1371

Ылғи барамын деп, бара алмай қалам. Осы жолы əдейілеп кездесуді жексенбіге қойдым. Сол күні қырсыққанда үйдің есігі іштен кілттеніп, сыртқа шыға алмай қалдым. Күтіп отырған адамнан ұят.

– Апоу, кешіріңізші… Журналист қызыңыз ғой. Бүгін де сізге бара алмайтын болып тұрмын…

Асығып-аптығып басымда болып жатқан жайды түсіндіруге тырыстым.

– Жарайды, қызым. Күнім-ау, əйтеуір үйіңе ұры кіріп кеткен жоқ па? Байқа. Бірдеңеге арандап қалма. Ертең келе ғой асықпай. Айналайын…

Жүрегім елжіреп кетті. Бəсе деймін, бұл апа өстіп сөйлеу керек қой.

Ертесі Талғарға тарттым да кеттім. Есіктің алдында 18-19 жас шамасындағы орыс бала жүр екен.

– Сəлеметсіз бе! Маған Тұяқ апа керек еді. Осында ма?

Бетіме сұраулы жүзбен қарады. Сосын өзімді орысшалап таныстырып, сұрағымды қайталап қойдым.

– Жүріңіз, сізді кабинетіне апарайын, – деді таза қазақ тілінде.

– Сіз осында отыра беріңіз, мамам қазір келеді, – деп көнелеу диван қойылған фойеге қалдырып кетті.

Бір уақытта апам да келді. Амандық-саулықтан соң, сұхбаттасуға деп енді кірісейік десек, біреу келеді. Қыл аяғы əлгінде мені кабинетіне бастап келген Дима деген баланың жолда жейтін тамағына дейін «салып берейін» деп өзі жүгіріп жүр. Дима Астанада оқиды екен.

– Биыл колледжді «қызылға» бітірейін деп тұрған балам. Бір мұғалімдерімен келіспей қалыпты да, осында қайтып келіп алыпты. Бала емес пе? Алдап-сулап жіберіп жатырмын. Ертең дипломын алса, қор болмайды ғой, – дейді.

– Мама, кешіріңіздерші. Бір минут уақыттарыңызды алайын, мына пальтоны кисем қалай? – деп тағы бір келіншек сөзімізді бөлді.

– Əдемі жарасып тұр, күнім. Астанаға осындай киім кию керек. Əйтпесе, ана пальтоң биттің қабығындай, үсіп өлесің. – Оның да мəселесін шешіп жіберді.

– Қызыңыз ба?

– Қызым деп айтам, кіші келінім ғой. Астанаға конференцияға бара жатыр.

– Туған келініңіз бе?

– Иə.

– Апа, балаларыңызды көруге, үйлеріңізді аралап шығуға бола ма?

– Əрине. Бірақ, балаларды кішкене күтесің. Қазір тынығатын уақыттары. 16.00-де оянады.

Үлкен үйдің əр заты мұнтаздай. Көнелеу жиһаздардың өзі тазалығымен, үйлесімділігімен жапжаңа болып көрінеді екен. Бөлме гүлдері не деген көп. Менің үйімде отырғызылғанына 1 жыл болса да, бойы 10 сантиметрден аспаған гүл мұнда үйдің төбесіне тіреліп тұр.

– Гүлдерді осындағы балалар күтіп-баптайды, – деді менің қызыққанымды байқап. Кітапханасы да бай екен.

– Қанша кітап бар? Балалар оқи ма?

– Қазіргі балаларым кішкентай. Тəрбиеші апайлары оқып береді. 10 мың кітабымыз бар. «Книжный город» ұйымы 2 мың кітап сыйлаған. Қалғаны өмір бойы өзімнің жиып келе жатқан кітабым.

Тұяқ Қаскенқызы Есенқожинаны көпшілік «Каспий банктің» жарнамасы арқылы жақсы таниды. «Қазақстандағы ең көп балалы ана, 350 баланың анасы», – деп таныстырған. Талғар қаласындағы жекеменшік «Нұр» қайырымдылық үйінің анасы. Жетпіс үштен асқан кісіні тепкішекпен жүргізе беру де ыңғайсыз. Аптығымызды басып, бір орында отырып əңгімелесуге кірістік.

Әкеден қалған жалғыз тұяқпын

???????????

Ұлан: Апа, шаршаған жоқсыз ба?

Тұяқ апа: Балалардан шаршамаймын, қызым-ау. Алланың маған берген қасиеті ғой деймін, мен отырғанда балалар шуламайды. Балаларға ұрсып, айғайлап сөйлемеймін де. Бұрын жоғары оқу орнында сабақ бергенде, бірде-бір студент сабақтан қашып кетпейтін. Ешкім мені ренжіткісі келмейтін. Əріптестестерім: «Сіздің сабақтан студенттер қалайша қашпайды? Ал біз бес минутқа кешіксек, студенттердің орнын сипап қаламыз» дейтін. Сонда: «Ертең шамалы кешігіп келем, шуламаңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар» деймін. Сол сөзге бəрі құлақ асатын. Ерекше методикам болмады. Қазір де солай. «Адамның жақсы не жаман екенін ит пен бала біледі» дейді ғой. Ең бастысы, өзің балаға мейірімді болсаң, бала сені тыңдайды, сыйлайды.

Ұлан: Балалар үйін ашуға нендей жағдай түрткі болды? Əлде өзіңізде де қиын балалық болып па еді?

Тұяқ апа: Бір атадан жалғыз қалған адаммын. Соғысқа кеткен əкем 1944 жылы қаза болыпты. Мен туылып жатқанда əкемнен қаралы хабар келген. Сондықтан еш уақытта өз туған күнімді тойлаған емеспін. Туған күнімді жек көремін. Негізі азан шақырып қойған атым – Күлзия. Санақ алуға келгенде, əкесінің артында қалған жалғыз тұяқ қой деп, атымды Тұяқ деп жазып кеткен екен. Мен туылғанда шешем 17 жаста болған. Кемпір-шалмен бірге тұрады. 13-ке келгенімде кемпір-шал да өмірден өтті. Жап-жас шешемді аядым. 7-сыныпты бітіргесін Петропавлдағы педагогикалық училищеге оқуға кетем деп шештім де, шешемді 33 жасында əкемнің досына тұрмысқа шығуға көндірдім. Өзімді-өзім жетілдірдім. Қалаға шешемді ертпей, жалғыз бардым. «Біреу сүйрелеп жүрген адам – адам болмайды» деп айттым. Училищені бітіргеннен кейін қазіргі ҚазҰУ-ға оқуға жолдама алдым. Қуанышым қойныма сыймай, шешеме бардым. Байғұс шешем жалғыз көк биесін сойып тастап, той қылайын деді. Бірақ, сол кездегі талап бойынша, басшылық шағын мектеп ашып, мені бала оқытуға алып қалды. Үш жылдан кейін ғана ҚазҰУ-ға келіп, оқуға түстім.

Ұлан: Сізде де бақытты балалық шақ болмады ғой…

Тұяқ апа: Иə, бала кезде бақыт деген ұғымның қандай болатынын да ойлап көрмеппін. Өйткені 7 жасымнан бастап шешеме көмектесемін деп, қара жұмысқа жегілдім. Қыз болып бойжетіп, опа-далап жағып та көргем жоқ. Өмір бойы жұмыс істеп келемін. Студент кезімде үш жерде жұмыс істедім: еден жудым, поштада хаттарды сұрыптаушы болдым. Тапқан-таянғанымды шешеме салып жіберетінмін. Себебі, шешем тұрмысқа шыққан кісінің қайтыс болған əйелінен 3 бала болды. Шешем 7 бала туды. Он баланы жеткізу оңай емес. Олармен бірге тұрмасам да, шешеме жаным ашыды. Жиырма тоғыз жасқа дейін анам үшін өмір сүрдім.

Ұлан: Демек, 29 жасыңызда тұрмысқа шықтыңыз ғой?

Тұяқ апа: Иə. «Отырған қыз орнын табар» дейді қазақ. Жақсы адам жолықтырдым. Үш бала тəрбиелеп өсірдік. 5 немереміз бар. Үлкен немерем мен келінім суретші. Екінші немерем ҚБТУ-да оқиды. Үшеуі оқушы. Үш келінім де өзіммен бірге тұрады. Үлкен келінімнің шаңырағымызға кіргеніне 25, ортаншыма – 20, кішісіне 18 жыл болды.

Ұлан: Үш келіннің басы бір шаңырақтың астында қалай сыйып отыр? Ене мен келіннің реніші болмай ма?

Тұяқ апа: Құдай сақтасын! Беті аулақ. Мен не айтсам, келіндерім соны істейді. Үшеуі де мұғалім. Сондықтан ба екен, «əріптестеріммен» оңай тіл табыстым. Үш келінді де өзім таңдадым. Балаларымның алғашқы махаббаттары ғой. Байқасам, бəрі əйбəт. Сөзге келместен алып бердім. Үлкенім қаланың қызы болса да, жүрегі сондай жұмсақ. Түрі де сүп-сүйкімді екен. Қазір менің сүйенішім сол. Үшеуі де ақылды. Келін деп айтпаймыз, қыздарым деп сөйлейміз отағасы екеуміз.

0713-R1

«Біздің анамыз – қазақ»…

Ұлан: Балалар үйін ашқаныңызға жиырма жылға жуықтады ғой деймін…

Тұяқ апа: 1998 жылы осы балалар үйін аштым. Ол кезде министрлікте жұмыс істейтінмін. Зейнеткерлікке шығуыма аз ғана уақыт қалған. Министрлікті Астанаға көшіретін болды. Суық жаққа барғым келмеді, балаларым да қарсы болды. Сөйтіп не істерімді білмей жүргенде, біздің елге Франциядан делегат келетін болды. Оған күйеуіміз екеуміз де шақырылдық. Ол уақытта министрліктің адамдары бір-бірінің киіміне қарап қалған болатын. «Анау не киіп барды, мынау не киіп келді?» деп қарайтын. Жолдасымның аяқ киімі тозып қалған екен. Содан базарға тарттық. Аяқ киім қарап тұрсақ, біреу етегімнен қайта-қайта тартқылайды. «Мынау кім өзі?» деп қарап қалғанымда, кішкентай қыз жылап жіберді. Беті-аузы сатпақ сатпақ, үсті-басы кір-кір бала: «Апа, қарным аш» дегенде, жандүнием қопарылып кетті. Құшақтай қап, жыладым. Жолдасыма: «Француздар бізді іздей қоймас, бармай-ақ қояйық» дедім. Əлгі жеті жасар қызды жуындырып, үстіне киім əперіп, тұратын жеріне алып бардым. Əкесі ішкілікке салынып, шешесін ұрып тастаған екен. Содан бүйрегі істен шығып, ауруханада жатыр екен. Ал кішкентай қыз бес жасар сіңлісімен бірге екі аяғы жоқ орыс кемпірдің үйінде тұрады екен. Бармақтай қыз қайыр сұрап, үш адамды асырап отыр екен. Көп ұзамай орыс кемпір де қайтыс болды. Оны көметін ешкімі жоқ. Базарда кездескен қыз сіңлісін жетектеп бізге келді. Сол кезде «нар тəуекел» деп, екі баламның, өзіміздің үйімізді сатып, осы балалар үйін аштық. Есікті ылғи ашық қалдырдық. Қайдан естігендерін білмеймін, тез арада 120 бала жиналды. Бірде таңертең ұйқыдан тұрсақ, ауланың дарбазасынан үш бала сығалап қарап тұр. «Осы жерде «добрая фея» бар деп айтты. Соны іздеп келдік», – дейді. Сол кездерде тұрмыстың тауқыметін тартқан отбасылар балаларына қарамай кетті. Бір үйден жеті балаға дейін көшеде қаңғырып кеткен. Он жеті жылдың ішінде 3 лек бала шығардым. Қазір төртінші лекті тəрбиелеп жатырмыз. Жазда ғана 3-9 жас аралығындағы 73 баланы қабылдап алдым.

Ұлан: Сіздерде қанша адам жұмыс істейді?

Тұяқ апа: 12 адам жұмыс істейді. Қазір кілең кішкентай балалар. Кеше ғана бір баламның көзіне операция жасатып келдім. Түнімен ұйықтамай, уайымдадым. Шешесі үйіне інісі екеуін қамап кетеді екен. Інісі тамақ бере қоймадың деп, шанышқыны лақтырып жібергенде, көзіне кіріп кетіпті. Содан көзі көрмей қалған. Бастапқыда көзі көрмейтінін білгем жоқ. Бір көзін ылғи қысып қарайды. «Неге олай қарайсың?» десем: «Көзім көрмейді» дейді.

Ұлан: Талғар қаласында орналасқан мектептерге бара ма балалар?

Тұяқ апа: Бастапқыда осы жерде сабақ беріп бастағам. Бір ғимараттың ішінде айналып жүре бергесін бе, балаларға қызықсыз, көңілсіз болды. Сосын 120 баламды қатарға тұрғыздым да, мектепке тарттым. Аралас тілдегі мектепке апардым. Орыс балаларды орыс сыныбына, қазақ балаларды қазақ сыныбына бердім. 10 күннен кейін мектеп директоры шақырады. Жүрегім ұшып кетті. Балаларым тəртіпсіздік жасап, бірдеңе бүлдірді деп ойладым. Директордың кабинетіне кіріп барсам, ішегі қатып күліп, бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Орыс балаларының ішіндегі ең үлкені, 4-сыныпта оқитын Коля деген баланың директорға жазған өтініші екен. «Қадірлі директор аға! Сізге хат жазып тұрған Коля. Біздің орыс сыныбында оқығымыз келмейді. Қазақ тілінде оқығымыз келеді. Бізді қазақ сыныбына ауыстырыңыз. Өйткені, біздің анамыз – қазақ», – деп жазыпты. Сонда жылағаным-ай. «Анамыз қазақ» дейді. Сөйтіп тұрған баланы қалай жақсы көрмейсің, қызым?! Мына өмірде сен мейіріміңді аямасаң, сенен де ешкім мейірімін аямайды. Балаларым Талғардағы №6, №49 мектептерде оқиды. Біздің балалардың басқалардан ерекшелігі – өмірге деген құш- тарлықтары зор. Лагерьлерге барамыз жазда. Сонда біздің балалар жарыстарға қатысса,

ылғи бірінші болады. Енді 2-3 жылсыз ондай жарыстарға қатыса алмаймыз, балалар тым жас.

50 қызым тұрмысқа шығып, 30 ұлым үйленді

IMG_8989

Ұлан: Балаларыңыздың жетістіктерін айтыңызшы…

Тұяқ апа: Менің принципім – балалар 18 жасқа толғанда, өзін- өзі асырай алатын толыққанды адам болып шығуы керек. Осы жерден тəрбиеленген 350 балам жоғары оқу орнында оқыды. Осында жүріп, барлығы көлік жүргізуді, тамақ жасауды үйренеді. 12 адам ғана жұмыс істейді деп айттым ғой. Күніге балаларды үй тірлігіне араластырып, «Кəне, кім тамақты жақсы дайындайды?» деп отырып, еңбекке баулимыз. Осы уақытқа дейін 50 қызымның жасауын жасап, қолдан ұзаттым. «Жетім екен» демесін деп, газ плитасына дейін алып береміз. 30 ұлымды үйлендіріп, той жасадым. 35 немерем бар қазір.

Ұлан: Тойды осында жасайтын шығарсыздар?

Тұяқ апа: Жоқ, мейрамханада жасаймыз. Балаларымның сəн- салтанаты жарасқан жерде қуанышқа кенелгенін қалаймын.

Ұлан: Біздің елімізде қайырымды жандар көп пе?

Тұяқ апа: Қайырымды болу əркімнің жүрек жылуына байланысты. Қазақ немістің де баласын бауырына басқан халық. Шындығына келсек, біздің балаларды асырап отырған студенттер мен жастар. Солар қайырымдылықты көп жасайды. Əртүрлі шаралар ұйымдастырады. Ал орта жастан асқан адамдардың мұнда келуі некен-саяқ…

Ұлан: Сізді 350 баланың анасы деп мақтанышпен айтамыз. Негізі балаларыңыздың нақты саны қанша?

Тұяқ апа: Жоғары оқу орнын бітіргендердің саны – 350. Жақында министрліктен менде тəрбиеленген балалардың есебін сұрады. Сонда мектеп директоры: «Апа, сізден осы уақытқа дейін бізде оқып жатқан балалардың саны 628 екен», – дейді. 17 жылда 628 баланы бауырымызға басыппыз. Соңғы қабылдағандарымның арасында 80 пайызы қазақ баласы, 3 орыс баласы бар. Қазақтар қазір қатты бұзылды. Білесің бе, көбіне ешқандай құжатсыз, тіл-хатсыз есіктің алдына тастап кетеді. Жүрегің ауырады…

Ұлан: Əрқайсысының мұнда келуде өз тағдыры бар ғой…

Тұяқ апа: Бірде Алматыға қарай кетіп бара жатсам, бір бала екіншісін иығына салып алып, аяғын сүйретіп келе жатыр екен. Тоқтай қалдық. Жастары ересек көрінген. Сөйтсем, біреуі 14-те, екіншісі 12-де екен. Аяғын соғып алып, жарақаттап алған көрінеді. Мəн-жайды білген соң мəшинеге салып алып, осында алып келдім. Жуындырдым. Түнгі тəрбиеші аяғы жарақат баланың түнімен ұйықтамағанын айтты. «Жедел жəрдем» шақырсам, дəрігерлер: «Бұл бала жаман ауру шығар. Арнайы тексерту керек» деп жанына жуымады. Өйткені, аяғы күп болып ісіп кеткен, жағымсыз иіс шығып тұрған еді. Сосын балама жаным ашып, аяғының ісігін өзім тілдім. Ірің атқылады. Тазалап болғасын, бір күн оянбай ұйықтады. «Мама, сіз болмағанда аяқсыз қалар едім», – дейді балам. Қазір үйленген, баласы бар. Көлік жүргізеді.

Ұлан: Апа, арманыңыз бар ма?

Тұяқ апа: Жуықта Талғардың қақ ортасынан жер алдым. 5 қабатты 2 үй тұрғызу жоспарымда бар. Əрине, демеушілер тапсам. Сосын балаларымды сол жерге 18 жастан кейін енші беріп шығарамын. Əрқайсысына өз альбомдарын жасап берем. Қызым, саған мақтаншақ болайын, міне, үйдің сызба-жоспарына дейін жасатып қойғам. Қарашы…

Тұяқ апа үйдің сызбасы жасалған суретті алып көрсетті. Өзі сызбаға қарап мəз. Өзге түгілі өзінің баласына төтеп беруге көп ата-ананың жүйкесі шыдай бермейді. Бұл кісінікі – ерлік. Іштей осы сөзді қайталап қойдым. Балалар ұйқысынан тұрған уақытта Акт залына бардық. Мөп-мөлдір, тұп-тұнық көздер жəудіреп отыр екен. Бізді көре сала, «Сəлеметсіз бе, мама! Сəлеметсіз бе, апай!» деп хормен шу ете қалды. Ең кішкентайы 3 жаста, үлкені 9-сыныпта оқиды екен.

Қолымда тəтті салынған дорба мен газет-журнал бар еді. Үлкендері газетке жармаса кетті. Кішілері олардан көргенін істеп жатыр.

– Апайларың суретке түсіргенде əдемі болып отырамыз, – дейді

тəрбиеші.

– Апай, апай, – деп түрткілейді кішкентай Əмина деген қыз. – Мен газетті оқып болдым, енді суретке түсіресіз бе? – Сендей сұлу қызды суретке

түсірмегенде, кімді түсірем! Көзің қандай əдемі… – деп Əминаны кадрға қайта-қайта тарттым.

– Апай, біз суретті жақсы саламыз. Сонда біздің сурет те газетке шыға ма? – деп жамыраса кетті балалар менің əңгімемді естіп, газетке бір қарап.

– Мынау менің салғаным…

– Менікін де алыңызшы… – деп балалар əп-сəтте алдыма өздері салған суреттерді жаудырып тастады. Бəрінің көздеріне мен жақсылық жасаушы періштедей көрініп тұрмын… Олардың салған суреттері газетке шықса, өмірлері басқа арнаға өзгеріп кететіндей үміттенеді. Əр бала бұл үйге əртүрлі тағдырмен келген.

Біреуінің фамилиясы «Қазақ» екен. Басында түсінбедім. 4 жасар баладан қайта-қайта сұраймын.

– Фамилиям – Қазақ, – деп жаңылыспағанын білдіріп, тақ-тақ етеді.

Иə, ол көзі мөлдіреген ҚАЗАҚТЫҢ бір баласы екен. Мен екен ғой, фамилияда жасырылған тағдырдың сырын ұқпай, сұрақты қайталай берген… Тағдырға ерегескенде, үлкейгенде білімді, тəрбиелі азамат болып өсіңдерші! Сендерге қарап, бəрі таңғалатын болсыншы! Осы тілектерді ішімнен қайта- қайта айттым. Қоштасарда Тұяқ апаның арманын өзіммен бірге ала кеттім. Ертең осы ұядан кеткенде жолдарың жарқын болса екен, тұнықтарым…

Жадыра Нармаханова

«Ұлан», №10

08.03.2016

 

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз