Мариям ХАКІМЖАНОВА. Әженің әлдиінен

 

Қазақстанның Халық жазушысы Мариям  Хакімжанованың туғанына 110 жыл

Копия балдырган+12-2016_1

Қазақ әйелдерінің арасынан шығып, балалар әдебиетінің бастауынан лайықты орын алған қаламгерлеріміздің бірі Мариям Хакімжанова әжелерің – кішкентай оқырмандарға арналған «Бөбегім менің – өлеңім менің» атты суретті кітапшаның, «Ана мейірімі» өлеңдер жинағының және бірнеше ән мәтінінің авторы. Ол орыстың балалар жазушысы И.Диктің «Отты бұлақ» хикаятын ана тілімізге аударған.

Екі рет «Құрмет Белгісі», Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған ақынға 1986 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы берілді. Биыл туғанына 110 жыл толып отырған ақын әжеміздің өздеріңе арналған өлеңдерінің бір тобын назарларыңа ұсынып отырмыз, балалар!

Сендер – менің үмітім

 

Сендер – менiң үмiтiм

Үзiлмейтiн, өшпейтiн.

Сендер менiң бақытым

Маңдайымнан көшпейтiн.

 

Дарияның көзiндей,

Сарқылмайтын саңлағым.

Отанымның өзiндей

Санаң менен салмағың.


Копия балдырган+12-2016_1

Мəуелеген алма бақ

Күз жеткенде сарғаяр.

Ертең өтер балғын шақ,

Күн де жетер ойланар.

 

Ойна-ойна, бөбегiм,

Асыр салып алаңда.

Өлеңдетiп келемiн,

Мен бөлiнiп қалам ба!

 

Қызым, ұлым, қызығым,

Қызығына тоймаймын.

Жырдың киiп жүзiгiн,

Өздерiңмен ойнаймын.

 

ӨЗIМ ТIКТIМ ЖАЛЫҚПАЙ

Айналайын анашым,

Əлпештеген мамашым,

Емiп өскен бөбекпiз

Маматайдың мамасын.

 

Ай қабақты анашым,

Күн сəулелi мамашым,

Ақ сүтiңмен суардың

Бөбегiңнiң санасын.

Копия балдырган+12-2016_2

Əлпештеген баласын

Айналайын анашым,

Өзiңе арнап тiктiм мен

Кремль мұнарасын.

 

Өзім тіктім жалықпай,

Қанатыңда қалықтай.

Құтты болсын мерекең,

Шарықтай бер, шарықтай!

 

 

ӘЖЕНIҢ ӘЛДИIНЕН

Əлди-əлди дегенiмде,

Қара көзiң мөлдiрейдi.

«Əже-əже» дегенiңде,

Ана көкiрек елжiрейдi.

 

Құлыным деген бiр сөзiм,

Қолқаңа сенiң құйылсын.

Қолқаңа сыймай кернесе,

Жүрегiңе жиылсын.

Копия балдырган+12-2016_2

Ботам деген сөзiмдi

Ұмыта көрме, боташым.

Жүрегiң қалай төзiмдi,

Ұйықтамай шыдап жатасың.

 

Қозым деген тəттi сөз

Жаныңды қалай қозғамас.

Ұйықтай қойшы, сəулем, тез,

Тəттi жырға болып мас.

 

Жұлдызым деген сөзiмдi,

Бал бөбегiм, ұғып ал.

Жұлдыздай жанған көзiңдi,

Маужыра да, жұмып ал.

 

Сазды үнiмдi сағынып,

Iздерсiң сен ер жетсең.

Жыр бұлағы ағылып

Жөнеледi, тербетсем.

 

 

АЙБАР МЕН ЛӘЙЛА

Ерте тұрып Айбаржан,

Терезеден қарады,

Түніменен қар жауған

Көрді аппақ даланы.

 

Шықты Айбар киініп,

Сүйретіп көк шанасын.

Тұр анасы сүйініп,

Аттандырып баласын.

Копия Копия балдырган+12-2016_3

Лəйла көріп əйнектен,

Келді Айбарға жүгіріп.

Ол шананы сүйреткен,

Бір жығылып, бір тұрып.

 

Таудан төмен түскенде

Лəйла озып кетеді.

Тауға қарай жүргенде

Айбар қуып жетеді.

 

 

ЖҮРЕГIМДI ТОСАМЫН

 

Үшке толып Айдаржан,

Барды бүгiн бақшаға.

Көп балаға қалды таң

Ойнап жатқан бақшада.

 

Түрлi-түрлi ойыншық

Шақырғандай Айдарды.

Қызу топтан тұрды сырт,

Бiлмей қалай ойнауды.

Копия балдырган+12-2016_3

Тұра берсе жатырқап

Шет қаларын ол ұқты.

Ойнап кеттi асыр сап,

Ен қызыққа молықты.

 

Кешке келдi Айдаржан,

Тым жайдары көрiндi.

Күлiмсiреп салады əн

Қуанышты, көңiлдi.

 

Айдаржанның əнiне

Мен де əнiмдi қосамын.

Қуанышпен бəрiне

Жүрегiмдi тосамын.

 

ҚЫЗҒАЛДАҚ

 

Қызғалдақ-ау, қызғалдақ,

Екті ме сені қызға арнап?

Көктемде көзге түсе сап,

Кетесің қайда, бізді алдап?

Копия балдырган+12-2016_3

Қызғалдақ-ау, қызғалдақ,

Қызарып қырдан көріндің.

Қызығыңды бізге арнап,

Алмай жатып төгілдің.

 

Қызғалдақ-ау, қызғалдақ,

Тере келдім қызығып.

Апарайын қызға арнап,

Қала көрме үзіліп!

 

Суреттерді салған Дастан КІШКЕНТАЕВ

«Балдырған» журналы, №12

Желтоқсан, 2016

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.