Маралтайдың соңынан ерген гу-гу әңгіме… Ел аузында да, интернет сайттарында да. Өйтпегенде ше?.. Жақында жазған «Кие» поэмасы жайлы елдің пікірі екіге жарылды. Президентке поэма арнауды біреулер жөн санаса, енді біреулер Маралтай да жағымпаздықты «жұқтырып» алған ба деп күмәнданды. Abai.kz-тен ақынның поэмасын мақтағандардың да, жақтырмай жерден алып-жерге салғандардың да жазғанын оқыдық. Көп оқырман ақынға айтарын сайтқа жазып, сайтты сабалаумен шектеліпті. Біз оқырманның ойындағы бірқанша сауалды ақынға арқалап барып, шыны қайсы, шыңы қайсы екенін таразылап қайтқан едік.

Президентке арнаған поэмаңызды оқырмандар виртуалды жүйеде қатты талқылады. Поэмаңызды біреулер мақтаса, біреулер сізді даттап та жүр. Осы шығармаңыз шын шабыттың жемісі ме, әлде сарай ақындығына біртабан жақындағаныңыздың белгісі ме?

– Жазылған шығарма мақталуы керек, болмаса датталуы керек. Бұл – заңды нәрсе. Егер сол туындының бойында іліп аларлықтай дүние бар болса, солай болуға тиісті. Әріден тартып айтар болсақ, орта ғасырдағы, оның ар жағында ерте дәуірдегі бедерлерді тарихқа жазып қалдырған сарай ақындары болатын. Жалпы біз сарай ақыны деген атақтан қорықпауымыз керек. Бірақ, бұл жерде мен «Мен сарай ақынымын» дегенді меңзеп отырған жоқпын. Мен де қалам ұстаған адам ретінде өз заманымдағы тарихи оқиғаларды қағаз бетіне түсіргім келді. Себебі, тәуелсіздік алғалы бері елімізде болып жатқан жақсы нәрселерді толыққанды қамтып көрсететін бірде-бір шығарма дүниеге келген жоқ. Мәселе бұл жерде Елбасын айту емес. Тәуелсіз еліміздің шын мәнінде қай дәрежеге жеткенін көрсету тұрғысынан. Елбасын өзек қыла отырып, еліміздің жеткен жетістігін жырлау басты мақсатқа айналды мен үшін. Шын шабыттың жемісі ме деп сұрақ қойып отырғаныңның өзі сәл ыңғайсыздау. Әлбетте, поэмам шын шабыттың жемісі. Әдебиетте қатып қалған қағидалар бар, шығарма шабытпен жазылған немесе бір деммен жазылған деген сияқты. Шындап келгенде, поэманы бір жұманың ішінде жазып шықтым. Бұл дегеніңіз бір деммен жазылды деген сөз. Ал мұны шабыт емес деп кім айтты? «Киені» жазғанда уақыттың демін қалдырғым келді көркем шығармада. Бір жағы бұл туындым – хроникалық дастан. Қазіргі алты Алаштың алақанындағы Мұқағали Мақатаев кезінде «Мавр», «Ильич» деген поэмалар жазды. Оны «Маврды» жазуға не мәжбүрледі? Бұл да ойлантатын дүние деп ойлаймын. Мен жырға қоссам, өзіміздің тәуелсіз еліміздің тұңғыш Елбасын жырға қостым. Қандай жағдай болса да, тіпті дүние төңкеріліп, қара су теріс ағып кетсе де, ол кісінің еткен еңбегі тарихта өз орнын ойып алады. Мен бір кездегі Ленинді әйтпесе, Марксты жырлаған жоқпын. Елімнің тұңғыш Президентін жырладым түптеп келгенде.

– Жөн екен. Алайда, «Киені» оқығандар Маралтайдың деңгейінде шықпаған шығарма. Маралтай өз деңгейінде жаза алмаған деп те айтып жүр. Бұған не дейсіз?

– Былай ғой, бізде күйе жағып, жала жабу үшін, тырнақ астынан кір іздейтіндер көп. Мені танитындар жақсы біледі, мен интернет дегеннің не екенін білмейтін адаммын. Компьютердің тілін білмеймін, тіпті. Поэмамды оқып, сайттарда әртүрлі пікір жазғандар аты-жөнін көрсетіп пе өзі? Кім жазыпты?

– Аға, виртуалды жүйеде пікір қосу үшін адамдардың аты-жөнін толық көрсетуі міндетті емес. Есімін жазбау арқылы оқырмандар өз ойын ашық, әрі еркін түрде білдіре алады.

– Көрдіңіз бе, бұл деген күйе жағу, адамды былғау. Ал, Алла былғай алмаған адамды пенде қайтіп былғайды, дұрыс па? Мұның бәрі – пендешілік, көреалмаушылық, меніңше. Кезінде азып-тозып көшеде жүрдім. Сонда менің маңдайымнан кім сипап еді? Ешкім сипаған жоқ. Бишара боп жүргенді жақсы көреді елдің бәрі. Айтылып жатқан әртүрлі пікірлердің бәрі пендешіліктен. Сайттың ар жағында жүзін жасырып, әртүрлі әңгімені күңкілдеткенше, сол азаматтар алдыма келіп шығармам жайлы пікірін еркекше білдірсін, жүректері дауаласа. Дауаламай ма, окопта жатып ураламасын. Шығарманың қай деңгейде жазылғанын бір Құдай біледі. Әйткенмен, жаздым. Өзімнің көңілім толды. Лайықты бағасын әлі уақыт береді. Уақыт – бәріне төреші. Мен осыған сенем.

– Мұқағалидың да «Маврды», «Ильичті» жазғанын тілге тиек етіп жатсыз. Бұл маған Мұқағали «Маврды» жазған соң өзін билікке мойындатты дегендей естіліп отыр. Әрі поэмамның лайықты бағасын уақыт береді, уақытқа сенем дейсіз. Мұныңыз да Мұқағали сияқты мен де аңызға айналам дегендей болып тұр.

– Мен тағдырымды болжап, кейін кім болатынымды білетін көріпкел емеспін. Мұқағалиды шауып жүрген баладан, бейітке қарап отырған қарияға дейін біледі. Солай болуға тиісті де. Кезінде ішіп жүрген кезімде елдің бәрі мені екінші Мұқағали деп қабылдады. Арақ ішкендігімнен ғана. Әйтпесе, менің жазу мәнерім, жүріс-тұрысым одан мүлдем бөлек. Мен Мұқағалиға еліктейін деген жоқпын. Тағдырым сондай болды. Армандай тұтып, Алматыға келгенде асқар таудай көрген ағаларым менің алдымда төбешікке айналып, аласарып кетті. Олардың екіжүзділігін көрдім. Бетіме күліп қарап, артымнан жынысы бөлек адамдардай әңгіме айтатындардан жалықтым. Мені екіжүзділік шаршатты. Сол себепті де, Кеңсайға кетіп қалдым бір кездері. Мұқағалидың, Жұмекен мен Жұматайдың, берідегі Оралханның басына барып, еңкілдеп тұрып жылаған кездерім болды. Бірақ мен ешқашан Мұқағали болуға талпынған емеспін. Менің мақсатым Мұқағали болу емес, Маралтай болу емес пе? Алла екеумізді әртүрлі етіп жаратқан. Шығармашылығымыз, жазуымыз бір-бірімізге ұқсамайды. Алайда, жер бетінде ұқсастық көп. Бір-бірінен аумайтын, ұқсас қалыптар бар. Сол қалыптар адамдардың бәрін бір арнаға түсіріп жіберген. Тіпті, баланы тәрбиелеуіміздің өзі бірдей. Сондықтан, қоғамға бір-бірінен аумайтын шаблон, штамптар тәрізді адамдарды да дайындап шығамыз.

– Жөн екен. Сіз алмаған «биік» жоқ. Бірақ осы мүшәйра, стипендия, басқа да сый-сияпаттар сіздің тұрақты айлығыңызға айналып кеткен жоқ па?

– Сіз алмаған биік жоқ деу артықтау болатын шығар. Олай емес. Бірақ сырттай солай көрінуі мүмкін. Алған жүлделерім мен стипендиялардың тұрақты айлығыма айналып кеткен түгі жоқ. Стипендияны баяғыда 1997-1998 жылдары екі рет иеленгем. Сосын арада он жыл өткеннен кейін былтыр алдым. Биыл Президент стипендиясының иегері атандым. Мені тәуелсіз әдебиеттің басындағы санаулы тұлғалардың қатарына жатқызады. Қазақ деген халықтың жасап кеткен әдебиетін бір дәуірден бір дәуірге қабырғасын сетінетпей өткізіп бердік. Сол буынның толқынымыз. Темірхан Медетбек айтпақшы, «алтынкөпірліктерміз» біз. Ал енді сондай адамдардың біріне азын-аулақ жағдай жасалса, «байдың асын байғыз қызғаныпты» дегендей болмауы керек қой. Ел ойлағандай қағанағы қарқ, сағанағы сарқ өмір сүріп жатқан жоқпын. Менің қасымда бір жұма емес, бір күн жүрсең, қандай адам екенімді, немен тыныстап жүргенімді білетін едің. Қазақ радиосындағы қызметімнен штаттан шеттетілдім. Қазір келісімшарт негізінде жұмыс жасап жүрмін. Алатын айлығым бар болғаны алпыс мың ғана теңге. Сол ақшамен күн көріп жатырмын. Адам болғаннан кейін заманға сай ілесіп жүргің келеді. Баратын жерлерің де көп. Арасында жүрегім ауырып, емханаға 2-3 ай сайын жатып қаламын. Соның бәріне ақшаны кім береді маған? Алған алпыс мыңымды амалдап жүріп жеткізем.

Сіз сөз жоқ пиары мықты ақынсыз. Ащы суды қойған кезіңізде «Жас Алаш: «Маралтай арақты қойды», – деп сүйінші сұрады. Зираттарда түнегеніңізді де жұрт біледі. Пышаққа ұрынғаныңызда да баспасөз бейжай қараған жоқ. Соңғы кезде сізді үйдегі жеңгейді тастап, жиырма жастағы қызға кетіпті деген әңгіменің басы қылтиды. Бұл қаншалықты шындық? Әлде бұл да пиардың жемісі ме?

– Бұл сұраққа жауап бергім келмейді. Егер шындап менің тағдырымды білгісі келетін адамдар болса, менімен келіп сырлассын. Дос болайық, әңгімелесейік, мен бәрін айтып беремін. Ал пиары мықты дегенге келер болсам, кезінде Қалтай Мұхаметжанов ағамыз айтқан: «Халық мені жынды десе, жындымын. Данышпан десе, данышпанмын», – деп. Менің де тоқтайтын жерім – осы. Халық мені қалай бағалайды, сондаймын. Ел алдында әдемі боп жүрейінші, жақсы боп көрінейінші деуді жақсы нәрсе деп ойламаймын. Ол – жасандылық.

– Гендерлік саясатқа қарсы екеніңізді білеміз. Ал әйел ақындарға көзқарасыңыз қандай?

– «Алладан кейін сол – ұлы», – деп Жүрсін Ерман айтқандай, әйел – ұлы. Оның орны бөлек. Қазақтың әйелдері мен қыздары да қызмет етіп, жарқырап топтың алдында неге жүрмесін? Жүрсін… Бірақ ер-азаматтардай қызмет етем, олармен теңмін деп ешқашан ойламасын. Біздің менталитетімізде әйелдер ерін сыйлап, еркектерден бір саты төмен тұруы керек. Алла алдымен еркекті, онан кейін әйелді жаратқан. Осыны көңілдеріне түйіп жүрсе деймін. Ал әйел ақындарға көзқарасым өте дұрыс. Поэзияны әйелдер поэзиясы, еркектер поэзиясы, жастар поэзиясы деп бөлгенге қарсымын жалпы. Ақындық деген – Алладан берілетін қасиет қой.

– Тарпаң тұлғалы, тарпаң мінездісіз. Тарпаң мінезіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

– Үйдің кенжесі болғандықтан, үлкендерге еркелеп өстім. Алдымда бес ағам, үш әпкем бар. Әдебиетке келгенде де еркелеп келдім. Айналамдағыларға әлі де ерекелегім кеп тұрады. Оны біреу түсінсе, біреу түсінбейді. Кешегі Мұқағали мен Жұматай да, Асқар Сүлейменов пен Тоқаш Бердияров та, күні кеше өмірден өткен Өтежан Нұрғалиев та қоғамға еркелегісі келді. Бірақ қоғаммен сыйыса алмады, сыйыстырмады. Қоғам олардың еркелігін көтере алмады. Қазір де еркелігіңді көтеретіндер жоқтың қасы. Менің басымнан ердің ері көтеріп шыға алатындай жағдайлар өтті. Тарпаң мінезділігімнен талай таяқ жедім. Әлі де жеп келем. Таяқ дегенде жұдырық ала жүгіріп, біреулердің төпелеуі емес. Өмірдің таяқтары. Болайын деп тұрған нәрсем болмай қалады. Бітейін деп тұрған істі тізеге салып жіберетін кезім көп. Қызуқандылығым, бетке айтатындығым әлдекімдерге жақпай жатады. Таяқ тиеді деп бұғып қалатындарды түсіне алмаймын. Біреудің ыңғайына, қапталына жата кететіндей мінез емес менікі. Жұмекеннің «Қарсы біткен түк сықылды мақпалға, Ажарыңды бұздым жаңа батқанда» деп келетін өлеңі бар. Сол секілді біздің мінез мақпалға біткен түк секілді. Алақанға біткен түкті кім жақсы көруші еді? Мен адамдардың бәрімен бетпе-бет ашық сөйлескім келеді. Елдің сыртынан сөйлегенді ұнатпаймын. Мұны адамның адамдық қасиетін аласартуы деп білем.

– «Жақсының артынан сөз ереді». Сіз бәрібір шашасына шаң жұқтырмас дара ақынсыз. Біз жоғарыда соңғы кездері оқырман аузында жүрген сұрақтарды қойдық. Ал өз сұрағымыз Маралтай алдағы уақытта оқырманын қандай дүниемен қуантар екен?

– Оқырманды қуантатын дүниені дәл қазір ашып айтқым келмейді. Не жазып жүргенімді алдын ала жария етудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, эмоцияң сыртқа шығып кетеді. Айтқаннан кейін жазып тастаған сияқты сезімге түсіп қаласың.

Дұрыс екен. Ашылып айтқан әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ.

«Ақ желкен» журналынан (№2, 2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз