өзіміз» жəне «бөтендер» деп бөлу жік тудырып, өшпенділікті қоздырады, соғысты ақтайды», – деген наразылық мəлімдемесі салтанатты кеште оқылды. «Делдалды» («Коммивояжер») біз сəл ертерек, жүлдеге ілінбей тұрып көрген болатынбыз. «ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде осы фильм көрсетіледі екен» деген хабарды естуімізбен сонда қарай бет алдық. ТМД елдерінде əлі прокатталмаған картина парсы тілінде көрсетілді. Аудармашы арқылы бұның да жолын таптық. Бұл кезде лонг-листке ілінген Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманаты» шорт-лист тізімінен түсіп қалғаны белгілі. Ал Асгар Фархадидың фильмі шорт-листтегі үміткерлердің бірі еді. Енді міне, Оскар жүлдесінің қорытындысы да шықты. Бірден «Делдалды» қазақ көрерменіне көрсетуге мұрындық болған ирандық Амир Ченари мырзаны іздедік. Доктор Амир Ченари мырза Шахит Бехешти университетінен келіп, əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  Шығыстану факультетінде ұстаздық етеді. Иран киносы төңірегінде жиі-жиі семинар өткізіп тұрады екен. Біз Ченари мырзаны əңгімеге тарттық…

– Сіздіңше Асгар Фархади «Делдал» («Коммивояжер») фильмі арқылы не айтқысы келді?

– Бұл фильмде жаңадан дамып жатқан елдердегі, модернизмге енді аяқ басқан қоғамдағы өзгерістер туралы айтылады. Иран да енді дамып келеді. Бұрыннан бар дəстүрлі үйлердің орнын жаңа заманғы ғимараттар алмастырып жатыр. Əдеп-ахлақ жоғалып барады. Фильмнің басында байқағанымыздай, жаңа тұрғын үй тұрғызылмақ болғаны үшін жұбайлардың ескі үйі қиратылып жатыр. Олардың жаңа қоныстары да тыныштық алып келген жоқ. Жас отбасы бұған да көндіге алмады. Негізгі себебін іздеп көрейік: фильмде адамдардың жаңа өмірге неліктен көндігіп кете алмайтыны көрсетіледі. Модернистік қоғам тұрмысы төмен отбасыларға қиын, ал байларға тіптен қолайлы. Жатырқаудың бір себебі осы. Модернизмнің басты мақсаты ақша табу. Олар үшін өтірік айту түк емес. Өтірік талай отбасының өмірін қиратты. Мұнда Иран қоғамының суреті бар. Иран қоғамында əдеп-ахлақ мəселесі əлі ұмытылған жоқ. Фильм қаһарманы Эмад кек алса болатын еді, бірақ ол қартқа кешірім жасады. Бұл қарт басында жас келіншектің өмірін бұзғанымен, соңында ұяттан қайтыс болып кетті. Біз қаншалықты қиын заман болса да, қоғамда əділеттілік орнайтынына сенеміз. Тек қана бір жағдайда, əдеп-ахлақ ұмытылмаса ғана əділдік жеңіп шығады.

– Фархади көтерген ту расында ізгілікке жетелей ме?

– Асгар Фархади жас болғанымен бұған дейін де əлемдік фестивальдерден көптеген жүлделер алған. Неге? Себебі оның көтергені ақ ту. Ол өзі бакалаврда да, магистратурада да театр саласында оқыған əрі актер болып жұмыс істеген. Режиссурада өзіне тəн стилі бар. Оның қазіргі шығармашылығын Микеланджело Антонионимен салыстыруға болады.

– Антонионидың кеңістігі катарсиске құрылады емес пе?

– Мұныңыз рас, адамдардың мінез-құлқы, іс-əрекеті, қала берді, сюжеттегі жұмбақ көріністер бұған дейін қандай жағдай болғанын білмейтін көрерменді өзіне баурап отырады. Фильмнің соңында да жұмбақ шешусіз қалуы мүмкін. Микеланджело Антониони мен Асгар Фархадидың көрермені шындықты өз санасымен табады. Екі режиссер де болған жағдайды айтпайды. Шын мəнінде, идея қашан да қарапайым ғана қағидадан тұрады. Гəп мəселенің дұрыс жəне бұрыс жақтарын таба алуда. Бірақ, шындықтың көп өлшемді болып келетінін де ұмытпайық. Абсолюттік жақсылық та, абсолюттік жамандық та жоқ. Асгардың фильмдеріндегі əрбір персонаж ізгілік те, зұлымдық та жасай алады. Бұл адамзаттың шын болмысы. Əрине, Фархади мен Антонионидің стильдері түбегейлі бір деуге келмес. Əңгіме, Фархади өткен мектептердің ұлы мектептер екенінде. Кейбір сыншылар Фархадидың «Элли хикаясы» («О Элли») фильмін сюжеттік тұрғыдан Антонионидің 1960 жылы экрандалған «Жазатайым» («Lаvventura») фильмімен салыстырады. Фархади жастық кезінен Федерико Феллини, Ингмар Бергман, Микеланджело Антониони, Кшиштоф Кесьлевскийлердің фильмдеріне үлкен қызығушылығы болғанын айтады. Осындай ұлы киногерлердің жолымен жүріп келе жатқанын ол өзі де біледі.

– Иран киносымен қазақ көрермені де бір кісідей таныс. Парсы режиссерлері көтерген мəселелер Қазақстанға да қатысты. Бұл жалпы адамзаттық құндылықтардың ортақтығынан емес, екі елдің ұят, тəрбие жөнінде түсініктерінің ұқсас екендігінен бе дейміз. Осыған келісесіз бе, əлде, мұның басқа да себептері бар ма?

– Иə, бұған толықтай келісемін. Екі ел – Иран мен Қазақстанның мəдениетінде көптеген ұқсастықтар бар. Соның ішінде, отбасы құндылықтары, үлкенге құрмет, əсіресе, əйелдің кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы, достық жоралары мен адамдардың қарым-қатынас əдептері тіптен бір қазаннан шыққандай. Қазақстан мен Иранның арғы-бергі тарихында да байланыстар көп. Осыдан келіп шыққанда, Иран киносынан өз қоғамыңыздың шындықтарын табуыңыз заңдылық сияқты. Отбасыны тұғыр санау шығыс халықтарында жақсы сақталған. Біз қанша жерден модернизмге ілескенімізбен дəстүрімізден, тыйымдарымыздан қол үзгеміз жоқ. Иранның да, Қазақстанның да мəдениет қайраткерлері нені айтуға болатынын, нені айтуға болмайтынын жақсы біледі. Өнер не десек те ұяттан биік емес. Бізде қоғамдағы əйелдің орны да басқаша. Осы мəселеге келгенде екі халықтың тəрбиесі бір пұшпақтан өрбиді. Сіздерде «қызға қырық үйден тыю» деген мəтел бар. Осы мəтелдің жаңғырығын Иран киносынан тауып жатсаңыз, менің сөзіме дəлел сол деп түсініңіз. Біздің режиссерлер ахлақты сақтай отырып, əлеуметтік мəселелерді бірін қалдырмай қамтуға тырысып жатыр. Мен Никольский базарда, Көк базарда болдым. Бізде де осындай базарлар бар. Сондағы кездесетін əлеуметтік мəселелер біздің қоғамда да болып жатыр. Модернизмге аяқ басқан дамушы елдердің тұрмысы ұқсас қой. Мұны да ұмыт қалдырмауымыз керек. Шығыс əдеп-ахлақ пен дəстүрден қол үзген жоқ. Батыс капиталды бірінші орынға қойды. Қазақстан мен Иран дамуға ұятты ұмытпай қадам басып келеміз. Өнердегі жолымыз осының айғағы. Бір нəрсені ұмытпайық, таң шығыстан атады…

– Иран киносына «Жаңа толқынның» өкілдері түрлі тақырыпта келді. Мұны өз көрермендеріңіз қалай қабылдады? «Жаңа толқындықтарға» тоқталып, шығармашылық ерекшеліктерін талдап берсеңіз?

– «Жаңа толқындықтардың» əрқайсы əр стильде қоғамның шындықтарын əңгімелеп жүр. Асгар Фархади қазір Иран киносы «Жаңа толқынының» беткеұстары болып тұр. Фархадиға дейін де Иран киносының əлемдік беделді өкілдері болды. Олар Бахрам Бейзаи, Аббас Киаростами жəне Мохсен Махмальбаф. Шыны керек, Асгар Фархади бəрімізді таң-тамаша етті. Иран киносында аталған ұлылармен иық теңестіретін жаңа есімнің тез арада туатынын күтпеген едік. Фархади фильмдерінің ерекшеліктері жөнінде біраз айттық. Енді бір ескеретін жəйт, Фархади фильмдерінің аяқталуы. Ол ешқашан тікелей тұжырым жасауға жол қалдырмайды. Мəселен, 2012 жылы «Оскар» жүлдесін алған «Надер мен Симиннің ажырасуы» фильмін алып қараңыз. Фильм сот залындағы сахнамен аяқталады. Бірақ, Надер мен Симин ажырасты ма? Қыздары əкесін таңдады ма, əлде шешесін таңдады ма? Ол жағы белгісіз. Иранның əлемге танымал режиссерлерінің ішінде алдыңғы буыннан Киаростами философияға көбірек барды. Ал, Фархадидың негізгі бағыты əлеуметтік реализм. Бұл оған үлкен кеңістік сыйлады. Оның фильмдерінде реалити-шоу секілді күтпеген жағдайлар болуы мүмкін. Асылында, шындыққа жету өте күрделі. Қарапайым ақыл бір ғана өлшеммен көруге бейім, сондықтан ерте шешім шығару қиын. Əлеуметтік мəселелерден туған көптеген қиындықтарды талқыға салу да өте күрделі. Кейде шынында кінəлі біреу бар, оған қарап жаның ашиды. Кінəліні бірден таба алсаңыз картинаның кеңістігі тар деген сөз. Режиссер шын мəнінде орын алуы мүмкін нəрсенің бəрін көрсетеді. Сіз көріп отырып кімді кінəлайтыныңызды білмейсіз. Бəлкім, айнадан өзіңізді көріп отырғандай күй кешуіңіз де ықтимал. Мүмкін, əлеуметтік қиындықта күн кешіп жатқан адамдарды кінəлауға мүлде қақымыз жоқ шығар. Фархади түсірілім барысында қосымша компоненттерден қашып, бар назарын уақиғаға бағыттайды жəне көрерменге не айтқысы келгенін сөзбен тəптіштеп түсіндірмейді, камерамен көрсетеді. Өнертанушылар Фархади фильмдерінде тіпті, камераның орналасуы да, қозғалуы да өте ақылды екенін айтқан. Асгардың айтқысы келген шешімін уақиғаның детальдарынан іздеген абзал. Онда адамдардың күнделікті қарым-қатынасындағы күрделілікті бере алатын ерекше қабілет бар.

– Фархади Иран қоғамының айнасы болып отыр дейсіз бе сонда?

– Асгар Фархадидың туындыларында тек қана ирандықтардың емес, мұқым адамзатты толғандырған мəселелер бар. Мұны ситуация үстіндегі психологиялық шиеленіс пен кейіпкерлердің жан азабынан байқасаңыз болады. Мəселен, «Өткен өмір» («Прошлое») мен «Делдал» («Коммивояжер») фильмдері. Тіптен, əлгінде сөз еткен «Надер мен Симиннің ажырасуындағы» жағдай қай қоғамда жоқ? Бұл мəселе шығыстың да, батыстың да көрерменін толғандырады. «Делдалдағы» жағдай Иранда болып жатқанымен, модернизмге көшу үстіндегі барлық елдерге тəн. Бұрынғы үйлерді бұзып, жаңа тұрғын үйлерге көшірілген отбасылардың жағдайы жақсарып кетпеді, ол үй қауіпсіз əрі қолайлы бола алмады. Екінші жағынан, өтірікке үйреткен жаңаша даму капитал əкелгенімен, адамгершілік, ұят тəуекелге қойылды. Достық, адалдық, тазалық сынды құндылықтар біртіндеп мағынасыз дүниеге айналды. Кім көп пайда тапса, сол бақ қонған адам деп саналатын болды. Демек, біздің қоғамдағы пайда табуға деген құлшыныс пен байлық барлық құндылықтардың орнын ауыстыра ма деген қауіп бар.

– Сіздің елде цензура бары белгілі. Кейбір режиссерлердің қудалауға ұшырағанынан да хабардармыз. Бұның қандай себептері бар?

– Өкінішке орай, цензураның бары рас. Жазушы əрі режиссер Бахрам Бейзаидың «Башудың жаңа отбасы» («Башу, маленький чужой среди своих») көркем фильмі 1986 жылы түсіріліп біткенімен, кинотеатрлардан көрсетуге тыйым салынды. Қызығы, араға 5 жыл салып, 1991 жылы көрсетілген осы фильм өнертанушылардың пікірінше Иран кинематографиясы тарихындағы ең үздік туынды болып саналып отыр. Өкінішке орай, фильмдерді бақылау туралы заң толықтай көңіл көншітерлік емес. Оның үстіне жауапты адамдардың талғамына тəуелді. Заңда «фильмдер Исламға немесе Иранның билеуші жүйесіне қайшы келмеуге тиіс» деп көрсетілген. Бұл қарапайым бап болғанымен, əңгіме бақылаушы басшының киноның мемлекеттік, діни құндылықтарға қарсы келетін-келмейтінін өз талғам-таразысымен қалай көре алуында болып тұр. Кино саласы мамандарының, жаппай халықтың көзқарасында мемлекет саясатына қарсы келмейді деген фильмдердің біразы цензурадан өтпей қалды. Бұл киногерлердің наразылығын тудырары сөзсіз. Енді олар шынында да, қоғамның, саяси жүйенің қателіктерін ашық сынға ала бастады. Асылында, қоғамның жақсаруы үшін кемшіліктер мен қателіктер айтылуы керек емес пе? Қоғамның кертартпа құбылыстарының кейіпкерлер тағдыры арқылы анық көрініс табуы Иран кинематографиясының кемшілігі емес, қайта үлгі тұтарлық жағы.

– Иран кинематографиясында əдебиеттің орны қаншалық?

– Жалпылай алғанда əдебиет пен кинематографиялық өнімдерден идеялық тұрғыдан сəйкестіктерді көптеп табуға болады. Сіздіңше, əдебиет классикалық ғазалдар мен əңгімелер болса, онда бұл бірнеше фильмде көрініс тапты. Негізінде халық аңыздары ұмытылмайды. Тек бір түрден екінші түрге ауысып отырады. Бұған мысал ретінде «Шахнамадағы» Рүстем образын алып қарауымызға болады. Тарихи фильм түсірушілер Рүстемнің «Шахнамадағы» шын образын жасаса, қазіргі заман суреттелетін фильмдерде Рүстемнің болмысын, іс-əрекетін қайталайтын кейіпкерлер жасалды. Иран халқы басқа халықтармен салыстырғанда поэзияға өте жақын. Сондықтан, кинода əдебиетке қатысты дəстүрлеріміз де көп көрініс береді. Ирандықтар Наурыз мерекесі кезінде жиналып, Хафиздың ғазалдарын оқиды. Бұл біздің ғұрпымыз. Бұдан бөлек отбасындағы туған-туыстың басы құралғанда да жарысып жыр оқиды. Иран ежелден шайырлардың, суретшілер мен музыканттардың мекені. Бұл ғасырда кинематография алға шықты. Кино барлық өнердің жиынтығын құрай алды жəне халықтың үлкен қызығушылығына ие. Бұл əрине, жаһандық құбылыс.

– Əңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттан байқағаныңыздай, кинематографияға қатысты көп нəрсенің басы ашылды. Əңгіме Иран киносының төңірегінде өрбігенімен, қазақ киносына тікелей қатысты. Кеше социалистік цензура дедік, бүгін жайдақ шабамыз деп

киномызды тағы да шашыратып алған секілдіміз. Бірақ, қазақ киносы өз көрерменін көзайым етіп «Оскарды да», «Каннды да» алатын күннің алыс емес екеніне сенейік…

Үсен ТОРТАЙ,

аударған Тұрсынай ИСМАИЛОВА,

Иран Ислам Республикасының

бас консулдығының жанындағы

мəдени өкілдікте аудармашы

«Ақ желкен» журналы, №3

Наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз