Моңғолияда тұратын қандасымыз Айшолпанды бүгінде жарты əлем таниды десек, артық айтқанымыз емес. Бəрі де құсбегілік өнердің арқасы. Ел ішінде құсбегі «тастүлектер» жетерлік. Біздің кейіпкеріміз – жас құсбегі Абзал бұл жолды атасынан қалған мұра ретінде қабылдап, бала күнінен саятшылықпен айналысып келеді. Кейіпкерімізбен құсбегілік жайлы біраз əңгіме өрбіттік.

– Абзал, құсбегілік өнерге қалай келіп жүрсің?

– «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген Абай атамыздың өлеңінен-ақ ата-бабаларымыздың құсбегілікпен айналысып, қыран құстың барлық сырына қанық болғанын аңғаруға болады. Үлкен атам Тоқтасын Қытайдан елге өткенде бүркітін тастамай, шекарадан нəресте ретінде тіркетіп алып өткен екен. Мен туып-өскен Алматы облысының Нұра, яки Сөгеті ауылында «Жалайыр Шора» атты құсбегілер орталығы бой көтерген. Сол орталықтың, жалпы құсбегілік өнердің қайта түлеуіне ықпал етіп, өз үлесін қосқан жанның бірі менің атам Əбен болатын. Əбен атам осы құсбегілік өнердің арқасында əлемге əйгілі болды десем, артық айтпағаным. Жапондар бүркіттің қасиетіне таңғалып, қасқыр алатынына сенбей, соған көз жеткізу үшін арнайы іздеп келген екен. Сол кезде атамның «Ақ желке» деген бүркіті қасқырға түсіп, жапондардың күдігін сейілтсе керек. Атам мені ес білгелі бері өз қолына алып, осы өнердің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін үйретті. Құсбегілік өнер текпен бірге сүйекке сіңген, қанымда бар қасиет деп білемін.

– Бүркітті қолға үйрету, баптау қиын ба?

– Əрине, қолға құс қондырып, оның болмысын, көтерілген биігін түсіну оңай шаруа емес. Қыран құсты қалай баптау керек екенін, қалай қолға қондыру керектігін, қолдан қалай ұшыруды, аттың үстінде қалай алып жүруді балапан кезінен бастап үйретеміз. Егер бүркітті ақүрпек кезінде осы нəрселерге машықтандырып, қолдан ет беріп, өзіңе бауыр басқызсаң, тез үйренеді. Ал түз бүркітін, яғни 3-4 жасқа толған қыранды қолға үйрету өте қиын. Кейде тіпті мүмкін емес. Қолға үйренген қыран құсты түлкі, қасқырға салудың өз жолы бар. Мысалы, бүркітті алғаш рет шырғаға салып үйретеміз, содан кейін ғана аңға салған жөн. Аңға салғанда да алдымен түлкі не қарсақты інінен аулап алып, жас, тəжірибесіз бүркітті зақымдап алмау үшін жемтігінің аузын байлап саламыз. Қыран құс жемтігін алған сəтте бірден етін жылыдай жегізу керек. Абай атамыздың «қыран бүркіт не алмайды салса баптап» деп айтқанындай, бабындағы құс қасқырды да, түлкіні де алатынына көз жеткіздім. Дегенмен, құстың қабілетін білу, оны тану мен таңдай білудің өзі де қиын жайт. Иесін басып қалатын бүркіттерді де көрдік, бірақ бұл жайт менің басымнан өткен емес.

– Құсбегіліктен жарыстарда біраз биіктерді бағындырыпсың…

– Алғаш рет республикалық жарысқа 11 жасымда қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Сол арқылы елімізге ең жас бүркітші ретінде таныла бастадым. Содан кейін Көкшетау қаласында өткен жарыста жүлденің барлығын біздің ауылдың бүркітшілері еншіледі. Сол додада атақты бүркітші Сейітжан ақсақалдың Алмас деген немересі бас жүлдені жеңіп алса, мен екінші орынға тұрақтадым. 2008 жылы Көкшетауда жастар арасында құсбегіліктен чемпионат өтті. Ол бəсекеде күміс жүлдені еншіледім. Осы жарыстан кейін «Қыран» федерациясының президенті Нұрлан Өнербаев ағамыз маған  ресми түрде құсбегі сертификатын табыс етті. 2013 жылы елордамызда Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен бүркітшілердің Халықаралық фестивалі өтті. Бұл жарысқа қатысу үшін де іріктеу турнирлерден өтіп, Алматы облысынан 5 бүркітші жолдама алдық. Жарысқа 9 мемлекеттен сайдың тасындай іріктелген 43 бүркітші қатысты. Менің бүркітім ақтық сында қасқырға түскенде сүрініп, жүлделі орынға сəл-сəл жетпедім. Сонымен қатар, біздің ауылда жыл сайын Əбен Тоқтасынұлы мен Сейітжан Байжүнісұлы атындағы құсбегілердің республикалық турнирі өтеді. Сол бəсекелерде де топ жарып, талай қанжығам майланған.

– Қазір жастар арасында құсбегілік өнердің насихаты қандай?

– Елімізде ұмытылып бара жатқан құсбегілік өнерді қайтадан жандандырып, жаңа белеске шығаруды қолға алды. Сонымен қатар, саятшылық пен құсбегілікті насихаттау үшін облыстарда арнайы федерациялар жұмыс істеп жатыр. Ел ішінде батылдық танытып, аң-құсқа бүркіт салып жүрген жастарымыз жетерлік. Бірақ, жастардың бүркіттің қандай құс екенін де білмейтіні жаныма батады. Құсбегі ретінде алуан іс-шараларға қатысып жүргендіктен, бүркітті қаршығамен шатастыратын, өмірі бүркітті көрмеген жастарды көргенде ішім қынжылады. Атамыз қазақ қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық деп айтады емес пе?! Жастарымыз осы нəрсені əрқашан естен шығармауы керек. Ұлт болашағына алаңдаған жандар осы ұлы өнерімізді ұлықтауға атсалысқанын қалаймын. Қазақстанда қазір шамамен алпысқа жуық қана құсбегі бар. Құсбегілік – қазақтың төл өнері, мақтанышы болғандықтан, өресін танытқан өнерді əлемге таныту, оны дəріптеу барлығымыздың міндетіміз, бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты деп білемін.

– Универсиада алаугері болыпсың. Осы жайлы не айтасың?

– Бапкерім Жүніс Мəметов «Универсиада алаугері боласың» деп хабарласқанда сенбедім. Бірақ, ресми түрде Талдықорған қаласына шақыртып, алауды Бейбіт Назаровтан алып жүргенде өзімді бақытты сезіндім. Елімізде өтіп жатқан осындай дүбірлі доданың керемет өтуіне теңіздің тамшысындай болса да үлес қосу мен үшін бақыт.

– Алға қойған мақсаттарыңмен бөліссең…

– Қазір мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Алғашқы əскери дайындық факультетінің екінші курс студентімін. Алға қойған арман-мақсатымыз – қазақтың құсбегілік өнерін əлемге əйгілі ету. Моңғолиядағы қандасымыз Айшолпанды расымен жарты əлем таниды. Неге десеңіз, Моңғолияда тұратын 400-ге жуық құсбегі қандасымыз бар.  Моңғолияда тұратын əрбір қазақтың үйінде құсбегі болмаса да, саятшылық құрмаса да, қасиетті қыран құсты бағып-қағады. Ал көрші қырғыздарда шамамен 100 бүркітші бар. Ата-бабаларымыз бүркітті ерліктің, бірліктің, биіктіктің белгісіне балаған. Мұны Мақатаевтың «Қыранбыз, қырандардан жаратылған» деген өлеңінен аңғаруға болады. Алла қаласа, қазақтың құсбегілік өнерін, ата-бабамыздың асыл мұрасын əлемге паш етуге барымды саламын.

– Əңгімеңе рахмет!

 

Əңгімелескен

Дəурен ТҮЛКІБАЙ

«Ұлан» газеті, №8

21.02.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз