«Қазақфильмде» Мемлекеттік сыйлықтың жəне «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері Сатыбалды Нарымбетовтің кабинетінде отырмыз.

– Тəуелсіздіктен бергі қазақ киносы қай деңгейде?

– Өте жақсы деңгейде.

– Посткеңестік елдермен салыстырғанда…

– Ресейден кем емеспіз, қалғандарының алдында тұрмыз. Түркіменстан анау, кинотеатры менен опера театрын бульдозермен сүріп тастады. Өзбектердің, қырғыздардың киносы бар деуге болатын шығар. 60-70 жылдары қырғыз киносы жақсы дамып еді. Қазір 3-4 жылдың көлемі, бұрынғы қалпына енді-енді көтеріліп келеді.

«СЕНІҢ КИНОҢ ПАЙДА ӘКЕЛМЕЙДІ…»

Жас ұрпақ өсті ғой. Біздің де жас ұрпақ өзін дəлелдеу үстінде. Əзірге авангард. Біздің жастар Ресей киногерлерімен иық тірестіріп, үзеңгілес келе жатыр. Көрермен арасында құрғақ шөппен ауыз сүрте беретін тенденция бар: «Қазақ киносы оңбады ғой», – дейді. Олар қазақ киносымен жөнді таныс емес. «Қазақфильмнің» туындыларын «Хабар», «Қазақстан» сынды телеарналардың түсіріп жатқан сериалдарымен салыстырады. Ол кино емес, телевизиялық жоба. Əсіресе, жас көрермендерге айтқым келетіні, титрды оқу керек. «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» деген жазуы болса, біз оған жауап береміз. Қала берді 30-ға тарта жекеменшік киностудия бар екен. Солардың өнімін көреді де, «Қазақ киносы құрыды», – дейді. Бізден бір топ жастар шықты, шетелден жүлде алып жатыр. Соларды көрмейді. Көре алмайды. Көре алмауының себебі бар. 95-96-жылдардан бері айтып келе жатырмыз, кинотеатрлар жекешеленіп кеткен. Кинотеатрларға фильмімді алып барып, «Шəкен ағаның атындағы киностудияның өнімі еді», – десем: «Ну и что?!» – деп жауап береді. Қызығы, ол соған құқылы, жекеменшігі. «Голливудтың, Еуропаның, Жапонияның киносын көрсетіп пайда көріп отырмын. Сенің киноң пайда əкелмейді», – дейді. Өтірік!

– Өтірік?..

– Патриот емес… Жаңа фильмнің тұсаукесерін өткізу үшін екі сағатқа жалдап аламыз. Алты мен сегіздің арасында прайм-тайм уақыты тіптен шарықтап тұр. Оларға – қалтасы қымбат. Патриоттығы жоқ. Келісім-шартқа отырып, киноңды біраз күн көрсетер болсаң, түнгі он екіге, бірге немесе, таңертеңгі онға қойып қояды. Сосын оны кім көреді?! Талай адам: «Таңертеңгі жұмыс уақытында қалай көреміз?» – деп хабарласты. Астанадан, Шымкенттен, Атыраудан, Тараздан хабарласты: «Түнгі бірде қалай барамыз?» – дейді.

КИНО ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАЖЕТ

– Бұл мəселені қалай шешуге болады?

– Жақында Асанəлі ағамыз бастаған жеті-сегіз адам Парламентке барып, кино туралы жаңа заң қабылдау жөнінде ұсыныс білдірдік. Əлі қабылданған жоқ. Əлгі айтқан Түркіменстанның өзінің тоқсаныншы жылдардан бері кино туралы заңы бар. Бізде жоқ, ұят қой. Егер биыл сол заң қабылданса, əр қалада əкімдіктің бір кинотеатры болады. Ол кинотеатрларда тек қазақ кинотуындылары көрсетіледі. Сонда қазақ киносын көрмей тұрып даттайтын көрерменнің сөзі басқаша болмақ.

– Олар қандай көрермендер?

– Өзім қазақ көрерменін үшке бөлемін. Бірі арзанқол үндінің, түріктің, кəрістің сериалдарын көріп əбден бауыр басып қалған, сондай жылауық сериалдардың көрермені. Екінші – Еуропаның, сосын голливуд боевиктерінің көрермені, ал үшіншісі – зерделі көрермен. Бұлар фильмді көріп болған соң, өзіне-өзі сұрақ қоя алатын, жауап іздейтін адамдар. Мен осы үшінші топтағы көрермен үшін кино түсіремін. Əлгінде айтқан шетелден жүлде алып кеп жатқан жастар да осындай сырлас іздейді. Көрерменге: «Қайдан келдік, не істеп жүрміз, қайда бара жатырмыз?» – деген үш сұрақты қойғызатын, сол арқылы сырласатын фильмдер түсіру біздің межеміз. Алдыңғы екі категория мұндай сұрақ қоймайды да, іздемейді де. Бұларды түсінетінім, жұмыстан шаршап келіп, көңілашар фильмдер көріп кішкене серпілгісі келеді. Арзанқол тырқылдақ комедияларға əуестеніп кететіні осыдан.

«ОФИЦИАНТ РЕЖИССЕРЛАР» ДЕГЕН КІМДЕР?

– Сіз айтқан бірінші, екінші категориядағы көрерменнің бетін қалай бері қаратамыз?

– Біздің бар ойымыз зерделі көрермен тəрбиелеу. Ал, алдыңғы екі категориядағы көрерменге арнап кино түсіретіндер «официант режиссерлар». «Сізге лағман-кино керек пе? Міне! Жылататын фильм қаласаңыз, ішіне бұрыш салып берейін», – деп тұрғандай. Көрерменнің жетегінде кеткен. Ал, біздің көрерменмен экран арқылы сырласқымыз келеді…

– Өкшеңізді басып келе жатқан режиссерлардың арасында авторлық-интеллектуалдық фильмдер түсіріп жатқан…

– Данияр Саламаттың киносы.

– Артхаустық фильмдер түсіріп жатқан…

– «Күркені» көрдің бе?

– Кенжебек Шайқақов.

– Тамаша фильм түсірген.

– Енді сіздерге коммерциялық фильмдердің қаптап кетуі жəне кинотеатрлардан үздіксіз беріліп отыруы зиянын тигізбей ме?

– Бізге емес, ең əуелі көрерменге зиянын тигізеді.

– Солардың кесірінен өз фильмдеріңіздің шығынын да ақтай алмай жатқан жоқсыздар ма?

– Артхаустық фильмдер ешқашан шығынын ақтай алмайды. Егер көрерменнің (оқырманның да) деңгейі алдыңғы екі категорияға жатса, онда Əуезов те, Мағауин да, Сүлейменов те жазбауы керек. Репиннің «Бурлаки на Волге» деген картинасы есіңде ме? Жағалауда барлығы үлкен кемені тартып бара жатыр. Біз амалсыздан сондай режиссер, сондай жазушы болуға тырысуымыз қажет. Өйткені, қайырлап қалған өнерді алға сүйреуіміз лəзім.

– Біздегі түсіріліп жатқан авторлық-интеллектуалдық, артхаустық фильмдердің кемшілігі неде?

– Кемшілігі сол, көрермені аз. Оларды көрсету үшін өзіміздің кинотеатрымыз болуға тиіс. Алматыда «Арман» кинотеатрының директоры Бауыржан Шүкенов қана қазақ киносының жанашыры. Фильмдерімізді мейлінше уақтылы көрсетуге тырысады. Қарағандыда əкімдіктің жанынан бір кинотеатрды жекешелендіруден алып қалған Рымбала деген апамыз бар. Қазақфильмнен кино шықты деген хабарды естісе болды, бірден шақырады. Киномызды көрсетіп, көрерменмен кездесу өткізеді. Осы сынды əр қалада əкімдіктің жанынан салынған бір-бір кинотеатр жұмыс жасаса, «официант режиссерлардан» запы болмас ек. Шығармашылық топтың жұмысынан кемшілік іздеу тырнақ астынан кір іздеумен бірдей. Артхаустық фильмдердің бəрі дерлік шедевр деуге болмас. Десе де, жақсыны да көретін көз керек.

– Сіздің прозаңызбен де таныспыз. «Жусан дəмі» сынды жеке адамдардың тағдырына үңілген шығармашылығыңыз ендігі жерде идеологиялық фильмдерге қарай ауысты…

– Əуеліректе фестивальдерде кең талқыланған «Көзімнің қарасы», «Қыз жылаған» атты екі фильм түсірдім. Кейін де осы бағытта жұмыс жасай беруіме болар еді. Бірақ, неге «Мұстафа Шоқайға», «Аманатқа» келдім? Біраз жылдардың алдында ауруханада, санаторийда жатқанымда адамдармен көп əңгімелестім. Таңғалғаным, өз тарихынан, өз мəдениетінен қол үзіп қалған. Бізге дəл қазір идеологиялық фильмдер керек екенін түсіндім. Мемлекеттің, ұлттың идеологиясын жүргізуге, халықтың тарихи жадын жаңғыртуға кино арқылы жұмылуды өзіме парыз санадым. Бір жағынан ағартушылық бағытта жұмыс жасауға бейілді болдым. Жас ұрпақтың жаны, ділі қазақ болуын көру – менің арманым. Осы жақында белгілі актер Нұрлан Санжар екеуміз «Ұзақ жаңғырық» деп аталатын сценарий жазып шықтық. Кенесарының заманында жер аударылып келген филолог Адольф Янушкевич қазақ даласы жайлы бай кітап жазды. Құнанбаймен, Біржанмен, Тəттімбетпен, Барақ сұлтанмен, Шоқанның атасы Уəлиханмен кездесіп, қазақ мəдениеті жайлы таңдана əңгімеледі. Бұл соның негізінде жазылған сценарий, «Аманаттың» рухани жалғасы.

«Аманаттың» тағдыры қалай боп жатыр?

– Оның тағдыры лотерея секілді. Көптеген кинофестивальдерде болдым, көбінде киноның жүлдеге ие болуы лотерея. Оның үстіне, əлемдік беделді фестивальдердің дені саясиланған. Не де болса, бұйыртқанын көрерміз. Ең бастысы, лонг-листке іліндік, 200-ден аса фильмнен 87-сі таңдап алынды. Алда шорт-лист. Баяғыда «Көзімнің қарасы» француз кино өнері академиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығын алғанда да 200-ден аса фильмнен іріктеліп 10-ақ фильм қалды. Соңына дейін «Шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы үшін жапондық режиссер екеуміз бақ сынастық. Шешімі əлгінде айтқандай лотерея сияқты. Ең бастысы, тізімге іліндік. Біз осымен бесінші рет «Оскарға» ұмтылыс жасап отырмыз. Бұл қазақ киносының көзге іліне бастағанының дəлелі. Ресейден Кончаловскийдің «Рай» фильмі, Қазақстаннан «Аманат» үзеңгілес келе жатыр. Əсия Бағдəулетқызы деген бойжеткен «Аманатты» жеріне жеткізіп талдапты. Оқып шығып айызым қанды. Осындай сауатты жастардың заманы қазір. Елзат Ескендір деген жас режиссердің білігі сүйсінтеді. «Өліарасы» қазақтың жанын жіті зерттей алғанының айғағы. Ендігі кезек солардікі.

– Парсының Киаростами, Панахи, Фархадиі бар, түріктің Джейланы бар, халық тұрмысындағы діни, əлеуметтік, интимдік болсын шиеленістердің психологиялық әсерлерін ашық суреттейді. Өз елдерінде көрермені жетерлік. Ал біздегі осы тақылеттес ізденістерге деген түсініспеушілік неден?

– Бұның зардабын қазір шегіп отырғанымызбен, себебі əріде. Отаршылдықтың қамытын кидік, бəрі коммунистік цензураның елегінен өтіп барып ұсынылды. Біз, тіпті, əлем əдебиетімен де орыс тілінде таныстық. Өзімізді өзіміз танымастай халге жеттік, тіптен, танығымыз келмейтін хал де біздің басымызда. Енді келіп ес жиып, етегімізді жаптық па десек, телевидение үндінің сериалдарымен-ақ діңкемізді құртып бітті. Бағдарламаларының сиқы анау, əншілердің қосылып-ажырасқаны. Ол кімге тəрбие?! Мəдениет арнасында Жүсіпбек Қорғасбектің «Кітапхана» деген бағдарламасы бар еді, қазір жоқ. Неге? «Рейтинг жоқ» депті. Өз елінің əдебиетін, киносын, музыкасы мен живописін дəріптей алмайтын телеарналарға базынам бар. Психологиялық интрига ашық көрініс тапқан фильмдерге көрерменнің дайын болмауы қазіргі жағдайда тікелей телевидениеге байланысты. Мемлекеттің идеологиясын жұмыла жасауымыз қажет, бұл бөтен емес, өз мемлекетіміз. Халықтың қабылдау мəдениетін қалыптастыратын сол телеарналар.

– Киноға тоқсаныншы жылдары келген «Жаңа толқынды» əдеби элита да аса қабылдай қоймаған екен…

– Бұған таңданудың түк те қажеті жоқ. Өнерде жасалған жаңалықтарды қоғамның бірден қабылдай алуы екіталай. Кезінде Абайдың өлеңін түсінген ортасы болды ма? Жаңалық келгенде форточкадан келмейді, құйын боп келеді. Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер қашанда өздеріне тəн ізденіспен келеді. Бір-бірін түсіне алмай жатса, ол да табиғи құбылыс. Сосын «Жаңа толқын» жүз пайыз жаңалық ашты деуге келмес. Олардан шынайылықтан қашып, əдейі ерекшеленгісі келгендік те байқалады. Асқар Сүлейменов пен Андрей Тарковскийдің екеуі де маған ұстаз. Тарковский эмиграцияға кетерінің алдында маған екі жыл сабақ берді. Асекең де, Тарковский де бір-бірін танымайтын, бірақ, екеуі де: «Айтпақ ойыңды орамжапырақтың ішіне жасыр, оқушы қабығын аршысын, еңбектенсін», – дейтін. «Жаңа толқынның» сол кездерде киноға келуінің өзі үлкен дүние. Үнсіз жатып алғанда қайтер ек? Жаңа толқын келіп шайып тұрмаса, кино арнасына қақ тұрады. Көрермен қақ суды ішпейді. Артымыздан эстафетаны қағып алатын жастар керек. Əйтпесе, «официант режиссерлар», «официант жазушылар» қаптап кетті. Бүйте берсек, «официанттар» қоғамына айналамыз. «Шегінерге жол жоқ, артымызда Қазақстан!».

– Əңгімеңізге рахмет!

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2

Ақпан, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз