1 қыркүйекте еліміздегі 7649 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Бұл мектептердің үштен екісі, яғни 3796 мектеп қазақ тілінде, 1349-ы орыс тілінде оқытады. Биыл елімізде 300 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды. Былтыр 260 мың бала мектеп табалдырығын аттаған еді.
Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне сенсек, 2014-2015 оқу жылының басында 68 жаңа мектеп өз жұмысын бастады. Шығыс Қазақстан облысында 18, Оңтүстік Қазақстан облысында 17, Атырау облысында 9 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оқушыларға есігін айқара ашты.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАДЫ

04436c2c2c159782310b6f64315ed091Алаштың Асанәлісінің ұлы кішкентай Асанәлі де бірінші сыныпқа барды. Ол «Бөбек» орталығындағы «Өзін-өзі тану» мектеп-гимназиясының табалдырығын аттады. Ұлының алғашқы қадамымен құттықтап, Асанәлі ағамызға хабарласқанымызда: «Асантайым ат жалын тартып мінер азамат болды. 1 қыркүйек күні 100 адамға тілашар той жасап, қадамына сәттілік тіледік. Әзірге ұлымның неге бейім екені белгісіз. Оқуын жақсы оқыса, содан барып, биологияға жақын ба, географияға жақын ба, біле жатармыз. Әйтсе де пародия салғанды ұнатады. Үйдегілердің дауысын айнытпай қайталайды. Юморға жақын», – деді. Ал анасы Бағдат болса: «Ұлымыз «Өзін-өзі тану мектеп-гимназиясы» жанындағы балабақшаға барған болатын. Балабақшада үнемі мақтау қағазын алып жүрді. Сабағын да жақсы оқиды деген сенімдеміз. Қосымша музыкалық мектептің фортепиано сыныбына жаздырдық», – деді.
Тұсауын Әбдіжәмил Нұрпейісов кесіп, сүндетке академик Камал Ормантаев отырғызған, тілашарында қазақтың талай марғасқасынан бата алған Асанәліні жақсы
оқиды деп сенеміз.

МЕЙРАМБЕКТІҢ ҚЫЗЫ ТАМАША СУРЕТШІ

1408352379Мейрамбек Бесбаевтың қызы Кәусар сурет салғанды жақсы көреді. Әнші ағаларың қызының салған суреттерін әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жүктеуден шаршаған емес. Бүлдіршіннің балабақшада жүріп салған дүниелері де көз сүйсіндіреді. Кәусардың әкесінің де суретті тамаша салатынын айта кету керек. Мейрамбек Бесбаевты, әсіресе, шарждың шебері деп естиміз.

ТОҚТАРДЫҢ ҰЛЫ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА МЕКТЕБІНЕ БАРДЫ

f5659107b8b6b262d3446bd467c7fcdeБелгілі әншілер Тоқтар Серік пен Бейбіт Сейдуәлиеваның ұлдары Беколжас та бірінші сыныпқа барды. Ол Алматыдағы №173 дарынды балаларға арналған физика-математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп-гимназияның есігін ашты. Бұл туралы Тоқтар ағамыз: «Мақтанғаным емес, ұлымның біраз нәрсеге бейімі бары байқалады. Әнді де айтады, техникаға да әуес. Бірақ, жылқыға деген қызығушылығы барлығынан да күшті. Атқа мінеміз десе, ішкен асын жерге қояды. Аңыз-ертегілер тыңдап, тарихи жырларды естігенді де ұнатады. Соған қарағанда, балам тарихқа қызыға ма деймін. Әйтсе де физика-математика мектебіне бердік», – деді. Ендеше, Беколжас Қадырдың да қадамына сәттілік тілейміз!

Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №35 02.09.2014)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз