Әуез

Бота БЕЙСЕНОВА, әнші-сазгер:

БАЛАЛАР ӘНІ КӨП. НАСИХАТЫ ЖОҚ…

Ұлан: Бота, сіздің әндеріңіздің дені балаларға арналған екен. Сөздерін де өзіңіз жазасыз. Балаларға арнап ән шығара бастауыңыздың өзіндік себебі бар болар?

Б.Бейсенова: Иә, ере-сектерден гөрі балаларға арналған әндерім басымдау. Ең алғашқы әнімді осыдан 21 жыл бұрын жазған екенмін. Ал әнжинақ ретінде басып шығару соңғы төрт жылдан бері мүмкін болды. Шынымды айтсам, балаларға арнап ән жазуым қажеттіліктен туындады. Институт бітірген соң, алты жыл-дай мектепте музыка пәнінен сабақ бердім. Әртүрлі мерекелер мен мектепішілік шараларға лайық әндерді табу оңайға соға бермейтін. Содан қажет деген тақырыптағы әнді өзім шығара бастадым.

Ұлан: Қазіргі таңда балаларға арналған әндер аз деген сөз жиі айтылады. Байқасақ, баршылық екен. Сонда әнші балаларға жетекшілері әнді дұрыс таңдамайды ма, әлде сазгерлер өз әндерін дұрыс насихаттай алмай ма?

Б.Бейсенова: Біздің елдегі балаларға арналған ән байқауларының шарттары дұрыс емес. Байқауларда дауыстың диапазонын көрсету талап етіледі де, жас балалар «Әлия», «Атамекен» сияқты күрделі әндерді орындауға мәжбүр болады. Сол үшін байқау ережелерін сәл өзгерту керек. Бала деген «Қошақаным», «Қуыршағым» деп ән салса, әлдеқайда жарасымды емес пе?! Тағы бір мәселені айтайын. Әріптесім Мақсат Жәутіков балалармен жеке-дара жақсы жұмыс жасайды. Шетелдік байқауларда шәкірттері топ жарып жүр. Бірақ ол кісі әндерін көбіне белгілі бір шәкіртке ғана ұсынады. Сөйтіп, бір әнін бір бала ғана орындайды. Содан көп туындысы кеңінен насихатталмай қалады.

Сол себепті, балалар әндеріне байқау жариялау керек.

Сонда еліміздің әр аймағында байқалмай жүрген сазгерлер де, олардың туындылары да кең насихат алар еді.

Ұлан: Жөн екен. Сіздің балаларға арналған «Мектебім, аяулы мектебім» (2008), «Алғаш-қы қоңырау соғылды» (2010), «Рахмет, саған, Әліппе!» (2011), «Оқуда озат боламын» (2012) деген төрт бірдей әнжинағыңыз бар. Насихаты қалай?

Б.Бейсенова: Көптеген мектептерде әндерім орындалып жүр. Ән-жинақтарымды кейде мектептерге, интернаттарға сыйға тартамын. Жекелеген сұраныс та аз емес. Әнжинақтарымда әндердің минусы қоса берілген. Бұл әндерді үйренуге өте ыңғайлы. Теледидар, радио арқылы насихаттауға қол қысқалық етуде. Өткен жылы Мәдениет министрлігінің Тілдерді дамыту комитетінің тарапынан балаларға арналған алғашқы екі әнжинағым кітап болып басылып шықты. Жеке шығармашылық кешімді өткізу де жоспарда бар. Ойлап қарасам, балаларға арналған 43 әнім бар екен. Ал ересектерге арналған әндерімнің біразы өзіміздің отбасылық Ғани-Бота дуэтінің репертуарына қосылған.

Ұлан: Шәкірт дайындап, продюсерлікпен айналысу ойыңызда жоқ па?

Б.Бейсенова: Әрине, алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алуды ойлаймын. Егер ата-аналар дарыны бар балаларын жетектеп келсе, бірге жұмыс жасауға бармын.

Қарлығаш ДОСАНОВА

Келіңдер, ән шырқайық!

ҰСТАЗҒА МЫҢ ТАҒЗЫМ!

Әні мен сөзі: Бота Бейсенованікі

Мектеп – кеме, білім – теңіз,

Толқынында біз жүземіз.

Желбіреген ақ желкені,

Ұстазым, сенсің ұланымның ертеңі!

Қайырмасы:

Ұстазым, жыр – сазым.

Бір өзіңе мың тағзым!

Ұстазым.

Ұстаз – ана, ұстаз – дана,

Нұрлы жүзің жанға пана.

Сенің маржан асыл сөзің,

Әнұранымдай жаңғырады санамда.

Қайырмасы:


МЕКТЕБІМ, АЯУЛЫ МЕКТЕБІМ

Әні мен сөзі: Бота Бейсенованікі

Мектебім, аяулы мектебім,

Өзіңсің – өмірдің көктемі.

Нәр алып, қолымды созамын,

Арманға көктегі.

Мектебім келеміз тағы да,

Күн сайын өзіңді сағына.

Сыңғырлап соғылды қоңырау,

Бар бала бағына.

Қайырмасы:

Мектебім, аяулы мектебім,

Бағыңда гүлдей боп көктедім.

Өзіңсің – білімнің бұлағы,

Нәр алып келемін.

Келеміз қуанып біз дәйім,

Мектебім, сен жайлы жыр дайын.

Айқара есігін ашады,

Қарсы алып күн сайын.

Қайырмасы.

Мектебім, өзіңді сүйемін,

Білімді санама түйемін.

Аяулы ұстаздар алдында,

Басымды иемін!

Қайырмасы.

(«Ұлан», №24, 18.06.2013)

2 ПІКІРЛЕР

  1. Әнші емеспін, бұл ән сіздікі екенін білмеппін, маған және оқушыларға да қатты ұнайды. сізге рахмет. Оқушыларға арналған ән көп шықса екен.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз