Жадыра НАРМАХАНОВА

Қиынау қыздың армұңы,

Қиынау, қиын, тым қиын.

Не болар екен тағдыры,

Үйіріліп соқса бір құйын

Мұқағали Мақатаев

Қыз болғасын қиын. Виртуалды жүйемен 20 жасар қызбен хат алмасып тұратынмын. Жуықта одан мынадай хат келді. Мейлі, әке болыңыз, аға болыңыз, сіз де оқып көріңізші!

«Тағдыр мені аямады. Өмір кітап пен кинодағыдай деуші едім. Жоқ, олай емес екен. Ақынжазушы мен өнер адамдары қызық, адамды қиялилыққа тәрбиелейді. Ал шындап келсек, бәрі басқаша. Мен шаршадым. Ешқандай қыздың жылағанын көргім келмейді. «Ақ желкеннен» сіз жүргізіп жүрген «Ашығын айтсақ» деген айдарды оқып тұрам. Сізден сұраймын, барды бардай, жоқты жоқтай жазыңызшы. Өткенде сізден Мұстафаевтың телефон нөмірін сұрап едім ғой. Ол кезде мен жігітіммен бірге жақын қарымқатынаста болып жүргем. Сосын ол кісіден жүктілікті болдырмаудың алдын алу жөнінде сұрамақ болғам телефон арқылы. Алайда, байланыса алмадым, қашан хабарлассам да хатшы қыз операцияда дейді. Сақтанғым-ақ келді. Бірақ болмады, аяғым ауырлады. Жадыра, ата-анам білсе, мені өлтіреді. Сізге бәрін айтайыншы. Бірақ атымды атап жазып жүрмеңіз. Оның әйелі бар, жігітімді айтам. Ол: «Керек болса жағдайым оңалған кезде тағы да бала жасап беремін. Бұл баланы алдырып таста», – деді. Ол мені екінші әйел етіп алам дейді кейін. Мен онсыз өмір сүре алмаймын. Оның дегенін істеп, таныс қыз арқылы дәрігерден 10 мың теңгеге п… деген таблетканы алып іштім. 10 күндей көп қан кетті. Қазір 2 ай өтсе де қатты мазасызданып жүрмін. Дәрігерге қаралайын десем, университеттің бәрі біліп қояды. Кімге айтарымды білмеймін. Қатты шаршадым. Жылаған қыз көрсем, оның да аяғы ауыр болып қалды ма, жігіті тастап кетті ме деп аяймын. Неге қыз болып жаралдым? Неге сәтсіздікке ұшырадым? Неге көзсіз сүйдім? Кейде тезірек екі әйел алу туралы заң қабылданса деймін. Сонда мен мұндай азаптан құтылар ем. Сіздер – журналистер, қыздарға махаббатқа сенбе деп айтыңыздар. Құдай үшін қыздарға нақты нәрсені айтып жазыңыздаршы, болмайтын қиялмен миды ашыта бермей. Бұл қоғам махаббат кейіпкері болуды көтермейді…».

Әлгі таныс қыздың хаты осылай жалғасып кете береді. Мақсатсыз, үмітсіз адамның сөздері тек. Жасанды түсік жасату турасында жазу жоспарда бар-тын. Бірақ басқаша ойларменен. Сосын интернет сайттарын шолып шықтым. Тағы да осындай хаттарға тап болдым. Бәрі орыс тілінде екен. Мәселен, мына хатты да шолып өте салыңызшы (өзгеріссіз беріліп отыр), бүгінгі қоғамдағы қыздарымыздың халі нешік екен, бағамдарсыз… «Здравствуйте! Меня зовут Айнура. Мне 18 лет. Сегодня узнала что беременна. Не знаю можно ли верить тестам или нет. Но они дали положительный результат. Ребенка этого я точно не хочу. Так как я только первый год в университете. В чужом городе, а родители этого точно не перенесут. С МЧ  уже договорились об этом, дело в том что не знаю какой аборт можно сделать, чтоб не было потом серьезных осложнений. Срок примерно 2-3 недели. Я сейчас нахожусь в городе Астане. Была бы очень признательны если бы вы подсказали, объяснили что и как. Спасибо большое за понимание и совет», – дейді Айнұр есімді қазақ қызы. Тізе берсек мұндай мысалдар көп…

Дәл осы мәселемен қалаулылар үйіндегілер де тыпырши бастады. Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев өткен жылы күн ыси бере: «Жасанды түсік жасатуға заң жүзінде тыйым салу керек!» деген талап қойды. Ресми деректерге қарағанда жылына Қазақстанда 400 мыңға жуық сәби дүниеге келсе, 200 мыңға жуық түсік жасатылады екен. Жығылғанға жұдырық, 12 жастағы мектеп оқушысының да түсік жасатқаны кездескен. Елімізде құрсақтағы баласынан безінгендердің белсенді тобы –

17-25 жас аралығындағылар болып саналады.

Ал соңғы кезде қазақ қызының тәрбиесіне белсене араласып жүрген Бекболат Тілеухан «Келін» мен «Қайрат чемпионды» сынап болып, «Қыздың ары – жігіттің намысы» деп те мақала жазды. Оқулық оқудан алдына жан салмайтын Алдан (Смайылов) ағамыз мектептегі валеология оқулығын күн тәртібіндегі бірінші мәселе етіп көтерді. Әрине, ағаларымыз да жетіскеннен ашынып жүрген жоқ қой. Бірақ, қарап отырсақ, қазақ жастарына мораль оқитындар аз емес екен. Ақыл айтқаннан нәтиже шығар болса, баяғыда-ақ етек-жеңімізді жиып алар едік деп те ойлайсың.

Шынын айтсақ, қаншама қыз тағдырынан хабардар бола тұрып не айтарыңды, не жазарыңды білмейді екенсің. Кейде бәріне қыздардың өзі кінәлі деп, тәпсірлеп айтып тастағың-ақ келеді. Алайда, мен де, жастары жиырма беске келгенше абыройларын арындай сақтап отырған аяулы құрбыларым да – біреудің қызғыштай қорып отырған үкілі үміттеріміз. Десек те, менің, олардың қателеспесіне кім кепіл?! «Күлме досқа, келер басқа» дейді қазақ. Сондықтан, мұндай даулы тақырыпта тек маманның өзіне ғана құлақ асқан жөн шығар, бәлкім?

Осы орайда, №12 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Әбілқайырқызынан маман ретінде жасанды түсіктің жай-жапсары жөнінде сұраған едік.

Сонымен жасанды түсік жасату дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар? Әйел денсаулығына зияны қандай? Аборт қандай қауіп әкелуі мүмкін? Осы сұрақтар төңірегінде бүгін біз сіздерге жауап беріп көреміз.

Аз (қысқа) уақыт ішінде жүктілікті 3 түрлі жолмен үзуге болады:

– медикаментозды аборт (6 аптаға дейін);

– вакуумды аборт (6 аптаға дейін);

– хирургиялық әрекетпен (12 аптаға дейін);

Жүктілікті операциясыз үзу, яғни медикаментозды жолмен үзу (таблетированный аборт) – арнайы фармацевтикалық дәрі-дәрмекті қабылдай отырып, ұрықталған жұмыртқаны айдап шығу. Бұл дәрілердің репродуктивті денсаулыққа қарсы көрсеткіші төмен. Медикаментозды аборт жүктіліктің 6-7 аптасында жасалады, ал одан кейінгі апталарда дәрінің әсері болмайды және қауіпті. Дегенмен, соңғы кезде осындай жолмен түсік жасату жас қыздар арасында белең алып барады.

Медикаментозды аборт бірнеше сатылы тексеруден өткесін барып жасалады:

1-саты: – гинекологқа қаралу;

– УДЗ түсу;

– В-ХГУ-ға қан анализін тапсыру;

– қынаптық жағынды;

– RW, гепатит С, ЖИТС-ға анализ алу;

– қан тобы мен резурс факторын анықтау;

2-саты: Медикаментті тағайындау. Медикаментті сертификатталған және жоғары сапалы дәрі-дәрмектер бар. Бағасы 15 мың теңгеден кем тұрмайды. Дәрігер науқасқа дәріні бермес бұрын оған деген аллергиясын тексереді және дәрі туралы мәліметпен таныстырады. Дәрігерге қаралушы медикаментозды мәліметтерді толық түсінгеннен кейін келісімшарт қағазына қол қояды. Дәріні қолданғаннан кейін 2-4 сағат дәрігердің бақылауында отырады, одан кейін үйіне қайта берсе де болады. 2 апта ішінде дәрі қабылдаған әйелде көп мөлшерде қан кетеді және іштің төменгі бөлігінде ауру сезім пайда болады немесе жанама әсерлер (құсу, іш өтуі) байқалуы мүмкін. Қанмен бірге жатыр қуысынан ұрықталған жұмыртқа түседі, оның көлемі 2 сантиметр, ақшыл-қызыл түсті. (Ескерту: медикаментозды абортты жасатқан адам 1 сағат ішінде құсатын болса, процедураны қайталауы тиіс). Дәрі өзінің әсерін тек 1,5 сағаттан соң ғана көрсете бастайды. 12-15 күн өткен соң түсік жасатушы қайтадан дәрігер бақылауынан өтеді. Егер ұрық толық түспеген жағдайда, хирургиялық тәсілмен алуға тура келеді.

Хирургиялық аборт жүктіліктің 5 пен 12-ші апта аралығында жасалады. Хирургиялық аборт жалпы жансыздандыру арқылы білгір хирургтың көмегімен жүргізіледі. Операция 15-20-минутқа созылады. Түсік жасатушы есін жиғаннан кейін 8 сағат дәрігер бақылауында болады. Егер шағымдары болмаса, дәрігер оған жүктіліктен сақтану рецептерін жазып береді.

Түсік жасату – бұл репродуктивті жүйе органдарына кері әсер ететін және гормондардың шайқалуына алып келетін жағдай. Сондықтан да аборттан соң әйел қалпына қайта келу үшін гормоналды дәрі-дәрмектер көмегіне жүгінеді.

Гинекологияда мини-аборт деп аталатын да жүктілікті үзу жолы бар. Мини-аборт – вакуумды жүйелі қолдану арқылы жүргізіледі. Аппарат көмегімен жатыр қуысынан ұрықталған жұмыртқаны сорып алады (УДЗ-мен бақылау көмегі арқылы). Бұл операция 10 минутқа созылады.

Аборттан соң, мынадай медициналық ауруларға шалдығуға әйел организмі аса қабілетті болады:

– көп жағдайда бала көтере алмай қалу;

– жатыр тыртығы;

– жатырдан тыс жүктілік;

– жатыр миомасы;

– жыныс органдарының даму тежелісі;

– созылмалы қабыну ауруларының өршу сатысы;

– экстрагенитальды аурулар;

– аллергиялық ауру;

Елімізде жасанды түсік жасату тек мынадай жағдайларды ғана жүзеге асырылады;

– ана денсаулығына қауіп төнген жағдайда;

– жүктілік кезінде күйеуінің қайтыс болуы;

– әйелді еркін аймақта ұрып кеткен жағдайда;

– көп балалы (3 бала немесе одан да көп) болса;

– жүктілік кезінде ажырасу;

– зорланғаннан кейінгі жүктілік;

– 1-2-топтағы мүгедек күйеуінің болуы;

P.S. Іргеміздегі Ресейде жылына 4 миллионға жуық болашақ адам жасанды түсіктің құрбанына айналады екен. Мұндай жантүршігерлік деректен Ресей әлем бойынша бірінші орында тұр. Осыдан соң ресейлік режиссер Аркадий Мамонтов «АБОРТ – вся правда» деген көпсериалы деректі фильм түсірді. Осы фильмнің 4- бөлімінде американдық доктор Бернард Натонсонның бүкіл әлемді шулатқан «Безмолвный крик» фильмінен үзінді берілген. Бұл фильмді көрсетуге Кеңес үкіметі тұсында тыйым салынған. Сол Натонсон не түсірді дейсіз ғой? Ол өзінің таныс гинеколог-дәрігерінің бір күндік жұмыс күнін ультрадыбыстық камера арқылы бақылапты. Ал таныс дәрігер күніне жиырма жасанды түсік жасаған! Экранға басы, қол-аяғы қалыптасып келе жатқан кіп-кішкентай адам шығады. Қолын аузына апарып, әйтеуір тіршілік етіп тырбаңдап жатқан шарананың жүрегі әдеттегідей минутына 140 рет соғып тұр. Құрсақтағы өзінің әлемінде алаңсыз жатыр. Кенет бір бүйірінен аждаһадай болып төнген вакуум аппараты шыға келеді. Өзіне қауіп төнгенін сезген кішкентай болашақ адамның жүрегі минутына 140 емес, 200 рет соғып кетеді. Жан ұшыра үнсіз айқайлайды, тура оны сырттан біреу еститіндей, құтқаратындай, «менің өмір сүргім келеді» деп шыңғыратындай… 9 апталық тіршілік иесінің басы мен денесі әп-сәтте-ақ бөлшектеліп, қоқысқа айналып кетеді…

Бұл фильмді босанайын деп жүргендер мен балаларға, жүрегі, жүйкесі нашар адамдарға көруге тыйым салынған. Қараудың өзі қорқынышты! Көруге қорқатын болсақ, біз неге ондай сұмдықты өзіміз жасаймыз?!

Ал 16 миллионнан сәл ғана асатын Қазақстан үшін жыл сайын, қайталап айтамыз, 200 мыңға жуық адамды туылмай жатып тұншықтыру аз көрсеткіш емес! Бірақ, абортқа заң жүзінде тиым салынған күннің өзінде, жоғарыдағыдай дәрі-дәрмекпен үй жағдайында бала түсіретін болса, оны кім біліп жатыр? Тіпті, Алматы базарларында Қытайдан дәрі таситын делдалдар 2500-3000 теңгеге құрсақтағы баладан құтылатын дәрі тауып береді екен. Тіпті, оның сыртында орысша да, қазақша да ешқандай нұсқау көрсетілмегенін біле тұра, жуықта бір таныс апайымыз осы дәріні қабылдап, ажал аузынан қалды. Енді бұған не дейсіз?!

Қоғам жасанды түсік жасатқан қыздарды мазаққа айналдыра бастаған секілді. Қатыгездене, аярлана күліп қарайтындай. Әйтпесе тоқал алу, аборт жасату сияқты мәселелерді көтерген депутаттарымызды ақпарат құралдары келемеждеп жазбас еді. Мұндай жағдайда: «Ойланайық, ағайын!» – деп біз де өтірік сөйлей алмаймыз. Алайда оң-солын танып үлгермеген қыздарымыздың алданып от басып қалмауы үшін осы бір шетін мәселені тағы бір рет еске салып қойғанды жөн көрдік. Бар айтарымыз: «Қыздың ары – жігіттің намысы», басқа әзірге қолдан келер қайран жоқ!

«Ақ желкен» журналы (№1, 2011).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз