Алғашқы бір топ өлеңі «Жырға сапар» атты ұжымдық жинақта жарияланған ақын Жүсіп Қыдыровтың «Тұңғыш кітап», «Таңғы сəт», «Жұлдыздарға жол», «Нұр жаусын саған», «Гүлқайыр», «Жанартау жүрек», «Гүл ашқан шақ», «Жайсаң жаз», «Жібек жел», «Құмыр бұлбұл», «Мың бір күн», «Салтанатым, шеруім», т.б. кітаптары жарық көрген. Оның «Тоты құс» атты өлеңдер жинағы кішкентай бүлдіршіндерге арналған.

Жүсіп аталарың ақындықпен қатар күйшілік өнерді де дамытуға зор үлес қосқан сазгер. Оның қырықтан астам күйі «Үкілі домбыра» атты кітабы мен күйтабақтарға жазылып, белгілі домбырашылардың репертуарына енген. Ақын «Мың бір күн» атты жыр кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты атанған.

ТӘЖҚОРАЗ

Мектепте бар гүл алаң

Қызығардай көзіңіз.

Көремін де қуанам,

Мəпелеген өзіміз.

 

Жазда жайнап тұрады,

Қызыл-жасыл құлпырып,

Бесарықтың бұлағы

Дəл жанында бұлқынып.

 

Үпілмəлік, лала гүл,

Райхан мен раушан,

Хош иісі алып даланы,

Көңіл сəні – қуансаң.

Сүйсінеді ел тұра қап,

Бізге мақтан мұнысы.

Күз келген соң қыраулап,

Қалды бəрі бүрісіп.

 

Тəжқораз бір ғана

Күзгі ызғарға шыдады.

Қызыл айдары ырғала,

Қоқиланып тұр əлі.

 

ЖОЛБАРЫС

Үсті жол-жол жолбарыс,

Мекені оның нар қамыс.

Темір тордың ішінен

Телміре ме жолға алыс.

Ойнамайды ол онша,

Тəтті берсем, алмайды.

Үлкендігі болмаса,

Үйімдегі кер жалқау

Мысығымнан аумайды.

 

ҚАСҚЫР

 

Көрдіңіз бе, əне, аға,

Атам қуған арланды?

Түнде шауып қораға,

Дүркіреткен бар малды.

 

Қолға түсіп қалыпты,

Сыбағасын алыпты!

Соқса да қыс бораны,

Тынышталды көңіліміз.

Бұрынғыдай қораны

Күзетпейміз енді біз.

АҚ АЮ

 

Жонынан күн өтсе де,

Терлеп ағып кетсе де,

Тонын əсте шешпейді.

Бүйте берсе ақ аю,

Күнге күйіп қарайып

Кетсе егер, не істейді?!

ПІЛ

Заңғар биік бойын-ай,

Жұмыр жуан мойнын-ай!

Қабырғасы қамалдай,

Төрт аяғы бағандай.

 

Тұмсығы ұзын қолынан.

Қозғалмай-ақ орнынан,

Бергеніңді алады,

Аузына əкеп салады.

 

СЫРҒАНАҚТА

Айхай, шіркін, сырғанақ!

Зуылдаймыз сырғанап.

Конькисіз кей балалар

Шет жағында тұр қарап.

 

Өңшең өжет баламыз,

Жұлдыздайын ағамыз.

Шыр айналып, секіріп,

Мұзда ойнақ саламыз.

Зымыраймыз алға да,

Зымыраймыз артқа да.

Аузын ашқан бала да,

Аузын ашқан қарттар да.

 

Бас шайқайды таңданып,

Күлімдейді сүйсініп.

Қолпаштайды бар халық,

Сырғанаймыз құлшынып.

 

Айхай, пай-пай, сырғанақ!

Зуылдаймыз сырғанап.

Конькисіз кей балалар

Көзі жайнап тұр қарап.

ШОФЕР АҒА

Бірде қырға шабады,

Бірде тауға барады.

Ағам дамыл таппайды,

Қашан демін алады?

 

Түн демейді түнді де,

Күн демейді күнді де.

Шаршадым деп айтпайды

Шофер ағам, білдің бе?!

 

Шалғын өссе сайларда,

Гүл қауласа тауларда,

Машинамен біздерді

Апарады жайлауға.

ТАУСОҒАР МЕН НАНСОҒАР

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде,

«Таусоғар» деп кімді айтқан?

«Нансоғар» деп кімді айтқан?

Бойы көкпен таласқан,

Қап тауынан əрі асқан,

Қаратаудан бері асқан,

Жақсыларға жол ашқан,

Жамандарға о бастан

Төндіріпті қара аспан…

Сол алыпты атақты

«ТАУСОҒАР» деп атапты.

Тумай жатып қартайып,

Толмай жатып ортайып,

Білмей жатып марқайып,

Үлкен келсе жалпайып,

Кіші келсе шалқайып,

Жұмыс десе жантайып,

Жатады екен балпайып…

Тамақ десең тəмпайып…

Қасық ала жүгірер

Қос құлағы қалқайып.

Сол жалқауды атақты

«НАНСОҒАР»  деп атапты.

 

«Балдырған» журналы, №3

Наурыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз