Табиғат – Жұмыр жер мен Әлем кеңiстiгi аралығын жалғас­тырушы. Бұл үшеуi өзара сабақтас, бiрiмен-бiрi әрекеттес және бiрiнсiз бiрiнiң саулығы дұрыс болмайтын тұтас дүние. Жан-жануарлар, өсiмдiктер әлемi –бiрге тiршiлiк етiп жатқан табиғи орта. Табиғи ортаның саулығы – онда тiршiлiк етушiлердiң саулығының басты кепiлi. Сол себептi де бiз табиғатты тануға ден қоямыз. Кiшкентайымыздан гүлдi жұлмауды, суға түкiрмеудi, талды сындырмауды, аң-құсқа қамқор болуды құлағымызға құйып өстiк. Есейе келе, табиғи орта байлығын қалай арттыруға бола­тынын бiлуге тырысамыз. Осы мақсатта түрлi зерттеу жұмыс­тарымен айналысамыз. Азамат қатарына қосылған шақта бала кезiмiзде танып-бiлгенiмiздi нақты iс-жүзiне асыруға кiрiсемiз. Қандай жақсы! Көпшiлiгiңе осындай биiк талабымен үлгi болар замандастарыңның ой-пiкiр, ұсыныстарын өздерiңе ұсынамыз, балалар!

ШЫМНАН ҚАЛАНҒАН ҚАЛА

Жақында Шымкенттегi Жас­тар сарайында елiмiздiң оңтүстiк өңiрiнiң экологиялық ахуалының бүгiнгi жай-күйiне арналған жиын өттi. Ғылыми-тәжiрибелiк конфе­ренцияның мақсаты – жергiлiктi экологиялық мәселелердi зерттеп, оң шешiм табуына жастарды белсене қатыстыру едi. Кейiнгi лек – жас ұрпақты өз қаласына, туған өлкеге жанашырлықпен қарауына, өз елiнiң патриоты болуына үндеу жаппай қолдау тапты. Бiз жастар, Қазақстанның жедел қарқынмен дамып, өсiп-өркендеуiне үлес қосу­ға тиiстiмiз.

Экологиялық бiлiмiмiздi кө­теру­ге қаладағы Мирас универ­ситетiнiң ғылым және ұлтаралық қарым-қатынас кафедрасының жетекшiсi Рашида Османова бас­таған ғалым ұстаздар ұйытқы бол­ды. Жиын ағылшын тiлiнде өттi. Екi күнге созылған конфе­рен­цияда, әсiресе мектеп оқушы­лары, бiз көпте­ген мағлұмат ал­дық. Табиғат байлығын тиiм­дi пай­далану терең бi­лiмдi қа­лайтынын бiл­дiк.

Желдi, су ағысын қуат көзiне ұқсатуда жастардың белсендiлiгi қажет екен. Шымкент­тегi қорға­сын зауыты­ның қоршаған ортаға тигiзiп отырған керi әсерi, оның себеп-сал­дарын анықтау да – бiз­дiң еншiмiздегi шаруа. Туған қаламыздың эко­логиялық ахуалын жақ­сартудың қандай тиiмдi жолдары бар? Қо­қыс, өнеркәсiп қалдық­тарын өң­деп, екiншi рет қа­жетке жа­рату­дың жаңа әдiс-тәсiлдерi қан­ша­лық? Конференция ба­рысында айтыл­ған осы мәселелер бiздi де ой­лант­ты. 26 оқушы баян­дама жасады.

№80 мектептiң оқу­шылары Нұрила Есiмтегi мен Айзат Әмiр­байтегi желдi қуат көзi ретiнде пайдалану арқылы жерасты қазба жұмыстарын үнемдеуге  болатыны жайлы нақты ұсыныстарын алға тартты. №29 мектептен Дамира Тағабек пен №23 мектептiң оқу­шысы Ақбота Найбулаеваның ғы­лыми жұмыстары Семей тұр­ғын­дарына зиян шектiрген поли­гонның болашағына қатысты iс-шара бағдарламасына арналды. Ша­ра жобасы бiзге де ұнады. Алма Рахметова, Ақмарал Сман қала­ның атмосфералық ластануына тоқталды.

– Халқы жиi қоныстанған iрi қалаларда ауаның ең әуелi авто­көлiк түтiндерiмен ластанатыны шындық. Көлiк иесi көлiгiнiң құ­бы­ры, тетiктерi дұрыс  жұмыс жа­самайтындықтан, зиянды газды көп мөлшерде бөлетiнiне назар аудармайды. Ондай адамдарға айыппұл салу бiзде жүйелi жолға қойылмаған. Көлiк отынын рет­теуге арналған катализаторды қолдану заң жүзiнде реттелмегенi де анықталды, – дедi баяндамашы.

Ғылыми конференция соңын­да iзденiмпаз балалар мақтау қағаз­дарымен, бағалы сыйлық­тар­мен марапатталды. Жиын бәрiмiзге үлкен ой салды.

Гүлжайна Арыстан,

№7 Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-лицейiнiң

10 «Е» сынып оқушысы.

«Ұланның» жас тiлшiсi.

Шымкент қаласы

Кiшi ғылым академиясы

ЖУСАН ИIСI АҢҚЫҒАН…

Халқымыз ерте кезден-ақ өсiмдiктердiң адам тiршiлiгi үшiн өте маңызды екенiн жақсы бiлген. «Бiр тал сындырсаң, он тал ек» деп табыстаған. Жасыл же­­­лектi аялап күткен. Қазақстан жерi өсiмдiктер әлемiне бай. Сан мыңдаған түрлерi бар және бiлген жанға өсiмдiктердiң түрлi-түрлi шипалық қасиеттерi де бар.

Мен өзiм туған Сыр өңiрiнде өсетiн өсiмдiктер әлемiмен жақынырақ танысуды қолға алдым. Әрбi­рiн егжей-тегжейлi бiлгiм келдi. Әсiресе, бiздiң ай­мақ­та көп ұшырасатын жусан жайлы бiлiмiмдi арттыруды жөн көрдiм. Ауыл үлкендерi де бұл өсiм­дiктi жиi ау­зына алады. Жусанның ермен, емшан деген атаулары да бар екен. Өсу аймақтарына қарай далалық жусан, ақ жусан, нағыз жусан деп те бөлiнедi. Ботаникалық сипаттамасына келсек, жусан – көпжыл­дық шөптесiн өсiмдiк. Сабақтары сұрғылт күмiс түстi тығыз түкпен көмкерiлген. Та­мыры жуан, быртық. Өзi тiк өседi. Бойы шамамен 60-100 сантиметр аралығында. Негiзiнен жалғыз сабақты. Ұшар басы тарамдалып, шашырай өседi. Жапырақшаларының ұзындығы – 6-9 сан­тиметр, енi – 3-7 сантиметр. Шымқай жасыл түстi. Гүл қауа­шақтары сары түстi.

Жусан шiлде-тамыз айларында гүлдейдi. Қазақ­станның барлық аймағында кездеседi. Жер талға­майды. Жол бойында, тұрғын үй iргелерiнде, бау-бақ, далалы өңiрде, тау, орман iшiнде ұшырасады. Жусан­ның иiсi алыстан бұрқырап шығады.

Қазақстанда жусанның 81-ден астам түрi кез­деседi. Сол аймақтың топырағына және жер бетiне тү­се­тiн ылғалға байланысты бейiмделiп өседi. Жу­санды, әсiресе, қой, ешкi мен жылқы сүйсiнiп жейдi. Сосын да үлкендер ет жеп отырып, «шығарға жайыл­ған екен» деп айтып жатады. Жаздың алғашқы айлары мен күзде қаулап өсетiн жусанға тойған қой- ешкi тез семiредi.

Жусанның химиялық құрамында жұпар иiстi эфир майлары, аскорбин, белок, май, клечатка бар. Абсинтин, анабсантин деп аталатын гликозидтер, алма, янтарь қышқылдары, каротин, т.б. пайдалы микроэлементтерi көп. Осы қасиеттерiн ежелден бiлген халқымыз ем-домға кеңiнен пайдаланған. Жусан жануарлар ағзасындағы, адамның iшкi құрылысындағы ұсақ бак­терия, микробтарды өлтiре­дi. Асқазан, iшек-қарын жұ­мысын жақсар­тады. Астың қорытылуын жеңiлдетедi. Ауыр науқас­тың тәбетiн ашу үшiн бiрер тамшы тұнбасы бар сусын iшкiзсе, жеткiлiктi.

Жусанның түпкi атауы – «артемизиа». Емдiк қасиетiне қарай гректердiң «денi сау» деген сөзiнен шыққан. Кейде осы елдiң ежелгi патшасы Мавзол­дың зайыбы Артемизия есiмiмен де байланысты­рады. Қатты науқастан осы жусан айықтырған екен. Қосымша анықтауышы гректiң «ұнамсыз» сөзiмен түсiндiрiледi. Өйткенi, жусан иiсi ащы. Тұнбасын iше қою оңай емес. Сол себептi «ұнамсыз» аталады. Дәмi қанша ащы, иiсi сонша өткiр болса да,  көш­пен­дi бабаларымызды жусансыз елестету мүмкiн емес.

Орынай Байтуғанова,

№94 орта мектептiң 6«Б» сынып оқушысы.

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы

Бетті әзірлеген Алма Үмбеттегі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз