Жыл аралығында белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин өтімді пікірлерімен қайта көрінді. Біз саясаттанушының Петропавлды Қызылжар деп атау турасындағы дауға белсеніп араласқанын айтып отырмыз. Әдетте билік тарапындағылар ши шыққан жерге «от тастамауға» тырысатын. Ал «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин ойын ашық жеткізді. Күнтізбелік жыл басынан «Айтқышбек» деген жаңа айдар ашып отырған «Ақ желкен» журналына бұл «іздегенге сұраған» болып отыр.

«Айтқышбек» айдары аясында қоғамдық пікірге ықпалы бар саясаттанушылар мен депутаттардың әр кезде айтқан әрқандай пікірлерін салыстыра отырып жарияламақшымыз. Бірде олай сөйлеп, бірде былай сөйлеп, сөзінен аяқ астынан танып кету үйреншікті жайтқа айналғаны өтірік емес. Ендеше «Айтқышбектеріміз» кейде елдің алдында саяси ұпай жинау үшін айтарын аймандай қылып айтып салып, бірақ үй айнала беріп басқаша сайрап жүрген жоқ па, оны да білгеніміз жөн шығар.

Жыл бойы жүргізілетін атаулы айдарымыздың алдағы һәм автор, һәм кейіпкерлері Нұрлан Ерімбетов, Досым Сәтбаев, Ермұхамет Ертісбаев, Дос Көшім, Әзімбай Ғали, Бекболат Тілеухан, Әміржан Қосанов, Нұрлан Сейдін, Шәріпбек Әмірбек, Берік Әбдіғали, Сейдахмет Құттықадам, Айдос Сарым, Сайпулла Оспановтар екенін жасырмаймыз. «Қорқақ қоян» жылының соңғы аптасында журналымыздың тағайындаған «Айтқышбек» жүлдесін жоғарыда есімдері аталған саясаттанушылардың ең шыншылына жария түрде табыс етпекшіміз. Сондықтан да осы «Айтқышбектеріміздің» соңғы уақыттағы көкейіңізге қонған не қонбаған ой-пікірлері мен болжамдары туралы жазарыңыз болса, үшбу хатыңызды асыға күтеміз. Кімнің кім екенін бірге анықтайық, құрметті оқырман!

Сонымен алғашқы таңдаған саясаттанушымыз Ерлан Қарин не деді екен?

Ерлан ҚАРИН:

Астанадан 100 шақырым жерде, Ерейментау бағытында, Торғай атты елді мекенде екі балбал тас тұр. Өте әдемі, түркі дәуірінен қалған тас. Айына бір рет барып күш-қуат жинап қайтамын.

***

Баян-Өлгей аумағында жүргенде Сеңгіл ауылының әкімі, менің партия хатшысы екенімді ескерген болар: «Партияға тас не керек, адам керек емес пе?» деп әдемі әзілдегені бар. Әрине, мен тас емес, рух іздеп жүрмін… Алашты зерттеушілер көп қой, ал мені қызықтыратыны – Алаш зиялыларының елдік рухы, ұлтшылдығы, халық үшін кез келген құрбандықтан таймайтыны, даналығы һәм өжеттігі. Осындай асыл мінездердің барлығын Алаш зиялыларының бойынан табамыз. Және таңқаламын: осыншама қасиет бір адамның бойында қалай қалыптасқан? Ал бүгін бір тұлғаның бойынан осыншама қасиеттерді көру өте қиын болып кетті: ғалым болса, күрескер емес, күрескер болса ғалымдығы жоқ, қайраткер болса, мінез жоқ…

***

Қазір ұлттық тақырыпта пікір-сайыс жоғалып кетті. 60-шы, 80-жылдарды айтпаған күннің өзінде, 90-жылдардың басында ұлт мәселесі туралы көп айтылатын, көп жазылатын. Мен үшін осы кезең қызықтырақ еді. Ірі-ірі тұлғалар арасында тәп-тәуір тарқырыптарға пікір-таластар болатын. Ал соңғы кездері тұлғалар арасындағы интеллектуалды пікірталастар жеке бастың айтыс-тартысына ауысып кетті. Кезінде орталықтағы осындай ұсақ дау-дамайлар әбден жалықтырған соң аймаққа – Маңғыстауға кетіп қалдым. Аймақта жүріп көңіл құлази бастағанда Берік Әбдіғалиевтің «Қазақ миссиясы» мақаласын оқып қуанып қалдым. Неге? Бізге сұрақты дәл осындай формада қоя білу керек.

***

Дәл қазір мен елдегі демократия, жемқорлық, денсаулық сияқты мәселелерге байланысты «дөңгелек үстел» өткізіп, оған билік өкілдерін қатыстыра аламын. Ал ашаршылық, Алаш тақырыбына арнап алқалы жиын өткіземін дейінші, оған ешқайсысы келмейді. Келгені үнсіз отырады. Оның объективті себебі бар. Өйткені, бүгінгі элитаның дені ұлттық тәрбиемен сусындамаған. Сондықтан олар бұл тақырыпқа қызықпайды. Тағы бір бөлігі ұлтшылдықтан өзіне қатер көреді. Мұны мен олардың бойына

86-жылғы Желтоқсан оқиғасынан жұққан үрей шығар деп ойлаймын.

***

Көп жастардың өз ойларын қазақша жеткізіп, еркін сөйлегенін көргенде қуанасың. Бізді ата-анамыз қаладағы жалғыз қазақ мектебіне берді. Оның өзі аралас мектеп болатын. Осы орайда айтарым, жалпы ұлттықты сақтап қалудың екі жолы бар: дін мен тіл. Біздің ұлттығымызды сақтап қалған ең соңғы фактор дін болды. Егер біз діннен айырылғанда он-ақ жылда жойылып кететін едік. Тілімізден айырылып бара жатсақ та діннен айырылмадық. Соның арқасында қазақ – қазақ болып қалды. Кеңес өкіметі кезінде қазақша білмесе де кез келген бала сүндетке отырғызылып жатты.

***

Елде 67 пайыз қазақ тұрады. Оған түркітілдес бауырларымызды қоссақ, қазақша сөйлеуге құлықты қауымның үлес салмағы

80-90 пайыз болады. Абсалюттік көрсеткіш!

***

Егер де біз белгілі бір өзгерістерді қабылдайтын болсақ, онда оны «біреу ақыл айтты» деп емес, керісінше, ең алдымен өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізге сай қабылдауымыз керек. Сондықтан да «БАҚ туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер де ішкі қажеттіліктермен айқындалған.

***

Ресей Мемлекеттік думасының әрбір депутатының өмірдерегін жатқа білеміз де, қырғыз, өзбек саяси партияларының серкелері туралы мағлұматымыз өте аз.

***

Үкімет басшысы Үкімет отырысын қазақша өткізсе, соған алақайлап қуанып, сүйінші сұрап, мақтап жатамыз. Жалпы, қазақтілді журналистердің арасында ортақ көзқарас, ортақ ұстаным жоқ. Үкімет отырысы қазақ тілінде өтті, біріміз оны жатып кеп мақтаймыз, ал біріміз сынаймыз, біз әуелі анықтап алайықшы: бізге осы не керек?

***

Мен «қазақстандық ұлт» концепциясын қолдаушылардан емеспін. Менің ойымша, ұлттық саясатта ең әуелі қазақтың бірлігін қалыптастыруды ойлау керек. Қазақтың мүддесі шешілмейінше, ресми түрде насихатталып жүрген «қазақстандық ұлт» идеясы жүзеге аспайды. «Ғаламат қазақ ұлтын» жасаймыз ба, «қазақстандық ұлт» концепциясын жасаймыз ба, қай-қайсысының да өзегі – қазақ ұлты болуы керек. Қазақстанда ең әуелі қазақ мәселесін тиянақтап алу керек.

***

Мен Шымкенттегі мұражайда Кенесарының қылышы бар дегенді естіп, биылғы наурызда балаларға көрсетпек болып, сонда ертіп бардым. Ауызша аңыздай қылып айтқанменен, оның бір мүлкін көрудің өзі – тәлім-тәрбие емес пе?! Сонымен Шымкент орталық мұражайының о шеті мен бұ шетін түгел аралап, көре алмадым қылышты. Ақыры, амал жоқ, ұяла-ұяла сол жердегі мұражай қызметкерлерінен сұрадым. Сөйтсем, Кенесарының қылышы шеткі бір бұрышта елеусіз ілініп тұр екен.

***

Біреу: «Мемлекеттік қызметке орналастыру кезінде басқа ұлт өкілдеріне квота беру керек», – деді. Сонда бір кісі күліп айтты: «Ең ғажабы, Қазақстандағы қазақыландыру мәселесі күшейіп кетті деген мәселені біз екі сағат бойы орысша талқылап отырмыз», – деді. Маған сөз бергенде мен былай дедім: «Бізде ішкі саясат – екіжүзді. Қазақ шуласа, қазақтың ыңғайына жығыламыз, орыс шуласа, орыстың ыңғайына жығыламыз. Екеуіне де жаққымыз келеді. Тұрақты ұстаным жоқ».

***

Бір-біріне оппонент болған Жармахан Тұяқбай мен Әлихан Байменов бірігуге тырысар. Бірақ, екі ұйым жетекшілері арасында шешілместей көрінетін жеке адамдық күрделі қарым-қатынастар бар. Мұны да қаперде ұстаған жөн. Дегенмен, оппозицияда міндетті түрде іштен бүлінушілік орын алады.

***

Қырғызстанда қалыптасқан бүгінгі күрделі жағдайдың басты себебі – ол, әрине, экономикалық мәселелердің шешілмеуінде.

***

Қызылжар төңірегіндегі қырқыс ең алдымен ақпараттық саясатымыздағы «Ахиллес өкшесінің» қайда екенін анықтап берді. Қалай десеңіз, біздегі орыстілді және қазақ басылымдары бір мәселені екі аудиторияға, бір-біріне қайшы келетін екі сипатта беріп келеді. Мысалы, мен еліміздегі 33 ақпарат құралдарының осы тақырыпты қалай бергеніне байланысты контент-анализ жасадым. Оның 19-ы – баспа құралдары, 8-і – интернет ресурстар болса, алтауы – телеарна еді. Жалпы, бұл тақырып бойынша 55 материал жарық көрсе, оның 20-сы қолдап, 16-сы сынап, ал 19-ы бейтарап бағытта беріп құтылған. Осылайша, Қызылжар мәселесінде орыстілді БАҚ-тың дені ақпараттың өңін теріс айналдырып берсе, қазақ басылымдары мұны қолдап, жақтап берді. Ақиқатына келгенде, ақпараттық саясатта аудиторияны жасанды түрде екіге бөліп қойдық. Қоғамдық сананы да екіге бөліп тастадық. Тап осы мәселеде саясаткерлер мен зиялы азаматтарымыздың қай тарапқа шығарын білмей, басын қасып жүргені осыдан деп білемін. Қолдап шықса, орыстілді басылымның оттауы борайды. Қарсы шықса, қазағының «қарғысына» қалады. Яғни, қостілділік саясаты ұлттық саясатымыздың өзегіне сына қағып, бір тұлғаның қазақ үшін басқа, ал орыс үшін мүлде басқа әңгіме айтатындай абсурд жағдайына алып келді. Бұл енді толғанатын-ақ тақырып. Үстіміздегі жылы қабылданған доктринада бір тарау – «Бір Отан және Бір Тағдыр» деп аталады. Отанымыз біреу болса, бірақ айтылатын әңгіме, жүргізілетін саясат екеу болып шыққаны ма сонда?

***

Жәймендеп, жөнімен түсіндірсе, қоғамдық пікірді туралауға әбден болады. Бұл мәселені көп дауластырмай, саясиландырмай, баяғыда-ақ шешіп тастау қажет еді. Сол сияқты Павлодардың атауын да бір ретке келтіруіміз тиіс. Сондықтан, шешімді көп созбай, мәселені бір жаққа шығару қажет. Қазақ халқы ешқашан өзге ұлттарға қысастық көрсетпеген, арандатуға ермеген. Бұрын да, қазір де солай болып келді. Достық пейілімізге, қонақжай мінезімізге күмән келтіретіндей қылыққа бармадық. Демек, өзге ұлттар да біздің заңды талабымызға түсіністікпен қараса, заңды ықылас деп қарар едік. Бүгін болмаса да, Петропавл атауы түбінде өзгереді.

***

Оппозиция бүгінгі жағдайдың даму барысына аса қатты күйзеліп отырған жоқ шығар. Оны айтасыз, референдумды өткізуге қатысты бастама олар үшін шын мәнінде, жаңа жылдық сый болды. Неге дейсіз ғой?! Референдумның өтуі оппозицияға «өз абыройын» сақтап қалуға мүмкіндік береді. Тіпті сайлау өз уақытында өтіп, оппозиция бірегей үміткерімен саяси додаға қатысса да, билік қарсыластарының жеңіп шығуға мүмкіндігі өте аз болуы мүмкін еді. Өз кезегінде оппозицияның кезекті жеңілісі халықтың оған деген сеніміне әсер етіп қоймас па еді, ал бұл жайт оппозицияны кезекті дағдарысқа душар етер еді. Бұл дегеніңіз – жаңа дау-дамайлар, бөліністер мен өзара айып тағулар, тағысын тағылар.

P.S: «Қозыжаурын» Қариннің: «Кейде күнделікті қоғамдық-саяси жұмыстардан бас тартып, осындай ұлттық ірі жобалармен айналыссам деп ойлайсың. Себебі, бұған менің бетімді ешкім қайтара алмайтындай қызығушылығым оянған. Саясат аумалы-төкпелі, уақытша әрі алдамшы. Біз іргесі жаңа бекіп жатқан мемлекетпіз, бізге әлгіндей ағартушылық салада көп жұмыс істеу керек», – деген де сөзі бар. Айтпақшы, «Қозыжаурын» деп отырғанымыз…

Ерлан Қариннің «Қазақ ауыз және жазба әдебиетіндегі жебе түрлерінің атаулары» атты зерттеу мақаласына тарихшы Т.Зәкенұлының кітабынан алынып берілген мынадай аңдатпа бар: «Оқтардың өз атауларына байланысты жалпақ, екі қырлы болып келгендерін «қозыжаурын», «көкжендет» деп атаған. Бұдан байқағанымыз, оқтардың да өзінің атқаратын міндеті мен түріне қарай да жеке атаулары болғандығын білеміз. «Қозыжаурын» қазақ әдебиеті мен көптеген танымдық материалдар және зерттеу еңбектерінде ең көп қолданысқа ие жебе атауы».

Оқтың осы түрі көркем әдебиетте былайша орын алады: «Жалаңаш сарайдан алшаңдай шыға келіп, қорамсақтан қозы жаурын оқ алып адырнаға басты да, әй-шәйға қарамай Күнкені көздеп тұрып тартып қалды».

«Қазақ сөздіктері» сериясымен «Дайк-Пресс» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Қозыжаурын – масағы болаттан жасалған, жалпақ басты садақ; жебе» деген түсініктеме беріліпті.

Өмірде отбасын бірінші орынға қоятын Ерлан «отбасы мемлекетті құрайды» деген өзінше қағида ұстанады. Сондықтан балаларын мұражайларға жиі ертіп барып, тарихи орындармен таныстырудан жалықпайды екен. Төртінші сыныпта оқитын үлкен қызы Айжан да әкесі сияқты балбал тастарды зерттеумен айналысатын көрінеді. Одан кейін Әмина, Бекназар және Зере есімді перзенттері бар. Қолы қалт еткенде Құдай қосқан қосағы мен балаларын ертіп демалыс орындарына, шетелге тартып тұрады-мыс.

Отыз төрт жастағы белгілі саясаттанушы Ерлан Қаринді ұлтқа жақындығына қарай іштартып, әрі өзі зерттеп жүрген тақырыбына орайластырып «Қозыжаурын Қарин» атадық. Ал келесі кейіпкеріміз саяси сахнадағы сұранысқа орай «еркетотай» – Ерімбетов, «қазымыр қайыната» – Бекболат Тілеухан, «атанжілік» – Ертісбаев немесе жоғарыда есімдері аталған саясаттанушылардың кез келгені болуы мүмкін. Сіздерден де ұсыныс күтеміз.

КЕЙІПКЕР ЖАЙЛЫ КӨЛДЕНЕҢ ПІКІР

Белгілі журналист Қасым Аманжол:

Ерлан ұлттық мәселелерді көтеріп жүреді. Ұлт қайраткері болғысы келеді. Президентті ұлықтайды. Алаш қозғалысын сүйетін сияқты. Бірақ, Алаш қайраткерлері шынайы демократтар еді, өз бастары кетті, бірақ шындық жолымен жүрді. Жеке басқа табынумен айналысқан жоқ. Бүгінгі ситуацияда енді бұлар қайтер екен?..

Сосын Ерлан Қарин дегенде менің есіме елеусіздеу бір оқиға түседі. Ерлан Қарин «Асар» партиясында орынбасарлықта жүргенде, осыдан 5-6 жыл бұрын «Шынның жүзі» хабарына шақырдым. Саясаттанушы ретінде, жаңа өсіп келе жатқан партиялық функционер ретінде бүгінгі заман талабын түсінуі жағынан елден озық біршама жақсы ойларын ортаға салды. «Шынның жүзі» өткір, сыни, қолайсыз сұрақтарға негізделгенін өздеріңіз де білесіздер… Әңгіме барысында Қарин мырза: «Негізінде мен ұлт қайраткері ретінде танылып, ұлттық мәселелерге байланысты өзіндік жолымды қалыптастырғым келеді», – деді. Сол кезде оған «Асар» партиясының сайты жайлы мынадай сұрақ қойдым: «Өзіңіз ұлттық мәселені айтып отырсыз, ұлт қайраткері болғыңыз келеді, бірақ, сіздердің сайттарыңыздың мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ екен. Бұны қалай түсіндіресіз? Жауапты адам ретінде, «Асар» партиясы төрағасының орынбасары ретінде не дейсіз?» – дедім. Ол жауап бере алмай, тығырыққа тірелді де қалды. Ондай қысылған адамдар «Шынның жүзінде» өте көп болатын. Бұлталақтап, қашып-пысып әрең құтылушы еді. Сондай адамдардың сыннан қорытынды шығарғанын өте сирек көрдім. Сосын, хабар жарияланып кеткеннен 2-3 күн өткеннен кейін Ерлан Қарин хабарласып: «Біздің сайтты қараңызшы. Қазақша нұсқасын жасап біттік. Сіздің хабарыңыздан кейін осыны қолға алған едім», – деді. Бұл жерде айтқым келгені: біздегі саясаткерлер ұзаса жақсы идея, жақсы пікір айтумен ғана шектеледі. Ал оны орындаумен, нақты жұмыспен басқалар айналысу керек сияқты көреді. Біздегі саясаттың сапасы сондай болып кетті. Көлгірлік көп. Ерлан Қариннен көрген бір жақсы қасиетім – сол сұраққа қатты қысылды, сынды қабылдады, мойындады және одан нәтиже шығарды. Ерланға сол оқиға сабақ болды деп ойлаймын. Ерлан Қаринге байланысты есіме түскені – осы.

Белгілі журналист Жұлдыз Әбділда:

– Бір риза болатыным, Ерланның болмысы қазақы. Ой-пікірлері де жақсы. Бірақ, ол өзінің мүддесін ешқашан ескерусіз қалдырмайтын адам. Былайша айтқанда, «әккі» саясаттанушы. Ол өзіне пайдалы нәрсені де, зиянды нәрсені де жақсы біледі. Керек кезінде өзінің басын арашалап алатын да қабілеті бар. «Нұр Отанға» кеткелі ешқандай байланысым жоқ. Өзі соңғы жылдары «есік-терезесін» тарс бітеп алатын болды-ау деймін.

Ерлан Қарин алғашқы жылдары жап-жақсы пікірлер айтып жүрді. Әсіресе, ұлттық мүдде тұрғысындағы салмақты әрі салиқалы ой-пікірлері атап айтуға тұрарлық. Әкімшілік жағалаған анабір жылдары Ерлан ашық әңгімеден қашқақтай бастады. Бірақ, өзі қызмет еткен жерлерге, қазіргі «Нұр Отанға» көп пайдасы тиіп жатқан болуы керек.

Балжан Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы (№1, 2011).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз