Жақсы есiм

КIШКЕНТАЙ СӘБИЛЕРДIҢ НЕ КIНӘСI БАР?

Өткен Барыс жылы Қазақ елi үшiн табыс жылы болғаны анық. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi, 11 жылдан кейiн саммиттi жасауы, Азиада ойындарына дайындық – бәрi-бәрi халық есiнде ұзақ сақталатын болады. Неге дейсiздер ме? Себебi, желтоқсан айында туылған 12 қаракөз қазақ баласы Саммит, Саммитхан, Саммита, Азиада есiмдерiн иелендi.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бала­ларыңа мән-мағыналы, жақсы есiм қойыңдар. Кейiн ақиретте сол есiмдерiңмен шақыратын боламын», – деген екен. Ал жоғарыда атап өткен есiмдердiң қандай мән-мағынасы бар? «Шаш ал десе бас алатын» қазекемнiң осы бiр жағым­паз­дық қылығы үшiн кiшкентай сәби­лер неге жауап беруi тиiс?

Жағымпазданудың да түр-түрi бар емес пе? Әлгi ата-аналар бiреудiң табанын жаласа да, сәбидiң маң­дайындағы таңбасы – атын қоюда мұндай қылыққа бармауы керек едi. Ертеңгi күнi олар ержеткенде, өз есiм­дерiн өздерi айтуға ұялып жүрмесiне кiм кепiл?

2011 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық Литва елiнiң қолына көштi. Алдағы жылда литвалықтар саммит қарсаңында өз сәбилерiне Саммит, Саммита деп ат қойса, мұрнымды кесiп берейiн: олар мұндай сорақы­лыққа бармайды.

«Жаман иттiң атын Бөрiбасар қояды» деген. Ал бiз әп-әдемi ұл-қызымызға сорақы есiмдердi қоюдамыз. Мына түрiмiзбен қайда бет алып барамыз өзi? Есiмiз барда елiмiздi табайық!

Айжан ҚАСЫМОВА,

Т.Рысқұлов орта мектебiнiң 11-сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Луговой ауылы,

Т.Рысқұлов ауданы,

Жамбыл облысы

Клиптер сын көтермейдi

Менiң қолыма қалам алуыма түрткi болған жағ­дай – бейнеклиптер жайы. Ақылбек Жеме­ней­дiң репер­туа­рындағы «Қара көз Гүл­нара» жә­не Аза­лия­ның орын­да­уын­дағы «Раушан гүл» әндерiне түсiрiлген бей­не­баян­дар өте сәтсiз. Ән мен клип – екi жақта. «Рау­шан гүл» әнi­нiң мазмұны раушан гүл­дiң тағ­дырына арналған. Бiрақ клип­те бұл еске­рiл­­меген. Әнге клип­тi екi түр­лi мағынада түсiруге бола­тын едi. Бiрiншiден, тура мағынасында. Яғни, қара­пайым гүлдiң жара­тылысы, жаз, қыс айындағы бiтiм-болмысы… Гүлдi негiзге ала отырып, өмiрдi, оның мәнiн, адамдардың ниетiн көрсетуге де болар едi. Мүмкiн, раушанды адамға айналдырып, өмiрде жақсылық пен жаман­дықтың қатар жүретiнiн айтса…

– Әлде сусыз солдың ба,

Жете алмай жаңбырға?  – деген жолдарда раушан гүлi үшiн жаңбыр жақсылық екенiн паш етсек… Ақылбектiң «Қара көз Гүлнарасы» –  жiгiттiң сүйген қы­зына деген жүрек толқынысынан туған лирикалық ән. Бiрақ бей­неклип әнге басқаша мағына бередi. Клипке түскен қыздар мен Ақылбектiң сырт киiмi ше? Қазақ ұлтына, мәдениетiне мүлде жа­қын­дамайды. Мұнысына «жа­райды» дей салсақ та, қыздар­дың биi сорақы. Артық айтсам, кешi­рерсiздер. Клипке қарап отырып, әнге оған сөзi мен әуенiн арнаған адамға жаным ашыды.

Айжан Саршанова,

9-сынып оқушысы,

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Қалжыр ауылы,

Күршiм ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы

СЕРПIЛIС

«Қазақстан« телеарнасынан апта сайын көрсетiлiп жүрген түрiктiң «Дениз» атты теле­се­риалы жақсы қырымен та­нылған жоқ деп бiлемiн. Менiң­ше, осы сериалдың ешқандай мән-ма­ғы­насы жоқ. Алтын уақы­тымызды бекерден-бекерге жо­ғал­тып жүрмiз. Телесериалда қала балаларын тәлiм-тәрбиесiз етiп көрсеткен. Ата-анасын ал­дап жүрген қыздардың қылық­тары да түсiнiксiз…

Осындай шетел телесериал­дарынан гөрi, анда-санда ғана көрсетiлiп тұратын «Жетiмдер», «Бәйтерек», «Сiз кiмсiз, Ка мыр­за?», «Бiржан сал», «Қош бол, Гүлсары», «Мұстафа Шоқай» сияқ­ты жаңа фильмдерге еш туынды жетпейдi. Осы кинолар­дың мәнi мен сәнi жарасып тұр деп айта аламын. Мысалы, «Же­тiмдер», «Бәйтерек» фильмде­рiн­дегi жас актерлер өз рөл­де­рiн өте жоғары деңгейде орын­даған. «Сiз кiмсiз, Ка мырза?», «Бiржан сал» фильмдерiндегi жас актерлер өз рөлдерiн өте жоғары деңгейде орындаған. Ал  Асанәлi Әшiмов, Досқан Жол­жақ­сынов  сияқты аталарымыз өздерiнiң шеберлiктерiн тағы бiр дәлел­дедi. «Сiз кiмсiз, Ка мырза?»  фильмiнiң  желiсiне қоғамның бас ауруына айналған есiрткi бизнесiн жою мәселесi арқау болған. Туын­дының жас­тарға берер тәрбиесi осы болды деп ой­лаймын. «Бiржан сал» филь­мiн­­­де әншiнiң еркiндiктi аңсап салған әнi Сарыарқа жерiнде тұншыға шырқалып жатты.

«Қош бол, Гүлсары» фильмi соғыстан кейiнгi ауыр кезеңдi бейнелейдi. Халқымыздың қан­дай қиыншылықта өмiр сүр­ге­нiн анық көруге болады. Маған кинодағы жылқының керемет саналылығы өте қатты ұнады. Ал «Мұстафа Шоқай» фильмiнде қайраткер Мұстафаның өмiрi шынайы түрде бейнеленген.

Бұл туындылар техниканың жаңа үлгiлерiмен түсiрiлген. Демек, қазақ киносы қайта серпiлетiн күн туып келедi.

Назым НҰРСҰЛТАН,

№62 мектеп-лицейiнiң 7«А» сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Астана қаласы

Беттi әзiрлеген Гүлфарида Зейнуллина

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз