Сауалнама

Қысқы спортта неге қазақ ұландары аз?

Қазақ ұланына қысқы спорт таң ба?

2002 жылы Солт-Лейк-Сити олимпиадасына жалғыз қазақ қызы ғана (шайбалы хоккей) қатысқаны белгiлi. 2006 жылы Туринде де қазақ спортшысы саусақпен санарлық қана болды.

Жуырда аяқталған VII қысқы Азия ойындарында бiздiң елдiң спортшылары ұзын саны 70 медаль жеңiп алды. Осындай толағай табысқа жетуiмiзге  биатлоншы Диас Кенешов,  допты хоккейден ұлттық құрамада ойнаған 15 жасар Сұлтан Қадыржанов, шайбалы  хоккейден ұлттық құрама капитаны Талғат Жайлауов, мәнерлеп сырғанаушы Абзал Рақымғалиев, шайбалы хоккейден  қыздар құрамасында ойнаған Ғалия Нұрғалиева, Айжан  Раушанова, фристайл спортынан Жiбек Арапбаева, Ақмаржан Қалмырзаева, шаңғымен бағдарлау сынында ел абыройын асырған Эльмира Молдашевалардың да сiңiрген еңбегiн бөле-жара айта кетуiмiз керек.

Дегенмен неге қысқы спортта қазақ ұландары аз? Табысымызды өзiне телiген ресейлiк басылымдар да шыға бастады. Осы мәселеге орай спортшыларды, мамандарды және оқырмандарды сөзге тарттық.

Жiбек Арапбаева, VII қыс­қы Азия ойындарының күмiс жүлдегерi (фристайл):

­–  Мен спорт әлемiнiң есiгiн каратэге қатысу арқылы ашқан­мын.  6 жасымнан осы спорттың сиқырын үйрендiм. 4 жыл тер төгiп, қоңыр белбеуге жеттiм. Сосын көркем гимнастикаға бет бұрдым. Бiз жаттығуды тек Шымкентте ғана емес,  Өзбекстанның Шымған деген жерiнде де жүргiзетiнбiз. Фрис­тайл деген спорттың тари­хына осы жерден қанықтым. Үлкен-үлкен суреттердi көргенде аңсарым ауды. «Шiркiн-ай, бiз де осындай болсақ қой!» деп арман­дадым. Ақыры осы арман менiң 8 жыл қатысқан көркем  гимнас­тикамның  жолын фристайлға бұрып әкеттi. Азиадада жоқ дегенде қола жүлдегер атануды көздегем. Туған жердiң топырағы дем бердi ғой – күмiс жүлде олжаладым.  Бiздiң жетiстiгiмiзге кейбiрi таңырқай да қарады. «Айналасы үш жылға жетер-жет­пес уақыт қана қатысып, жүлдегер атануға болады екен ғой» дегендер де бар. Менiң осы нәтижеге жетуiме көркем гимнастикада жиған-тергенiм көп көмегiн тигiздi.

Бiз ендi Әлем кубогы кезең­дерiне әзiрлiктi бастап кеттiк. Беларусь жерiнде, Украинада өтетiн сайыстарда босаңсуға болмайды. Одан кейiн Өскемен қаласында беделдi жарыс ұйым­дастырылады. Осы жарыстарда өзiмiздi тағы да сынап көремiз. Мен үшiн ең биiк меже – 2014 жылы өтетiн Сочи олимпиадасы. 2010 жылы Ванкувер олимпиадасына қатысып, көп тәжiрибе, сабақ алдым. «Ендiгi сындарға қатысу­дың өзi мерей» деп тоқмейiлсуге болмайды.

Қазiр маған тыныштық жоқ. Өзiме елiктеген қыздар қиылып кеп сұрайды. Алды сынақтан өтiп, фристайлдың қыр-сырын үйренудi де бастап кеттi. Әсiресе, қаракөз сiңлiлерiмнiң жiгерi қуантады. Қандай да болмасын қиындықты жеңуге бар. Қазiр үш қыз жаттығу алаңына келiп жүр. Неге екенiн, ұлдар жағы бұл спорт түрiне әлi  құлықсыз. Мүмкiн алдағы уа­қытта көбейетiн де шығар.

Қадыр НУКИН, шаңғымен тұғырдан секiруден жаттықтыру­шы:

– Қысқы спорт түрлерiнен қазақ балаларының аздығын мен ең алдымен қазақтiлдi бапкер­лердiң жоқтығымен сабақтасты­рамын. Одан кейiнгi мәселе, бұл спорт түрiн бокс, күреспен салыс­тыра қарауға болмайды.  Мәселен, шаңғының жақсысы – 400 еуро, таяғы – 100, аяқ киiмi  200 еуро тұрады. Ал ондай қаржыны қара­пайым отбасының қалтасы көтере ме? Бiзге бай-манаптар баласын бермейдi. Өйткенi, жарақаттанып қалу қаупi мол дегендi сылтау етедi.

Қазiр менiң тобымда төрт бала бар. Оның екеуi  – Талғат Қабыл­баев пен Тимур Игiлiков – қазақ. Қазақстандағы халқы ең тығыз (2 миллионға жуық) орналасқан Алматыда қысқы спорт түрлерiне бейiмдейтiн бiр ғана арнайы мектеп бар. Осыдан кейiн бiз қалай «қыс­қы спортта қазақ баласы аз» деп қынжылмаймыз?  Маман ретiнде айтарым, спорт секцияларын ауылдық жерлерде көптеп ашса. Сонда iсiмiз iлгерi жүредi. Оңтүстiк астанамыздағы шаңғымен тұғыр­дан секiру  кешенiнiң жанынан жаттығу үшiн шағын тұғыр салынады. Сол кездерi  осы спорт түрiне қызығушылардың қатары артары сөзсiз.

Айзат Әлдемхан, 10-сынып оқу­шысы (Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Бетқайнар ауылы):

– Мүмкiн, ауыл-аудандарда қо­сымша спорт мектептерiн ашу керек шығар. Мысалы, бiздiң мек­тепте волейбол үйiрмесi бар едi. Түстен кейiн барып тұратынбыз. Спорт залы таза тұруы үшiн сол үйiрменi де жапқалы жатыр. Бар нәрсенi ұқсатудың орнына, жауып жатқанымыз қалай? Қазақы ер­кiн­­дiкке салып жүре берсек, «бая­ғы жартас – бiр жартас» күйiнде қала беруi де мүмкiн.

Нұрдәулет Шайқы, 8-сы­нып оқушысы (Атырау облысы, Құр­манғазы ауданы, Приморье ауылы):

– Қысқы спортымыздың дамуы тәп-тәуiр екенiн бiз биылғы Азиададан ғана бiлдiк қой. Әрине, қысқы спорт түрлерiнде қазақ балаларының көп болғанын бәрiмiз қалаймыз. Бiрақ жергi­лiктi жерлерде арнайы мектеп ашпай, жағдайымыз оңалмай­ды. Бiздiң ауылда қысқы спортпен шұғылданатын ешкiм жоқ. Биыл қар тiптi түскен жоқ десе де бо­лады.

Тастанбек Жұмахан, фи­ло­лог, жанкүйер:

– Менiңше,  қысқы спортта қазақ ұл-қыздарының аз болуы­ның басты себебi –   ауылдарды айт­пағанда, қалалардың өзiнде қысқы спортқа арналған спорт нысандарының болмауы. Мектеп қабырғасында жүргенде күреске, боксқа, футболға барып жүрдiк, сол кезде хоккей ойнау, коньки тебу, шаңғымен сырғанау дегендi мүлде бiлмейтiнбiз. Тiптi кейбiр спорт түрiн көрмек түгiлi, атын Алматыға келiп естiдiк. Сол тұста бәрiмiз Жақсылық, Дәулет ағала­рымыз сияқты балуан болуды ар­мандайтынбыз. Бекзат, Ермахан, Мұхтархан, Болат сияқты бокс­шы­лардың ерлiгi де бәрiмiзге мақтан болды. Доста­рым­ның арасынан тәп-тәуiр спорт­шылар да шықты. Бiрақ сол кез­дер­де қысқы спорттан елiктейтiн ешкiм де болған жоқ.

Ұлттық арналардан қысқы спорт жарыстарын да көптеп көр­сету керек. Балалардың қызығу­шылығын оятпасақ, олардың өз бетiмен баратыны тiптi сирек. Мектептерде секциялар ашылып, шағын да болса, арнайы нысан­дар салған дұрыс. Мысалы, шағын мұз айдынын жасаса, екiнiң бiрi уық ұстап болса да хоккей ой­науға ықыластанатыны сөзсiз.

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

(“Ұлан”, №8, 22 ақпан, 2011 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз