Кейде біраз уақыт жаппай сөз болып, кейін ұмытылып кететін дүниелер болады. Кейде қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоймайтын дүниелер болады. Кеше ғана бәрінің аузында болғандар жылға толмайтын уақыттың ішінде ұмытылып жатыр. Ал «Құнанбай» фильмінің шыққанына үш жыл. Екі күннің бірінде әңгіме болады. Тіпті, Мемлекеттік сыйлықты алды. Бұл да болса, ешқашан өшпейтін халықтық құндылық болғанынан шығар…

 Көрерменін іздеген кино

Қош, «Құнанбай» кинолентасының тұсауы кесіліп, көрерменге жол тартқанына да біршама уақыт. Қазір керек десеңіз, қазақстандық бірқатар сайттар мен Уoutube желісінде тере қалсаңыз киноны толық көріп шығуыңызға болады. Демек, «Құнанбаймен» таныс емес адамдар некен-саяқ. Əйткенмен, фильмнің отандық прокатының тарихы қызық. Бастапқыда 2015 жылдың көктемінде көрерменге ұсынылуы жоспарланған шығармашылық топ жұмысын қазақстандық кинотеатрлар көрсетуден бас тартқан. Содан күзге қалдырылды. Күздегі кеп те осылай. Бұл жайттардан жүйкесі əбден жұқарған Досхан Жолжақсынов ауруханаға түскенін де білеміз. Кейіннен 26 қараша күні «Арман» кинотеатры, 2-3 желтоқсан күндері басқа қалалар көрсетуге уағда берген. Жекеменшік кинотеатрлар қазақтілді фильмдердің кассасы аз болады деп шешкен болуы керек, «Құнанбай» өз көрерменімен кешеуілдеп қауышты. Жасыл залдарда, қызыл залдарда көрермендермен бірге бірнеше рет болған өзіміз де кинотеатрдан разы кейіппен шыққан кісілерді көп ұшыраттық. «Құнанбайдың» отандық жəне халықаралық бірнеше фестивальдерге қатысқанын да білеміз. Өткен жылдың 26-28 қазан күндері аралығында Уфада өткен «Күміс Ақбозат» ІІІ Халықаралық ұлттық жəне этникалық кинофестивалінде «Құнанбай» фильмі Əмір Əбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесімен марапатталды. Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалі əлем халықтарының рухани жəне мəдени құндылықтарын насихаттауға, ұлттық жəне этникалық бағыттағы фильмдерді түсіруші кинематографистер шығармашылығын дəріптеуге, Ресей аймақтары жəне шетелдермен мəдени қатынасты дамыту үшін арнайы жасалған. «Құнанбай» Уфа қалалық округі əкімдігінің қолдауымен Башқұртстан үкіметі жəне Башқұртстан Республикасының мəдениет министрлігі, «Башқұртстан» киностудиясының ұйымдастыруымен жүзеге асқан беделді кинофестивальден сəл бұрын, қыркүйек айында Ресейдің Липецк қаласында өткен ХІІ Халықаралық мұсылман кино фестивалінің негізгі байқауында да көрсетіліп еді.

Қыркүйектің аяғында «Еуразия» кинофестивалінде «Құнанбай» тарихи көркем фильмі Ұлттық кинематография өнері жəне ғылымы академиясы тағайындаған «Тұлпар» ұлттық киножүлдесімен марапатталғаны да жадымызда. Басты рөлді сомдаған Досхан Жолжақсынов «Ең үздік ер адам рөлі» жүлдесін фильмнің композиторы Төлеген Мұхамеджанов «Фильмнің ең үздік музыкасы» жүлдесін, ал картинаның қоюшы суретшісі Рустам Одинаев «Ең үздік суретші-қоюшы жұмысы» жүлдесін қанжығаларына байлаған. Сондай-ақ, Таласбек Əсемқұлов пен Досхан Жолжақсынов бірлесіп жазған сценарий үздік деп танылған. Енді міне, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Мемсыйлықты «Құнанбай» алды ма, Досхан алды ма?

Досхан Жолжақсыновтың кезекті картинасы неге «Құнанбай» болды? Құнанбайдың шын болмысы қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінде жасырулы қалғаны рас. Бұл жөніндегі əңгіме əредік-əредік айтылып қалатын. Бұған қатысты сом-сом мақалалар мен бірнеше зерттеу еңбектері де жазылды. Əйтсе де, жаппай жұртшылыққа жетті ме, ол жағы қараңғы. Мойындауымыз керек, қазір оқу, танысу, білу негізінен экран арқылы жүретін заман. Тарихты жеткізудің де негізгі құралы монитор болып тұр. Бұл – кино. Кино арқылы тұтас халықтың идеологиясын жүргізуге болады. Бұл қадамға барып жүрген режиссерлеріміздің бірі Досхан. «Құнанбайды» түсіруге неге бел шеше кіріскенінің себебін де өзі айтты:

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ:

– «Біржан салдан» соң «Енді келесі тақырыбымыз кім болады?» деген сауалдың жетегінде біраз жыл жүріп қалдық. Бекет атаны түсірмекші болдық. Бірақ, Бекет атаны түсірудің құрығы ұзын болғанымен, киноның өрісі шартты ғой. Бұл заманда көгілдір экраннан əулиені қалай көрсетесің?.. Құрманғазыға бір тоқталдық. Бірақ өнер өмір емес. Қалт жіберіп аламыз ба деп, қасиетті өнердің киесінен қорықтық. Ақыры, көп ойланып барып Құнанбайға тоқталдық. Біздің алдымызда алып жартастай ұлы Мұхаң (Мұхтар Əуезов) тұрды. Одан бері əйгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай тұрды. Біз Құнанбай туралы деректерді көп ақтардық, көзі тірі ақын-жазушылармен кеңес құрдық. Нəтижесінде, бір жылдың ішінде сценариін жазып шықтық.

Досхан Жолжақсыновтың тақырыбы қазақтың бұрынғы өткен кемеңгерлерінің жан əлемі екені режиссердің өз сөзінен белгілі болды. Демек, Досханның жанры – идеологиялық фильмдер. Ол өз шығармашылығын актер болып бастады. Сонау 1972 жылы Х.Вахитовтың «Алтын көрсе періште жолдан таяды» спектаклінде Қылышбекті ойнаған алғашқы рөлінен бастап, осыған дейін театр мен кинода 200-ден астам рөлді сомдаған. Театрдағы образдары бір бөлек, кинодағы образдары бір бөлек, осынша жылдық тəжірибесінде қазақ өнерінде өмір сүріп келе жатқан сан түрлі жанрлар мен əрқилы кейіпкерлерге жан бітірген оның режиссерлік жанры идеологиялық фильмдер болуы нені меңзейді? Біріншіден, Тəуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі ұлт саясатын орнықтыруға деген жауапкершілік, екіншіден, оның өткен мектептері кілең елдің болашағын ойлаған кемеңгерлер мектебі еді. Үшінші себеп, біздіңше қазақ əдебиетімен жіті таныс болуында.

Қазақтың тілін, табиғатын, жанын түсіне алуында. Оның үстіне режиссерлік жұмысын əбден толысып, жер ортасы жасқа келгенде бастаған Досханнан басқа дүниені күте алмас та едік. Енді алда алынбас қамалдай боп Құнанбай образы тұр еді. Құнанбай десе, жалғыз көздің сұсымен-ақ жасқайтын аға сұлтан, əділ басшы елестейді санамызда. Фильммен танысқан көрермендер арасында «Құнанбай образы ашылмаған. Кісі баласы тік қарауға батпастай сұсын жоғалтып алған» деген сыңайдағы пікірлер көптеп айтылды. Жөн-ақ делік. Дегенмен, батырдың батырлығы түзде екенін, ең əуелі оның пенде баласы екенін ұмытып кететініміз-ай. Құнанбай ең əуелі отағасы, жар, əке, сосын барып аға сұлтан. Мəселенки, картинадағы қамауға кетіп бара жатқан баласының дерегінен құлақтанған Зере əжеміз күйменің артынан қуып жетіп:

– Құнаш… Құнаш… – деп зарланып тіл қатқанда, құрсанған патша əскеріне Құнанбайдың толқып тұрып:

– Анам еді… – деуін, сосын Зере əжеміздің:

– Қарағым-ау, айыбың не? – деген сауалына Құнанбайдың еңсесін тік ұстап:

– Ешқандай да айыбым жоқ. Барлығы да нақақ, шеше. Көрсетіндімен кетіп бара жатырмын, – деп жауап қатуын, сонда «Құдайға шүкір, Алланың алдында арың таза екен» деп кейуананың жанары жастанып қалып қойған сəтін басқалай қалай беруге болады?

Жоқ, бұл жерге сұсты Құнанбайды қалай сүйкесеңіз де жымдаспас еді. Айдаудағы адамнан өткеніне көз тастап, ұзаққа телмірген сабырлы күйден басқаны іздесек қателікке ұрынамыз. Фильм барысында бірден байқалатыны Құнанбайдың ойлы адам екендігі. Кемеңгерге тəн қасиеттерді бойына жинағандығы. Шығармашылық топтың мақсаты əуелбастан-ақ осы болған болар, бəлкім. Сұрақ «осыны бере алды ма?» деп қойылу керек сияқты.

Зиялы қауым арасында да, былайғы көрермендер арасында да «Құнанбайды неге басқа актер ойнамады?» деген сауал айтылып қалды. «Сұсты Құнанбайды бере алмады» дегенді Досханның басты рөлді өзі сомдауынан көргендіктен айтты. Бұл тəжірибе əлем кинематографиясында баяғыдан бар дүние. Мел Гибсон өзінің «Жаужүрек» («Храброе сердце») тарихи картинасында бас қаһарман Уильям Уоллесті өзі сомдайды. Фильм «Оскарға» 10 номинация бойынша қатысып, соның 5 номинациясын жеңіп алған. Ал түрік режиссері Нури Билге Жейлан да өзінің «Жыл маусымдары» («Времена года») көркем фильмінде басты рөлді өзі ойнайды. Бұл кино атақты Канн фестивалінде ФИПРЕССИ жүлдесін қанжығасына байлаған. Біздің Досхан Жолжақсынов та өзі режиссерлік еткен «Құнанбайда» басты рөлді сомдапты, несі бар. Əдебиет пен өнер саласы бойынша берілетін еліміздегі ең беделді сыйлық Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алды ғой. Демек, онда тұрған дəнеңе жоқ. Бұған қатысты режиссердің өз айтары да бар:

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ:

– Құнанбай рөлін басқа актерлерге беру керек пе деген де ой болды. Кеңескен адамдарымыздың көбі «Құнанбай батыр, зор денелі кісі болған, сондықтан, актердің иығы мынадай, бойы анадай болу керек» деген əңгімелер шықты. Бірақ мен сценарий жазыла бастағаннан бастап басы-қасында болдым, Құнанбайға қанықтым. Кəсібім – актер, сондықтан өзімді ұсындым. Тіпті сценарийдегі Құнанбайдың ғана емес, Барақтың, Зеренің, Күнкенің де сөздері жадымда жатталып, олардың қимыл-қозғалыстарына дейін көз алдыма елестетіп қойдым. Былайша айтқанда, алпыс екі тамырыма сіңіріп алдым. Енді келіп оны қалай басқа біреуге беремін. Оның үстіне, оған басқа бір адамды дайындау біраз уақытты алады ғой. Содан «нартəуекел» деп бел будым да, Құнанбай бейнесін өзім сомдауға кірістім. Нəтижесі жаман болмаған сыңайлы. Бастапқы Құнанбайдың өлшемін айтқан кісілердің өзі келіп жақсы бағасын беріп жатты. Театр мен кино – адамның шынайы жандүниесі. Өкінішке қарай, бүгінгі режиссерлердің көбі атыс-шабыспен көп уақыттарын жоғалтып алады. «Құнанбайды» түсіргенде осы жағына баса назар аудардық.

Өнерде, əсіресе, биографиялық кейіпкер бейнеленетін өнерде екі жол тұрады: тарихи шындық, көркемдік шындық. Осы екеуінің тұтастығынан шықпаса киноның деректі фильм деңгейінде ғанақалып қоятыны бар. Шығармашылық топ мұны қашанда басты назарға ұстайды. Youtube желісінде жүктелген «Құнанбай» фильмінің астындағы пікірлерге қарасаңыз, дені фильмге сын айтушылар. Əрине, соншалық дəлелді сын дей алмаймыз. Идея пайда болғаннан бастап, сценарий жазылғанға дейін-ақ Құнанбайға қатысты деректер əбден зерттелген. Тіпті, сценарий авторы Таласбек Əсемқұлов Құнанбайдың қағазға түспеген тарихымен де ауыл қариялары арқылы таныс еді. Ол бар, кейінгі қаншама жылдық ізденіс бар, сценарий өз деңгейінде жазылып шықты. Түсірілім де сəтті шыққан. Тарихи картиналарда көшпенді тұрмыстың сəн-салтанаты, киім-кешек, құрал-сайман, мыңғырған түлік пен көпшілік көрініс (массовка) көзге ұрып тұруы керек екенін шығармашылық топ бізге қарағанда əлдеқайда көбірек түйсінеді. Соған əрекеттенеді. Бұл тікелей қаржыға тірелетін дүние. Картинада жаңа дəуір алдындағы көшпенділердің соңғы салтанаты əсем суреттелген.

Фильмнің соңын ала Барақ сұлтанның көп мөлшерде өтемақы төлеп, айдауға кетіп бара жатқан Құнанбайдың артынан жететін көрінісі бар еді ғой. Сырттай жау боп көрінген екі алыптың үлкен достығының көрінісі еді бұл. Драматургияның қуаттылығы осы жерде. Сонда Барақ Құнанбайға анасы Зеренің өмірден озғанын естіртеді. Өкініш қарыған Құнанбай аулақ барып, бір уыс қар алып бетіне басып тұрып алатын тұсы ше, естеріңізде ме? Ішін қарыған, жан əлемін өртеген өзектегі жалынды бетіне қар басып сөндірмек болған жандалбаса…

Дəл осы тұс символдық мəнге ие. Отар елдің бодауында күн кешкен халықтың бар ауыртпашылы-ғына деген жауапкершілік. Қолы кесік мергендей шарасыздан өзекті өртеген ел қайғысын басқысы келу еді.

Тəубе, біз өзіміздің мұң-шерімізді айта алатын Тəуелсіз елміз. Енді қазақтың жоғы түгенделмек, енді кемеңгер бабаларымыз қайтадан өз ұрпағына тіл қата алады. Түптеп келгенде, Мемлекеттік сыйлық «Құнанбайға» да, Досхан бастаған шығармашылық топқа да емес, қазақ өнерінің жаңа кезеңіне берілген болатын…

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №1

қаңтар, 2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз