30 сағатта фильм түсіру идеясына қалай қарайтын едіңдер, балалар? 30 сағатта фильм түсіру мүмкін бе өзі? Мүмкін екен. 27 қыркүйек күні Алматыда ерекше фестиваль өтті. «30 hour film fest» деп аталатын өнер сайысында қатысушылар 30 сағат ішінде қысқаметражды фильм түсіруден сынға түсті. Сүлейман Демирел университетінде өткен фестивальді «Білім-инновация» және «Білім Орда» қорлары ұйымдастырды.

«Білім-инновация» халықаралық қорының вице-президенті Нұрбол Төлебаев жарысқа Астана қаласынан арнайы келіпті. «Біз тапсырылған жұмыстарды 4 сағат қарап, шешім қабылдап, жеңімпазды анықтадық. Фестивальді ұйымдастырудағы мақсатымыз – осы салаға қызығып жүрген оқушыларымызға мүмкіндік беріп, бағыт-бағдар көрсету. Фестиваль нәтижесінде көктемде болатын Film competition-да үздіктерді анықтап, Голливудқа жолдама береміз. Сол жақтағы New York film academy-ге барып, шеберлік сабақтарына қатысып, сол елдің киноиндустриясын көрсін деген мақсатты көздеп отырмыз».

30-ға жуық команда бақ сынаған жарыста Қарағанды «Білім-инновация» лицейінің шәкірттерінен құралған «The Question» құрамасы «Үздік фильм» номинациясын алып, топ жарды. Жігіттерді жеңісімен құттықтап, әңгімеге тартқан едік.  

Жарыста біздің фильм төртінші болып көрсетілді. Басынан-ақ қорқыныш сезімі биледі. Басқа командалардың жұмыстарын көріп отырып, өзіміздің жұмысқа сенім азая бастады. Басқа қатысушылардың жұмысын көрудің өзі үлкен тәжірибе деп білдік. Барымызды салып, лицейіміздің намысын қорғауға тырыстық.

Көктемгі фестивальден не күтесіздер?

–Ол жағы біз үшін де құпия. Осы тектес тапсырмалар болатын шығар деп отырмыз. Бүгінгі жарыс келесі кезеңнің кіріспесі іспетті. Оқушылардың осы саладағы қарым-қабілетін, деңгейлерін байқауды көздеген шара.

– Сонымен, 30 сағат қана уақыттарыңыз болды…

Қарағандыдан түнімен жол жүріп келдік.  Жол үстінде шамалап қалай түсіретінімізді ақылдастық. Кімнің қандай қызмет атқаратынын белгілеп, келісіп алдық. Алғашқы күні шеберлік сабақтары өтті. Екінші күннен фильм түсіруді бастап кеттік. Берілген 30 сағаттың 10-15 сағатын фильмнің негізгі идеясын беруге және сапалы контент ұсыну үшін мәтін (сценарий) жазуға жұмсадық. Ең қызықты сәттердің бірі – фильмнің түсірілімін аяқтағаннан кейінгі кезең. Топта 3 жігіт монтаж жұмысымен айналысты. Кезек-кезек 1-2 сағат қана ұйықтап алып, түнімен жұмыс істеді. Соңғы екі күнді жалпылама алатын болсақ, 10 сағат ғана ұйықтадық. Ұйықтап қалып, үлгермей қаламыз ба деп уайымдадық. Бар уақытты мүмкіндігінше тиімді әрі толық пайдалануға тырыстық. Қызықты оқиғалар өте көп болды. Екінші күні арнайы тапсырма берілді. Мысалы, фильмде тобымыздағы Әлихан есімді жігіт костюммен түсу керек болатын. Бірақ Қарағандыдан келер кезде не нәрсе түсіретінімізді білмеген соң, өзімізбен костюм алып шықпаған едік. Себебі қандай образда түсіретініміз белгісіз еді. Сосын Ақсай білім-инновация лицейінің оқушыларынан көмек сұрап, костюм, туфли тауып алдық. Туфли аяғына екі өлшемге үлкен болды. Сонда да соны киіп, түсірдік. Бір кадрды түсіру үшін орыннан тапжылмай екі сағат отырған кездер болды. Себебі бір ракурстан 3-4 кадр түсіру керек болды.

– Алғашқы күні шеберлік сабақтары өтті деп қалдыңыз. Оны кімдер өткізді? Не нәрсе үйрене алдыңыздар?

– Осы уақытқа дейін бұл саладан хабарымыз өте аз еді. Шеберлік сабақтарынан кейін мықты фильм түсіруге бойымыздан ерекше күш тапқандай болдық. Осы салада еңбек етіп жүрген Нұрлан Иманғалиев ағамыз режиссера, сценарий жазу жағынан бағыт-бағдар берсе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенті Тұран Мұрал, СДУ және New York Film Academy (кинематограф) студенті Қыран Талапбек секілді ағаларымыз түсірілім жағы қалай болғаны дұрыс деген сауалдарға жауап беріп, тәжірибелерімен, өмірлік ұстанымдарымен бөлісті.

– Ұйымдастырушылар тарапынан қандай шарттар қойылды?

– Ең бірінші шарт – 30 сағатта қысқа метражды фильм дайындап ұсыну. Мәтін жазу, оны түсіру, актерлер табу, монтаждау барлығы 30 сағаттың ішінде жасалуы тиіс болды. Фильмнің ұзақтығы – 4 минут. Өнімді дайындау барысында үш затты қолдануға міндетті болдық. Олар: шай, қазақша ою-өрнек және конверт. Сонымен қатар, фильмде «Сен осы уақытқа дейін қайда болдың?» деген сөйлем болуы керек. Осы талаптарды барынша толығымен орындауға тырыстық.

– Сіздерге берілген 30 сағатты ұйымдастырушылар қадағалады ма?

– Фестиваль ережесі бойынша 28-і күні таңғы сағат 08:00-де басталып, 29-ы күні сағат 15:00-де аяқталды. Берілген уақытта үлгермеген командалар сайысқа қатыса алмады, бірақ жасаған жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.

– Фильмді қай жерде түсірдіңіздер?

– Ақсай білім-инновация лицейінің бір бөлмесінде түсірілді.

– Топтағы жігіттер жайлы айтып өтсеңіздер. Бұл фестиваль сіздерге не берді, сіздер не бере алдыңыздар?

– Клубтың алты мүшесі бар. Екеуі 10-сынып, екеуі 9-сынып, тағы екеуі 11-сыныпта оқиды. 9-10-сынып оқушылары фильмді түсіріп, мәтін жазып, әуенмен әрлеп, монтаж жасаған болса, 11-сынып оқушылары өздерін актерлық жағынан сынап көрді. Барлығы сәтті шықты деп айта аламыз. Әркім өз жұмысын толығымен атқарды. Бірақ бізде актер тек қойылымға қатысу керек деген ой болмады. Егер олай жасасақ, біржақты ойластырылған дүние шығатын еді. Яғни, толық командалық жұмыстың, ауызбіршіліктің нәтижесіне бүгінгі жеңіске жеттік.

Біз бұл жарысқа не бердік? Жанымызды бердік деп айта аламын. Барлығы халықаралық «Білім-инновация» қорының атынан шығып отырғандықтан, мүмкіндігінше өзімізді көрсетуге, сапалы дүние ұсынуға тырыстық. Ал не алдық?. Шексіз эмоция! Сонымен қатар Сүлейман Демирел университетіне бірінші рет келіп көрудің өзі үлкен бақыт.

– Осыған дейін басқа жарыстарда бақ сынап көрген бе едіңіздер? Биылғы фестивальдің ерекшелігі неде болды?

–Иә, біздің қатарымызда бүгінге дейін осындай жарыстарға қатысып, осы салаға қызығушылық танытып жұмыс істеп келген жігіттер бар. 2017 жылы 48 сағаттық фильм фестиваль болған еді. Биылғы фестивальдің ерекшелігіне келсек, алдыңғы жинаған тәжірибемізді қолданғандықтан жарыс жеңілдеу болды. Әртүрлі қаладан келген оқушылардың ой жарысы өзінше ерекше.

– Жетекшілеріңіз бар ма?

– Лицейде осы медиа клубты ашып беріп, бастамамызға қолдау танытып, бағыт-бағдар көрсеткен ағайлар бар. Дәл қазіргі уақытта ол кісілер бізде жұмыс істемейді. Сол уақытта үйренген дүниелерді барынша пайдамызға жараттық.

– Жігіттер, рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз. Көктемгі қорытынды фестивальде бұл сұхбат жалғасын табады деген ойдамыз!

Əңгімелескен Нарқыз
ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз