Қаңтар, ақпан айларында отандастарымыз демалысқа жиі баратын елдердің бірі – Мысыр. Кезінде Сұлтан Бейбарыс бабамыз билік жүргізген елге туристердің қызығушылығы өте жоғары. Бұл мемлекетте əлемнің жеті кереметінің бірі саналатын пирамидалар бар. Бірақ біздің əңгіме бұл туралы емес. Жергілікті халық өздерінің мақтанышы болып саналатын пирамидадан да кем көрмейтін Мохамед Салах есімді футболшы бар. Ол өткен жылы араға 28 жыл салып, Мысыр құрамасын Ресейде өтетін əлем чемпионатына алып шықты. Бұл жетістік футболшыны ұлттың батыры деңгейіне дейін көтерді.

Қазіргі таңда Мохамед əлемдегі ең үздік клубтық турнир – Англия премьер-лигасындағы белді ойыншылардың бірі. «Ливерпульдің» жартылай қорғаушысы ішкі біріншілікте 17 гол, Чемпиондар лигасында 6 гол соғып үлгерді. Жақында ғана 2017 жылғы Африканың үздік ойыншысы атанды. Мысыр халқы оны тек футболдағы жетістіктеріне бола ғана емес, адамгершілік қасиеті үшін де жақсы көреді.

Салах Мысырдың Нагриг деген жерінде туып өскен. Бұл қалашық кезінде Македонияның ұлы қолбасшысы Александр Македонский салдырған Александрия қаласына жақын орналасқан. Біздің кейіпкер футболмен 7 жасынан айналысады. Өйткені ол  Роналдо, Тотти, Зидан секілді аты аңызға айналған футбол шеберлерінің ойынын көріп өседі. Бірақ ауылда тебетін доп та болмаған. Сондықтан достарымен аяғына киетін шұлығы мен көшеде жатқан кесек тастармен ойнап бастаған. Осылай 14 жасқа дейін жалғасты. Ел астанасы Каирдың «Эраб Контракторс» клубының скауттары мектепаралық PepsiCo турнирінде Мохамедті байқап, өздеріне шақырады. Сөйтіп, футболдағы алғашқы келісімшартына қол қояды. Алайда күнде жаттығуға бару оңайға соқпайды. Жаттығуға жету үшін үш автобус ауыстырады. Жолға кемі 4 сағат уақыты кетеді. «Алғашында мектептен ертерек қашып шығуға тура келетін. Кейіннен клубтан қағаз əкеліп, жаттығуға үлгеру үшін сабақтан ертерек кете беретін келісім алдым. Сабақ таңертең тоғызда басталады, ал клубтың жиындары күндізгі 14:00-ге қойылған. Мектепте 2 сағат отырамын да, стадионға асығамын. 3-4 жыл қатарынан аптасына бес рет осылай барып келіп жүрдім. Жаттығу жиыны кешкі алтыда аяқталады, үйге жеткенше сағат 22:00-22:30 болады. Таңертең қайтадан ерте тұрасың», – дейді футболшы.

Төккен тер далаға кетпейтіні рас екен. Өмірде əділеттің барына көзі жетеді. Осындай еңбекқорлығының арқасында 19 жасында Салах Мысыр құрамасы сапында өнер көрсете бастайды. 2012 жыл-ғы Африка кубогына дайындық барысында Мысыр құрамасы бірнеше жолдастық кездесу өткізеді. Қарсыластардың бірі – «Базель» клубы болады. Швейцария командасын Мысыр құрамасы 4:3 есебімен жеңеді. Матчтағы 4 голдың екеуін Мохамед соқты. Жас футболшының өнері «Базель» клубының скауттарын бей-жай қалдырмайды. Арада аз уақыт өткенде футболшыны Еуропаға шақырып алады.

«Өте қиын болды. Жас кезіңде бір құрлықтан екіншісіне қоныс аудару оңай емес. Мысырда туып-өстім, елдің бəрі бұл ел туралы біледі. Ал мен Швейцария туралы ештеңе білмейтінмін. Тіпті ағылшынша сөйлей алмайтынмын», – дейді ол.

Арада 6 жыл өтті. Салахта қазір бəрі керемет. Бүгінгі таңда «Ливерпульдің» басты жұлдызы, тілді де үйреніп үлгерді. Аптасына 100 мың фунт табыс табады. Бірақ көп ақшадан масаттанып кеткен жоқ. Қайта өзінің ауылын көтеру үшін ақшасының көп бөлігін Мысырға беріп тұрады. 2017 жылдың қараша айында Мохамед Конго құрамасына дубль жасап, командасын Ресейдегі əлем чемпионатына алып шығады. Дəл сол кеште əкесін ұрлықшылар тонап кетеді. Арада 2 күн өткенде қылмыскерлер тез қолға түсіпті. Салахтың əкесі қылмыскерлерді сотқа береді. Бірақ баласының осы тұстағы əрекеті көпшілікті таңғалдырды. Мохамед əкесінен шағымын қайтарып алуды сұрап, ұрлықшылармен өзі кездеседі. Ол керісінше ұрыларға ақша беріп, жұмыс табуға көмектеседі. Қылмыскерлер бұл қателіктерінен сабақ алмауы да мүмкін. Дегенмен, оларға адамгершілік танытып, тағы бір мүмкіндік берді. Алайда бұл жаңалық басқа оқиғаның көлеңкесінде қалып қойды. Өйткені мысырлық кəсіпкер Махмуд Аббас отандастарының 2018 жылғы əлем чемпионатына жолдама алғанын естіп қатты қуанады. Кəсіпкер команданың көшбасшысы Салахқа таңғажайып вилла сыйлау туралы шешім қабылдайды. Бірақ «Ливерпуль» ойыншысы Аббастың бұл ұсынысынан бас тартады. Егер Махмуд футболшыны қуантқысы келсе, ақшасын вилла алуға емес, Нагриг ауылын дамытуға жұмсаса екен деген тілегін білдіреді.

Салах өзінің туған ауылына жиі қамқорлық танытады, үнемі ақша аударып тұрады. Нагригке өз қаржысымен мектеп, жабық футбол алаңын тұрғызған жəне спортзалды барлық жабдықтарымен қамтамасыз еткен.

Ауыл əкімі Махер Шетияның футболшыға деген алғысы шексіз. «Салах біздің ауылдың дамуы үшін ешқашан аянып қалғанемес. Ол Базиун ауруханасындағы вентиляциялық бөлмеге қажетті заттар жəне препараттар мен жедел жəрдем көлігін алуға қаржы бөлді. Қазіргі кезде Мохамедтің арқасында біздің ауылды əлем картасынан іздейтіндер көп», – дейді Махер Шетия.

Салах сонымен қатар отбасын құрған жас отбасыларға тойларын өткізу үшін қаржылай көмектесіп тұрады. Туған ауылы Нагригке де жиі барады.

«Жыл сайын Рамазан айында жергілікті балаларға сыйлық таратады. Олармен суретке түсіп, автограф береді. Сөйтіп, балалардың да көңілін көтеріп қайтады. Мохамед қандай жетістікке жетсе де, адамгершілік тұрғысынан еш өзгерген жоқ», – дейді бала кездегі досы Басюни.

Ауылына деген қамқорлығын жергілікті билік ескеріп, мектептің аты мен жаңадан салынған жастар орталығына Мохамедтің есімін берген.

2017 жылдың соңында Салах тағы екі сауапты іс жасады. Алдымен Мысырдың фунтын қиын жағдайдан құтқарып қалды. Ел басшылары шетелдік валюта қажет екенін айтты (мемлекеттегі экономикалық проблемалардың  бірі). Салах алғаш болып мемлекет бюджетіне 210 мың фунт аударды.

Одан кейін Мысыр ардагер футболшылар қауымдастығына 27 мың фунт көлемінде көмек көрсетеді. Ол үнемі қаржылық қиындыққа тап болған бұрынғы футболшыларға қолғабыс етіп отырады. Одан бөлек ай сайын табысы 400 Мысыр фунтынан аспайтын (7465 теңге) 120 отбасына жəрдемақы төлеп отыр. Ал жалпы Мысырда орташа жалақы көлемі жергілікті валюта бойынша –  2900 фунт (53 мың теңге көлемінде).

Салах еліне бірде-бір саясаткер істемеген жақсылықты істеді. Ол Таяу Шығыстың басын біріктірді. Марокко, Тунис, Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман елінің көбі оның тегі жазылған жейдені кигісі келеді. Мохамед 90 миллион халқы бар Мысырға үлкен үміт сыйлады. Ол елде экономикалық дағдарыс бар, апта сайын теракт болып тұрады. Ал Салах осындай қиын жағдайда өмір сүріп жатқан елдің аз да болсын көңілін көтеруге тырысады. «Ливерпуль» ойнаған күні Каир кафелерінде бос орын болмайды. Елдің бəрі екі сағатқа күйбең тірлікті ұмытып, Салахтың ойынын көру үшін теледидар алдына жиналады.

Бəлкім, Салахтың біздің елге, футболға түк қатысы жоқ шығар. Бірақ оның əрекеті өзге футболшыларға да үлгі болсын деп жазып отырмыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген мақал осындайда еске түседі.

 

 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №3
16 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз