1

Қытай экономикасының қарыштап дамуы бұл елдің ұлттық мәдениетінің де тез қарқынмен өрлеуіне мықты негіз қалады. Қазір өнердің әр саласында әлемдік деңгейде көзге түскен адамдар күн санап көбеюде. Осы елдің жазушысы Мо Ян әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. 

Кино, телехикая саласы да Қытайда аса тез жылдамдықпен өсіп келе жатқан өнер түрі. Біраз жылдың алдында Оскар сыйлығын үш мәрте алып, атағы аспандаған тайуандық режиссер Ли Анды айтпағанда, шамалы уақыттың алдында өзіміз көзайым болған «Шыңғыс хан», «Құбылай хан»
сериалдары неге тұрады. Ел болып қызыға көрдік емес пе?! Қытай кино өнері осы деңгейге қалай жетті? Жауап іздеуге тұрарлық-ақ сұрақ.
Төмендегі мақала осы сауалға жауап береді деген ойдамыз.

1.
Қытайдың тұңғыш киносы 1905 жылы Бейжің қаласында түсіріліпті. Бұл әлемдегі алғашқы кино дүниеге келгеннен кейінгі он жетінші жыл. Болмаған нәрсенің болғанының өзі зор алға басу болғандықтан, мұны біз өрлеудің бірінші кезеңі деп тұжырдық.

2
1872 жылдың қайбір күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы бір мейрамханада Станфорд және Коен есімді екі жігіт «ат шапқанда тұяғы жерге тие ме, тимей ме» деген мәселе жөнінде таласып қалады. Ат шапқан кезде төрт аяғы бірдей жоғары секіреді дейді Станфорд. Ал Коен ат шапқан сәтте тек бір аяғы ғана жерге тиіп отырады дейді. Екеуі ұзақ дауласып, келісімге келе алмайды. Ақыры мәселені америкалықтардың дағдылы тәсілі арқылы шешпек болып, бәс тігіседі. Жақын маңнан бір ат баптаушы тауып әкеліп, оған төрелік айтуды ұсынады. Бірақ бір адамның көзімен мұны дәл басып ажырату қиын болғандықтан, ат баптаушы бұл айтысқа соңғы нүкте қоя алмайды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екені сол күйі анықталмай қалады.
2Артынан бұл әңгімені қазылық етуге шақырылған ат баптаушының досы, ағылшын текті фотограф Эдвард Мейбридж (Eadweard Muybridge, 1830-1904) естиді және өзінің бұл сұраққа жауап табуға қолұшын бере алатынын айтады. Ол досына еріп тартыс майданына (ат шаптырған жерге) барады. Сонда 24 фотоаппаратты бір қатар етіп қозғалмайтындай қылып орнатады. Арадан ат өтетіндей жол қалдырып, қарсы жаққа 24 бағана орнатады. Олардың әрбіріне жіңішке жіп байлап, оның бір ұшын келесі беттегі фотоаппараттардың түсіру тетігіне жалғайды. Дайындық толық біткен соң, келіскен бір жүйрікті әкеліп, ортадағы жолмен жүгіртіп өткізеді. Ат шауып өткен соң, 24 бағанаға байланған жіңішке жіп арқылы 24 фотоаппарат 24 сурет түсіреді. Мейбридж бұл суреттерді рет-тәртібі бойынша қиып алып, арасын жақын қылып жалғап шығады. Сөйтіп ол жеке суреттерден енді суреттер тізбегіне айналады. Осы тізбектен шапқан аттың әрбір аяғы кезек-кезек жерге тиетіні анықталады. Бәсте Коен жеңген болып есептеледі. Жөн бойынша, әңгі-ме осымен тәмам болуға тиіс еді. Бірақ, фотографтың бұрын-соңды болмаған бұл тәжірибесі адамдарды қатты қызықтырады. Көруге ынтықтар көбейе түседі. Мейбридж де ерінбей өзінің әлгі бір тізбек суретін қызыққандарға көрсете береді. Бір жолы ойламаған жерден бір көрермен тізбек суреттерді шұғыл қозғап қалады. Нәтижесінде, жеке-жеке тұрған суреттер қосыла жылжиды да, кескін-дегі атқа кенет «жан бітіп», самғай жөнеледі. Бұл адамдарды тіпті де қайран қалдырады. Содан 1879 жылға келгенде Эдвард Мейбридж фотография тарихында үлкен төңкеріс жасап, «зоопраксископ» деп аталатын, аң немесе адамның қимылын таспаға жазуға қабілетті жаңа аппарат жасап шығады. Сөйтіп, бұл кейін кино түсіруге болатын кинематографтың өмірге келуіне мықты негіз қалайды.
Фотография саласындағы осы бір зор жетістік ботаник ғалым Малайға үлкен шабыт сыйлайды. Ол фотосурет арқылы хайуанаттардың қимыл-қозғалысын зерттегісі келетін еді. Дегенмен, Мейбридждің жаңалығы әлі қолайсыз еді. Оны жетілдіре түсу керек болатын. Малай бірнеше жылдық ізденіс арқылы ақыры 1888 жылға келгенде салмағы жеңіл, алып жүруге қолайлы, тұрақты пленкалы камера жасап шығады. Бұл бүгінгі камераның атасы еді. Осыдан кейін көптеген өнертапқыштардың назары осы кинокамера жасауға ауады.
Дәл сол жылы франциялық Луи Эме Огюстен Лепренс (Louis Aimé Augustin Le Prince, 1842-1890) есімді әуесқой режиссер «Руаундхай саябағының көрінісі» «Une scène au jardin de Roundhay» (француз-ша), «Roundhay Garden Scene» (ағылшынша) атты алғашқы киноны түсіреді. Міне, бұл жер бетіндегі тұңғыш кино еді. Адамзат баласындағы алғашқы режиссер бұл жаңа туындысын Америкаға апарып аяқтамақ болады. Бірақ 1890 жылы 16 кырқүйек күні пойызда жоғалып кетуіне байланысты жоспары жүзеге аспай қалады. Фильм бар-жоғы екі секундтық ұзындықта болғанына қарамастан, адамзат тарихындағы алғашқы кино болып қалады. Бір қызығы, осы Лепренс кино қоятын аппарат – кинопроектордың алғашқы жобасының патент иесі ретінде де кино тарихына аты жазылған.
Луи Эме Огюстен Лепренстің жұмысын артынша франциялық ағайынды Люмьерлер – Огюст Луи Мари Николя (Auguste Marie Louis Nicholas, 1862-1954) мен Луи Жан (Louis Jean, 1864-1948) ары жалғастырып, тіпті де жетілдіре түседі. Олар кинопроекторды өз заманына сай кемелдендіріп, көбіне түсірілген киноны қоюмен айналысқаны үшін ең ертедегі кино қоюшылар есебінде атақтары шығады. Екеуі 1895 жылы 28 желтоқсан күні Париждегі «Үлкен кофехана» кофесінде «Пойыз бекетке кірді» деген киноны қояды. Сол күннен былай жер бетіндегі кино шежіресі басталып жүре береді. Бұл арада біз кейіннен америкалық атақты өнертапқыш Thomas Alva Edisonның (1847-1931) кино түсіретін аппаратты да, қоятын қондырғыны да жаңа тұрпатта жасап шыққанын айта кетуге тиіспіз.

3

Қытайдың тұңғыш киносы «Дің Жүн Шанды» түсірген студия Бейжің қаласында 1892 жылы құрылып, сурет түсірумен айналысқан «Фың тай суретханасы» екен. Оның негізін Рын Чің тай (1850-1932) есімді кәсіпкер кісі қаласа керек. Реті келген іске не деріңіз бар, ол кейін тұңғыш киноны түсіріп, қытай киносының әкесі, осы бір үлкен өнердің іргетасын қалаушы деген жақсы атқа қалыпты.
Қытайдың тұңғыш киносы «Дің Жүн Шанда» сол кездегі қытайдың атақты опера жұлдызы Таң Шін пый (Tan Xin pei, 1847-1917) орындайтын «Дің Жүн Шан» деген операның бірінші бөлімін кескінге түсіріпті. Артынан бұл жұмыс жалғасын тапқан – тағы да талай жанды картиналар түсірілген. Бұл арада біз осы бір қарт өнер жұлдызының аяқ асты бағы жанып, қытайдың тұңғыш киноактері ретінде де тарихта қалғанын айта кетуге тиіспіз. Ал түсірілген фильмдерді көруге ешқандай қиындық болмаған. Олай болатыны, содан бір жыл бұрын, яғни 1904 жылы қытай императоры Сы Шитай хоу 70 жасқа толып, соның құрметіне ағылшынның Бейжіңде тұратын елшілігі бір дана кино-проектор мен көптеген фильмді сыйға тартқан еді. Әрине, бүкіл қытай халқы хан сарайына кіріп, кино көрмеген шығар, дегенмен, осымен қытай топырағындағы кино көру үдерісінің басталып кеткені анық. Әмбеге белгілі, ол кездегі фильмдердің барлығы да ақ-қара түсті және дыбыссыз болған. Түрлі-түсті лентаның шығып, көрермендердің сөйлейтін кескіндерді көре алатын болғаны одан әлдеқайда кейін, мұнда.

4
Жер бетінде көркемөнер мен ғылыми техниканың бірігуі нәтижесінде пайда болған кино дейтін ғажайыптың бірте-бірте ілгері басуы жаңа бір кәсіптің көзін ашқаны белгілі. Ол кино өндірісі деп аталатын ерекше өндіріс еді. Оның соншама тез дамуына аста-төк табыстың астында қалдыратын осы бір өзгешелігі себеп болғанында дау жоқ.
Ерекше табыс көзі ретінде жылдам аяққа тұрып, әлемге шұғыл қанат жайған кино кешікпей ол кезде әлі жартылай отаршылық пен жартылай феодалдық түзім астында қалжырап жатқан Қытайға да жетіпті. Нарықтық қатынастардың заңы – қайда базар бар, сонда өнім ағылады. Алғаш өз заманындағы ең дамыған қала Шанхайдың кинотеатрларында көрсетіле бастаған шетел фильмдері 1913 жылға келгенде қытайлардың араласуымен құрылған кино серіктестіктерінде түсіріліп, жасала бастапты. Шамасы, көрермендер өз өмірінен түсірілген тірі картиналарды көбірек қаласа керек, сұраныс болған жерде ұсыныстың да болатыны заңдылық, киногерлер жергілікті жердің әңгіме-хикаяттарын да кешіктірмей кескінге түсіре бастаған. Бұл жағдай тек 1922 жылға келгенде ғана өзгереді.
EPSON scanner imageСол жылы, яғни 1922 жылы наурыз айында Жаң Шы шуан (Zhang Shichuan), Жың Жың шиу (Zheng Zhengqiu), Жоу Жиан иүн (Zhou Jianyun) қатарлы адамдар бірлесіп, «Мің шің» (Жұлдыз) атты киносеріктестік құрады. Бұлардың бәрі ілгері шетел кино студияларында жұмыс істеген, түрлі салаларда тәжірибе жинаған танымал режиссер, сценарист және актер адамдар еді. Шұғыл жұмылып іске кіріседі. Табыстары жаман болмаған болу керек. Оларға ілесе елдің жер-жерінде киносеріктестіктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай арт-артынан бой көтереді. 1924 жылдан1926 жылға дейін бұл жағдай шырқау шегіне шығып, бүкіл ел бойынша175 кино-серіктестік құрылса, соның 141-і Шанхай қаласына орналасады. Әрине, жұмыс істелген жерде, бәсеке болған ортада белгілі бір жетістіктердің де болатыны анық – қытай экранында өздерінің алғашқы жарқын жұлдыздары да жарқырап көріне бастайды. Мысалға алсақ, Ху Дие (Hu Die, 1908-1989), Руан Ліңиү (Ruan Lingyu, 1910-1935), Ли Лили (Li Lili, 1915-2005), Шүй Лай (Xuі Lai,1909-1973 қатарлы. Бұл кездегі киноның дыбыссыз екенін еске алсақ, табыстың аса қомақты болғанын айқын көріп алуға болады.
«Мің шің» серіктестігі өзі құрылғаннан бастап 1937 жылғы Жапонға қарсы (екінші дүниежүзілік) соғыс кезіне дейін екі жүз неше фильм түсіріп, үлкен жетістікке жетеді. Сол нәтижесімен қытай кино тарихындағы «ағалық» орнын біржолата бекітеді. Осы араға соны да қосып айта кетудің еш артықтығы жоқ: о баста батыстық кәсіпкерлердің қолында болған кино қою ісі тек испаниялық кәсіпкер А.Рамос (A.Ramos) 1926 жылы шалқыған байлықпен еліне қайтқан соң ғана жергілікті халықтың қолына өткен. Бұл жағдай, тіпті, Голливудқа (Hollywood) қарайтын сегіз бірдей компанияның өнімдері селдей ағып келіп жатқанда да (жалпы қойылатын өнімнің 80 пайызын иелеген) өзгермейді. Бұның себебі, шамасы, негізгі көрермендердің жергілікті халық болғанында жатса керек. Бұл қытай кино тарихындағы екінші реткі өрлеу еді.

5
Deng Xiaoping and the Transformation of ChinaЕкінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1937-1945) және одан кейінгі Қытай Халық Республикасы құрылған 1949 жылдарда үгіт-насихат мақсатындағы бірен-саран қызыл фильмдер болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай дені дұрыс кино түсірілмепті. Бұл уақытта қытай киносы негізінен кеңес киносының ықпалында болған. Екі елдің саяси тұрғыда ұстанған бағыттары ұқсас болғандықтан болу керек, техникалық қана емес, мазмұндық жақтан да кинолары бірдей болған. Бұл қытай киносының құлдырау кезеңі боп есептеледі. Жағдай тек 1978 жылға келгенде ғана өзгерген. Өздеріңізге мәлім, бұл кезде аты шулы «Мәдениет төңкерісі» аяқталып, атақты Дың Шиаупиң (Ding Xiao ping) саясат сахнасына қайта шыққан еді. «Сыртқа есік ашу» саясатының басталған тұсы. Бұл қытай экономикасының тез қарқынмен өрлеуіне ғана емес, кино саласының да жылдам көтерілуіне зор серпін берді. Қытай киносы толық дамудың даңғыл жолына түс-пегенімен, өзінің дұрыс арнасын тапқан еді. Бұл үшінші өрлеу кезеңі есептеледі.

6
6Үшінші өрлеу кезеңінің өзіндік ерекшеліктері болды. Бұл кезеңде әуелі әдебиет дүр көтерілді. Қытай жазушылары соның аз алдында ғана жүріп өткен еш негізсіз және ақылға сыйымсыз, салдары өте ауыр болған қиратқыш төңкерістің ұлтқа, ғылым мен өнер адамдарына, жалпы мемлекетке келтірген рухани, материалдық шығындарын тереңдей зерттеп, әшкерелей жазды. Зардаптарын қопарып, қоясын ақтарды. Бұл дәуірді кейін әдебиет зерттеушілер «жарақат әдебиеті» деп атады. Айтса айтқандай-ақ, запыран төгіп, зарларын ақтарды қаламгерлер. Сөйтіп, аз да болса, «ішқұсталарынан» арылғандай болды. Осы тұста аяқ-қолы тұсаудан тосын босаған кезеңдік кино бірден әлемдік мәселелерге қол созбай, дәл осы дайын тұрған көркем желілерді өзіне өмірлік өзек етті. Сол кездегі үкіметтің өзі терістеген саяси әрекетке жазуда шектеменің болмағаны секілді, фильм түсіруде де ешқандай саяси немесе әлеуметтік кедергілер болған жоқ. Жұмыстарын аса қолайлы, ыңғайлы жағдайда жалғастырды. Соған дейін жұмыстан шеттеп, керек болса қудаланып, арысы түрмеге қамалып, берісі айдауда болған, қақпақылдан әбден зәтте болған қаламгерлер бастарынан «қалпақ» алынып, еріктері өз ырықтарына өткенде, өздерінің сәлге ажырап қалған сүйікті ісіне қалай бел шеше кіріссе, режиссерлер де дәл сол екпінмен құлшына ден қойды. Табыс жаман емес. Атап айтар болсақ, арадағы біраз жылғы үзілістен кейін өзінің сүйікті ісіне қайта оралған, аты оған дейін де біраз жұртқа таныс болып қалған әйгілі режиссер Шие Жін (Xie Jin), 1923-2008) 1980 жылы «Тиан Иүн тауы туралы аңыз» атты белгілі картинасын түсірді. Ал 1986 жыл түсірген «Фу Рұң қалашығы» (рөлдерде JiangWen, Liu Xiaoqing) атты фильмі біздің жоғарыда айтқан сөзімізге нақты мысал еді. Ол атақты жазушы Гу Хуаның мәдениет төңкерісі кезіндегі «арсыз» оқиғаларды әшкерелеуге құрылған аттас романын өзіне арқау еткен еді. Режиссердің атағын тағы бір аспанға шығарып тастады. Жалғыз Шие Жін ғана емес, тағы талай режиссер серпіле қимылдады сол бір ұрымтал тұста. Мысалға алар болсақ: Уаң Чімін (Wang Qimin) атақты әйел жазушы Чын Рұңның «Жер ортаға келгенде» романы бойынша түсірген киносы сол кезде өте үздік туындылардың санатына болды. Ал қытай әдебиетінің классигі Лау Шының романы – «Түйе шиаңзы» негізінде түсірген Лің Зыфыңның (Ling Zifeng, 1917-1999) аттас киносы заманындағы атақты кинолардың сапынан еді. Міне, осы, тағы басқа жанкешті өнер адамдарының күш салуымен қытай киносы қабат-қабат құрсаған саяси құрсаулардан арылып, өзінің табиғи арнасына түсіп, алға қарай нық қадаммен жылжи бастады. Бұл төртінші буын бағы жанған және өзінің өнер тарихында өнер деп атауға болатындай туындылар түсіре алған тәлейлі режиссерлердің тобы еді.

7
7Сірә, алдыңғы бөлімде айтылған өнер адамдарының сұмдық ықыласы, шексіз ынтасының тікелей миуасы болар, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай қытайдың әдебиет әлемінде ғана емес, кино майданында да «ғажайып» деп атауға болатын күтпеген құбылыс жарыққа шықты. Қандай дейсіз ғой? Айталық. Сол кезеңде шұғыл қаулап өскен қытай жазушылары мен режиссерлерінің көбі саяси науқандарға байланысты толыққанды жоғары білім ала алмаған, оқу былай тұрыпты, «байтал түгіл бас қайғы болып», «төменге» (ауылға) қуылып кеткен «зиялы жастар» еді. Бірақ, кейін уақыты туып, ақталып шыққаннан соң нақты іс барысында олар өте үлкен қайрат көр-сетті. Қысқа уақыттың ішінде ізденіп, алдарынан шыққан мүмкіндікті ең тиімді деңгейде пайдаланып, замандарына сай, дәуір талабына толық жауап бере алатын қомақты нәтижеге қол жеткізді. Мысалы, жазушыларда бүгінгі күнде Нобель әдебиет сыйлығын алып, әлемге аты кеткен Мо Ян (Mo Yan, 1955), ел ішінде атағы одан бір де кем соқпайтын жазушы Жиа Пиің уа (Jia Pingwa, 1952), қазақтан шыққан белгілі жазушы Әкпар Мәжітұлы (1954) және тибет ұлтының өкілі А Лай (A Lai, 1959) қатарлы жазушылармен қатар Жаң Имоу (Zhang Yimou, 1950), Чын Кайгы (Chen Kaige, 1952), Тиан Жуаңжуаң (Tian ZHuangzhuang, 1952), У Зыниу (Wu Ziniu, 1951), Хуаң Шінжиан (Huang Xinjian, 1954), Ли Шиаухұң (Li Xiaohong, 1955) қатарлы бесінші буын режиссерлер шықты. Атақтары қытай аумағынан асып, әлемді шарлап кетті. Олардың кейбір туындылары, сірә, орыстар арқылы келген болу керек, әлдеқашан біздің қазақстандық көрермендердің де көз қуанышына айналды. Қытай елінде 1966 жылдан 1978 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілген түрлі мағынасыз саяси науқандардың жұртты әбден зәтте қылып, қалыпты тіршіліктің өзі үлкен арманға айналғанын еске алсақ, бұл режиссерлердің аспаннан түскендей арт-артынан жарқырай көрінуі, шынымен де, ғажаптанарлық іс еді. Шамасы, ұзақ уақыт бойы бөгеуде болған ішкі рухани энергияның сыртқа қарай тосын лықсуы болар, сол үлкен үдерістің аяғы әлі күнге басылмай келеді. Тақырыбымыз кино болғандықтан, біз осы мақаламызда аталған режиссерлердің ішіндегі ең даңқты деген бір-екеуіне ғана тоқталып өтеміз.

8
8Бұл буынның ең үлкен ерекшелігі – жүлде алғыштығы болды. Жас режиссерлер іштен де, сырттан да бірдей дәл уағында назарға ілігіп, еңбектері салған жерден бағаланып жатты. 1984 жылы жасы сол кезде отыздан енді ғана асқан жас пері Чын Кайгы «Сары топырақты үстірт» деген киносын түсірді. Әйгілі сары топырақты үстірттің етегіндегі Ши Ан атты ескі шаһарда. Орталықтан шалғай, шеткері өңірде, аймайтық қалада. Бірақ, соған қарамай, үлкен жетістікке жетті. Осы еңбегі үшін Чын Кайгы сол жылы Шотландияның Эдинбург қаласында өткен 28-кинофестивалінде, 38-Локарно кинофестивалінде және 28-Лондон кино мерекесінде үздік режиссер сыйлығын алды. Сөйтіп, тасы аяқ асты өрге домалады. Зерттеушілердің басым көп сандысы жаңа өрлеудің басы осы фильм деп есептейді. Болса болған шығар, шынымен де, осы кино жылдар бойы сіресіп жатқан сеңді бұзғандай болды. Соған едел-жедел ілесіп, іле-шала төбе көрсеткен жоғарыда аттары аталған жас режиссерлер тез танылып, еңбектері ел ішінен бұрын көбінеки шетелдерде биік марапаттармен марапатталып жатты. Мысалы: Канн кинофестивалі, Венеция кинофестивалі, Берлин кинофестивалі, Токио кинофестивалі… Ал бұл буынның туындыларының өздеріне дейінгілерден өзгешелігіне келсек, ең басты айырмашылық: саясидан мүлде адаланғандары және ұлттық өмірге тереңдей бойлап, шынайы өмірді боямасыз көрсеткендері болды. Яғни, олар қоғамдық қарым-қатынастардың «жиынтығы» туралы емес, кәдімгі табиғи адам жөнінде әңгіме айта бастады. Ұлттың кем-кетігін сынады. Жалпылай айтқанда, қытайдың қайта өрлеуіне өз тұрғыларынан үлес қосты. Әрине, көркемөнердің өз тәсілімен. Заманынан озып, үлкен ой айтқандар да болды араларында. Тіпті, дәуір тынысын дәл бағаламай, «асыра» сілтеп жіберіп, туындылары қапасқа қамалып, шектемеге ұшырағандары да болды қатарларында. Мысалға айтсақ, Жаң Имоудың «Тіршілігі» және Тиан Жуаңжуаңның «Көк батпырауығы». Бір рет қойылды ма, қойылмады, үкіметтің қырына ілініп, қара тізімдегі кинолардың қатарын көбейтті. Бірақ интернеттен табуға болады. Ол ғана емес, одан зорғысын да.

9
9Жалпы, бұл буында бағы жанып Чын Кайгы ертерек көзге түскенімен, соңғы есепте, Жаң Имоу бәрінен оза шапты. Ол әуелі Чын Кайгыны өрге сүйреген «Сары топырақты үстірт» киносында камера көтеріп, оператор болды. Жай ғана түсіруші емес, үздік фильм түсіруші деңгейіне көтерілді. Осы еңбегі үшін Қытайдағы ең үлкен кино мерекесінде «ең үздік оператор» деген марапатқа ие болды. Оған дейін ол Гуаң Ши өлкесіндегі «Гуаң Ши кино студиясында» жұмыста болған еді. Бала кезінен фотограф болуды армандаған жас жігіт жоғары оқу орнын аяқтаған соң сонда барып, біраз жылдық еңбек барысында кәдімгідей ширап, ысылады. Сол тәжірибесімен кейін жаңа жұмыс орнындағы алғашқы қолтаңбасында-ақ айтарлықтай табысқа қол жеткізеді. Содан араға үш жылды салып, 1987 жылға келгенде ол жаңа қырынан көрінді. Төртінші буынға жататын атақты режиссер, ұстаз ретінде бесінші буынның өсіп-жетілуіне үлкен қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаған У Тианміңнің (Wu Tianming, 1939-2014) «Ескі құдық» атты фильмінде бас рөлдердің бірін сомдап, екінші кезекті Токио халықаралық кинофестивалінде «ең үздік ер адам рөлі» сыйлығын жеңіп алды. Ел ішіндегі «Алтын әтеш», «Алуан гүлдер» сыйлықтарымен сыйлануы сол жылы болғанымен, одан сәл кейін. Бірақ, бәрібір, кейінгі өмір жолында ол оператор не актер емес, режиссер ретінде қалыптасып, бірте-бірте биіктей берді. Оған себеп болған дәл сол 1987 жылы түсіріп, жарыққа шығарған, атақты жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янның романы бойынша түсірілген аттас фильм «Қызыл гауляң» еді. Басында ел-жұрт онша қабылдай алмаған киноның кейіндеп қана бағы жанды. Оның жайы балай еді. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай қытай елінде «Қызыл гауляң» деген жаңа кино қойыла бастады. Картина шынымен де жаңа еді. Мазмұны, рөлдерді сомдау өнері, түсірілу техникасы жағынан ғана емес, барлық тарапта өзіне дейінгілерден өзгеше еді. Соған дейін саяси ұрандарға әбден бой алдырып, бірыңғай өлмес-бітпес коммунизм жауынгерлерінің «көркем» бейнесін ғана көріп үйренген көрермендердің төбесінен кенет жай түскендей болды.
Әрине, ол кезде режиссер де, киноға негіз болған роман авторы да соншалық танымал емес болатын. Көп өтпей туынды туралы шу көтерілді. Кейін білдік, дау әуелі кино саласының өзінен шығыпты. Аяғы өрлей-өрлей «жоғарыға» жеткен. Сол жақтан бір «хабар» болған болу керек, уақыт өте келе әлгі «айтыс» бірте-бірте саябырлады. Саябырсымасқа әдді де жоқ еді, өйткені, шыт жаңа фильм кешікпей Берлинге жолдама алып, сонда екі жыл сайын өтіп тұратын кино додасына қатынасып, бағы жанып, «Алтын аюды» жеңіп алған-ды.
Алайда, жеңіліс оңай болған ба, қарсы болып, сын тезіне алған оңшылдардың үні кейін де жер түбінен естіліп тұрды. Сонда не боп қап еді дейсіздер ғой. Санадағы тоңның жібімегені болмаса, алып бара жатқан ештеңе жоқ болатын. Бар болғаны, бас кейіпкер жігіт ішіп алып (ол өзі түгелімен қызыл гауляңнан арақ ашытатын ауыл), үлкен ежір құмырадағы жаңа құйылған араққа «кіш» етіп қояды. Сондай бір эпизод кездесетін. Дүниені «бүлдіріп» жүрген сол екен. Сол анайылау көрініс, біреулердің ойынша, ұлттың «ар-намысына» тиіп кетеді екен. Өз туған халқын әлемдегі ең кіршіксіз жұрт деп біліп, «жанынан артық сүйетін» ұлтжанды кісілер өре түрегеліпті. Бірақ, соңғы есепте, олардың дегені болмады, қытай үкіметі есік-терезесін енді ашып, сыртқы әлемнен аздап таза ауа кіре бастаған кезең ғой ол, ептеп жүріп, сәл кешіксе де, фильм «жарыққа» жол тартады. Бір есептен, сол шудың «бұрқ» еткені дұрыс та болған шығар, содан соң-ақ Жаң режиссердің даңқы аспандап жүре берді дейсің. Содан кейін, шын талант деген, сірә, сол болар, ол ешқашан нашар туынды түсірген емес. Әлдекімдердің пайымынша «аса сүйе қоймайтын» өз халқына ылғи да шедеврлер ұсынумен болды. Толассыз және іркіліссіз.
9-1Сөзіміз негізсіз болмас үшін осы арада режиссердің 1991 жылы түсірілген «Жүй Ду» (Ju Dou, адамның аты) атты киносының төрт бірдей халықаралық сыйлықты иеленумен қоса, қытай тарихында тұңғыш рет «Оскар» сыйлығына ұсынылған шетел тіліндегі фильм болғанын айта кетсек жеткілікті болмақ. Бір бұл емес, режиссердің еңбектері Оскар сыйлығына одан кейін де неше мәрте ұсынылыпты, бірақ алудың сәті түспеген.
Ал 1992 жылы түсірілген екі фильмінің жөні тіптен бөлек. Бұның алдыңғысы «Биік ілінген қызыл шам». Режиссердің толысқан шағында түсірген толымды картинасы. Кәдімгі Алматының төріне келіп әлдеқашан жайғасып алған, Алматы ғана емес, жер бетіндегі талай алып қаланың дулы базарларының барлығынан табылатын, қытайдың әлемді кезіп кеткен бір елесі ретінде танымал, алыстан көзге ұратын кәдімгі қызыл шыраққа қатысты хикая. Бірақ, бөлек мазмұнда, басқа тұрғыда. Даңқты режиссердің «өз халқын аса сүйе қоймайтынының» тағы бір айғағы.
Кино басталған тұста экраннан төрт тарабы тұмшаланған – үш жағы қабат-қабат үй, ал төртінші жағындағы еңселі дуалдың астында адам кіріп-шығатын кішкене қақпасы бары артынан белгілі болатын бітеу аула көрінеді. Бұл көрініс киноның басынан аяғына дейін, көрермендер ұмытып қалмасын дегендей дамыл-дамыл қайталанып тұрады. Үлкен тойдың алауы тұтанған тұйық ауланың әлдебір шіріген байдың жеке қорасы екені бірте-бірте белгілі болады. Ауқатты кісі бесінші, әлде алтыншы әйелін түсіріп жатады. Іле көрініс өзгеріп, жылжыған уақытқа ілесе оқиға да «қызып», күндес әйелдер арасындағы «қиян-кескі» тартысқа ұласып жүре береді. Кең әлемнен мүлде алыс, қапасқа кіріп алып, «қайнап» жатқан қалтарыс өмір. Кезіндегі томаға-тұйықта қалып, тұншыға түскен қытай қоғамының кішірейген кескіні екені анық… Адам жүрген жер тыныш бола ма, бала сүю үшін байлығына сүйеніп, тоқалды үсті-үстіне ала берген байдың бітеу ауласынан кешікпей шу шығады. Жиі-жиі ауыра беретін төртінші, әлде бесінші әйелінің өзін қарауға келіп тұратын тұрақты дәрігерімен көңіл жарастырғаны әшкере болады. Қатаң жаза. Адам өлімі. Сұрайтын үкімет жоқ. Жабық күйінде қала береді. Бай құшағының (егделеген кісі, оның үстіне алты қатынға төтеп беру оңай ма?) қызығын көре алмай қапыда кеткен сұлу әйелге жаның ашиды. Тұйық ауладағы кезекті шу алдынғысынан да сойқан болады. Кенже тоқалдың көңілі шалының ертеде болған әйелінен туған, бұл күнде сымбатты азамат (жөн бойынша, баласы ғой) болған, керім жігітке құлайды. Соңы тағы да ауыр хал. Ал бұған әлгі қызыл шамның қатысы қандай дейсіздер ғой? Ол былай: үнемі сыртта болатын (саудагер ғой) қожайын үйіне келген соң кешке қарай қайсы әйелінің қасында болатыны анықталады. Әйелдер қас қарая жандарына күңдерін алып, есік алдына шығып тұрады. Жай емес, өліп-өшкен үмітпен. Дәл сол кезде қожайын тұрған үйден қызыл шырақ көтерген кәрі малай шығады. Үзіліп тұрған әйелдердің көзінше қалқып келіп, қолындағы шамды алдын ала белгіленген «отаудың» есік алдына іледі. Шамның мәні енді белгілі болған шығар. Бұл арада «бағы жанған» тоқалға деген басқаларының өшпенділігінің одан сайын қаулай түсетінін айта кеткен жөн. Сұмдық трагедия. Одан да сорақысы, кейіннен кіші тоқалдың қасында жүретін жас күңнің (бойжетіп қалған қыз) жетінші, әлде сегізінші болып осы отбасының отағасына әйел болып тигісі келетіні мәлім болады. Өзі көріп жүрген соншама сорақылықтарға қарамай, құлдыққа деген тежеусіз ұмтылыс. Еркіндігін өз қолынан тәрк еткісі келетін ессіз қылық. Бұдан ары ауыз ауыртудың қажеті бола қоймас. Не айтуға болады. Режиссердің тереңдігі мен сұңғылалығына сөз шығындау артық іс. Бір қызығы, бұл киноға келгенде, алдынғы жолғы шу көтерген даукестер режиссерді мойындады, әлде астарда жатқан жымсыма ойды түсінбеді, белгісіз, «қыңқ» етіп үн шығармаған күйі қалды. Ал, соншама қырағы билік тарапынан еш тыйым болмағанына, тіпті, қайран қаласың. Бұл, енді, елді «Бораттан» кем масқаралау болмаса керек. Бірақ, шындығы сол ғой, не істейсің оған! Рас, бұл кино да «Оскарға» ұсынылған.
Екіншісі «Чиу Жүн соттасуда» фильмі. Бұл фильмде де Қытай ауылдарындағы ұлттық тұрмыс бояуы аса қанық беріледі және оның табиғилығы, шынайылығы, расымен де, кісі таңқаларлық дәрежеде. «Осы адамның қолынан шыққан дүние-ау» деп ойлап қалуға себеп болар ешбір селкеу таппайсыз. Бүгінгі «қайнап» жатқан қытай қоғамы бірден көз алдыңызға тартылады. «Артығы» да, «кемі» де бадырайып қарсыңызда тұрады. Сонан соң, онда кейіпкерлер өздеріне дейін жалғасып келген сыртынан дыбыстауды бұзып, әртістердің өз дауысы тікелей беріледі. Осыдан-ақ оның қай деңгейде екенін шамалауға болады. Аталған киноны былайғы жұрт тереңірек білу үшін оның өзегіне арқау болған оқиғаны қысқаша баяндай кетейік. Бас кейіпкер Чиу Жүн – жас келіншек. Күйеуін ауыл бастығы белгісіз жағдайда қатты теуіп, жігіттік мүшесін жарамсыз еткен. Бұл жай келіншектің «ол (әкімді айтады) неге менің күйеуімнің жанды жерінен тебеді» деген наразы сөзі арқылы беріледі. Арыздану әуелде ауылдық учасковойға барудан басталады. (Бұл жерде ынжық күйеудің әкімнің үстінен арыз жазуға қарсы екенін айта кеткен жөн). Бірақ келіншек тоқтамайды. Ақыры арыз ауданға барғанда жеңістің төбесі көрініп, әкімге «кешірім сұрау және 200 юан айып төлеу» үкімі шығады. Ауылдық учасковойдың насихатымен бұрынғысынан сәл жұмсарған әкім ерін ұшымен ғана кешірім сұрап, ақшаны келіншектің қолына бермей, ауаға шашып жібереді. Келесі арыз осы тұстан басталады. Өйткені, намысты келіншекке әкімнің қыңыр қылығы қатты ауыр тиеді. Енді ауданнан асып, аймаққа, одан өтіп өлкеге (облыс), одан болмаған соң, ақыры арызды орталық сотқа бірақ жолдайды. Көпке дейін жауап болмайды. Бұл кезде аяғы ауыр келіншектің ай-күні жетіп, балпанақтай ұл туады. Мезгілсіз уақта толғағы ұстаған оны, хабар жеткен соң, қарап тұрмақ бар ма, ақкөңіл әкім ауылдастарын ұйымдастырып, өзі бас болып зәмбілмен иықтап, мың бір машақатта көрші қыстақтағы емханаға жеткізіп, босандырады. Сөйтіп, «арызқойды» бір ажалдан аман алып қалады. Қым-қиғаш ауыл өмірі-ай десеңші, сонымен, ойламаған жерген келіншек өзі сотқа беріп жүрген «дұшпанына» қарыз боп қалады. Араларына қайта «жылымық» ескен осы күндердің бірінде, қырсық шалып, ұмытыла бастаған әлгі жоғарғы соттың үкімі шығып қалмасы бар ма, қолға алуға келе жатқан сақшы мәшинесінің «шыңғырығы» естіледі. Әкімді жаңа «түсінген» келіншек тұра ұмтылып, өзінің арыз бермейтінін айтпақшы болады. Қайда, үлгере алмайды. Төтелете тартып жол бойына шыққанда, келген көліктің «қонағын» тиеп алып, алыстап кеткенін көреді. Не істерін білмей сасқан әйел арсалаңдап қала береді. Режиссер шеберлігі деген осы болар, соңғы тосын шешім елдің назарын келіншектің өкінішіне қарай аударып жібереді. Бірақ, кино өзегіне шойлаған батпан ой зіл тартқан күйі қала береді. Ол – намыс, құқық деген кісілік қадір-қасиет еді. Ауыл өмірінде бола беретін жақсылық, жамандықпен еш уақытта шатастыруға келмейтін, пенде біткенге Құдай ғана бере алатын түпкілікті құндылықтар. Сол құндылық қытай қоғамында жоқ дейді режиссер. Оны тек арызқой келіншек қана қажет етті, іздеді, көргісі келді, алайда, бәрібір, қайда да бола беретін дәстүрлі құндылықтың, немесе, болмашы ғана пенделік мүдденің (жақсылық, көмек, жәрдем дегендей) тасасында қала берді дейді. Мәселе қайда жатыр? Бұл кино да Оскарға ұсынылыпты. Бірақ, не себеп болғанын, ала алмаған.
Жаң режиссер араға екі жыл салып, «Тіршілік» деген картина түсіріпті. Қаттырақ кетіп, партияның жыртығына қол салған. Жоғарыда айтқан қара тізімге іліккен фильм сол болатын.
Одан кейін режиссер 15 кино түсірген. Бәрі де таңдаулы туындылар болып шықты. Ендігі 16-сын биыл қолға алыпты. 30 бөлімнен тұратын ағылшын тілді сериал екен. Голливудпен бірлесіп түсірмек. Ұсыныс, сірә, сол тараптан болған болар, басты рөлдердің бірін әлемге әйгілі әктер Мат Деймын (Matthew Paige Matt Damon) ойнайтын болып бекітіліпті. Режиссердің шетелдіктермен алғаш рет бірігіп түсірген киносы. Табысты боларынан дәмелі жұрт аяқталар мерзімін асыға күтуде.
Жаң режиссердің өзі туралы пікірі тым жоғары емес. «Мен Қытайдағы ең талантты режиссер емеспін, бірақ ең қажырлы режиссермін» дейді өзі жайында.

10
10Жаң Имоу туралы сөз қозғағанда соқпай өтуге болмайтын бірнеше тақырып бар. Солардың бірі – ол жарқыратқан жұлдыздар. Оның ең алғашқысы, әрине, Гұң Ли (Gong Li). 1965 жылы 31 желтоқсан күні Қытайдың солтүстігіндегі Шын Иаң (Shen Yang) қаласында туып, 1988 жылы Бейжіңдегі орталық драма академиясын бітірген қыз сол жылы академияда зерттеуші болып жұмыс істеп жүргенде бағы жанып, Жаң Имоуға кез болады. Жас режиссер оны өзі түсіруге дайындалып жүрген киноға шақырады. Ол – атақты «Қызыл гауляң» картинасы болатын. Соған түседі. Сөйтеді де, дабысы бірден жер жарып, дүрілдеп жүре береді. Араға бір-екі жыл салып, жоғарыда айтылған «Биік ілінген қызыл шамға» шақырылады. Одан соң «Чиу Жүн соттасуда» фильміне түседі. Жаң режиссермен соңғы бірлесіп істеген жұмысы – 2014 жылы жарыққа жол тартып, ел іші-сыртында бірдей дүрлігіс тудырған «Оралу». Шын шебер екенін тағы бір рет дәлелдеп шықты. Режиссердің көңілінен шыққаны сонша, «мен оған үлкен үміт артып едім, сол ақталды» деді ризашылықпен. Қазір аты әлемге әйгілі. Сингапур Республикасының азаматтығын қабылдаған. Күйеуінің жұмысына байланысты болу керек, көптен бері сонда тұрады.
10-1Жаң режиссер жарқыратқан екінші бір жұлдыз – Жаң Зы и (Zhang Ziyi). 1979 жылы Бейжің қаласында туып, орталықтағы би академиясында оқып жүрген балғын бойжеткенді көзі шалып, Жаң режиссер өзінің кезекті бір киносы – «Менің әке-шешеме» түсуге шақырады. Бар болғаны сол, әдемі арудың тасы кенет өрге домалап кете берген. Оған дәлел – алғашқы өнері үшін Қытайдағы кино саласындағы ең үлкен сыйлық – «Алуан гүлдердегі» «Ең үздік әйел адам рөлін» еншілейді. Арада бір жыл өтер-өтпей тайуандық режиссер Ли Анның жаңа киносы – «Жолбарыс жымына жасырынған айдаһарға» шақырылып, онда үлкен рөлдердің бірін сомдайды. Кейін бұл фильмнің «Оскар» сыйлығына ұсынылып, «ең үздік шет тіліндегі кино» жүлдесін жеңіп алғанын ескерсек, таңдалған актерлердің қай деңгейде болғанын байқап алу онша қиын болмайды. Сөйтіп, орта жасқа таяған кезінде Жаң Имоу тағы бір жас өнерпаздың тізгін-шылбырын түріп, өнердің даңғыл жолына салып жібереді. Содан бері Жаң Зы и ылғи да биіктерден көрініп жүр. Ұстазының үмітін ақтағаны да.
Жаң режиссер жолын ашқан келесі бір жұлдыз – Жоу Дұң иү (Zhou Dongyu, 1992). 2010 жылдың көктемінде Нан Жің (Nan Jing) қаласына емтихан тапсыруға келген 11-сынып оқушысын көзі шалған режиссер өзінің түсіруге дайындалып жүрген келесі киносы – «Долана астындағы махаббатқа» шақырады. Әрине, іздеп жүрген адамына лайық болған соң. 18 жасқа енді ғана толып, бұлықсып тұрған биге бейім бикеш ұсынысты қолма-қол қабылдайды. Сол жылы қыркүйек айында фильм аяқталып, қойылымға шыққанда ол бірден жұрттың назарын аударып, жарқырап жүре береді. Содан бері алдыңғы екеуіндей әлемді шарлап кетпегенімен, ел ішіндегі айтулы жұлдыздардың қатарына мықтап орныққан.
10-2Жаң режиссердің соңғы, әлбетте, әзірше, жарқыратқан жұлдызы былтыр ғана түсіріліп, кешікпей көпке жол тартқанда елдің айрықша ықыласына бөленген су жаңа картинасы «Оралудағы» бас кейіпкер ерлі-зайыптының жалғыз қыздарының рөлін сомдаған Жаң Хұйуын (Zhang Huiwen). 1993 жылы дүниеге келген жас бойжеткеннің биге деген мол әуестігі, соңғы есепте, басына бақыт болып қонып, бағын жандырады.
Жаң режиссердің жұлдыздары туралы әңгімелегенде, жігіт-тер туралы көп ештеңе айта алмайсың. Киноларында бір-екі рет көрінеді де, сол күйі ғайып болады. Болмаса, басқа режиссерлердің еңбектерінде төбе көрсетіп, жұмыстарын ары жалғайды. Қызық?!

11
Жалпы, қытай киносы туралы сөйлегенде соқпай өтуге болмайтын бір үлкен тақырып бар, ол – қытай Кұң фу кинолары (Kung fu film). Қытай киносы дүниеге келгелі бері тоқтаусыз түсіріліп келе жатыпты. Тақырыбы қызық, оқиғасы шытырман болып келетін бұл кинолар осы күнге дейін сұранысқа ие. Біздің елде де тоқтаусыз қойылып жатады. Дегенмен, бұл фильмдердің әлемдік аренаға шығуы сәл кейін, өткен ғасырдың 70-жылдарына тұспа-тұс келеді.

11Оған себеп болған бәрімізге белгілі актер – Ли Шиаулұң (Li Xiaolong, 1940-1973), яғни Брюс Лидің өмірге келуі және өзінің толысқан шағында өнерде жаңа бір жол ашып, Кұң фу киноларын тағы бір биікке көтеруі. Ли Шиаулұң Қытайда тұңғыш рет Голливудқа кірген әйгілі актер боп есептеледі. Оның табысты жолын кейін Чың Лұң (Cheng Long, ағылшынша Jackie Chan) мен Ли Лианже (Li Lіan Jie, ағылшынша Jet Li), тағы басқалар жалғастырғаны белгілі. Ұлттық дәстүрімен тіке жалғасып жатқан осы фильмдер ақыр аяғы қытайға үлкен жеңіс әкелді. Қытайдан тұңғыш рет орда бұзып, 1999 жылы 73 «Оскар» сыйлығын алған (3 аталым бойынша) тайуандық режиссер Ли Анның (Li An) атақты «Жолбарыс жымына жасырынған айдаһар» картинасы осы Кұң фу тақырыбында түсірілген кино болатын. Ондағы басты рөлдердің бірін гонконгтық атақты актер Жоу Рынфа (Zhou Renfa, ағылшынша Chow Yun fat) ойнады. Бұл бірлесудің фильмнің әлемдік деңгейде табысқа жетуіне оң ықпалын тигізгені анық. Ли Ан режиссер араға жеті жыл салып, 2006 жылы 78-ші және 2013 жылы 85-ші «Оскар» сыйлығын тағы екі мәрте алып, осы үш реткі жеңісімен айды аспанға бір-ақ шығарды. Сонымен тарихта «Оскар» марапатын үш рет иеленген алғашқы азиялық режиссер болып қалды.

12
Қытай киносы туралы әңгіме, әлбетте, мұнымен бітпейді. Базар кең болғандықтан, ұсынылым да шаш-етектен. Қала басы сайын оннан есептесең, бүкіл елде жүздеген кино студия жұмыс істейді. Олар шығарған өнімдердің бар-жоғын түгендеп, биік-аласасын байыптаймын десең, жыл бойы жұмыс істеуіңе тура келеді. Ұшы-қиырына жету де қиын. Біз тек сорпа бетіне шыққан деген таңдаулылары жайында қысқаша сөз қозғаған болдық. Соның өзінде білетіндердің өзін толық қамти алмадық. Кейбірі тақырыпқа келмеді, бәзі, ерте көргендіктен, көңілден көмескі тартты. Ал жаңа өсіп жетілген алтыншы буын режиссерлер жайлы сөз сәл басқаша өрбір еді. Олардың түсірген кинолары, тіпті «қырғын». Қытай киносы жайында сөйлеген соң, Тайуан, Гонконг фильмдері хақында да кеңірек толғау керек еді, оған сөз ұзаратын болды. Осы арада тоқтадық. Сәті түссе, тағы да ораламыз бұл тақырыпқа. Ол оқырмандардың қызығушылығына байланысты.

Cерік НҰҒЫМАН

(«Ақ желкен», №5. 2015 жыл)

2196 ПІКІРЛЕР

  1. It is all about how people percieve things. Personally I agree with the statement but I also do not mind other people’s view points.
    I like this website too:

    [url=https://www.vsexy.co.il/%d7%a0%d7%a2%d7%a8%d7%95%d7%aa-%d7%9c%d7%99%d7%95%d7%95%d7%99-%d7%91%d7%9e%d7%a8%d7%9b%d7%96/%d7%a0%d7%a2%d7%a8%d7%95%d7%aa-%d7%9c%d7%99%d7%95%d7%95%d7%99-%d7%91%d7%94%d7%a8%d7%a6%d7%9c%d7%99%d7%94/]נערות ליווי בהרצליה[/url]

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз