477726_361945973861463_1568728856_o

Ол елге танымал «жұлдыз» емес. Қарапайым кардиохирург. Өз мамандығын жанындай жақсы көреді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша кардиохирургияны оқыған санаулы мамандардың бірі. Бүгінде А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық Ғылыми Хирургия орталығында кардиоxирургия бөлімінде жүрегі ауырған жандарды емдейді. Ауылдан келген ағайын өзін түсінетін дəрігер іздегенде, алдынан осы кардиохирург шығады. Ол кітап оқығанда біраз филологты жолда қалдырады. Симфониялық оркестрдің концертіне, театрға барғанда, өнер тақырыбында да қызықты əңгіме айтады. Мұрат Айтқожиндерден бастап, Нағашыбай Шəйкеновтердің еңбектері жөнінде де ой бөлісе кетеді. Қысқасы, миы бір салада «қатып» қалмай, жан-жақты жұмыс істейді. Кейіпкеріміздің аты-жөні – Бауыржан Алдабергенұлы Рақышев. Бауыржанмен əлемдегі ең беделді мамандықтардың санатына жататын кардиохирургия жөнінде əңгімелесіп көрдік. Жас жеткіншек үлгі алса, осындай азаматтардан үлгі алсын дедік біз.

Ұлан: Бауыржан, не үшін кардиохирург мамандығын таңдадыңыз? Бала кезден осы мамандықтың иесі болғыңыз келді ме?

Бауыржан: 1983 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Үлгілі ауылдық кеңшарына қарасты Нартай Бекежанов атындағы ауылда дүниеге келдім. 1990 жылы мектепке бардық. 2000 жылы өзіміздің ауылдағы мектепті қызыл аттестатқа бітірдім. Бала кезде дəрігер болуды армандап, бір жағы ата-анам кеңес бергесін қаладым. Ол кезде кардиохирургия Қазақстан бойынша Сызғанов орталығында ғана бар болатын. Өзім заңгерлікке де, журналистикаға да қызықтым. Біз оқуға түсетін кезде үш мамандықты таңдап көрсетуге болатын. Бірінші заңгерлікті, екінші журналистиканы, үшінші халықаралық қатынастар мамандығын көрсеттім. Бірақ, грантты жеңіп ала алмадым. Сосын келесі жылы жақсылап дайындалып, медицинаға тапсырдым. Сол кезде менің бар ойым – əке-шешеме салмақ салмай, тегін оқу еді. 2007 жылы Асфендияров атындағы медицина университетін қызыл дипломға бітірдім. Одан кейін бір жыл хирургия бойынша интернатурада оқыдым. Бірақ, қызыл дипломым бола тұра, Алматыда xирургия саласында жұмысқа орналаса алмадым. Менде ешкімге ешқандай пара бермей, өз еңбегіңмен жетістікке жету деген принцип бар. Сол да əсер еткен болар. Облысқа кету жоспарымда болмады, оқуымды əрі қарай жалғағым келді. Жедел жəрдем бөлімінде екі жыл дəрігер болып жұмыс істедім. Осында «Денсаулық сақтауды басқару жəне саясаты» деген мамандық бойынша магистратураны бітірдім. 2009 жылы «Болашақ» бағдарламасына құжаттар тапсырдым. Мəскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы ғылыми кардиохирургия орталығынан 2 жылдық клиникалық ординатураны бітірдім. Сөйтіп, 2012 жылдан бері Сызғанов атындағы кардиохирургия орталығында дəрігеркардиохирург болып жұмыс істеп келемін.

Ұлан: Кардиохирург болу үшін қандай талаптар қойылады?

Бауыржан: Кардиохирург болу үшін ең бірінші теориялық дайындықтан өтесің. Сосын барып практикаға қатыса аласың. Болмысынан дəрігер болып туылатын жандар сирек. Ақындыққа, жазушылыққа таланты бар адамдар келеді ғой. Бірақ, арасында өте еңбекқор жандар да кездеседі. Кардиохирургия да сондай. Бұл мамандық жартылай əскери мамандық. Сондықтан, бұл мамандық иелерінің мінезі қаттылау болады.

Ұлан: Елімізде кардиохирургия қаншалықты дамыған? Мықты мамандарымыз болса, атын атап айта аласыз ба?

Бауыржан: Біздің орталығымызда кардиохирургияның тарихы 50 жылдан асқан. Астанада да қазіргі кезде кардиохирургиялық орталық жұмыс істейді. Бүгінде еліміздегі кардиоxирургия саласында Юрий Владимирович Пя деген мықты маман бар. Еліміздің бас кардиоxирургы. Көптеген шетелдерде тəжірибеден өткен. Ол кісі жас кардиоxирургтарды тəрбиелеп жатыр. Мысалы, Қазақстанда жүрек трансплантациясы жасалуда. Мұндай операцияларды дүниежүзінде көптеген елдер жасай алмайды. Қазақстан кардиохирургиясының дамуы жағынан, жасалып жатқан операциялардың əртүрлілігі жəне ауырлығы жағынан дүниежүзінде алдыңғы отыздыққа кіреді. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Ресей секілді елдермен терезесі тең бұлтұрғыда. Əрине, біз өзіміздің жасап жатқан шаруаларымызды көп жарнамаламаймыз. УДЗ арқылы құрсақтағы балалардың жүрегін тексеріп, денсаулығын бақылаудан өткіземіз. Егер баланың жүрегінде ақау болатын болса, онда ондай əйелдерді кардиохирургиясы бар орталықта босандырады. Сөйтіп, балаларға бірден операция жасайды. Кейбір балаларға туыла сала операция жасамаса, шетінеп кетуі мүмкін. Жүрек ақауының түрлеріне байланысты операцияны да əртүрлі уақытта жасайды. Соңғы кезде технологиялардың дамуына жəне аурудың түріне байланысты кейбір жүрек операцияларын көкіректің қақ ортасынан кеспей, жүрек тұсындағы қабырғаны тіліп жасайтын болдық. Протез қою, шунттау сияқты операцияны қабырға арасын 5-7 сантиметр етіп тіліп, бейнекамераның көмегімен жасай береміз.

Ұлан: Туабітті жүрек ақауы қандай себептен болады? Соңғы уақытта туабітті жүрек ақауы бар балалардың саны көбейіп кеткен сияқты…

12650242_807067519439108_1862342434_n

Бауыржан: Туабітті жүрек ақауы бар балалар көбейіп кетті деп айтуға онша келіңкіремейді. Дұрысы, қазіргі кезде ауруды тексеру, анықтау əдісі жақсы жетілді. Сондықтан, жүрек ақауы бар балалар көп сияқты көрінеді. Құрсақта жатқан баланың жүрегі 4-аптадан бастап дамып, қалыптаса бастайды. Осы кезде сырттан жəне іштен əсер ететін əртүрлі факторлар нəрестенің жүрегінің жетілуіне ықпал етеді. Туабітті жүрек ақауы тұқымқуалаушылықтан, экологиядан, анасының стресс алуынан, инфекциядан, т.б. көптеген себептерден де пайда болады.

Ұлан: Туабітті жүрек ақауының алдын алуға бола ма?

Бауыржан: Баланың жүрегі дамитын кезеңде əйелдердің стресс алмауын, əртүрлі инфекциялардан қорғануын, сыртқы əсерлерден қорғануын, тамақтануын қадағалаған жөн. Сосын жүктілікті жоспарлап жүргізу керек. Ал, тұқымқуалаушылық ген арқылы берілетін болғандықтан, оның алдын алу мүмкін емес.

Ұлан: Бір операцияға қанша адам қатысады?

Бауыржан: Бір операцияға 3 хирург, анестезиолог, анестезиологтың көмекшісі, перфузиолог, перфузиологтың көмекшісі, операциялық медбике, санитар қатысады. Жүрек ауыстыру операциясына кемінде 30-40 адам жұмыс істейді. Мұндай операцияның бағасы да өте қымбат тұрады. Жүрек ауыстыратын операцияны жасайтын мемлекеттің жағдайы да жақсы деген сөз.

Ұлан: Сонда жүрек ауыстыру қанша тұрады?

Бауыржан: Бағасын есептеп шығару кардиохирургтардың жұмысы емес. Мысалы, жүрек қақпақшаларын ауыстыру сияқты қарапайым операция түрлерінің өзіне миллион теңгеге жуық қаржы кетеді. Бірақ, біздің елімізде жүрекке жасайтын операциялар ақылы емес. Мемлекет жүрек операцияларының бəріне арнайы квота бөледі. Сондықтан, кардиохирургия мен нейрохирургия беделді мамандық саналады.

Ұлан: Осы уақытқа дейін өзіңіз қанша операция жасадыңыз?

Бауыржан: Шынымды айтсам, жасаған операцияларымды санамаппын. Денсаулық сақтау ұйымының мəліметі бойынша, дүниежүзі бойынша жүрек-қан тамыр ауруларынан көз жұматындар көп. Қарапайым қан қысымы, жүрек жетіспеушілігі, инфаркт, денедегі кез келген қантамыр аурулары жүректі зақымдайды. Қазіргі кезде Қазақстан халқының орташа жасы – 72 жас. Дегенмен, кардио, нейрохирургияға көңіл бөлу арқылы өлім-жітім саны бұдан он жыл бұрынғыға қарағанда əлдеқайда азайды.

Ұлан: Жүрекке ота жасатқаннан кейін науқас өзін қалай күту керек?

Бауыржан: Мысалы, мен тəжірибе алмасуға Чеxияға, Германияға, Ресейге бардым. Онда халықтың тұрмыс-тіршілігі жəне медицина саласы бұрыннан дамыған. Сондықтан, олардың тез қалыпқа келуіне тұрмыс-тіршілігі көп əсер етеді. Ал бізде көбіне ауылдан келеді. Өзін қалай күту керегін үйіне қайтарда жақсылап түсіндіреміз. Бірақ, ауылға барғанда кейбір науқастар режим сақтамайды. Операциядан кейін күтім болмаса, оңалып кетуі де қиындайды.

Ұлан: Туабітті жүрегінде ақауы барлар операциядан кейін болашақта жүрегі ешқандай сыр бермей өмір сүре ала ма? Əлде өмір бойы күтініп жүруі керек пе?

Бауыржан: Туабітті жүрек ақауының жеңіл түрі, ауыр түрі, өте ауыр түрлері кездеседі. Соған байланысты қанша жыл мүгедек болу-болмауы немесе өмір бойы мүгедектік берілетіні анықталады. Баланың жүрек ақауын неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым ертерек операция жасап, қалыпты өмір сүруіне жағдай жасауға болады. Мысалы, кішкентай кезінде жүрегіне операция жасаған қыздар өзі босанып, бірнеше баланың анасы да бола алады. Мүмкіндігінше тезірек ем алып, дəрігердің қадағалауында болса болды.

Ұлан: Ресейде оқыдыңыз. «Болашақ» бағдарламасы бойынша соңғы кездері АҚШ, Еуропа елдерін таңдайтындар көп. Ре- сейден де медицинасы мықты дамыған елдерге баруға болмады ма?

Бауыржан: Хирургияда қай жерде тəжірибе көп жасалатын болса, сол жерден көп нəрсе үйренесің. Ресейде мен оқыған орталықтың өзінде жылына жүрекке ашық түрде 4-5 мың операция жасалады. Ал қантамырлары арқылы ине жіберумен болатын «жабық» операциялар (эндоваскулярлық хирургия) саны 15-20 мыңға дейін жетеді. Сондықтан, Ресейді таңдадым. Болашақта шетелге тəжірибе алмасуға барып тұрамын деп үміттенемін. Негізі кардиохирургия бойынша АҚШ пен Жапонияда көптеген жаңалықтар жасалады.

Ұлан: Сызғанов атындағы орталықта жылына қанша операция жасалады?

Бауыржан: Ашық түрде 400-дей, жабық түрде көп операциялар жасалады.

Ұлан: Адам жүрегінде сізді таңғалдыратын дүниелер бар ма?

Бауыржан: Ресейдің Лео Антонович Бокерия деген бас кардиохирургі бар. Оқып жүрген кезде мен ол кісіге екі рет ассистент болдым. Сол кісі: «Осы кезге дейін жүректен артық керемет жаралған нəрсені көрген емеспін», – дейді. Шынында да, жүрек адам таңғалатындай нəрсе. Жүректің бəр бұлшықеттен тұрады. Ол жиырылады. Ештеңеге бекітіліп тұрған жоқ. Жəй ғана тамырға ілініп тұр. Əр бөлігі лаборатория сияқты жұмыс істейді.

Ұлан: Шетелде жұмыс істегіңіз келмей ме? Бұл жақта дəрігерлердің жалақысы аз деп кетіп қалғыңыз келетін сəттер бола ма?

Бауыржан: Сіздің айтып отырғаныңыз пендешілік ой. Қазір өз ойымды айтсам, білгішсінгендей болармын…

Ұлан: Айтыңыз…

Бауыржан: Мемлекет біздің «Болашақ» бағдарламасымен қанша қаражат шығындап шетелге оқуға жіберді. Стипендия алдық, жататын жеріміз, жол шығынымызға дейін тегін болды. Қазақтар өзіміз азбыз. Біздің қазіргі мақсат – өзіміз білетін кардиохирургия саласын Қазақстанда көтеру, сол арқылы халықтың өлім-жітімін азайту. Шетелге тəжірибе алмасу үшін ғана барып-келуге болады. Дүние қуып, тап осы кезде шетелде жұмыс істеп жүрсек, бес жылдан кейін жағдай қалай болады? Өз еліңде қаншама жүректе проблемасы бар адамдар тұрады. Соларға көмектесу ең бірінші парызымыз.

Ұлан: Яғни, сіз қазақтың патриот азаматының бірі болдыңыз ғой?

Бауыржан: Патриотпын десем, менен басқа қазақтың жайын ойлайтын адам жоқ сияқты естілуі мүмкін. Шындығында, осы жақтағы жалақыны азсынып шетелге кетіп жатқан дəрігерлер бар. Бірақ, сен ол жаққа барсаң, бөтенсің. Бəрібір туған жеріңе жетпейді. Қазақстансыз қалай өмір сүресің?! Меніңше, əр адам өз ісінің нағыз маманы болса, өз елінде еңбек етсе, онда ол Қазақстанның дамуына үлес қосып жатқан адам.

Ұлан: Жүрек емдеуден басқа қандай сүйікті ісіңіз бар?

Бауыржан: Кітап оқығанды жақсы көрем. Денсаулығым үшін фитнес залына барып тұрамын. Ауылда өскен баламын ғой, қолым қалт етсе атқа мінемін.

Ұлан: Соңғы оқыған кітабыңызды білуге бола ма?

Бауыржан: Шарль де Голль жайында. Анам қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ берген кісі. Бала кезден кітапқа құмарлық сол кісі арқылы сіңсе керек. Қазақ əдебиетінің классиктерінің көпшілігін мектепте жүргенде оқыдым. Белгілі тұлғалар, əр мемлекеттің даму жолы сияқты дүниелерді қызыға оқимын. Фантастика, сатира жанрына қызықпаппын.

 

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан» №7

 (16.02.2016)

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз